Қазақ пен араб дәстүрлері мен діни танымының ерекшеліктері
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Жақыпов Ерзат Жасқанбайұлы
Қазақ елі – түркі текті, діні ислам, кітабы – құран, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтай білген ұлт. Исламға дейін түркілердің сенімі – көк тәңірлік болды. Көк тәңірлік сенімнің қасиетті кітабы, пайғамбары, тарихи жазба деректері болмаса да, түркі текті ұлттардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары болды. Сол әдет-ғұрыптар қазіргі уақытта да тұрмыстық жағдайда қолданылып келеді. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып құндылықтар қазақ елін өзіндік ұлттық негізі мен ерекшелендіріп тұрғанын есте ұстаған жөн. Сондай түркілік дәуірден бері сақталып келе жатқан дәстүрлердің бірі – жеті атаға дейін қыз алыспау, бет ашар, сәлем салу, қыз ұзату, жетісі, қырқы, жылдығы, ас беру, т.б. тәрбиелік мәні зор дәстүрлер. Аталған дәстүр мен әдет-ғұрыптар ислам шариғатына қайшы келмейді. Керісінше, ислам дінімен ұштасып, сабақтасып кеткен. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімің Ағраф сүресінің 199-аятында «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Пайғамбар Мұхаммедке пайғамбарлық түскен кезде арабатардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Мұхаммед пайғамбар олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына кереғар келмейтінін қабылдап, қарсы келетіне тыйым салған. Яғни қазақ халықында ислам дініне қайшы келетін бір де, бір салт-дәстүр, әдет-ғұрып жоқ екенін түсінген жөн.
Дегенмен, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу – қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығрау және мансұқтау үрдісі бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ислам дінімен қатар түркілік заманан қалған әдет-ғұрыптар шариғатқа қайшы келетін тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың көпшілігінің ғұрыптық (ритуалдық) жағы ғана бұрынғыша сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кеткен көбісі түсіне бермейді. Түркілік мәдениеттен қалған бірқатар ырымдардың негізінде көне тәңірлік сенімнің ізі бар екенін ешкім жоққа шығармайды, бірақ қазір мұндай ырымдарды ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп жасамайтынын ескерген жөн. Мысалы, ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан жасамайды, ата-баба дәстүріне деген құрметпен жасайды. Яғни, қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен қайырын Алладан тілеп, отқа май құяды. «Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Бұл ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай жайнай берсін» деген ырым да жатыр. Негізінде ырым мен наным бөлек. Ырым тікелей нанымның көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді наным-сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ «Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Осыған сәйкес дініміздегі жақсы нәрсені ырымдау жайына келетін болсақ, исламтанушы ғалымдарымыз мынанадай бір хадисті келтіреді. Пайғамбардың заманында мұсылмандар мен мүшіріктер арасында «Худайбия» келісімі жасалған. Сол келісімді жасасуға мүшіріктер тарапы Суһайл атты кісіні жібереді. «Суһайл» есімінің мағынасы «жеңілдік» дегенді білдіретін. Оны көрген Пайғамбар сахабаларына: «Істерің алға басып, жеңілдейтін болды. Олардың бұл адамды жібергені келісімді қалағаны ғой» деп, Суһайлдің келуін жақсылыққа жорыған оқиғасын дәлел ретінде келтірсек болады.
Өкінішке орай, кейбір азаматтар арабтың дәстүрін дін деп қабылдап, арабтар сияқты өмір сүргісі келіп, солар сияқты қара түсті ниқаб, паранжа киіп жүргені қыңжылтады. Әсілінде араб та, қазақ та ислам діні ұстанатын ұлттар, бірақ дәстүрлері қабыса бермейді. Бір ғана баланың дүниеге келуіне байланысты кейбір рәсімдерді алайық. Арабтар нәрестенің дүниеге келгеніне 7 күн толғанда, шашын алып, шашының салмағымен бірдей садақа береді. Қазақы дәстүрде дүниеге нәресте келгенде шілдехана жасалады, бесікке салынады, жиырма күнде кіші қырқынан, отыз тоғыз немесе қырық бір күнде үлкен қырқынан шығарады. Қырық ізгі тілек айтып, қырық қасық сумен жуындыру, шаш-тырнағын алу, келушілерге «жұғысты болсын» деп сый кәде беру (қазақша садақа) – қазаққа тән дәстүрлер. Сол сияқты арабтар жылқынын етін жемейді, қайтыс болғанда жетісін, қырқын, жылдығын жасау деген салт-дәстүр жоқ. Сондай-ақ, арабтарда жеті атаға дейін қыз алмау деген қағида да жоқ. Бұндай құндылықтар қазақ пен арабтың дәстүрлеріндегі әдет-ғұрыптардың ерекшелігін көрсетеді. Қазақ халқы Абай айтпақшы «Алланың өзіде рас, сөзі де рас» деп ислам дінін қабылдады. Бірақ арабтың дәстүрін қабылдаған жоқ. Керісінше, оларды тәрік етті. Арабтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қабылдамауымызға себеп болған, ислам діні мен қазақи әдет-ғұрыптардың сабақтасып бүгінгі күнге дейін жетуіне үлкен үлес қосқан Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың арқасында екенін ұмытпағанымыз жөн. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз түркілік әдет-ғұрыптар мен ислам дінін ұштастырып халыққа жеткізген. Осы Яссауи бабамыздың ілімін дінтанушы ғалымдар дәстүрлі діни таным деп атап жүр. Дәстүрлі діни таным деген ол – қазақтың ұлттық болмысының өзегі. Қазақтардың діни танымы фиқһта Әбу Ханифа мәзһабын, сенімде Матуриди ақидасы мен Яссауи ілімінің қабаттарына негізделген. Яғни, қазақ жеріне Ханафи-Матуриди ілімін алып келген осы Яссауи баба болған. Осы діни түсінік бойынша қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары өміршең болып келді. Әрине «Әр елдің заңы басқа, иттері тері қара қасқа» демекші өзге ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрпын білген, сыйлаған дұрыс. Бірақ «Дәстүрі жараспағанның, дәм-тұзы жараспайды» дегендей өзге ұлтардың мәдениетін боймызға сіңіріп қазақи дүниетанымнан айырылып бір-біріміз бен дауласып жүрмейік ағайын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр», Алматы- 2014 ж.
- А.Әбдірәсілқызы «Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап», Тараз-2015 ж.
- А.Әкімханов, Н.Анарбаев «Құран Кәрім қазақша түсіндірмелі аударма», Алматы -2018 ж.
- Б.Алпысбаев «Дәстүрлі діни таным – қазақ мәдениеті»// abai.kz.