Ғалымның хаты

Мұхаммед-Ханафия жайындағы дастандар

Мұхаммед ибн әл-Ханафияға арналған діни дастандар

Бұл шығармалардың сюжетіне ислам дінінің басты тұлғаларының бірі – төртінші әділетті халифа, хазірет Әлидің ұлы – Мұхаммед-Ханафия ерліктері арқау болған.

Мұхаммед-Ханафия – тарихи тұлға. Ол шамамен VІІ ғасырдың орта шенінде дүниеге келіп, 700 жылдары қайтыс болған, мұсылман дінін орнату мен нығайту жолында көп тер төккен Пайғамбар ұрпақтарының бірі.

Дастанда оның батырлығы, ержүректігі кейіпкердің басты қасиеті ретінде баяндалып, батырдың тұлғасы дәстүрлі эпикалық канондарға сай сомдалған. Сондықтан шығармаларда көптеген ертегілік және эпикалық сюжеттер мен мотивтер тұрақты түрде қолданылады. Мысалы, Мұхаммед-Ханафия көптеген ертегі, эпикалық жырлардың кейіпкерлері сияқты ерекше жағдайда туылады. Болашақ қаһарманның дүниеге келу тарихын баяндайтын эпизодтар фольклортану ғылымында “ғажайып туу мотиві” деп аталады. Ертегі, эпос, дастандарда “ғажайып туу мотиві” кейіпкерді әсірелеу үшін пайдаланылатын көркем тәсілдердің бірі екені белгілі.

Осы мотивті жан-жақты зерттеп, дәлелді пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымы бойынша, “ғажайып туу мотивінің” дүниеге келуіне әсер еткен – матриархат, яғни “ана еркі” дәуірінде баланың тууына еркектің еш қатысы жоқ деген түсінік. Себебі байырғы адамдар “бала ғайыптан (күйеусіз, еркексіз) жаралады” деп ұғынған, мысалы: судан, дымнан, жемістен, күн сәулесінен, жұпар иістен, шаштан, түкіріктен, бояудан, жұмыртқадан, тұқымнан, жүректен, күлден, желден, көзден, т.б9.

Кейінірек баланың дүниеге келуінің сырларына көз жеткен. Енді ертегі, эпос, дастанның кейіпкері ғайыптан жаратылған емес, ол – адамның баласы, оның әкесі белгілі, өз әкесінің заңды мұрагері. Бірақ ол болашақта бүкіл елді қорғайтын батыр, жалғыз өзі мыңдаған жауды қыратын алып, халықтың қиялы тудырған идеалы болғандықтан, оның туылуы да басқаша болу керек. Сондықтан болашақ кейіпкер дүниеге келер алдында міндетті түрде төтенше оқиға болады: баланың әкесі дүние салады; ата-анасы қуғында жүреді; күтпеген жерден жау шабады; анасы өліп, бала өлі шешеден туылады, т.т.

Демек, феодалдық дәуірде “ғажайып туу” мотивтерінің бірінші, яғни ең көне “ғайыптан туу” формасы күрделі өзгеріске ұшырайды да, жоғарыда көрсетілген түрлері мен мазмұнына сәйкес, “ерекше жағдайда туу” мотиві болып өзгереді. “Ерекше жағдайда туу” мотивінің екінші көрінісі – батырдың анасы жүкті кезінде, керемет аңның бауырына, өтіне, т.б. бір ерекше тағамға жерік болуы, кейіпкерге шешесі етіне жерік болған аңның қасиеті даруы. Сондықтан болашақ батыр арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, айдаһардай сұрапыл болады10.

Аталмыш мотивтің үшінші түрі: бала дүниеге ата-бабалар аруағының, кейінірек әулие, әнбиелердің көмегімен келеді, олар бала туғаннан кейін де оған жәрдем беріп, желеп-жебеп жүреді. Ал Мұхаммед-Ханафия діни дастанның кейіпкері болғандықтан, оның туылуына себепкер жағдайлар, сөз жоқ, діни мифологияның ықпалында болуы қажет. Айтқандай-ақ, мұнда Рұм қайсарының қызы Мұхаммед пайғамбарға өзінің өтінішін айтқанда, Пайғамбар ойланып қалады, сонда Алла Тағала Жәбірейіл арқылы хабар береді. Яғни, Мұхаммед-Ханафияның дүниеге келуіне себеп болғандар: Алла Тағала, Жәбірейіл періште, Мұхаммед пайғамбар.

Әрине, осындай “ерекше жағдайда” туылған баланың өсуі де ерекше: ол он жасында өз қатарынан күшті, алып, сонымен бірге Құранды жетік білетін болып өседі. Ол жалғыз өзі жаудың отыз мың әскерін қырады, ақырында қаһармандық жолмен, яғни қыздың алты ағасын жеңіп, үйленеді.

Сонымен, Мұхаммед-Ханафияға арналған дастандардың мазмұнын құрайтын сюжет пен мотивтер, эпизодтар төмендегідей: 1) кейіпкердің ғажайып жаратылысы; 2) батырға тән балалық шағы; 3) алғашқы ерлігі – сансыз көп жау әскерін жою; 4) қалыңдық үшін күрес және онымен қосылу; 5) қалыңдықты дәудің алып кетуі; 6) дәумен күрес, бас кейіпкердің жеңісі; 7) қалыңдықтың екінші рет жоғалуы; 8) дұшпандардың талқандалуы; 9) бақытты қосылуы.

Осы жіктеуден дастан фабуласының жалпы көрінісі, оны құрайтын мотивтер мен оқиғалардың орналасу тәртібі мен қаңқасы дәстүрлі эпикалық сюжетті құрайтындығы анықталып отыр. Әйтсе де, Мұхаммед-Ханафия эпостық жырдағы секілді туған жерін, халқын қорғамайды, оның негізгі мақсаты – ислам дінін тарату мен нығайту. Сонымен бірге шығармада басқа да көптеген ертегілік-эпикалық сюжеттер мен мотивтер кездеседі. Мысалы, “Үш жолдың қиылысы” мотивін алайық. Үш жолдың біріне қойылған тақтай ағашта “барса-келмес” деп жазылған. Мұның да өзіндік мәні бар. Мұхаммед-Ханафия қасындағы Хасен мен Хұсайын ағаларынан рұқсат сұрағанда “Мұхаммед Мұстафаның құрметі үшін” дейді. Ертегілерде де ең қиын сапарға, “барса-келмес” жолға кіші бала аттанады. Алайда оның ауыр да қатерлі сапарға шығуына әр түрлі жағдаяттар себеп болады, мысалы: бас кейіпкердің үлкен ағасы бұрын ғайып болады, не болмаса үлкен ағалары берілген тапсырманы орындамайды, т.с.с. Бұл дастанда да Мұхаммед-Ханафия – ең кіші бала, бірақ ол “барса-келмес” жолға сұранғанда “Мұхаммед Мұстафаның құрметі үшін” деп сұранады, яғни кейіпкер әрекетінің мотивировкасы басқа.

Жоғарыдағы аталған эпикалық мазмұндағы ірі мотивтер мен сюжеттерге қоса, дастандарда басқа да мотивтердің белгісі мол. Мысалы, Мұхаммед-Ханафия терең зынданға түсіп кеткенде, оны өзінің аты шығарып алады. Аты батырға арқан тастайды,  Мұхаммед-Ханафия арқаннан ұстап жер бетіне көтеріледі. Бұл арада осыған ұқсас эпизодтың “Алпамыс” жырында ұшырайтынын айтсақ та жеткілікті. Мұның себебі, діни дастандар да, эпостық жырлар да қазақтардың бірыңғай эпикалық дәстүрінде дүниеге келіп отырғандығында.

Жоғарыда айтылғандар Мұхаммед-Ханафия бейнесі эпикалық канондарға сәйкес сомдалғанын көрсетеді. Соның нәтижесінде өмірде болған нақты тарихи тұлға дастан кейіпкеріне айналып кетеді.

Кеңес дәуіріне дейін осы сюжетке құрылған екі дастан Қазан қаласында басылып шықты:

һаза кітаб Мұхаммед-Ханафия. Алғаш 1882 жылы Қазан қаласында басылған.

Мұхаммед-Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны. Дастан 1913 жылы Қазан қаласында жарық көрген.

Аталған екі басылымнан басқа қолжазба қорларында Мұхаммед-Ханафияға арналған ел арасынан табылған бірнеше нұсқа сақтаулы:

  1. Мұхамбет-Қанапия. ОҒК,Ш: 842, 1-дәп.

Қолжазба қадым (араб) жазуымен көшірілген. Көлемі – 36 б. Тапсырған – Дайырбеков. 1940 жылғы Семей экспедициясы кезінде табылған. Қолжазба әбден тозып, кейбір парақтары үгітіліп, шеттері жыртылған.

  1. Мұхамбет-Ханафия. ОҒК, Ш:842, 3-дәп. Араб әрпімен жазылған қолжазбаны 1879 жылы қағазға түсірген Ахмет Саржанұлы. Дастанның кіріспесі жоқ, толық емес.
  2. Қисса Ханафия. ӘӨИ, Ш:748, 1,7-дәп. 1947 жылы араб әрпінде қағазға түсірілген. Қолжазбаны институтқа 1974 жылы семейлік фольклор жинаушысы Жағыпар Ермұхамедов тапсырған. Шығарманың бас жағы толық емес.
  3. Қисса Әнафия дастаны. ӘӨИ,Ш:882, 9-дәп. Араб әрпінде жазылған, 31 бет. Бұл дастан 1913 ж. Қазанда шыққан Досы Тілегеновтың дастанымен мазмұндас. Тек көшіруші дастанның әр жерлеріне жеке шумақтар қосқан. “1974 ж. Аударып, көшіріп жазған молла Мүтәлі деп білесіздер” деген арабша жазу бар. Қорға 1981 жылы түскен.
  4. Мұхаммед-Ханафия. ОҒК,Ш:1109. Араб әрпінде қара сиямен жазылған, 31 бет. Қолжазбаны кім тапсырғаны белгісіз, екінші бетінде “1923” деген жазу бар. Соңғы бетінде “Таммат тамам. 1914 ж. 1 июль. Хұнафия Жорқа ұғлы, “Төбе” деген жерде” деген жазу бар. Қолжазбаның бірінші беті жоқ. Еуропа цифрымен беттелген, әр жерінде сия дақтары қалған.
  5. Қисса Мұхаммед-Ханафия. ОҒК,Ш:842, 2-дәп. 24 бет. Қолжазбаны араб әрпімен 1934 ж. қағазға түсірген Байжұма Әділбеков. Дастан аяқталмаған.
  6. Мұхаммед-Ханафия. ӘӨИ,Ш:199, 2-дәп. Айтушысы – Бекбосын. Кирилл әрпімен жазып алған К. Молдафина. 1958 ж. Шығыс Қазақстан экспедициясы әкелген. Жинаушысы – Б. Уахатов. Дастан аяқталмаған.
  7. Мұқанбет Құнафияның өлеңі. ӘӨИ, Ш:1120, 1-дәп. Кирилл әрпімен жазылған, 70 бет. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Майғапшағай ауданының тұрғыны Кәки Нұрпейісұлы (1939-2002) әкесі Бұлғақұлы Нұрпейістің айтуынан 1952 жылы жазып алған. Тапсырған – Бақыт Нұрпейіс.
  8. Мұхаммед-Қанапия. ӘӨИ, Ш:876, 9-дәп. Кирилл әрпімен жазылған, 148 шумақ, 592 жол. Нұсқа 1978 ж. Семей облысы, Шар ауданы, “Белтерек” кеңшарының тұрғыны С. Тұрғанбаевтың қолжазбасынан көшірілген. Жинаушысы – С. Қорабай.

Жоғарыда келтірілген нұсқаларды салыстыра отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:

– келтірілген тізімдегі 1-нөмірлі қолжазба (ОҒК, Ш:842, 1-дәп.) 1882 ж. Қазан қаласында басылып шыққан “һаза кітап Мұхаммед-Ханафия” атты кітаптың сөзбе-сөз көшірмесі;

–  2-(ОҒК, ҚҚ: Ш.842, 3-дәп.) мен 3-(ӘӨИ, Ш:748, 1, 7-дәп.) нөмірлі нұсқалар сюжет желісі, мазмұны жағынан Қазан қаласында 1913 жылы басылып шыққан дастанмен бірдей, бірақ қайтадан жырланған (сөзі, стилі – басқа);

– 3-нөмірлі қолжазба 2-нөмірлі қолжазбадан көшірілген;

– 5, 6, 7, 8 және 9-нөмірлі қолжазбалар Семей өңірінен жазылып алынған. Олардың өзара ортақ бір түпнұсқадан тарағаны анықталып отыр. Ол түпнұсқа – я төңкеріске дейін басылып шыққан кітап, я болмаса Семей өңірінде өмір сүрген, аты бізге белгісіз ақынның туындысы. Дастанның бұл нұсқасы баспа бетін көрмесе де, ел арасына тарап, бірден-бірге көшіріліп, бүгінге жетіп отыр.

Соңғы бес нұсқа бірін-бірі сөзбе-сөз қайталайды. Айырмашылығы – сөздердің, сөз тіркестерінің, шумақтардың орнының ауысуы, кейбір сөздердің өзгеруі, т.б. Солардың ішінде 5, 6, 7 және 8-нөмірлі нұсқа жоғарыда айтылып кеткендей, толық емес: біреуінің басы жоқ болса, екіншісі – аяқталмаған. Яғни, бұлардың ең толығы – 9-нөмірлі, 1978 жылы С.Тұрғанбаевтың қолжазбасынан көшірілген, С.Қорабай тапсырған нұсқа болып шықты. Сол себепті мәтіндік талдау барысында осы нұсқа негізге алынды.

Сонымен, Мұхаммед-Ханафияға арналған шығармалардың үш варианты анықталды. Олар: 1-вариант – 1882 жылы кітап болып жарияланған “һаза китаб Мұхаммед-Ханафия”; 2-вариант – 1913 жылы кітап болып жарияланған “Мұхаммед-Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут патшамен соғысқаны”; 3- вариант – “Мұхаммед-Қанапия” дастаны.

Осы үш варианттың баяндайтын тақырыбы ортақ, негізгі кейіпкерлері бір болғанымен, елеулі айырмашылықтары бар: біріншіден, осы үш нұсқаның әрқайсысы жеке репертуарда, яғни бір-біріне тәуелсіз жағдайда туып, жырланған; екіншіден, 1978 жылғы вариантта бас кейіпкердің ғажайып жағдайда туылатын мотиві жоқ; үшіншіден, үш варианттың стилі, сөз саптау мәнері үш түрлі, бір-біріне ұқсамайды.

Мұның сыртында басқа да айырмашылықтары бар. Мысалы, 1-вариантта ғана кездесетін сюжеттер мен мотивтер төмендегідей: жол айрығындағы қара тас, қара тастағы жазу, Мұхаммед-Ханафияның “барса-келмес” жолына түсуі, қызға ғашық дию, құдықта қалған Мұхаммед-Ханафия, Мұхаммед-Ханафияның құдықтан атының көмегімен шығуы. 1-вариантта Мұхаммед-Ханафия бақшада кәпір шалмен кездессе, 2-вариантта ол бақшада Табут патшаның әскеріне тап болады, ал 3-вариантта жапан түздегі шатырда отырған кемпір мен қызға кез болды. Яғни, үш дастанда Мұхаммед-Ханафияның кездескен адамдары әр түрлі. Сондай-ақ 2-вариантта Мұхаммед-Ханафия киіктің соңынан қуып, ол Мұхаммед-Ханафияны кәпірлердің бақшасына әкеледі. Мұндағы “киік” басқа варианттарда  жоқ. 2-вариантта Мұхаммед-Ханафия кәпірдің басын кесіп, Мәдинеге әкелгенде, мұндай үлкен басты көрмеген халық таң қалады. 1-вариантта Мұхаммед-Ханафия кәпірлермен күрескенде не жараланбайды, не тұтқынға түспейді, ал 2-вариантта Табут патша оны зынданға тастайды. 1-вариантта кәпірлер оған у беріп өлтірмекші болса, 2-вариантта дарға аспақ болады. 3-вариантта Мұхаммед-Ханафия алдыңғы екі варианттардағыдай әр түрлі оқиғаларды басынан өткізбейді. Ол Рұм қаласынан келе жатқанда, жолда ұйықтап қалып, адасады да, шатырға су сұрай кіреді. Кемпір оған су бермей қуып жібереді. Сондай-ақ бұл вариантта Мұхаммед-Ханафия “кәпірлердің асын ішпеймін” деп, қыз бен кемпірді дінге кіргізеді. 1-вариантта Мұхаммед-Ханафия Жамһұр мен оның бауырларын және қарындасын мұсылман қылады. 2-вариантта Әмина қызды дінге енгізеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, томға Мұхаммед-Ханафияға арналған үш дастан ұсынылып отыр:

  1. һаза кітаб Мұхаммед-Ханафия. Алғаш 1882 жылы Қазан қаласында араб әрпінде жарық көрген. Кейін бірнеше мәрте қайтадан басылған. Біздің қолымызға түскені – осы кітаптың 1914 жылғы басылымы. Шығарушысы (нәшірі) – белгілі татар баспагері Шәмсәдин Хұсайынов. Кітап Қазан қаласындағы “Домбровский” баспасының орталық типографиясында басылған. Дастанды кім, қашан, қай жерде жазып алғаны, баспаға кім дайындағаны жөнінде мағлұмат жоқ. Тек кітаптың соңғы бетінде “Парсы кітабындағы хикаят үшбу жерде таусылыпты. Басқа бір бес қағаз қалды. Құдай қаласа, оны қызық қылып, екінші бір қисса қылып жазып, шарифіне күндірілсе керек” деген жазу бар. “Шариф” – арабша қасиетті, мәртебелі деген мәнді білдіреді; күндірілсе – жіберілсе мағынасында қолданылған сияқты.

Осыдан жүз жиырма жыл бұрын жарияланған мәтінді баспаға даярлағанда кейбір сөздердің дұрыс жазылмағаны, қайсыбір сөздердің мәтіннен түсіп қалғаны, сондай-ақ ұйқассыз шумақтардың бары анықталды, мысалы, түпнұсқада: қайте деп жазылған, дұрысы: қайт; қиғаннан деп жазылған, дұрысы: қиналғаннан; Кеудеңде жақтың йарда аманаты – деп жазылған, дұрысы: “Кеудеңде Хақтың бар-ды аманаты”; сақтансып, дұрысы: сақтанғансып; жігірім, дұрысы: жігерім, т.б.

Томға ұсынылып отырған мәтін Қазан қаласында 1882 жылы жарық көрген “һаза китаб Мұхаммед-Ханафия” атты  кітап бойынша дайындалды.

  1. Мұхаммед-Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны. Алғаш 1913 жылы Қазандағы Кәрімовтер баспасында жарияланған.

Дастанның жырлаушысы – Қазақстанның батыс өңірлерінен (бұрынғы Гурьев маңынан) шыққан ел ақыны  Досы Тілегенұлы. Кітаптың сыртқы бетінде оның дастанды парсы тіліндегі кітаптан алып, жырлағаны айтылған. Қадым әріптерімен басылған бұл дастанның өзге басылымын, яки нұсқасын жолықтырмадық.

Томға ұсынылып отырған дастан ОҒК-ның Қолжазба қорында сақтаулы. Мәтін түпнұсқа негізінде баспаға әзірленді.

  1. Мұхаммед-Қанапия. ӘӨИ,Ш:876. С.Тұрғанбаевтың қолжазбасынан көшірілген. Жинаушысы – С.Қорабай, кирилл әрпінде жазылған.

Мәтінді ескі қолжазбадан көшіргендіктен кейбір мәні танылмаған, дұрыс оқылмаған сөздер кездеседі. Ондай сөздер ОҒК (Ш:1109, 842) және ӘӨИ-де (Ш:199) сақтаулы тұрған қолжазбалармен салыстырылып түзетілді. Мысалы, түпнұсқада: өлімі делінген, дұрысы: өлшеулі; жай жас, дұрысы: жап-жас; қаһрасула, дұрысы: Хақ Расулға; жинап, дұрысы: жиһан; өлмедім, дұрысы: ермедім; міне шатқын, дұрысы: мінәжат қып; алладан, дұрысы: аялдап; қолған, дұрысы: қойған; тәмен, дұрысы: төмен; диым, дұрысы: дәйім; беитен, дұрысы: бейнет; адамға, дұрысы: Аллаға, т.б.

“Мұхаммед-Қанапия” мәтіні ӘӨИ-дің Қолжазба қорында (Ш.876) сақтаулы тұрған қолжазбадан дайындалды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

9 Âåñåëîâñêèé À.Í. Àòàë¹àí å»áåê. – 533-546-á.

10 ²àñºàáàñîâ Ñ.À. Åðòåê ïåí ýïîñòû» ñþæåòòiê òèïîëîãèÿñû // ²àçຠôîëüêëîðûíû» òèïîëîãèÿñû. – Àëìàòû, 1981. – 235-265-á.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button