«Бабалар жолымен»: Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған тарихи-рухани экспедиция басталды

2026 жылғы 21 шілде күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясы өз жұмысын бастады. Экспедицияның басты мақсаты – қазақ халқының мемлекеттілігі мен руханиятының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ишандардың, батырлардың, билердің, шешендердің, ағартушылардың өмірі мен қызметін насихаттау, олардың мұраларын ғылыми тұрғыдан зерттеу, тарихи орындарды аралау және Марал ишан Құрманұлы әулетіне қатысты тың деректерді жинақтау.
Бұл игі бастама – өткенге тағзым ғана емес, ұлттың тарихи жадын жаңғыртуға, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық рухты сіңіруге бағытталған ауқымды ғылыми-рухани жоба.
Экспедицияның ұйымдастырушысы – «Марал баба» қоғамдық қорының жетекшісі әрі Марал ишанның ұрпағы Мұхамедхан Омаров, ал ғылыми жетекшісі – жас ғалым Самат Жұматайұлы. Экспедиция жұмысына Қазақстанның әр өңірінен белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, дін қайраткерлері және Марал ишан әулетінің ұрпақтары қатысуда.
Экспедиция құрамында елімізге белгілі академик, Мақсұт Темірбаев, белгілі меценат Мұрат қажы Нұрсаитов, Омбы қазақтарының қадірлі ақсақалы Гималиден Зенұлы, Қожахмет хазіреттің шөбересі Базарбек Фазылов, Марал ишан әулетінің өкілі Жарқынбек Омаров, Қазақстанның белгілі ақыны Қанат Сапарбай, сондай-ақ тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар бар.
Осы күнгі экспедицияның негізгі ғылыми бағыттарының бірі – Марал ишан Құрманұлы мен көрнекті Алаш қайраткері Шаймерден Қосшығұлдың арасындағы туыстық байланысты тарихи және шежірелік тұрғыдан негіздеу.
Шежірелік деректерге сәйкес, Құрманнан Құлжабай, Арал, Марал тарайды. Құлжабайдан Ұса мен Мұса дүниеге келеді. Ұсадан Ермек, Қосшығұл, Ораз, Наурыз тарайды. Ал Қосшығұлдан қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шаймерден Қосшығұл дүниеге келген. Осылайша Марал ишан мен Шаймерден Қосшығұл бір атаның ұрпақтары болып табылады. Бұл дерек қазақ қоғамындағы рухани көшбасшылық пен елге қызмет ету дәстүрінің бір әулеттен бастау алғанын көрсетеді.
Экспедицияның алғашқы күні Астанадан қасиетті Қоғам ауылына бағыт алды. Қоғам – Ақсары Керейдің Құлтаба тармағының тарихи қоныстарының бірі. Мұнда экспедиция мүшелері мектеп қабырғасында көрсетілген, ауыл мешітіне барып, ата-баба рухына Құран бағыштады.
Ғылыми зерттеу барысында Қоғам ауылынан 8–9 шақырым қашықтықтағы Балықты көл жағасында бұрын Құлтаба ауылы орналасқаны нақтыланды. Сонымен бірге осы өңірде Құлтаба ұрпақтары мекендеген Балықты (Қосшығұл–Ораз ауылы), Ұста, Бижан және Үкілі ауылдарының болғаны жөніндегі тарихи мәліметтер жинақталды.
Бұл өңір тек шежірелік тұрғыдан ғана емес, қазақ зиялыларының қалыптасуында да ерекше орын алады. Бижан ауылынан қазақ ғылымы мен Алаш қозғалысына еңбек сіңірген ағайынды Файзолла пен Ғалиолла Ғалымжанов шыққан. Файзолла – қазақтан шыққан алғашқы физик ғалымдардың бірі әрі Алаш қайраткері болса, Ғалиолла Ғалымжанов мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. Оның қызы Ләйлә Ғалымжанова қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш министр ретінде тарихта қалды.
Экспедиция мүшелері Қоғам ауылында белгілі азамат Мұрат Құрмашевтың шаңырағында болып, ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Басқосу барысында өңір тарихына қатысты тың мәліметтер айтылып, Құлтаба ұрпақтарының тарихы жөнінде құнды естеліктер жазып алынды.
Одан кейін керуен Степногорск қаласына бет алып, мұнда белгілі азамат Марат Нәбиеттің атынан берілген дастарқаннан дәм татты.
Келесі аялдама Ақсу өңірі болды. Экспедиция мүшелері қазақ даласының ардақты тұлғалары Сағынай мен Паң Нұрмағамбеттің рухына Құран бағыштап, олардың ел тарихындағы орны жөнінде тағылымды әңгімелер өрбітті.
Одан кейін экспедиция Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласына жетті. Мұнда аудан әкімдігі экспедиция мүшелерін арнайы қарсы алып, қазақтың ұлы ақыны әрі сазгері Біржан сал Қожағұлұлының рухына Құран бағышталды.
Кешке қарай керуен қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі саналатын Бурабайға жетіп, Абылай хан ордасы кешенін аралады. Сондай-ақ қазақтың ұлы хандары мен батырлары – Абылай хан, Уәли хан, Қасым сұлтан, Кенесары хан және Наурызбай батырдың рухына тағзым жасалып, Құран бағышталды.
Бұл тағзым – ел тәуелсіздігі үшін күрескен бабалар алдындағы ұрпақтың құрметі ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын айқындайтын маңызды рухани рәсім болды.
Кешкісін Көкшетау қаласында қоғам қайраткері Ерлан Нұғыманның атынан қонақасы беріліп, экспедицияның алғашқы күні қорытындыланып, алғашқы уақытқа жоспап құрылды. Басқосуда экспедицияның алдағы бағыттары, ғылыми зерттеу жоспарлары мен жинақталған тарихи деректер талқыланды.
Алдағы күндері экспедиция Көкшетау, Петропавл, Нұрымбет, Қостанай, Әулиекөл, Торғай, Ұлытау, Қызылорда және Қармақшы өңірлерін аралап, көптеген тарихи орындарда ғылыми-танымдық кездесулер өткізеді. Бағдарлама аясында «Үш жүзге пір атанған әулие» атты кітаптың тұсаукесерлері ұйымдастырылып, Марал ишан әулетінің тарихына қатысты жаңа архивтік және шежірелік материалдар ғылыми айналымға енгізілмек.
«Бабалар жолымен» экспедициясы – өткенге тағзым жасап қана қоймай, ұлттық тарихтың көмескі беттерін ашуға бағытталған маңызды ғылыми жоба. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында жүзеге асып жатқан бұл бастама халқымыздың мемлекетшілдік дәстүрін, рухани сабақтастығын және елдік мұратын жаңа қырынан танытып, тарихи сананы нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Зерттеуші Самат Жұматайұлы





