
Тарта көрме мұндағы мініңізге,
Тәспіх байлап барғайсыз тіліңізге.
Бізден сәлем айтқайсыз Хазіретке,
Мәдине нәсіп болса күніңізге.
Ықыласым Қағбада бармасамда-ай,
Сіз ұмытшақ адамсыз, аңла Есенбай.
Мұхаммед Мұстафаға бізден сәлем,
Барсаңыз ұмытпаңыз, молла Есенбай!
Әзіреттің қасында Бәкір Сыдық,
Бәкір Сыдық , Омарға ықылас шындық.
Үшінші хазірет Осман, Әлішерге,
Көптен көп ғашық ділмен сәлем қылдық.
Ғазизлардың торпағын қазған жерге,
Қасиеті жаһанда озған жерге.
Пайғамбардың жақыны Әмзә Аббас,
Көп сәлем Уһуд тауда Әмзә ерге!
Құдая қанат берсең ұшайын да,
Ғазизлардың топырағын құшайын да.
Пайғамбары Құданың перзенттері –
Дұғай сәлем Хасан мен Хұсейінге.
Және сәлем Ғайша, Қадишаға,
Аталарын жат қыламыз хамишеге.
Фатима, Зуһраға көп-көп сәлем
Қабірін барып көрсек қане шама?
Дұғай сәлем Абдолла, Әминеге,
Көп-көп сәлем Меккеден Мединеге.
Ғазизлардың торпағын тәуап қылсақ,
Армансыз кетер едік о дүниеге.
Қағба жолы күн батыс ұзағында,
Біз жатырмыз күн шығыс бұ жағында.
Айналдырып дүние жібермей тұр,
Тұтқындамыз нәпсінің тұзағында.
Молла Есенбай барсаңыз Шадарияға,
Тамаша ғып өткейсіз сол дарияға.
Дүниеге біз келуге себеп болған,
Адам ата көп сәлем Хауа анаға!
Несібеміз сол жақта болғай ауыс,
Сәлем де Имам Ағзам жанаб Ғауыс.
Бізде жетіп барамыз ол жайларға,
Періштелер шақырған болса дауыс.
Есен болғын Ермекбай, молла Есенбай,
Барасыздар тәбәрік жолға сондай.
Арафаттың тауына шыққан жерде
«Ақын» деп еске алғайсыз анда-санда-ай.
Жолыққанша қанша ай, заман қалып,
Қағбаға несіп болғай, аман барып.
Пайғамбардың рузасын көрген жерде
Бір топырақ жасағайсыз маған анық.
«Майлықожа тірі жүр, аман, – деңіз,
Сіздерді жат қылады тамам, – деңіз.
Нәпсі, шайтан залымнан ажыратқай
Ән хазіретке, төрт жарға сәлем, – деңіз.
Қағбаны дос тұтады көңіліміз,
Әгәр болсақ күнәдән жеңіліміз.
«Әгәр Хазірет рузасын бір көрсек» деп
Арзыда мұнда жүрген өміріміз.
Ғашықпын Алла Тағала дидарың-ай,
Қағбаны қажы қылсам бір барып-ай.
Хазіретке – үмбет, төрт жарға – дос көңілім бар,
Құдая өзің куә бұларыма-ай.
Есенбай болғай аман, келіскенің,
Ап келгейсіз құрманың жемістерін.
Хақ дидарға ғашығың бар азаматсың,
Пейліңде мінезі бар періштенің.
Енді кетіп барасың елдеріңнен,
Рахмат кемер байлап белдеріңнен.
Қажыға барған уақта еске алғайсыз,
Хабар алып тұрамыз келгеніңнен.
Келгейсіз туып, біткен жұрттарыңа,
Жүзің қабыла, жұрт қалды сырттарыңда.
Бір шишаға аз суды бекітгейсіз,
Әбі, замзам суларын жұтқаныңда.
Жолыңыз қажыға барып түскен жерде,
Көңіліңіз жош ұрып, жош келгенде.
Бір шишаға су ала келгейсіздер
Әбі, замзам суларын ішкен жерде.
Мысыр шаһар орнаттың келесіңе,
Арзу болдың Алаштың кеңесіне.
Осыншама ғайш, ғишратты назар қылмай,
Барак Алла қағбаға жөңесіңе
Көңіліміз ашылады қорғаныңа,
Осынша бақ ерім болғаныңа.
Атақырдай көзіңе мәнзүр алмай,
Қағбаның сапар қылдың жолдарына.
Ұшыратты Алла Тағала ғалымдарға,
Бұл дүние падахана білімді ерге.
Ғайш, ғишрат қызықтың бәрін тастап,
Мүсәпір боп барасыз бұл күндерде.
Сіз гүлістан қыласыз базар барып,
Атластан жібек киіп ажарланып.
Біз базарды қылалмай күйбеңдейміз,
Сабын тұздың борышынан азарланып.
Сіз кеттіңіз, біз қалдық бұл арада,
Бір көрген, екі көрмек күмән және.
Аман-есен келгейсіз молла Есенбай,
Тапсырдық енді сізді бір Аллаға!
Бүгінгі «МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 101» шығарылымында жарияланған ақынның «ЕСЕНБАЙҒА ЖОЛ БОЛСЫН АЙТУЫ» өлеңінің Комментариінің орнына Ұлы бабамызға арнап Умра қажылығын өтеген шежіреші, жазушы – Сейітомар Саттарұлының жазбасын ұсынып отырмыз.
ҚАЖЫЛЫҚ – МАЙЛЫ АҚЫННЫҢ АРМАНЫ ЕДІ…
Майлықожа ақын «Өмірімде Меккеге бір барсам, Хаж амалын орындасам» деп армандан өткен.
Бірінші рет Хазреті Алидің қабрыне барғанда «Хаж қыла алмай жүріппін» деп армандаса:
Халайықтың қажеті
Сіздерге түсіп қалынар.
Қажы қыла алмай жүріппін –
Азырақ дүние малым бар.
Алдыңа келіп тұрыппын,
Мүсəпір, мұңлық халім бар.
Екінші «Есенбайға жол болсын» айтып барғанда арманын молынан жеткізеді.
Жолыққанша қанша ай, заман қалып,
Қағбаға несіп болғай, аман барып.
Пайғамбардың рузасын көрген жерде
Бір топырақ жасағайсыз маған анық.
«Майлықожа тірі жүр, аман – деңіз,
Сіздерді жат қыфлады тамам – деңіз.
Нəпсі, шайтан залымнан ажыратқай
Əн Хазіретке, төрт жарға сəлем» – деңіз.
Қағбаны дос тұтады көңіліміз,
Əгəр болсақ күнəдəн жеңіліміз.
«Əн Хазірет рузасын бір көрсек» деп
Арзыда мұнда жүрген өміріміз.
Ғашықпын Алла Тағала дидарың-ай,
Қағбаны қажы қылсам бір барып-ай.
Ән Хазіретке – үмбет, төрт жорға – дос көңілім бар,
Құдая өзің куə бұларыма-ай – дейді.
Үшінші рет Момбек датқаның бәйбішесі Айғанымға жазған хатында «Әжіге баруға талапкермін» дейді. Дайындық болып, әлде бір себептермен бара алмай қалған секілді.
Сөзімді оқытып жүр молдаларға,
Шыққан сөзім аузымнан соңғыларға.
Аман-есен болыңыз, Айғаным апа,
Талапкермін əжіге жол барарға.
Алла ТабаракаТағалының Рахым пәзілетімен ұлым Көбжан, келінім Малика – бізді кемпіріміз екеумізді – «Умра» қажылыққа алып барып, Хаж амалын орындатып алып қайтты.
Осы сапарда Ұлы бабам Майлықожа Қажылықты армандап өткен екен, кел Майлықожа бабаның рұхына арнап бір қажылық өтейік деп келісіп, барлық алғы шарттарын орындап, ақын бабамның рұхына арнап бір «Бедел Умра» қажылық ғибадатын орандап қайттық.
Я баба, Сіз ғой – біздің ардағымыз,
Игілік пен қоршалған жан-жағыңыз.
Бір «Умра» арнадық өзіңізге –
Орындалсын деп Сіздің арманыңыз!
Сейтомар Саттарұлы






