Бұ жолдар көнермейтін, кірленбес жол (Хикметтер)
100-хикмет
Әзірейіл бір күн келер қаһарланып,
Асыл тәннен, ғазиз жанды бермек керек.
Баяны жоқ бұл өмірді қолдан беріп,
Шарасыздан ақыр бір күн өлмек керек.
Ұл-қыздарың зарлап жатса қара салып,
Мал мен мүлкің артындағы иесіз қалып,
Дұшмандарың қуанғанда сонда барып,
Бойұсынып өз алдыңа жатпақ керек.
Мүрдеңді ел ыстық сумен шайып-жуып,
Байлаған соң қол-аяқты мықтап буып,
Табытқа әкеп саларында тәнді суық.
Алты қардай бөзден кебін қылмақ керек.
Азаңды жұрт, үлкен – кіші атқарса егер,
Қабіріңе қарай сені апарса егер,
Тергеп жатса жетпіс жерде періштелер,
Сауалдарға бір-бір жауап бермек керек.
Келгеннен соң мазардағы зияратқа,
Батасың сен неше түрлі ғаламатқа,
Жатасың сен ләхад атты “ғимаратта”.
Ол мәңгілік жайға сосын кірмек керек.
Көріңде ол қараңғылық жоқ дүр шырақ,
Қасіретті қара түнек, отсыз тұрақ,
Тірі жан да жуымайды сонда бірақ,
Сол нүктеде таң атқанша жатпақ керек.
Ғұмырың бұл ақыр болар бір күн тамам,
Бү халіңмен барсаң егер Дәрәссәләм,
Тірлігінде адал жемей, жесең харам,
Бар азабын сол заматта тартпақ керек!
Құл Қожа Ахмет тәуба қылғыл өлмес бұрын,
Қызыл жүзің көр ішінде солмас бұрын,
Көріңде сол бақа-шаян толмас бұрын,
Риза болып қаза келсе жатпақ керек!
101-хикмет
Қара күн дүр өшәл сағат,
Бұ дүниядан сапар қылсаң,
Бала-шағаң, малың-жаның,
Барлығында бекар қылсаң,
Айдан анық халайыққа,
Ажал мысал, қас-қағымдай,
Азаппенен алар жаның,
Неше мазарилар қылсаң.
Болар өлім баршаға ортақ,
Шәрбатінан парыз тату,
Одан қашып кұтылмайсың,
Қаншама сен хұзыр қылсаң.
Елдің анау мазарына,
Барып бір күн назарың сал.
Өліктерден алып ғибрат,
Жарар бауырыңды кәуәп қылсаң.
Жақсылықты аямағын,
Арман еткен жандар мың сан,
Кияметте абыройың,
Шекер-балдай сауап қылсаң.
Құдайымнын пәрменін тұт,
Қоштар оны әулиелер.
Қалмассын сен әм махрұм,
Құлшылықты тәуап қылсаң.
Мәз болма сен мал-мүлкіңе,
Бір-ақ жұттық мойын бұрсаң.
Қара жерге кірерің Хақ,
Қаншама сен айла қылсаң!
Қожа Ахмет өзің үшін,
Өміріңді қылма зая.
Лайықты саған Хазірет,
Егер тағат сәһәр қылсаң!
102-хикмет
Аяу, достар, ақыр заман болды міне,
Дінсіз кәпір бұ ғаламға толды міне.
Хақ құлдығын қойып бәрі пасық болды,
Соның үшін, қаһар азап келді міне.
Ақыр заман нышаны ол, қуат кетті,
Тәңір Ием қаһарымен үкім етті.
Халайықтар енжар болып, дінді ұмытты.
Дін Ислам ұмыт болды енді міне.
Руза, намаз, ар мен иман, ұят кетті,
Аят, хадис, үсір-пітір сауап кетті,
Расулзада айтқандары келіп жетті,
Бұ дүнияны қараңғылық көмді міне.
Ғұламалар бар ғылымын малға сатты,
Көре-тұра ар-иманын отқа жақты,
Дүмше ғалым халайыкқа дін үйретті,
Дүние үшін дін Исламды берді міне.
Пиғылға ада бізге азап қылды Алла,
Тәубә қылмай бізге жаза көп қой алда,
Қайыр ихсан етуге жоқ бек, сұлтан да,
Соның үшін 100-мың бәле толды міне!
Дым көрмеген ессіз сәби жас балалар,
Жүректері үркіп болды, не шара бар?
Ауруына дауа таппай бейшаралар…
Мүшкіл болып, кәпірге қор болды міне!
Жаннан артық көрген сені жас аналар,
Жүзі айдай, көзі шолпан хас арулар,
Пәк етегін жел ашпаған жас сұлулар.
Кәпірлердің мазағында қалды міне!
Зар-зар жылап бетін жыртып ойбайлаған,
‘Қайдасың? – деп кеше жүрген қайран анам!”
Көріп пе еді – мұндай сұмдық күндерді адам?
Бұл не қасірет!? – деген зарға салды міне!
“Анашым”-деп ертелі-кеш аңырайды олар,
Жүдеп қалған жас ботадай боздайды олар,
Жетім қалғап жас қозыдай зарлайды олар.
Зарларыан тастар балқып ақты міне!
Не болды екен гүлді үзіп қанасынан?
Айыруға аналарын баласынан?!
Тұмшалады жарық күнді қара тұман.
Бастарына қараңғы түн қонды, міне!
Не жазығым бар ед сонша жаным ана?
Айырды ғой сізден бізді қадір Құда!
Күні туып қияметтің қайғы нала.
Бастарыңа мұндай жапа салды міне!
Жан апалар қан жылайды таппай ылаж.
Бастарына қара салған жайылған шаш,
«Қалдың-ау» деп балаларым аш-жалаңаш!
Алас ұрып іші-бауыры жанды міне!
Әз аналар аңырауменен болды қайран,
Сарғайтты опың жүзін қайғы, сары замыран.
«Әй, құлыным, ботам!» – дейді сор қайнаған.
«Ей, құлыным, ботам!»-дейді сор қайнаған,
Бетін жыртып, өз шаштарын жұлды, міне!
“Жаннан әзіз, жан ішінде меһірбаным,
Нұр дидарым, тәттім менің, шекер-балым!
Екі көздің қос шырағы, тәнде жаным.
Қайда жүрсің?»-деп құлдығын ұрды міне!
«Көре алам ба сені қайтып ей, жан балам!?
Егер көрмей өлсем сені, сонда арман!
Жылай-жылай көзім басыр, бауырым қан!
Не қыларын білмей қайран қалды міне,
«Қасірет дағын жүректерге салды заман!
Мынауың не? Құдірет айтар: – Ей, сорлы адам.
Құдретім көр! – Шаһзадада құл ғой маған?!
Хаққа жазып мұндай жаза салды міне!
Қызыл гүлдей жайнаңдаған жас ұландар,
Бұрын-соңды байқалмаған мұндай жайлар,
Мәжнүндейін есеңгіреп болды бей-хал.
Мүсәпір боп мұсылмандар қалды міне!
Еркім болса, Шаһмардан болар едім,
Бір қолыма алмас қылыш алар едім,
Кәпірлердің шораларын қырар едім,
Ылажым жоқ тек қана арман қалды, міне!
«Ақ төсімді айқара ашып ей, перзентім,
Өлімнен де бетер болды-ау менің дертім,
Не жазып ем бұ Құдайға шекер-жентім?!
Жаратқаным, босқындығын салды міне!
Бәле көп қой, дәл мынандай бәле жоқ дүр,
Кәпір бізден, қашсақтағы қалмай-ақ жүр;
Көрге енуге ажалымыз келмей-ақ тұр!»
Осылай деп Хаққа құлдық ұрды міне!
«Сенсіз маған дәм мен тұз қып-қызыл қан,
Сенсіз маған не керек бұл тәндегі жан?!
Сенсіз маған тас-түнек қой мына жәһан!
Сенің дертің қасірет-қайғы қылды міне!»
Ана, бала осылайша мұңдасты олар,
Құшақтасып, құлдық ұрып жыласты олар.
Қасірет-қайғы басып бойын зарласты олар,
Мүшкіл болды халіміз – деп қалды міне.
Байқағанға қараңғылық басты тұман,
Бізге азап нәсіп қылды Қадір құдам.
Кәпір жеңіп мұсылманды, шат-шадымен.
Мүһміндерің құлдық ұрып қалды міне.
Тәуба дегей, не құдірет бұ Халқи жәһан?
Ақыреттің нышандары болды аян.
Қасіреттің алуан түрін қылдым баян.
«Бір ғажайып» қасірет-қайғы болды міне!
Бұ күнді Ием бізге мына етті нәсіп,
Кетіп едік бұдан бұрын шектен асып,
Сол үшін де бар бәлемен дидарласып…
Пейілімізден бізге жапа салды міне!
Мейірім жоқ балада да, ата-анада да,
Аға–іні қырқысуда екеу ара,
Бұзылғаннан мұсылмандар ішті боза,
Масаң болып қарындастан танды міне!
Көрсетіңіз, заманалар зымырады,
Бұрынғы қадірмендік ыдырады,
Төріңнен көргенсіздер орын алды,
Ғалым, дәуріш, не жақсы қор боп міне!
Миғұла, мәңгүрт құлдар болды мәлім,
Тәккаббарлық аршындап, шықты залым.
Қор болды көп ішінде дәуріш, ғалым.
Парасатты халық кәпір болды міне!
Серпілмей, көкіректегі қараңғылық,
Бізге енді көру жоқ-ау, күнді жарық!
Жолдан азып дін жолын құптамадық!
Діннен безген мұсылман болды міне!
Қу, ала аяқ, тексіздің қояры жоқ,
Дүние-малды ағызып тояры жоқ.
Арпалысып, өлімнен хабары жоқ,
Озбырлардың діні дүние болды міне!
103-хикмет
Ей, көңілім, қылдың күнә, пүшайман сен болмадың,
Сопымын деп лепіргенмен, шәкірт құрлы болмадың.
Өкінішпен өтті өмірің, бір демде қор болмадың,
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың.
Сопылықта сондай ма еді? Дәйім ісің ғафылатпенен
Қолыңдағы дана тәсбих, тілдерің ғайбатпенен
Шөлді кезіп сандаларсың, нәпсі итке еріп ақырда
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопы болсаң адал болғыл, ісің арам болмасын,
Тақуа боп тағат қылғыл, көңлім алаң болмасын,
Жан-тәніңмен зар илегіл, махшар жалған болмасын
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопылықтың шарты солай, түндер қатып, қан жылау.
Жапа көрсең сабыр сақтап, белді буып жан шыдау,
Талип тілге Алланы алып, жақсы сөздер қайталау,
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Жасағайсың сопы тағат, барша жұртқа! Солай ма?
Жату керек жан діліңде, тілдерінде бір Алла,
Нұр иманнан жұрдай болып, шыбын жаның шығарда.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопы болмай не қылсын ол, үйде істер ісі жоқ.
Сопылықта мен-зең қылар, көпке берер асы жоқ.
Аһ, ұрумен аңырарға, көзде тамшы жасы жоқ.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопы болып, нәпсің үшін, айла, амалға барарсың,
Нәзір алып келді ме деп, келгендерге қарарсың,
Лағнатын бір Алланың, сөйтіп өзің аларсың.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопымын деп лепірерсің, сөз жалының кәні?
Есекке ұқсап ақырарсың, өз албарың кәні?
Басшы Кәмәлмүкәлләмға мардан жолдарың кәні?
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопылар биғам жүрерсің, маржан тәсбихтарды алып,
Дүнияға құштар болып, дін ісі жолда қалып,
Қорықсай енді, қорықсай енді, бір Құдайға жалбарып.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Дүние-мал жинамақ боп, сопы жасар бір амал,
Жүзі қара болып сосын, халге ұрынған дүдәмәл.
Ей, бейхабар, ей, бейхабар! Шәрмәндасың рауз азал!
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Маржан тәсбих колыңа алған, ел көзіне сопысың,
Нәпсі бәдбақ қарсы алдыңда, тарса, жөһід топысың.
Бәндәлікпен бір Құдайға жуықтасаң-досысың!
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопылығың сол халпінде, Құдаға өзің пендесің,
Асылына бақсаң егер, ел ішіндегі кендесің.
“Пар күнә әм пар қатер әм ғасида, шәрмәндасың,”
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопы болсаң мархабат ет, сен бір жүрген диуана,
Болғайсың сен мал-мүлкіңнен, безетұғын бейғана,
Кім Хұда деп сөйлеген жан, сол ғана тек пәруәна.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
Сопы зарын ғашық қыл да, басқалардан безер бол,
Ұйқыны әйләп харам, түндер тұрып бидар бол,
Дертсіз-мұңсыз жанды көрсең, одан азар-безер бол.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылмаи болмадың!
Ахмади сен сопы болсаң, оңай емес оның да,
Хақ расул да сопы болып, малдан безген соңында,
Дүнияны сүйген кісі, дінсіз қалар шынында.
Сопы сипат болдың уәли, таза Мұсылман болмадың!
104-ХИКМЕТ
Хақ тағала нұрын шашты жаным иді,
Кел, жиылып зәкір құлдар зікір айталық!
Сәһәр уақта кәміл пірім қарап тұрды,
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкірлерге уағда қылды Қадір хұда,
Көр ішінде хорларменен сырласарға,
Зәкірлердің жүрер жолы Дарәлбаха,
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкір болса, шәкір болса жәйі жәннәт,
Ақса қаны көздерінен қылмас міндет,
Үммәт болсаң, зікір айтпақ сізге сүннет.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкірлерге Құда өзі уағда қылды,
“Фазакрун іза карикум” аят келді,
“Фардус” атты жәннәтінан хабар берді.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкірлері тынбай дәйім зікір айтар,
Тәубә қылып жаман жолдан кері қайтар,
Зікір салса, сәкін-сәкін зауқы артар.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкірлері алқаларда нұрды көрер,
Соның үшін өзін қинап жаннан безер,
Ғажап нұрды көрген замат жанын берер,
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Жалған ғашық, ғашығынан жанын аяр,
О дүниесін ойламастан дүние жинар,
Зікір алқа кұрған жерден жылдам таяр.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
“Әлкәззәп лә уммәти”-деді Сәруәр,
Бұ сөздерге мән бергуші һади Рәһбар,
Жалғаншыны үммәт демес ол Пайғамбар.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Рахман Ием шын ғашықтың жолын ашар,
Махаббаттың жалынымен жасын шашар,
“Алла” – десе қайда болсын шәйтан қашар
Кел, жиылып зәкір кұлдар,
Зікір айталық.
Зәкірлері зікір айтып нала қылар,
Көздің жасын сарғаюмен сала қылар,
Баябандар кезіп өзі сағым қуар,
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкір құлдар Хақ пәрменін бекем тұтар,
Ықласымен Алланы айтып, қайғы жұтар,
Алқа ішіне енген шақта жанды ұмытар.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Дәрет алмай зікір айтса, лағнет жауар,
Ошал күнгі болған перзент шайтан болар,
Ақыр түбі сайтан келіп сені табар.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Дәрет алмай зікір айтқан иман таппас,
Ол уақытта Хақ Мұстафа қолын тұтпас,
Сұбхан Ием күнәларын әсте кешпес.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Мүһмін болсаң, дәрет алмай зікір салма,
Халық алдында масқара боп жолда қалма,
Мұсылмандық бос сөз болып, кәпір болма.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Зәкір болсаң, зікір айтпай әсте жатпа,
Надандармен пасықтарға тіл де қатпа.
Опасыздар хал сұраса бір сөз айтпа,
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
Құл Қожа Ахмет жамандардың жаманы сен,
Жолдан азған күмрәлардың наданы сен.
Ақ бидайдың жел ұшырған сабаны сен.
Кел, жиылып зәкір құлдар,
Зікір айталық.
105-ХИКМЕТ
Алла жады ұлық жад дүр айтар болсам,
Бал таматын мәйек болар тілім менің.
Өзім пақыр, қылдым шүкір, болдым тақыр.
Қанат қағар ұшқан құстай көңілім менің.
Бірде рахат, бірде михнат мұңлық басым,
Еріп жаным, кетті әлім, ақты жасым,
Күнәменен толды түгел ішім-тысым.
Биниязым аша берсін жолым менің.
Көзім түсті, көңілім ұшты, ғарышқа асты.
Өмірім өшті, нәпсім қашты, ышқым тасты,
Керуен көшті, арман асты, әжім түсті.
Сырға ұласты, нәйтек болғай халім менің!?
Бейнем мұнда, сырат онда, құзіретінде,
Ұзақ түнде, жарық күнде, көңілім мұнда,
Жүрер түнде, болып пенде, барам қайда?
Сұраса онда, куә болар тілім менің.
Іштім шарап, болдым қарап, асылым арап,
Келдім қурап, көңілім сарап, Ғашыққа қарап.
Хақтан хаттаб, келсе құлдар көрмес азап,
Бұлақтайын ағар көзден жасым менің!
Өмір озар, бірақ тозар, кетсе базар,
Дүние базар, онда жүріп, құлдар азар,
Басым безер, жасым келер, қаным қашар,
Ныспым Ахмет Түркістанда елім менің.
106-ХИКМЕТ
Аяу, достар, Мұстафадан баян етем,
Құлақ салғыл шын үммәті болам десең.
Расулдың айтқандарын аян етем,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
100 мың хабар Хақтан келді, тыңла Оған;
Деді: – “Үммәттардың бар күнәсін бергіл маған,
Алла айтты: – “Бағыштадым бәрін саған”,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Атам-анам деген жоқ Ол, – деді-үммәт,
Хамду сана тынбай айтып болғыл үлфәт.
Қияметте көрмегейсің Хақтан кілфат.
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Уа, дариға, өтті өмірім, қайда мауқым?
Үммәт едім дүние сарай болды зауқым.
Менің бәдбах бәдәнімда бар дүр ділқым.
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Сүрінбей-ақ жолда қалдым амалым жоқ.
Нағыз үммәт болсам деймін, түк әлім жоқ,
Басым кетсе жолдан қайтпан, күмәнім жоқ!
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Күшім жетіп қағба сарай бармадым мен,
Ғалымдардан бір насихат алмадым мен.
Хақтан қорқып, тура жолда қалмадым мен,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Жасым жетіп, ғұмырым өтіп тәубә қылмай,
Ақыреттің алдымдағы қамын қылмай,
Жақсылардың жан ашыры бола да алмай,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Үммәт болсаң ертелі-кеш тағат қылғыл,
О дүнияға барғаннан соң рахат көргіл,
Ақылды алсаң жыламақты әдет қылғыл,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Шын үммәті жаннан кешіп бәрін қыйды.
Расул Алла, үммәтім деп жанып-күйді.
Гүлге ғашық бүлбұл сипат Хақты сүйді.
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Басыңды и үммәт болсаң ей, бейхабар!
Расул Алла сөзін айттым дүррі гәуһар,
Расул айтқан: – “Дүние бір күн қылар зарар!”
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
-”Ей үммәтім, ей үммәтім!” – деді – Ахмад,
Соның үшін Сұбхан Ием қылды рахмат,
“Әмин”-дегіл, қиямет күн қылғай шафкат.
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
Құл Қожа Ахмет жолға кіргіл, жолың ұзақ.
Алла дегіл, ғұмырың өтті, дәм ғанимат,
Қайда барсаң тәкбір етіп, қылғыл сұбхат,
Құлақ салғыл, шын үммәті болам десең.
107-ХИКМЕТ
Қай жері таңсық еді Тарихаттың?
Достарым, бұл арада тергелмес Ол.
Оныңсыз болмас еді ғашықтарда,
Бұ жолдар көнермейтін, кірленбес жол.
Ол, өзі жердін гүлі, Шариғат дүр,
Миуасы бал-шырындай, – Тарихат дүр,
Кім құлдын, құлы болса, – Хақиқат дүр,
Қап тауын көтерсе де қиналмас Ол.
Нышанын айтып кетті ғашықтары,
Тыңлады арттағы оны садықтары,
Болдық-деп айта алмады лайықтары.
Қай жерде жатса-дағы былғанбас Ол.
Сөйлер сөз мәнсіз болса, мағына болмас,
Ішкенің дәмсіз болса, маза болмас,
Ешкімде одан жарып бәһра алмас.
Дау-шардан мағына тауып көтермес Ол.
Қам көңіл, тілден дәрмен кетпегенше,
“Мутуа қабл әнтамута!” етпегенше.
Арылып, арам ойдан бітпегенше,
Ешкімнің беті-жүзін көре алмас Ол.
Еңбексіз іс тындырмау емес асан,
Төселіп тезге түспей хам-хамадан,
Бұ жолда болмай түрып мұңлық қайран!
Көре алмай көресісін жерленбес Ол.
Күйінбей Құл Қожа Ахмет қайтсін енді?
Өртенсін ішің-тысың жансын енді!
Ақ сөзін адал досқа айтсын енді!
Жоқ болса мағрифатың жөнделмес Ол!
108-хикмет
Мың, түмен, түрлі қателер, менен өтсе ғафу ет!
Қап тауындай қылмыстар, менен өтсе ғафу ет!
Бұрыс тілеп, қисық айтсам, бұ кәлим Алланы,
Жаңылыс пен күнә, қате, менен өтсе ғафу ет!
Оқығанда ғафыл өтсе, я, тілімен нұқсан келіп,
Әр түрлі аңламастық, менен өтсе ғафу ет!
“Мәд” пенен “ағраб” тәштидтерді тағир әйласам,
Жасырын әр қателер, менен өтсе ғафу ет!
Қате оқысам бір калимасын, Я бір ғаріпін,
Мұндай мәнсіз дұғалар, менен өтсе ғафу ет!
Аят, уағда, айт күнін, өткізбесем орнымен,
Бәһәмсіздік нәрселер, менен өтсе ғафу ет!
Іззет, әкрәм, құранды, келтірмесең нашына,
Бейәдептік, бисауаттық, менен өтсе ғафу ет!
Хұзырыңда мен құл қаби, құл қатесі көп болар,
Рәсуә қылар қателер менен өтсе ғафу ет!
Қожа Ахмет міскіннің нұқсаны көп дүр дүнияда,
Мың-мыңдаған қателер, менен өтсе ғафу ет!
109-хикмет
Бақидан хабар есітсем, дүнияні тастап кетер ем,
Түстім жарандар азапқа, дүниені тастап кетер ем!
Нәбилер дүние демеді, пәнидің қамын жемеді,
Хақтан өзгені демеді, дүниені тастап кетер ем!
Мұса, Ғимран қалмады, такыт Сүлейменді жалмады,
Мың жасап Лұхман қалмады, дүниені тастап кетер ем
Дүния деген азар болар, ақылды құл безер болар,
Надандарға бедел болар, дүниені тастап кетер ем!
Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи.
Айтты бұ Хикматты, тамам,
Есітсін деп жүмлә жәһан,
Дүниені тастап кетер ем!!!
Хикметтің тәржімесін жасаған Әбибулла Мұхамеджанұлы