Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбай ақын жырларындағы байырғы сөздердің мағынасы

СӨЗДІК

А

АЛЛА (ар: الله ‎) – кейде Аллаһ, ислам дініндегі бiр Құдайды (Тәңірді) бiлдiретiн араб сөзi. Бұл сөз әл-илаһ (al-ilāh) – «осы Құдай, Тәңір» деген сөзден қалыптасқан болып, «Құдай» мен «Тәңір», мағынасындағы Ел және Елаһ деген иврит және арамей сөздерінен бастау алады. (Бір Алладан басқаның, Көп-ті қылған айыбы). ҚҰДА (парсы: خدا)  Худа немесе Хода – ақын сөзінде «Құда» деп те  айтылады. (Мағлұм дүр Хұдаға, Пенденің қылған күнәсі).

АБЗАЛ –  ар. афзәл – ардақты, аса қадірлі, ең құрметті. (Алтын-күміс абзалың, Өлгеннен соң не керек?).

АБАҚТЫ — заң жүзінде жазықты, қылмысты адамдаpды қамайтын түpмe, қамау оpны. (Абақты тұр қасыңда  Қазулы тұрған көріңдей).

АБУ БАКР, ОМАР, ОСПАН – сахабалар.

Абібі ақ сәруәрдайын

Абу Бәкір, Омардайын

Осман, Әлі Қайдардайын

Әділ патша табылмас-ты.

АЗАП – бейнет, мехнат, қиыншылық.  (Бұл дүниенің қазабын, Ол дүниенің азабын, Көргенімді айтайын).

АЗУЛЫ – ешкімді бет қаратпайтын өткір, озбыр. (Мына заман қай заман, Азулыға бар заман).

АДАМ ПАЙҒАМБАР –  Адам Ата, ең алғаш пайда болған адам.  (Атамыз Адам пайғамбар, Топырақтан жаралды).

АРАМ СІДІК, АРАМ СУЛЫ  –  (ар. харам حرام) – некесіз бала. (Арам сідік болған соң, Атасы бермес батасын. Арам сулы балаға, Атаның сөзі ұнамас)

АСЫЛЫҚ  – астамшылық, күпіршілік, кесапаттық, кесірлік. (Бұл асылық, асқан заманда).

АЛҚЫМДАП – құтыла алмастай болды, жайлап алды, бойды жеңді. (Ағашты тауға үй салып, Алды кәпір алқымдап).

АЛТАЙ-ҚАРПЫҚ – ру аттары. (Аралап келіп түсуші ем, Алтай менен Қарпықты).

АҚСАҚАЛ – ел билеген ру басы. (Ақсақалдан әл кетті, Алмайды оның кеңесін).

АҚЫРЕТ — 1. өлген кісіні орап жерлейтін ақ мата. Кебін.2. О дүние, мақшар (Аз тартайын  десең күнәні, Ақырет қамын қылғаның).

АҚЫР ЗАМАН, ЗАМАНАҚЫР – адам баласының және бүкіл әлемнің ең соңғы тағдыры туралы ерте замандардан бері  қалыптасқан түсінік. Әділдік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандықтың,жарық пен түнекктің  көрінбейтін, жасырын күресінен бастау алады. Жер бетінде имансыздық пен зұлымдық ниеттің басым күш алуы Ақыр заманды, яғни адамзат ұрпағының түгелдей апатқа ұшырау сәтін жақындатады-мыс. Ақыр заман туралы мұндай түсінік дүниедегі ірі діндердің (ислам, христиан, иудей т.б.) бәрінде де бар.

АҚША – (ағылш. money) — жалпыға бірдей балама ретінде барлық басқа тауарлардың құнын көрсететін ерекше тауар. Ақша тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуы нәтижесінде пайда болды. (Сауып ішер сүті жок,

Мініп көрер күші жоқ, Ақша деген мал шықты).

Ә

ӘЗЕЛДЕ – (араб.) – о баста, мәңгiлiк, алғашқыда, әуелде. (Не шара бар, Құдайдың, Әзелде жазған пәрмені-ай!).

ӘЗІРЕЙІЛ, ҒӘЗІРЕЙЛ — Жан алатын қаскүнем періште. (Өлгенде имансыз құл жолда қалған, Мен –Ғәзірейіл, пенденің жанын алған).

ӘЛЕУМЕТ — ел-жұрт, халық, бұқара. (Азаматтар, әлеумет, Мұның да несін сөгесің?!).

ӘУЛИЕ  — (ар. аулиа اولياء) – дін уағыздаушы, құдай жолын қуушы әулие. (Әулие десең болмай ма, Ғайыптың ісін барласа)

ӘУІР – көңілдің желігі, сағынышы. (Дүниенің сүрсең дәуірін, Басылар сөйтіп әуірің).

Б

БАҒЫМША – араб тілінде бақ, бақыт, ырыс, құт, яғни менің бағым, ырысым деген сөз. Бағым – (Мінезге бағым табылмас,  Ғадетіне кетеді).

БӘСЕҢ ИНЕ – кесте тоқитын жіңішке ине. (Жүгіңді билеп қызың тұр, Басең ине шаныштырмай).

БӘЙІТ– 1. діни өлең, жыр. 2. Араб, парсы және түркі тілдес халықтар поэзиясындағы қос тармақты, егіз ұйқасқа құрылған өлең шумағы. (Бәйіт айтып, баян қып, Жанастырдым әрнеге).

БИҚАСАП – (пар. بيقصب) – жібек аралас жіппен тоқылған енді мата. (Қызың киді биқасап, Теріге кимес бойқастап).

БЕДЕН – Көрік, келбет, кескін. (Тұтас тұрса жарамас, Бетіңнің кетсе бедені)

БЕЙІШ –  Жұмақ, ұжмақ, жәннат. (Арқаның жазы бейіш-ті).

БЕК – рудың беделді адамы. (Ел билеген бек болды. Көтере алмай бектігін,Ұласқан жаман кек болды).

БЕРЕЗЕ – әшекей бұйымдарға қолданылатын жартылай асыл тас. Қаптал – молынан пішілген,  кең етіп тігілген  шапан, шекпен. Березе қаптал тон киіп, Топта тұрып мақтанған).

БЕЛСЕН – Етек-жеңді түру, білек сыбану. (Жорға мініп теңселтіп, Торғын тонын белсентіп).

БЕС АТА – Арғын руының аталары. (Дұғай сәлем айтайын, Бесатаның ұлына!).

БӨЗ – мақтадан тоқылған, арзан қолды, жұқа ақ мата. (Төрт қарыс бөз бұйырмай, Қалды менің артымда).

БҰРАЛҚЫ – Иесіз қалған, қаңғыған (ит).  (Ауылдың малы бұралқы, Ақылы жоқ жаманға).

БОЛЫС  –   қазақ даласын отарлау жүйесіндегі билік иесі. Болыс институты бастапқы кезде қазақтың дәстүрлі рулық жүйесіне сай аталық негізге құрылған. (Дуанбасы, болыстар, Шұлғып басын изейді).

БУЫРШЫН -Аруана мен үлектен туылған, әлі келеге түспеген төрт жасар жас үлек, іңген бұзар. (Елді еркіне қоймады, Буыршындай тақымдап).

БІРЛӘН – (түрік) және, -менен, -бенен, пенен, -мен, -бен, -пен (Қызмет етпей мен өттім,  Ата бірлән анама).

БІСМІЛЛА- «Бисмиллахир-рахманир-рахим» Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын деген мағына береді.  (Сөздің басы – бісмілла).

Г

ГҮРЗІ – (күрз) соғыста ат үстінен ұратын шоқпар тәрізді құрал. (Түзу жолдан қисайса, Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа).

Ғ

ҒАДІЛ – Ескі кітаби сын есім – Әділ. (Ғаділ патша мінеді  алтын таққа).

ҒАЗАП – азап, бейнет. (Айдап барып малыңды, Ғазап үшін  бермейсің)

ҒАПЫЛ – (араб) қапы қалу, білмеу, сезбеу, байқамау. (Өзімнен қалсын балаға, Мені көрген дүниеден ғапыл қалма).

ҒАЙСА – пайғамбар. (Көрден Ғайса деген Әуез шықса керек-ті).

ҒАЙБАТ – (ар. ғайбат غيبة) – өсек, сырттан жамандау, даттау. (Өтірік, ғайбат, зорлықтан, бойыңды тартып тек жүрсең)

ҒАЙЫП – Адамның ақыл-ой, таным, қабілеті шегінен жоғары тұрған қияли құпия, тек Алла тағалаға ғана тән білім, тылсым. (Әулие десең болмай ма, Ғайыптың ісін барласа)

ҒАСИМА – қасам, ант. (Құдайға сөзім ғасима. Таяндың енді өлерге)

ҒАРІП – араб тіліндегі мағынасы «қайғы, мұң, қасірет, күйініш, уайым», қазақ тілінде «бейшара, сорлы, мүсәпір» деген ауыспалы мағыналарда қолданылады. (Не ғаріптік десеңіз Келген менің басыма).

ҒИБРАТ –  үлгі, өнегелік мәндегі ақыл сөз. (Әй, Шөже, ғибрат қып сөз айтайық, Бос мақтан, пәни сөзін аз айтайық).

Д

ДӘРЕТ  –  (ар. таһарат طهارة)   Тазалық. Намаз оқу алдында тазалану, дәрет алу.  (Намаз оқыр дәретсіз, Ендігінің молдасы).

ДУАН –  қала, кент, дуанбасы – қала бастығы. (Дуанбасы, болыстар, Шұлғып басын изейді).

ДҮРИЯ – иран тілінде дүруйе – жібектен тоқылған жылтырауық әдемі мата. (Ұлың киді дүрия, Ұстараның жүзіндей).

ДҰҒА — (ар. дуға دعاء)    1. Құдайға жалбарыну, тілек тілеу.

Е

ЕСКЕНДІР – Александр Македонскийді күллі Азия, араб халқы осылай атап кеткен. (Ескендір өткен дүниеден Жиырма тоғыз жасында).

ЕП – Икем, ыңғай, бейім. (Ойлап тұрсам, жігіттер, Не қылса құдай еп екен!)

Ж

ЖАЗА  –  (ар. жаза جزاء) – сазайын алу, айыбын алу. (Құбыласын білмей құл, Сонда тартар жазасын).

ЖАНДАРАЛ – патша замандағы полиция қызметкерлеріне берілетін атақ, лауазым. (Адам қайтып қуансын: Жандарал болды ұлығың).

ЖАППАР – (араб тілінде) құдiреттi, күштi; Алла Тағаланың 99 есiмiнiң бiрi. (Жаппардың екі болмайды, Әмір қылған жарлығы).

ЖАҚСЫЛАР –  дәстүрлі ортада өнегелі істерімен және кісілік қасиетімен айырықша беделге ие болған көрнекті тұлғалар. (Жарысқа кірген жақсылар, Аша алмассың көзің деп).

ЖАСЫҚ – семіз емес, өте арық ет. (Аштықта жасық табылса, Ұдай абзал сол болар).

ЖАУЫР –  ердің, ершіктің батуынан болатын мініс жылқының арқасындағы жарақат. (Ойлағаны жамандық, Жауырдан аққан іріңдей).

ЖАҺАННАМ – діни мистикалық түсінік бойынша өлген адамның «жаны ұшып баратын» жеті тамұқтың (тозақтың) ең жаманы (Жаһаннам деген тозақта, Шайтан болар жолдасы).

ЖӘДІГӨЙ ЖАУҒЫШ АТАНДЫ – (пар. жадугөй جادوگوي) – арбаушы, сиқыршы. (Жәдігөй жауғыш атанып, Осынша жиған мүліктен, Не көреді қу басың).

ЖЕЛБЕЗЕК – мұрын қуысы, танау жиегі. (Желбезектен оқ тисе, Жер таянбай тұра алмас).

ЖӨРГЕМ –  жүрген аяққа жөргем ілінеді (мақал). Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жөргем сөзінің екі түрлі мағынасы көрсетіледі: 1) бір буын, бір бума ішек; 2) (ауыс. мағынасы) пайда, олжа. (Жан жоламас жатқанға, Жүргенге жөргем ілінер).

ЖҮГІРМЕК – (пар. жәуан – жас, мәрг – ажал, жуанмәрг جوان مرگ) – жастайыңнан ажал тап, қыршын кет. (Жүгірмек болған жасым-ай!)

ЖЫРЫМ – қалтарыс-бұлтарысы көп сайлы, ойпаңды жер.  (Ит айналар жырымға).

З

ЗАБЫН – парсыша қаралық, зиян, жамандық деген мағына береді. (Харамды мал демесін, Забын болар иманға).

ЗАМАН –  араб тіліндегі мағыналары «уақыт, мезгіл», «дәуір, сол кезең» Зар, зар, заман, зар заман, (Зар, зар, заман, зар заман, Зарлап өткен бір заман)

ЗАМАНАҚЫР – араб тіліндегі мағыналары «бұл дүниенің ақыры, соңы», «қиындық, азап көру». (Пірлерден кетіп керемет, Патшадан кетіп әділет, Заманақыр таянды.)

ЗЕКЕТ – (ар. закат زكاة) қайыр-садақа беру. (Зекетсіз мал айдама, Қайыры жоқ ас сақтап).

ЗОР – (пар. зор زور)  күш, қуат, мықтылық. (Әуелгі зорлар қор болды, Сондағы қорлар зор болды).

ЗИНА – (ар. зина زناء) ойнастық қылу, жұбайының көзіне шөп салу. (Домбыра болар шерткені, Зина болар қылғаны).

И

ИБРАҺИМ ӘДҺӘМ – Әбу Ысқақ Ибраһим бин Әдһәм бин Мансур – Бәлх қаласында туған үлкен ғалым, мухаддис, асқан тақуа, мәшһүр сопы. (Дүниеде көп мүлікті, Ибраһим Әдһәм тастаған)

ИМАН – (ар. иман ايمان) – Аллаға сену, илану, діни наным  (Иман – жанның жарығы, Кешуі бар тар жолда).

К

КӘЛИМА – (араб тілінде) сөз; әңгiме; тiлiн кәлимаға келтiрдi, яғни кәлима шаһадатты айтты  (Кәлиматың шаһадат Тамам кісінің расы).

КӘЛЕМ АЛЛА –  (араб) Алла сөзі, Құран. «Кәлем-шәріп» Ескілікті жыр-дастандарда «Кәлам- шәріпті» көбіне «Кәләм» деп, қысқартып қолданады.

КӘЛАМ-ШАРИФ   –  Қасиетті сөз, қасиетті кітап дегенді білдіретін Құранның бір аты.

КӘРІП – мүсәпір, бейшара,  ғаріп. (Қазақ деген кәріптен).

КӘР – (ар. қаһар قهر) Зорлық көрсету, күштеу. (Момын жатқан еліме, Кәр түскендей бұзылды).

КӘРСОН МЕНЕН КЕРНЕЙ – Арғын ішіндегі ру аттары (Дұғай сәлем айтайын, Кәрсон менен Кернейге!).

КӘПІР – Аллаға және оның сүйікті елшілеріне сенбейтін, ислам діні ережелері мен оның тыйымдарына қарсы келетін адамға қарата айтылатын атау. (Шыдай алмай ызаға, Кәпірден іздер панасын).

КӘМІРҺЕ –күнаһар. (Қу нәпсімді тия алмай, Кәмірһе қылдым жасымды!).

КЕРТ БАСҚА –  Жалғыз өзі, қарақан басы, сүйенер ешкімі жоқ жалғыз басты (Келе ме деп керт басқа).

КЕЗ  –  (пар. гәз گز) 150 см тең ұзындық өлшемі. (Қазақ кез мойын атқа міне алмас, Кең шалбарды кие алмас). Шортанбай кез сөзін екі мағынада қолданады. Бір жерде ұзындық өлшемі болса енді бір жерде тәуір матаның орнында жүреді.  (Көңіл азып, тон тозса, Берген көйлек кез болар).

КЕЛЕ  –  Бір топ түйе, бір қора інген; бураның үйірі. (Түйенің құты бура-ды, Келеден атан қумаса).

КЕЛЕУІ КЕТУ – кенеуі кету, тозығы жету. (Келеуі жоқ кей билер, Сол заманда шығады).

КЕНЕУІ КЕМ [ЖОҚ] – а) жұғымдылығы, сіңімділігі жоқ, күші жоқ, татымсыздәмсіз (тағам) (Кенеуі жоқ кейбіреулер, Құр зорлайды тақпаққа).

КӨБЕЛЕ – Жағалап жүру, жиектеу.(Аға бер жайылып, көбеле).

КӨКСІМ – Көктулақ, сілімтік.  (Ат басына күн туса, Көксімдегі күй болар).

КӨПБАЙ МЕНЕН НҰРЛАН – Ақынның замандастары. (Дұғай сәлем айтайын, Көпбай менен Нұрланға!).

КӨПТІРМЕ – Бос сөзді, бөспе.(Көк долының сөзінің, Әсте болмас жүйесі Көптірмесі  көпіріп).

КІТАП – (ар. китаб كتاب)    сөзі араб тілінен аударғанда «хат», «сауат», «жазба», ал түсінік тілінде «дәптер» деген ұғымды білдіреді.

КҮРЗІ – салмақты болу үшін басына қорғасын құйып жасаған шоқпар. (Түзу жолдан қисайсаң. Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа).

ҚАР – (пар. хар خوار) – қара ниетті, жауыз. (Мұның өзі – қар заман).

ҚАРАР – қанағат, тойым. (Нәпсім, қарар таптың ба, Дүниеге тоймайтын).

ҚАПА –ир. зат. Қайғы, мұң, шер, уайы. (Кім болмаған биқапа, Өлімнің ісі кез келді).

ҚАПЫ – (қапылыс) Өкініш. Қапы қалу (Қиямет күн кез болса, Пайдасы болмас қапыңның).

ҚАУЗЫ –  (ар. حوض ) Қауыз, бұлақ көзі. (Қаузы Қәусар суына Табақшы қылса кеерк-ті).

КЕСАПАТ – парсы тіліндегі мағыналары «дөрекілік», «топастық, ойсыздық». Қазақ тілінде «бәле, қырсық, кесір», «бақытсыздық» деген ауыспалы мағыналарда қолданылады. (Кесапат көп адамда. Көзіңді ашып қарасаң).

 Қ

ҚОЖА –  (ар. хужа خواجه)  ұстаз, данагөй, ақылшы, ислам дінін таратушы, уағыздаушы, дінбасы. (Шарапатты қожа жоқ, Ендігі сорлы бейшара, Қорыққанда барып паналар.

ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ (1710 – 1876) – Ферғана жазығында 18 – 19 ғасырларда болған мемлекет. Астанасы – Қоқан қаласы. (Қоқан биінен Қажалты алғай

Мұсылмандар жылап қалғай).

ҚОР – (ир. خوار)  Сорлы, бишара, байғұс. (Әуелгі зорлар қор болды,

Сондағы қорлар зор болды).

ҚЫСАП – (ар. حساب) Тең, бірдей, бір есеп. (Қысаппен тағам татқызып, Сабыр қылған сабаздар).

ҚИЯМЕТ – (ар. قيامة) Діни ұғым бойынша жер бетіндегі тіршіліктің күл-талқан болып күйреуі. (Қиямет-қайым) 2. О дүниедегі алла алдындағы сұрақ, жаза. (Не деп жауап береміз, Қияметтің күнінде?).

ҚУАНДЫҚТА  ҚОҢЫРҒА – Ақынның замандасы. (Дұғай сәлем айтайын, Қуандықта Қоңырға!).

ҚЫЗЫЛБАС – шииттің он екі имамының құрметіне он екі қызыл жолақты сәлде киетіндерді осылай атаған. Кейін бұл атау бүкіл ирандықтарға телініп кеткен.

ҚҰБАҚАН –Ақ пен қоңырдың арасындағы түс, құлан сұр. (Самалды шалқар көліне, Құбақан сағым беліне).

ҚҰБЫЛА – [ар. قبلة ] з а т. 1. д і н и. Намаз оқыған кезде бет қарататын жақ, Мекке жақ (Құбыласын білмей құл, Сонда тартар жазасын)

ҚҰРАН  –  (ар. құран قرآن)    Мұсылмандардың ең қасиетті кітабы, құран. (Ал Құранды алты мың, Алты жүз алпыс алты аяттан)

Л

ЛАҢ –  (пар. ләнг لنگ)    Бүлік, бүлік салу, әлек салу. (Ел ішінде лаң шықты).

ЛАҚАТ –  (ар. لحد ) қабірдің мәйіт қойылатын қуысы, ақым. (Ұяларсың лақатта).

ЛӘҢКЕ  –  Матаның түрі (Он топ ләңке ал дейсің, Қоржыныңа сал дейсің).

М

МАЙЫР –  майор. Патша өкіметінің  шенеунигі. (Жандарал болды ұлығың, Майыр болды сыпайың).

МАҚШАР – (ар. محشر) ақырзаманда қайтадан тірілген адамдардың жиналатын, олардың күнәсін тексеретін орын. Араб тілінде жиналатын орынды білдіреді. Нақтырақ айтқанда, сұр екінші рет үрленгеннен кейін адамдардың барлығы тірілтіліп, қабірден тұрып, есепке тартылуы үшін жиналатын орын. Махшарды «мауқиф» (есепке тарту үшін жиналатын орын), ал сол күнді «яумул хашр» (қайта тірілу күні) деп атайды. (Танда мақшар болғанда, Таразыны аударар).

МАҚЛҰҚАТ, МАҚҰЛЫҚАТ –  (ар. махлуқат مخلوقات) жаратылған пенделер,  Мақұлықтың көпше түрі, тіршілік иелері. (

МАЯ – жалғыз өркешті нар түйенің інгені, аруана (Дүниеқордың маясы,

Жақын дейді шайтанға).

МӘДИ – имам әл-Махди. (Тап тұтылмай Мәди қашып Пайғамбардың көрін құшқай).

МЕЙІЛДЕ – мейілдендір –  ықыластандыру, пейілді ету.

МЕККЕ – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда Қағба, әл-Харам мешіті орналасқан. (Мекке жүзін көрмедім).

МЕКЕР – [ар. ماكر ] с ы н. Қу, залым, айлакер. (Тілінді – мекер, қолыңды, Шолақ қылар әрнеге)

МЕЙРАМ – (пар. байрам بيرام) – мереке, той. (Дуана қожа атасы барар Мекке, Мейрамға имам болған жалғыз, жеке)

МЕҺРІҢНЕН, МЕҺІР – (араб.) – мейір, ықылас. (Меһірден  қатты мал бітіп, Кетпесе мал қораңнан).

МОЛДА  –  [ар. ملا ] Құранды, діни ғибадатты жақсы білетін діни рәсімді атқарушы, мұсылмандардың діни қызметкері.

МҮМІН, МҮМИН, МУМИН, МҮҺМІН –  (ар. мумин مؤمن)    1. Мұсылман адам, ислам дінін ұстанушы.

МҮҢКІР-НӘҢКҮР — Қабыршылар зираттан қырық қадам ұзап шыққан соң, адамнан сұрақ-жауап алушы және оны жазалаушы періште. (Ауыр күрзі ойнатып, Мүңкір, Нәңкүр періште Сені көрден оятып, Сауал қылса керек-ті).

МҮСӘПІР – (ар. мусафир مسافر)  Тұрмыс азабын көп көріп, арып-ашқан бейшара адам; қаріп-қасер  (Ең мүсәпір қорықсын деп, Мұңайған болар жыласып)

МИЯТ – Көңілге медеу боларлық нәрсе, тірек, сүйеніш. (Ардан көшкен ұятсыз, Дінсізге қылар  миятты)

МҰСТАХАП – таңдаулы, ең көркем амал. Діни терминде Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) кейде жасап, кейде жасамаған іс-әрекеттері. (Мұстақаб қылмас Құдайым, Ол залымның дұғасын)

МҰСЫЛМАН – (араб.: مسلم‎ [мусли́м] – «мойынсұнушы», «көнуші») — Ислам дінін қабылдаған, Аллаға мойынсұнған адам.

МҰХАММЕД –  (араб.: مُحَمَّدْ‎‎ ) Мұхамет, Мухаммад; 570, Мекке – 8 маусым 632, Медине) — Ислам пайғамбары.

МҰҚЫМ – араб тілінде муким – тұрақты, табанды, тиянақты, берік, ұзақ жасайтын. (Қартайғанда құдайға Мұқым жатып жылайын).

Н

НАДАН – (пар. надан نادان) – мәдениеттен мешеу, дөрекі, білімсіз. (Жөн білмеген надандар)

НАМАЗ – (пар. намаз نماز) – мұсылмандардың күніне бес рет құдайға жасайтын құлшылығы. (Кешірмейді Құдайым, Бес намаздың қазасын)

НАШАР – (пар. начар ناچار)  жарлы-жалқыбай, жоқ-жітік, ғаріп, міскін. (Нашардың биттей құны жоқ, Құр жылайды қақылдап)

НАУША – (пар. нуше نوشه)    1. Мықты, табанды.

НӘПСІ (Ләпсі) – (ар. نفس )  құмарлық, құштарлық, «шамадан тыс құмарлық, қанағатсыздық» деген мағынаны білдіреді.

НИЕТ – (ар. نية ) Бір нәрсеге, бір іске, біреуге бейіл, ықылас білдіруде алдын ала қалыптасатын мақсатты ой, ынта, тілек.

НИЯЗ – (ар. نياز ) Құдай жолына берілетін қайыр-садақа, қолқайыр. (Туғансырап келдік деп, Зекет, нияз сұрасып).

НОҚТАЛЫ БАСҚА БІР ӨЛІМ — Тағдыр байлауындағы жанға бір қаза, бірақ әзірге тәуекел деген мағынада. (Ноқталы басқа бір өлім, Өлмей де адам жүре ме).

НЫҒМЕТ – (ар. نعمة )  Береке, рақат, бақыт.

О

ОҢБАС –  түсі оңбайтын, бояуы өзгермейтін нәрсеге қаратып айтылады.  (Оңбас түске өшікпе).

П

ПАРЫЗ – міндет, борыш. (Білсін бір сүннет, парызды).

ПАТША – «патша, билеуші», «билеушінің титулы» (Патшадан кетіп ғаделет,

Ақырзаман таянды).

ПІР – (пар. пир پير) Діни жетекші, рухани көсем. (Пірлерден кетіп керемет)

ПІРКӘНШІК   — [ор.] з а т. к ө н е. Сауда қызметкері, сатушы. (Қырық қара нар пұлменен, Он піркәншік құлменен)

ПІТНЕ –  (пар. фитне فتنه)    Бүлік, дүрбелең (Пітне толды осылай, Момын жатқан еліме)

С

САРТ – ерте кезде өзбектер мен тәжіктер сияқты сауда-саттықпен айналысқан түркітілдес халықтарға телініп келген ат. (Ойнап түбің сарт дедім, Мені атадың қызылбас)

САХАР – (араб тілінде – سحر) ертемен, таң, таңертең, таң жаңа сыз беріп ата бастаған кез, шапақ, сәресi (сәрі ас). таңға жақынғы уақыт. (Сахарменен тұрғаның. Хақ дидарын көрерсің).

СӘРУАР – (парсы тілінде) – басшы, көсем (Мұхаммед пайғамбардың атына байланысты қолданылады). (Абібі ақ сәруардайын)

СӘЛДЕ –  (пар. сәлле سله) – басқа орайтын шалма.  (Сәлдесін үлкен орасып, Жауған қардай борасып).

СЕЛЕБЕ – з а т. к ө н е. Қиын-қыстау кезең, ауыртпалық, апат. (Көппен көрген – селебе.).

СИРАТ – (ар. сират صراط) 1. Жол, бағыт. (Сираттың желі соққанда, Ораза, намаз панаң-ды).

СОПЫ АЛЛАЯР  –  ғұлама Софы Аллаяр (1634-1723)  («Сопы Аллаяр» кітаптан, Сұрап тұрсаң осымды).

СТАРШЫН – революцияға дейінгі белгілі бір руға тән істі басқару үшін сайланған адамның шені. (Старшын қойған болыпты, Пысықсыған немесін).

СҮНЕТ -Мұхаммед Пайғамбардың сөзі, әрекеті және шешімі. Құранда Пайғамбарға бойұсыну бұйырылады. Сүннет – парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбар (с.а.у.) жасаған және жасауды насихат еткен іс-әрекеттер. Бұл сөздің араб тліндегі мағынасы – жол.

СҮЛЕЙМЕН – Пайғамбар  (Он сегіз мың ғаламға Патша болған Сүлеймен, Олар да өткен дүниеден)

СҰРҚЫЛТАЙ – құстың аты, ауыспалы мағынасында ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмары, ақыны. (Ежелден өлең айтқан мен Шортанбай, Тұсында әрбір ханның бір сұрқылтай).

СҰБҰХАН – аят сөзі (Келтірдім сонда тұрып сұбұхан Алла,. Мен білдім жүрмесімді бұл жаһанда)

СЫПАЙ – парсы тілінен шыққан сөз. Османлы империясының қарулы күштеріндегі атты әскерлерінің атауы. (Майор болды сыпайың).

 

Т

ТАЖАЛ – Ақырзаман болғанда шығады-мыс делінетін аждаһа. (Мұсылманға басын қосқай, Тажалменен ұрысқай).

ТАРАЗЫ –  (пар. таразу ترازو)  1. Салмақ өлшейтін құрал, өлшегіш. (Танда мақшар болғанда, Таразыны аударар)

ТАҒАТ –  (ар. طاعة)   Құлақ асу, тыңдау, тіл алу, көну, бағыну. (Ғибадат, тақат қылып бар, Жамбасың жерге тигенше).

ТАРЫҚ – Міндет, парыз, сідет, сілет, уәзипа, борыш.  (Құбылаға бас қоймақ,

Мұсылманның тарықы).

ТАМАМ –  барлық, күллі, дүйім. (Кәлиматың шаһадат, Тамам кісінің расы).

ТАЙЫРЫ – (араб) Жоғарыға ұшушы; құс. (2) Болжал, болжам  (Бұрынғы өткен адамның, міне, келді тайыры).

ТАҚУА –  (ар. тақуа تقوى) – діндар, діншіл, дін жолын қатты ұстанушы. (Тақуада болған ғалымдар, Бұ жалғаннан өтеді).

ТАУПЫҚ –  (тауфих) ынсап, нысап, қанағат, көрген, тәрбие.

ТАР ЗАМАН  – аласапыран дәуір, қиын-қыстау шақ. (Жай-жайына жүрмеген, Мұның өзі тар заман).

ТАРЛАУ  – Арқада өсетін бидайық сияқты, малды тез оңалтатын шөп. (Атты керден естірген, Арқаның тарлау шөбі екен).

ТАМЫР –  алыс-беріс жасап тұратын сыйлас адам (Құда,тамыр, дос кетер, Ине жүрмес арадан).

ТАМҰҚ – (пар.там تم) – тозақ. Діни түсінік бойынша «күнәлы жандардың»өлгеннен кейін “о дүниедегі» жазаланатын орны. Діни ұғымда көр азабын, “тозақ отын» бейнелейді.

ТӘКПІР – Намаз кезінде Аллаға сиынып, ұлықтау дұғасы.

ТӘСПІ  –Таспиық, тасбиық. Сиынған дұғаны жаңылмау үшін жасалған маржан тізбегі. Тәспі сөзі о баста арабтың суббах (Аллаға мадақ, Алланы мадақтай) сөзінен шықты. Оны парсы, түріктер – тасбих, татарлар – диспе, ауғандар – тисба деп атайды.

ТӘРКІ – қиыншылық  (Тәркі деген тамұқтың – Қысқы суық амал-ды).

ТӘУБЕ – Аллаға ризалық, тағдырына шүкіршілік (Тәубе деп қылмай қапы өттім).

ТЕЗІНЕ – Сынады, мінеді; кемшілігін бетіне айтты (Алдындағы жолығар, Құдайдың құрған тезіне).

ТОБЫҚТЫДА ҚҰНАНБАЙ – Құнанбай Өскенбайұлы.

ТОЗАҚ – О дүниеде азаптап қинайтын жер, тамұқ.

ТӨРЕ – Шыңғысхан тұқымынан шыққан билік жүргізуші, басқарушы (Қасиетті төре жоқ, Шарапатты қожа жоқ)

ТҮЙНЕК –  з а т. в е т. Көбінесе қой, ешкіде және адамда болатын түйіліп ауыратын іш ауруы. (Тоқтыдай керіледі болған түйнек)

ТҰМАР — (ар. тумар طومار)   1. Бүктелген, оралған қағаз. 2. Ауысп. Бәле – жаладан, жамандықтан сақтау үшін молданың жазып берген дұғасы.

ТІЗДЕ –  е т. Шөгіп жатқан түйені тұрып кетпеу үшін алдыңғы аяғының біреуін не екеуін кейде төрт аяғын тізесінен астына қарай бүктіріп байлау. (Күшің жеткен адамды, Мұнша неге тіздедің?)

ШАРИҒАТ  –  (ар. شريعة) – ислам дінінің заңдары (Шариатты шығарып, Шартарапқа тарапты).

ШАТА – некесіз туған бала.

ШАЙТАН — (ар. نشيطا)    1. Жын, ібіліс.

ШАПАҒАТ, ШАПҚАТ, ШАПҒАТ, ШАФҚАТ, ШАФАҒАТ , ШАФАҚАТ, ШАФЕҒАТ – (ар. шафағат, шафқат شفقة , شفاعة)    1. Аяу, жаны ашу, есіркеу. 2. Ауысп. Мейірім, рақым, қамқоршылық.

ШАҺАДАТ -(ар.شهادة)куәлік,айғақ. Қазақ фольклорлық жырларында «куәлік сөз», «Алла Тағала мен оның елшісі Мұхаммедке куәлік білдіретін сөз» деген мағынадағы «кәлима шаһадат», «кәлима шаһадатты айту» деген ұғымдағы «шаһадат келтіру» тіркестері жиі кездеседі.

ШЕРНЕУ – жер үсті, бұл дүние, пәни жалған. (Шернеуде жазған несіпке, дәрия құйсаң толар ма).

ШОРМАН ҰЛЫ МҰСА –  Ақын замандасы.

ШЫМ –  зат. Жердің шөп өскен құйқалы қабаты. (Жапырағын жайқалтып, Көктемде қонсаң шым жерге).

ШҮРШІТ – (Шүршіттердің бәрін қырып, Опат қылса керек-ті)

ШЫҒЫН – Бұл жердегі «шығын» сөзін екі түрлі түсінуге болады. Біріншісі, шығын бұл жұмсалған, кеткен малдың, дүниенің есебін білдірсе (шығын шығу мағанасында), екіншіден «қарашығын» мағанасын білдіруі мүмкін. Қарашығын – патшалық Ресей тұсындатұсында қазақтардан жиналған жанама алым түрі. 1868 жылғы Уақытша ережеде патша үкіметі қазақ билеушілеріне игілікті істерді жүргізу үшін халықтан жанама алым жинауға ерік берді. (Шығын деп тілмаш алады).

І

ІЛКІМ –  тез, шапшаң. (Атыңды берсең азбассың, Епті туған ілкімге).

ІИ – жуасыды, басылды. (Көпке тентек, ез  қисық, Қамшыменен іи болар).

Ы

ЫСҚАТ – (ар. исқат اسقاط) – шариғат бойынша өлген адамның күнәсін сатып алу үшін берілетін төлем. (Өлгендерде ысқат пенен құран жоқ)

Х

ХАРАМ – А р а м, тиым салынған, (Қайыры жоқ ас сақтап, Дәмді харам шайнама).

ХАТЫМ – (ар. хатм ختم) – аяқтау, бітіру, тауысу. Хатым құран – тура мағынасы құранды бастан аяқ оқып бітіру дегенді білдіреді (Келсе балам басыма, Хатым қылсын артыма).

ЮЗНАСЫ- тілегі (Юзнасы зар көрген, Өзімнен қалсын балаға.)

 

Кейбір сөздерге анықтамаларды «Sozdikqor.kz- сайтынан алынды

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button