Ғалымның хаты

Арабия аралындағы арай

Айтатыны жоқ, таңғаларлық жәйт: «араб» сөзі біздің тілімізге аударғанда «шөл», «шөл дала», «не суы, не шөбі жоқ құнарсыз жер» деген мағынаны береді екен. Арабтар есте жоқ ескі ықылым замандардан бері өздері тұрған жерді – Араб түбегін осылай атайтын болған. Кейін осы атау сол жерді мекен еткен адамдарға, яғни олардың өздеріне таңылған.

Ғалымдардың болжауынша, арабтың түп атасы болып табылатын семит тайпалары бұл түбекке көшпенділер ретінде теріскейден келген сияқты. Бұған бір жағынан «араб» деген атаудың «көшпенді», «қаңғыбас», «кезбе» деген салалас-сабақтас ұғымдарды беретіндері айғақ бола алады. Оның, бұдан басқа, «көшпенді» деген де мағынасы бар болып шықты. Бұл тұрғыдан келгенде, «араб» сөзінің негізгі топтан жырақ, саяқ, бөлек, тыс, тысқары, сырт кеткендік пен кезбелікті білдіретін көне түркілік «қазақ» лексемасына едәуір ұқсас, мәндес, мағыналас келетінін байқар едік.

Арабия… Өзгеше өңір. Таулы, жазықты, қыратты, шөлейтті және шөлді байырғы өлке. Осынау орасан зор аумақты алып жатқан түбектің оңтүстік-батыс жағалауында Қызыл теңізді бойлай бір жарым мың шақырымға дейінгі аралыққа созылатын Хиджаз таулары солтүстік пен шығысқа жақындаған сайын ақырындап аласара түседі. Ал теңіз ернеуіне ентелеп келгенде, бұл таулар кенет тік жартас болып қатарласып тұра қалады. Оның жағадағы жіңішке сусыз ойпат белдеуін мұндағылар «тихама» деп таниды. Ефрат жазығы мен Парсы шығанағына таман Хиджаз қыраттары жазық далаға ұласады. «Неджд» деп аталатын бұл орасан зор үстіртте тастақты алаптар да, сирек кездесетін жартылай шөлейтті жазиралы бау-бақшалы танаптар да бар. Бұдан әрі солтүстік пен шығысқа ұзына ендеген сайын Ефрат, Нефуд және Дахна жағалауларынан басталатын ұшы-қиырсыз Сирия шөлі көсіліп шыға келеді. Бұл қызыл түсті құмдардың бір ерекшелігі, жылдың қыс мезгілінде ғана осы қалыпты сақтап қалатын, ал жаңбыр маусымы жамырағанда, оның бетінде көк құрақ шөптер қаулап өссе, жаздың аптап ыстығында соның бәрі түгел күнге күйіп кететін. Сол тұста бұл маңайда жан баласы қалмай, басқа жақтарға жаппай үдере көшуші еді. Түбектің түстіктегі Үнді мұхитының толқындары ұрып тұратын еңісті етегінде басқа жаққа қарағанда ылғалды ауа әлдеқайда көп еді. Мұнда Йеменнің, Хадрамауттың, Оманның ежелгі егіншілігінің ілкі іздері қашаннан сайрап жататын.

Зерттеушілердің жазып жүргеніндей, Араб түбегінің ең көне тұрғындары біркелкі егіншілікпен айналысқан екен. Сірә, көшпелі мал шаруашылығын біле қоймаса керек, сондығынан болар, олар алқаптың тек оңтүстік өңірлері мен орталық бөлігіндегі жазиралы жерлерді қоныс тұтыпты. Көшпелі мал шаруашылығына көшкеннен кейін ғана жұрт далалық алқаптарда, шөл және шөлейтті аймақтарда тұрақтап тұра бастаған сияқты. Бірақ оның дәл қай кезде пайда болғанын ешкім тап басып айтып бере алмайды. Оның егіншіліктен көп кейін қолға алынғанына ғана күмән жоқ. Бұған қоса, оның жер өңдеушілікке қарағанда, анағұрлым қиын болғаны, шеберлік пен төзімділікті көп керек еткені мәлім. Бұл түптің түбінде көшпенді тайпалардың күштірек болып шығуына негіз қалады. Сондықтан тарихтың өн бойында көшпенділер отырықшы қауымды жиі жаулап алып, өздеріне бағынышты етумен келді.

Араб түбегінің жағалауы өзінің батыс қапталында Қызыл теңіз суларымен шайылып, Синай түбегімен шекараласып жатса, шығысында Ирак елінің көптеген аудандарымен астасып, Парсы шығанағының толқындарымен қауышады. Ал оңтүстікте Үнді мұхитының бөлігі болып табылатын Араб теңізінің суларына қол берсе, солтүстікте Араб түбегі Шам және Ирак елінің кейбір аудандарымен шекаралас келеді. Оның ауданы әртүрлі есептермен 1 миллионнан 1 300 жүз мың шаршы миль аумақты құрайды.

Араб түбегі географиялық орналасқан жері арқылы өзінің маңыздылығын айқындап алған. Арабтарға ерте кездерден бері басқа елдер соғыс ашып келіп, өз биліктерін жүргізе алмаған. Бұған түбектің шөл дала мен құмдардан құралған табиғи қамалы себеп болды. Арабтар екі үлкен империяның арасында орналасса да, істерінің бәрінде еркіндік таныта алды, бұған да осы табиғи қамалдың арқасында қол жеткізді.

Араб түбегі адамдарға ертеден белгілі болған құрлықта арасында орналасқан және оның территориясында құрлық пен теңіз жолдары өзара тоғысып жатты. Түбектің солтүстік батысы Африка материгіне апаратын қақпа секілді болса, шығыстағы аудандары Иранға, Таяу және Орта Шығысқа, сондай-ақ Үндістан мен Қытайға жеткізетін жылуан жол еді. Мұнымен қоса, жоғарыда айтылып өткендей, түбек теңіз жолдарының тоғысқан ортасында орналасқандықтан, оның порттарының айлақтарына көптеген кемелелер тоқтап тұратын болған.

Арабия – бұл сусыз аймақ, онда «өсімдіктер» деп аталатын шөлді тікенектен басқа ештеңе өспеген өлке. Бір жағы «күйдірілген жер» деген де мағына беретін бұл өңір ыстық шөлдерге, шексіз құмды аңғарлар мен төбелерге толы. Мұнда күндіз-түні көбіне-көп шығыстан жел соғып тұратын. «Саба» деп аталатын бұл шығыс желін арабтар ең жұмсақ және жанға жайлы самал деп есептейтін. Батыстан ұратын «самум» («уланған») деген желден араб жұрты азар да безер болып, аза бойлары қаза тұратын, себебі, ол суды кептіріп жіберіп, жұртты аптап пен шөлге ұрындырып құртатын. «Шималь» деп аталатын теріскей желі ептеп салқындық әкелгенімен, өзімен ілестіріп, шаңды боран көтеретін; ал түстіктен жететін «каус» теңізде дауыл тұруына себепші болатындықтан, теңізшілер үшін айрықша қатерлі саналды.

Түбекте тұрақты су қоймалары – көлдер ешқашан болған емес, бірақ әр жерден бір жылға болып жылтырап көрініп, су көзін атқылатып тұратын жерасты өзендері баршылық. Кейде жойқын жаңбырлардың суларымен екі жүз – үш жүз жылда бір рет нағыз өзен болып ағатын арналардың құрғап қалған табаны – вади кездесіп қалады. Сондай-ақ жылында бір кезегі келетін нөсер жауыннан кейін қақ секілді жиылып қалатын көлшіктер – гадирлер пайда болып тұрады.

Араб түбегіндегілер жаңбырды «Құдайдың рахымы» деп атаса, «жомарттық» пен «ылғал» деген сөздерді бір-бірлерінің синонимі тәрізді егіз бір ұғым деп қабылдайды. Бұл аймақта тұратындар үшін жылдың ең жақсы маусымы есебінде қыстан кейінгі жаңбырлы мезгілді атайды. Осы раби – араб көктемі шынында ептеп жауын-шашын әкелуімен және күні жылы, түні салқын болып келуімен олардың көңілдерінен шығады.

Арабиядағы ең үлкен шөл «Руб-әл-Хали» деп аталады. Ол араб тілінен аударғанда, «ширек бос кеңістік» деген ұғымды береді. Міне, осы ширек бос кеңістіктің ауданы еш кемі жоқ миллион шаршы шақырымды алады. Оның ең сұмдық қауіпті аймағына батыс жағында орналасқан «Бахр-ас-Сафи» жатады. Бірақ атаудың мағынасы айтарлықтай жақсы, ол біздің тілімізге «Тазалық теңізі» болып аударылады. Мұнда қарғаның миы қайнайтындай шіліңгір ыстықтан бөлек, құм көшкіндері де жиі болады. Олар бурадай буырқанып, іргені сілкілеп жатқан кезде түйелі адамның өзін сол қалпында «жұтып» жібере салады.

Құмды өлкеде күннің ыстығы көлеңкенің өзінде ұдайы 50 градустан асып кетеді. Айнала түгел от шарпыған далада аспанға тіктеп қараудың өзі мүмкін емес, ауа бетті қатты шымшып алатын жалқын сәулеге ұқсайды. Шөл ересен қысқан кезде әр қадамды қарыштап аттаудың өзі мұң болып қалады. Араб аптабы, бір әсершіл саяхатшының жазғанындай, «ми мен сүйекті күйдіріп, семсердің жүзін жұмсартып, асыл тастарды көмірге айналдырып жібереді».

Шөлдің тереңдігі қанша екені ешкімге белгісіз – онда түсіп көруге ешкімнің батылы жетіп көрген жоқ. Бір кезде оның дәл ортасында молшылыққа малынған, ағаштар мен суға толы ел бар екені жөнінде қауесет айтылушы еді. Сондай-ақ оның шекарасында саяхат жасау қауіпті екені – ондағы әрбір күннің үш жылға татитыны, онда үш апта болған жасөспірімнің қаусаған шал болып жер бетіне шығатыны да баян етілді. Кейде бәдәуилер осы маңда тілдері түсініксіз адамдарды кездестіріп қалатынын да айтады екен. Сондықтан ел арасында сахара шөлде жын-шайтандар, елестер мен әруақтар кезіп жүреді деген түсінік ертеден қалыптасқан.

Әдетте семит жұртының араб және еврей болып екіге тарайтыны тәкпір етіледі. Алайда, олардың қашан, қандай жағдайда, қалай екі бұтаққа бөлініп кеткені жөнінде нақты дерек жоқ. Ол туралы ешқандай мәнбеде ашып айтылмайды. Тек арабтардың, негізінен «Киелі кітаппен» дәлме-дәл келетін ортағасырлық аңыздарына қарап, семиттердің арғы ата-бабаларының Қос өзен – Ефрат пен Тигрдің аралығында ұзақ уақыт бірге тұрып, ең ежелгі өркениеттің іргесін қалағанын білуге болады. Осы атыраптан олардың бір бөлігі кейін солтүстік-батысқа, екінші тобы түстіктегі құмды-шөлді аймаққа қарай жылжиды. Бұлардың алғашқылары қазіргі Араб түбегі аумағындағы жергілікті тұрғындарға сіңісіп кетеді. Бұл келгендер «Көне өсиеттегі» Ибраһимнің ағасы Кахтанның он үш ұлынан туған ұрпақтар еді. Біздің дәуірімізге дейінгі екі мыңыншы жылдықта осы миссияны жүзеге асырған олар түбектің түстіктегі жағалауын ен жайлаған йемендік араб тайпаларының діңі болды. Осы Йемен жұрты өздерін әлі күнге дейін «ақиқи арабпыз», яғни «нағыз арабпыз» деп есептейді. Өздерін «жасанды араб», «жанама араб» санайтын солтүстіктегі тайпалардың түп атасы Ибраһимнің Ажар атты күңінен туған ұлы Исмайыл болғанын да біз тағы ежелгі хикаялар желісі арқылы білеміз. Ал еврейлер осы Ибраһимнің негізгі әйелі Сарадан туған екінші ұлы Ысқақтан тарайды.

Солтүстіктегі семит тайпалары көбіне-көп өздерінің қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті қойлары мен ешкілерін бағып, оларға қолайлы қоныс, өркенді өріс, сулы атырап іздей жүріп, жылдардың жылында оңтүстікке қарай біртіндеп жылжи береді. Көшпенділер жаңа аталған ұсақ малдардан бөлек, бір жағы – шөлге шыдамды, екінші жағынан көшіп-қонуға ерекше керек түлік ретінде, үшіншіден, тамақ есебінде пайдалануға жарайтын құнарлы сүт – шұбат беретін түйені де ұстауға ерте дағдыланған көрінеді. «Шынында сарылдап аққан суы, тас қайнардан тартатын құдығы жоқ жерлерде Ойсылқаара ұрпағы төрт түлік малдың тәжді төресі болып шыға келер еді. Арабтар мұны ерте дәуірлерден ұғынды. «Егер түйелері болмаған болса, – деп жазды келесі бір франциялық арабтанушы, тарихшы Анри Ламменс өзінің «Исламның бесігі: Батыс Арабия хижраның қарсаңында» деп аталатын кітабында, – көшпенділердің жартысы шөлден қырылып қалар еді». Бұл еңбегінде ол Арабияның батыс аумағын алып жатқан Хиджаз өңірінің сол кездегі ауа райы, табиғаты, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасы туралы өте құнды мәліметтер береді.

Теріскейдегі тегеурінді топ Арабия жеріне қоныс аударып келген кезде түбектің тек оңтүстігінде ғана адамдар тұрған екен, олар тұрақты өмір салтын ұстанып, егіншілікпен айналысыпты. Ал көшпенділер келе сала алғашқы болып ішкі, шөлді аудандарды жайлап, көшпелі мал шаруашылығымен шұғылдана бастаған. Олар мұнда бұрын жан баспаған тұмса табиғат аясындағы далалық алқаптар мен шөлді-шөлейтті аймақтарды басып қана қойған жоқ, пәйті келген кезде одан да ары жылжып, су жағалауындағы ежелгі отырықшы, егінші және бақ өсіретін бағбан тайпалардың жерлерін де жаулап алып, кейінірек олармен мидай араласып кетті. Сондықтан соңыра олардың түп-тамыры қайда екенін тауып алу өте-мөте қиынға түсетін болды. Осының нәтижесінде теріскейден теңселіп келіп, «Араб аралының» аумағын жасап берген көшпелі бәдәуилер мен теңіз жағалауындағы жазиралы алқаптардан шыққан байырғы йемендіктер арасында кейде кімнің «нағыз араб» екеніне қатысты дау туып кететін жағдайлар да кездесіп қалады. Мұндағы талас қайсы жақтың араб деген атты арқалауға лайықты екеніне байланысты туынадатын болса керек.

***

Араб жерінде исламның дәні топыраққа түсіп, оның дарақ болып өсіп шыққанына дейін де бұл аймақ талай тарихты бастан кешті. Соның ішінде дінмен діңдес дүние аунап түскен кездер де көп болды. Мұның іргесі Ибраһим пайғамбардан басталады.

Ибраһим пайғамбардың елі үш түрлі пұтқа табынатын. Біріншісі сол елдің патшасы Нәмрұд еді. Ол өзін тәңір санаған қатігез адам-тын. Байлығы мен малының есебі жоқ. Халық қуаңшылыққа ұшырағанда, оларға азық-түлік берер болса, алдымен «Сен біздің тәңірімізсің» деген сөзді міндетті түрде айтқызып алатын. Задында, оның өзін «тәңір» санауы Жаратқанның берген байлығын көтере алмағандығынан еді. Екіншісі көктегі жұлдыздарға, ай мен күнге табынатын. Үшіншісі жерде өздері қолдан жасап алған жансыз пұттарға бас ұратын. Тіпті кейбір деректерде көктегі әрбір жұлдыз үшін бір пұт жасап, бұлар сол жұлдыз-тәңірлеріне баланып, олардан шапағат күтетіні айтылатын. Міне, Ибраһим пайғамбардың сол үш түрлі пұттарын сынағаны Құранда үш жерде қисынды дәлелдермен келтіріліп, олардың түкке тұрғысыз екені айғақтап беріледі.

Ибраһим дүниеге келместен алдын Нәмрұдқа сәуегейлер мен жұлдызға қарап бал ашатындар шұғыл келіп: «Патшамыз! Жұлдыздарға қарасақ, осы жылы бір күтпеген оқиға болғалы тұр. Осы жыл ішінде сенің еліңде бір ұл дүниеге келеді. Ол бала халықтың дінін өзгертеді. Өзгертіп қана қоймай, сенің патшалығыңды жермен-жексен етеді. Бірақ біз оның қай шаңырақтан шығатынын білмейміз. Сондықтан осы жылы туатын бүткіл ұл балаларды өлтіруге жарлық бер!» – дейді.

Сәуегейлеріне қапысыз сенетін Нәмрұд тосын хабардың тікелей өз басына қатысы бар болғасын, дереу алдын алу әрекетіне кірісті. Соның нәтижесінде жүкті әйелдер бар әрбір үйге бір-бір күзетші қойды. Олардың мақсаты сол шаңырақта ұл бала туылса, оны бірден өлтіріп тастауға болды.

Осы суыт хабар тараған кезде сол маңайда тұратын Азар есімді момын кісінің әйелі де екіқабат болатын. Бірақ іші оншалықты білініп тұрмағасын, оның жүкті екенін көршілердің ешбірі байқай қоймапты. Дегенмен, патшаның пәрменінен қорыққан Азар сол бойда әйелін алып кетіп, Басра мен Куфа арасындағы бір ауылға жақын жердегі бір үңгірге жасырады. Ол көп ұзамай осында ұл бала туады. Болашақ пайғамбар Ибраһим дүниеге осылай келіп еді. Кейбір деректерде ерекше перзенттің мұхаррам айының оныншы күні фәни табалдырығынан аттағаны айтылады.

Арада айлар жылжып өтті. Нәмрұдтың жүрегіндегі қорқыныш бірте-бірте сейіліп, күндердің күнінде сәуегейлерінің айтқан сөздерін ұмыта бастады. Сондықтан өзіне енді қауіп жоқ екеніне иланған ол әлгіндегі болжамды «сәуегейлердің сандырағы» деп санап, бұрынғы жарлығының күшін жойды.

Ал Ибраһим жасы ге келгенше анасымен бірге үңгірде тұра берді. Бірақ сол кездің өзінде ол сырттай қарағанда бір жастағы баладай емес, ересектерше мінез байқататын. Азар бір күні замандастарына келіп: «Менің бір ұлым бар. Оны осы күнге дейін жасырып өсіріп келемін. Егер оны сыртқа шығарсам, Нәмрұдтың зияны тимей ме?» деп сұрап көріп еді, олар: «Жоқ, Нәмрұдтың оны ұмытқанына қай заман. Жарлықтың да күшін жойды. Ол қазір өзінің жеке басының шаруасымен әлек», – дейді. Осыдан кейін Азар әйелі мен ұлын үйіне алып қайтады. Жарық дүниеге келгелі қараңғы үңгірден шығып көрмеген Ибраһим жол бойы көзіне іліккен нәрсенің бәрінің атын сұрап, әкесінің ығырын шығарды. Әкесі де оның сұрағына ерінбей жауап беріп келе жатты. Бір кезде үйіне жақындай бере, Азар баласының бір сөзін естіп қалып, жағасын ұстады. Бала сол уақта: «Бұлардың сөзсіз бір Жаратқаны бар ғой», – деп күбірлеп келе жатқан еді.

Тегінде, Азар пұт жасап, оны базарға апарып сатып, күнкөрісін ажырататын. Ибраһим асық ойнайтын жасқа жеткенде, әкесі оған өзі жасаған бірнеше пұтты базарға сатып келуді бұйырады. Бала әкесіне қарсы келе алмай, амалсыз көнеді. Бірақ пұттарды барынша жиіркене қарап, оларды мойындарынан жіппен байлап, базарға шұбыртып сүйреп барады.

Мұны көрген халық баланың қылығын ерсі санайды. Олар болған нәрсені дереу әкесіне жеткізеді. Азар сосын базарға келіп, баласының әрекетін өз көзімен көргенде, төбесінен жай түскендей күй кешті. Сөйтсе, Ибраһим пұттарды шетінен тізіп қойып, оларға ыдыспен су ұсынып отыр екен. Бірақ олар орындарынан қозғала қоймайды. Әрі-бері әбігерге түсіп, ішкізе алмаған соң суды олардың төбесінен бір-ақ құяды. Сол кезде әкесі шыдамай кетіп:

– Балам! Бұл не қылғаның? – дейді ренжіп.

Бала Ибраһим болса:

–  Әке, көрмейсіз бе? Пұттарға су беріп жатырмын, – дейді қаннен-қаперсіз.

Әкесі одан бетер ашуланып:

– Балам, олар су ішпейді ғой, – дейді.

Сонда бала Ибраһим:

–  Су іше алмайтын бұл неғылған тәңірлер? – деп жауап береді.

Оның бұл сөзі тура еді. Сөйтіп, бұл жолы әкесін де, айналадағы жұртты да бір-ақ сөзбен уәжге жығады. Сол жерде ешкім оған жауап қата алмай қалады. Алайда, оны тыңдаған әкесі болмады.

Осылайша жылдар зулап өтіп жатты. Жас та болса, көзі ашық, көкірегі ояу Ибраһим уақыт жоғалтпай, ел-жұртқа пұттардың түкке тұрғысыз екенін дәлелдеп айтумен жүрді. Кейін өзіне пайғамбарлық міндет жүктелген кезде өзінің уағызын күшейтті. Бірақ оның жөн сөзіне ұйи қоймаған халық Азарға баласының пұттарды мазақ етуін қоймай жүргенін айтып, шағым жасаумен болды. Сосын әкесі баласын шақырып алып, біраз насихат айтты. Айтқандарын үнсіз тыңдаған Ибраһим осы мүмкіндікті пайдаланып, алғаш рет әкесін дінге ашықтан ашық шақырды. Сол уақытта ол: «Әкешім! Естімейтін, көрмейтін, сөйлемейтін, тыңдамайтын, өзіңізге ешбір пайдасы жоқ нәрсеге қалай табынасыз? Әкешім! Расында, сізге келмеген ілім маған келді. Ендеше, маған ілесіп, мен жүрген жолмен жүріңіз. Мен сізді тура жолға салайын», – дейді.

Аяттарға зер сала қарасақ, Ибраһим әкесін «сіз қараңғылықта қалып, жол таппай адасқан жансыз» деп кінәламайды. Қайта Хақ тағаладан өзіне тура жол келгенін айтып, жұмсақ тілмен жеткізеді. Әрі әкесін тура жолға түсіңіз деп қыстамайды. Мен әкелген тура жолыма кіргеніңіз мен үшін де, сіз үшін де пайдалы дегенді жылы сөзбен жеткізеді.

Осыдан кейін Ибраһим тағы: «Әкешім! Шайтанға табынбаңыз! Өйткені, шайтан – Хақ тағалаға қарсы шыққан әзәзіл», – дейді. Сөйтіп, табынған пұттары шайтанның оларды тұзаққа түсіріп, сонда мәңгілік азаптау үшін жасалған ойындары мен айла-тәсілдері екенін, сол себепті пұтқа табыну шайтанға табынумен пара-пар саналатынын ұзақ түсіндірді. Тіпті соңында шайтанға табынудың соңы оған дос болу екенін, ал шайтанға дос болған адам әсте Аллаһ тағаламен дос бола алмайтынын, сол себепті мәңгілік жаһаннам отында қалатынын әспеттеп айтып берді. «Әкешім! Пұттарға табынудың салдарынан Хақ тағаланың азабына ұшырайтыныңызды әрі шайтанға болысатыныңызды ойлап, осы күні жүрегім сұмдық сыздап, қатты қайғырамын, – деді ол. – Егер сізге солай азап нәсіп етілсе, онда мәңгі тозақта қалсыз. Өйткені, Аллаһтың қас дұшпанымен дос болу Аллаһ Тағаламен мәңгілік қас болу болып табылады».

Кейінгі аяттарда осы «Уа, әкешім!» деген сөз бірнеше мәрте қайталанады. Бұл бір жағынан Ибраһим пайғамбардың әкесіне деген құрметін білдірсе, бір жағынан оның азаптан құтылуы үшін соншалықты жалынышты үні, әкесін тура жолға салуға деген асқан құштарлығының белгісі білінеді.

Бірақ Азар баласының айтқандарына құлақ аспады. Қайта оның өзіне ақыл айтып: «Әй, Ибраһим! Сен мен тәңірлерімнен ажыратасың ба? Егер мұныңды қоймайтын болсаң, сені қамшының астына аламын. Бұдан былай менен аулақ жүр», – деп жауап беретін.

Жанындай жақсы көретін әкесінің бұл сөзі Ибраһим пайғамбардың жүрегіне инедей қадалды. Сондықтан қатты күйзелген әкесіне қарап: «Әкешім! Сөзіме құлақ салып, бір сәт  ойланып көрмедіңіз бе? Менің әкем болғаныздан кейін сізге қатты айта алмаймын. Ендігі жерде өмірден өтіп көз жұмғанға дейін, Хақ тағалаға қол жайып, дұға қылып, өзіңіздің тура жолға келуіңізді тілеймін. Мен ғаламды жасаған ұлы Жаратушыға ғана мойынсұнып, соған ғана қол жайып, дұға тілеймін. Сіз үшін Хақ тағаладан кешірім сұрып, истиғфар етемін. Сол, бәлкім, менің дұғамды қабыл қылып, күндердің күні иманға келерсіз» деп одан үміт үзбейтінін сездірді.

***

Ибраһим пайғамбардың үлкен ұлы Исмайыл өмірінің соңына дейін Меккенің басқарушысы және Қағбаның сақшысы болып жүз отыз жеті жыл өмір сүрді. Оның өлімінен кейін билік екі баласының қолына өтті: алғашында Нәбитке, ал одан кейін Қидарға көшті. Олардан кейін Меккедегі билік олардың Мудад бин Ъамр әл-Журһуми есімді нағашы аталарының қолына өтті. Осылайша Меккедегі билік журһум руына тиіп, біраз уақытқа дейін олардың қолында қалды. Ал Исмайылдың ұрпақтары жайлы айтар болсақ, әкелерінің Қағба құрылысын салуға қатысуларына байланысты үлкен құрмет көрсетілгенімен, билікке араластырылмады.

Науахудоноср қатарға қосылып, журһум руы әлсірегенше, көптеген жылдар бойы Исмайылдың ұрпақтары қыспақ жағдайында жүрді. Осы кезде аднандардың жұлдызы Мекке үстінде жарқырай түседі. Бұған Науахудоносрдың арабтарға қарсы шапқыншылығы кезінде ол Зәт әл-Ирққа жеткенде, қолбасшының журһум руынан болмауы дәлел болады.

Б.д.д. 587 жылы орын алған Науахудоносрдың екінші рет әзірлеген шапқыншылық  жорығынан соң аднандар бытырап, Йеменге қарай қашады, ал Бурмийа ан-Наби мен Маъад Шамға өтіп кетедіі. Науахудоносрдың ықпалы төмендеген кезде Маъад Меккеге оралады. Бірақ ол журһум руынан Жәршама бин Жәлхамадан басқа ешкімді таппайды. Оның Муъана дейтін қызы болады, ол соған үйленіп, одан Низар дейтін бала көреді.

Осылай қиын жағдайға тап болған журһумдар Қағбаны зиярат етушілерді тығыраққа тіреп, ғибадатхана қорына қол сұға бастайды. Бұл аднандардың наразылығын туғызады. Ал хузаъа руы Марр аз-Захранда тұрақтағанда, олар аднандардың журһумдарды жек көретінін пайдаланып қалмақшы болады. Сөйтіп, аднан руының көмегімен журһумға қарсы соғысып, оларды б.э. II ғасырында Меккеден қуып шығады. Билікті, әрине, өздері қолға алады.

Алайда, журһумдар тегін кетпейді, соған дейін зәмзәм бастауын түрлі заттармен толтырып, одан кейін топырақпен көміп үлгереді. Осыған орай Ибн Исхақ былай жазды: «Амр бин әл-Харис бин Мудад әл-Журһуми алтыннан жасалған екі қарақұйрықтың мүсінін қара таспен бірге алып шығып, осының бәрін зәмзәмнің қайнар көзіне көміп тастап, басқа журһумдармен бірге Йеменге жол тартты».

Зерттеушілердің баянынша, Исмайыл Иса пайғамбардан жиырма ғасыр алдын өмір сүрген. Бұл дегеніміз журһумдардың Меккеде екі мың бір жүз жыл тұрып, шамамен екі мың жыл билік құрғанын білдіреді. Олар Меккеден қуылғаннан кейін, билік хузаъа руына көшеді. Бірақ оны мудар руының адамдарына үш түрлі ерекшелікпен қолдануға мүмкіндік беріледі. Біріншісі – қажыларды Арафадан Муздалифаға, ал одан кейін Минадан Ақабаға алып жүру құқығы. Бұл ерекшелікті «суфа» деп аталатын илияс бин мудар тайпасынан әл-Гауса бин Мурра адамдары пайдаланатын. Олардың алған ерекшеліктерінің мәні мынада: қажылар Минадан Меккеге оралғанда, адамдар «суфалардың» бірі бастамайынша, өздері тас ата алмайтын. Адамдар тас атуды тәмамдап, Минадан оралмақшы болып жатқанда, «суфа» өкілдері Ақабаның екі жағынан тұратын да, ешкім олар өтпейінше, өте алмайтын. Суфа руы құрығаннан кейін, бұл ерекшелік тамим тайпасының саъд бин зәйд руының адамдарына ауысты. Екіншісі – құрбан шалу күндері адамдарды Муздалифадан Минаға алып жүру құқығымен ъадуан руының адамдары айналысты. Үшіншісі – қасиетті айларды шегеру, бұл кинана тайпасындағы тамим бин ади руының бесенесі болатын.

Хузаъа руы Меккеде табаны күректей үш жүз жыл бойы билік құрды. Осы үш ғасырлық уақыт мұғдарында аднан руының адамдары бүкіл Нежд бойына тарап, Ирак пен Бахрейн шекараларына дейін жетті. Құрайштың халюл мен харум секілді майда рулары, кинан руының кейбір әулеттері Мекке төңірегінде тұрды. Олардың ешбірі Қусай бин Киләб тарих сахнасына шыққанша Меккенің билігі мен Қағбада ешқандай маңызды қызмет атқарған жоқ.

Қусайдың бала кезінде әкесі Қусайдың қайтыс болғаны айтылады. Сондықтан анасы  Шаммен шекаралас орналасқан бану узра руының Рабиъа бин Харам деген адамына тұрмысқа шығып, оның туған өлкесіне кетеді. Қусай есейіп жігіт болған шағында, Меккеге оралады. Бұл уақта оның әмірі хузаъа руынан Халил бин Хабша еді. Қусай Халилдің Хубба деген қызына құда түседі. Ал Халил оған ықыластылық білдіріп қызын кедергісіз береді. Сол Халил дүниеден өткеннен кейін хузаъалар мен құрайыштар арасында қарулы қақтығыс болады. Осы шайқастан кейін Қусай Меккенің билігін тартып алып, Қағбаның сақшылығы қызметін қоса атқарады.

Қақтығыстың тууына байланысты үш түрлі болжам айтылады. Біріншісі – балалары мен байлығы көбейген Қусайдың беделі қайын атасы Халил өлгеннен кейін одан артып, ол енді хузаъа мен бану бакр руларының адамдарына қарағанда өзін Меккенің билеушісі мен Қағбаның сақшысы болуына көбірек лайық көреді. Бұған қоса, ол құрайыштарды Исмайыл ұрпақтарының көшбасшысы болуға тиіс деп санайды. Соны жадына жақсы сіңірген ол өз туыстары мен кинана тайпасының басты адамдарымен оңаша кездесіп, хузаъа және бану бакр руының адамдарын Меккеден қууға үгіттейді. Олар да көп күттірмей өз келісімдерін береді. Екіншісі – хузаъалардың айтуынша, Халил өзі өмірден өтпей тұрып, Меккенің билігі мен Қағбаның қамқоршысы қызметін Қусайға беруді өсиет етіп қойған. Үшіншісі – Халил өзінің қызы Хуббаны Әбу Ғабшан әл-хузаъаның өкілі деп таңдап, оған Қағбаның сақшысы міндетін тапсырады, сондықтан Әбу Ғабшан Қағба сақшысы қызметін Хуббаның орнына атқара бастайды. Ал Халил дүниеден өткен кезде, хузаъаларды Меккеден қумақшы болып жүрген Қусай бұл орынды Әбу Ғабшаннан бір торсық шарапқа сатып алады. Мұндай келісімге көнбеге хузаъалар Қусайды Қағбадан алыстатпақ болады. Алайда, ол құрайыш және кинана руларына сүйеніп, өздеріне қарсы көтеріледі.

Қалай дегенде де, Халил бақилық болғаннан кейін суфа өз амалдарын орындап жатқан кезде, Қусай құрайыштар мен кинаналарды жанына ертіп, Ақабаға келіп: «Бұған біздің құқығымыз қалғандарға қарағанда артық», – деп мәлімдейді. Бірақ аналар бірден Қусайға тап береді. Сол бойда шайқас басталып кетеді. Оның нәтижесінде Қусай үстемірек келіп, жеңіп шығады. Сөйтіп, бәсекелестерінің барлық артықшылықтарын алып қояды. Осыдан соң хузаъалар өздерінің жеңілгендерін мойындап, жайларына кетеді. Әйтсе де, мұның өзіне қанағаттанбаған Қусай бәрібір тынши алмай, күндердің күні өзінің қайын жұрты жігіттеріне өзі барып тиіседі. Бұл нағыз қақтығысқа алып барады. Екі жақ та біраз шығынға ұшырайды.

Осыдан кейін олар бір-бірін келісімге шақырып, араларына төрелік етуге бану бакр руынан Йаъмура бин Ауф деген кісіні салады, ол Меккенің билігі мен Қағбың сақшылық қызметіне Қусай хузайлықтарға қарағанда лайықтырақ, деген шешім шығарады. Оның шешімі бойынша, Қусай төгілген қан үшін жауапкершіліктен босатылды, ал хузаъа мен бану бакр қан үшін құн төлеу керек болды. Бұған қоса Қусайға Қағбаның сақшылығы қызметі үшін кедергі жасамалмайтын болды. Осындай үкім шығарған Йаъмур «Шаддаһ» деген ат алды. Қусай Меккенің билігі мен Қағба сақшысы қызметін б.д. V ғасырында, дәлірек келсек, 440 жылы алды, бұл Қусайға, ал соңынан бүкіл құрайыштар үшін Меккедегі толық билікті әкеледі. Осылайша ол Арабияның түкпір-түкпірінен арабтар келетін Қағбаның сақшысы болады.

Қусай өз туыстары – құрайыштарды жинап, Меккеде оларға қала ішінде жер бөліп берді. Содан бастап бұлар сол жерлерде тұрақтап қалды. Ал ан-нуса, сафуан, адуан және мурра бин ауф рулары бұрынғы қалыптарын сақтап, жағдайларын өзгертпеді. Мұның Қусайға белгілі бір дін рәсімдерін ұстауға тура келгеніне қатысы бар еді.

Жаңа басшының жасаған беделді істерінің бірі Қағбадан солтүстікте орналасқан «Жиналыс үйін» (дар ан-надуа) орнатуы болды. Оның есігі Қағбаға қарайтын,  өзі құрайштардың кездесетін жері еді. Бұл үйде ру мен елге қатысты маңызды мәселелер шешілетін. Құрайыштар үшін бұл үй жақсы қызмет атқарды, өйткені, мұнда олар мәмілеге келіп, таластарына жақсы шешім табатын.

Қусай билігінің өзіндік лауазымдық сипаттарыі болды. Ол адамдардың маңызды мәселелері қарастырылатын және қыздарын тұрмысқа беретін жиналыс үйін басқарды, ту сақтаушы болды және әскери қимылдардың басталуы жайлы шешімді тек бір өзі қабылдады, Қағба есігінің сақшылығы мен ғибадатхана қызметшісі қызметтерін атқарды, сақшы ретінде өзі ғана ашып тұрды. Бұлардан бөлек, қажыларға су беру (сикайа) салтын құрайыштарға беріп қойды. Мұның мәні белгілі бір ыдыстарға су құйып, оны құрмамен және мейізбен дәмдеп, Меккеге келген адамдардың шөлдерін қандыру еді. Қажыларға тамақ беру (рифада) рәсімін де құрайыштарға тапсырды. Бұл міндет қажыларға арнайы дайындалатын асты ұсынуға сайды. Сондай-ақ құрайыштарға қажылық сапары кезінде не қаржылары, не тамақтары жоқ қажыларға берілетін тамаққа жарату үшін ерекше жер салығын жинау тапсырылды.

Қусай осының бәрін өзі басқарып, өзі шешетін құзыретті құқықтарға ие болды. Соның арқасында Абд Манаф дейтін ұлы оның тірі кезінде-ақ жоғары билік пен үлкен құрметке жетті. Ал Абд Манафтан үлкен Абд әд-Дар дейтін баласына: «Сенің руластарыңның дәрежесі сенен анағұрлым жоғары болса да, мен сені олардың қатарына қосамын», – деп, оны құрайыштардың мүддесін қамтамасыз ететін мұрагері етіп белгіледі. Осының нәтижесінде ол жиналыс үйі басшылығын, Қағбаның кілтін, туды, сондай-ақ қажыларға тамақ беру мен сумен қамтамасыз ету басшылығын алды. Қусайға ешкім қарсы келіп, оның шешімдеріне ешкім таласпайтын, оның бұйрықтары тірі кезінде де, өлгенінен кейін де діни шешімдер сияқты қабылданатын. Қусайдың өлімінен кейін де оның балалары арасында оның шешімдері тұрғысында ешқандай талас болған жоқ. Бірақ Абд Манаф дүниеден өткеннен кейін оның балалары әкесінің ағасы Абд әд-Дардың балаларымен оның құрметті міндеттері тұрғысында таласа бастады. Осының салдарынан құрайыштар екі топқа бөлініп, арасында соғыс басталып кете жаздады. Дегенмен, тартыс соңында олар бір-бірін татулыққа шақырып, міндеттерді өзара бөлісіп алды. Сол кезден бастап қажыларға тамақ беру мен сумен қамтамасыз етумен Абд Манафтың балалары айналысатын болды да, жиналыс үйі, ту және Қағбаның кілті Абд әд-Дар балаларының қолына тиді. Осыдан кейін Абд Манафтың балалары өзара жеребе тастап, олардың әулетіне бұйырған міндеттердің бәрі Хашим бин Абд Манафтың үлесіне түсті, ол өмірінің соңына дейін қажыларға тамақ беру мен сумен қамтамасыз ету міндетімен айналысты. Ол дүниеден өткен соң, бұл міндеттер құқығы оның бауыры әл-Мүттәліб бин Абд Манафқа, одан кейін Абд әл-Мүттәліб бин Абд Манафқа, яғни Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атасына көшті. Бұл міндеттерді Абд әл-Мүттәлібтің балалары ислам келгенше атқарды, ол кезде бұған жауап берген Аббас бин Абд әл-Мүттәліб болатын.

Сол замандарда арабтардың көпшілік бөлігі әкесі Ибраһимнің дініне шақырған Исмайыл сөзіне ұйыды. Олар Аллаһқа құлшылық етіп, оның бірлігін мойындап, ұзақ уақыт бойы оның дінін ұстанды. Бірақ соңында жадтағылардың біразын паққас ұмытты. Рас, араларында жұртқа көп жақсылық жасаған және садақа таратып, діни амалдарда құлшыныс танытқан Амр бин Лухай атты хузаъа руының көсемі пайда болғанша, олар жалғыз құдай деген ұғымды ұстанып, Ибраһим дінінің кейбір амалдарына жүгінетін еді. Руластары Амрді ең абзал және білгір адам ретінде жақсы көретін. Лекин ол кезінде Сирияға жол тартып барған бір сапарында адамдардың пұттарға табынатынын көреді. Оған бұл қарекет ұнайды, сондықтан мұны ақиқатқа балайды. Өйткені, Шам ежелден көктен елшілер жіберілген және уахи түсірілетін жер еді. Ол қасиетті шаһардан хубәл деген пұт алып келіп, Қағбаның ішіне орналастырады. Сосын меккеліктерді соған табынуға шақырды. Мекке тұрғындары Амрдің мұнысын құп алып, соңына ереді, олардың үгітіне кейін бүкіл Хижаз жұрты иланады.

Осылайша өздерін «Ибраһимнің дінін ұстанамыз» деп санайтын жәһил дәуіріндегі адамдардың діндері негізінде көп құдайшылдық пен пұтқа табыну жатты. Бұдан бөлек, арабтарда жебелермен бал ашу (әзләм), нақты айтқанда, бірінде «иә», екіншісінде «жоқ», ал үшіншісінде еш нәрсе жазылмаған, арнайы жасалған, қауырсыны жоқ үш түрлі жеребемен бал ашу үрдісі болған. Олар әлдекім сапарға аттанарда, үйленерде, не өздері үшін маңызды бір нәрселер жасар алдында жасалатын. Егер онда «иә» деп жазылған жеребе шықса, ойға алғандарын орындауға кірісетін, «жоқ» деген жазу келсе, жоспарын жүзеге асыруды келесі жылға дейін шегеріп, қайта бал аштыратын. Жеребелердің екінші түрі су мен қан үшін құн төлеуден туған тартыстар тұстарында тартылатын. Онда да әлгіндей сандырақтар орын алып жатты.

Арабтар арасында майсир секілді құмар ойындар сол уақыттарда дүрілдеп тұрды. Олар жеребелердің шығуына қарай бауыздалған мал етін бөліске салатын. Жұрт түгелдей балшылардың, көріпкелдердің, құшнаштардың айтқандарына сенетін. Көріпкелдікпен (қахин) айналысатын адам болашақта не болатынын айтып отыратын. Бір көріпкелдер өзінің бағынышында түрлі хабарлар жеткізетін жындары бар екенін айтса, біреулері «біздің құпияны көре алатын қабілетіміз бар» деп соғатын, үшіншілері адамдарға сұрақ қойып, олардың берген жауабына қарай бал ашатын. Олардың бәрі алда не істеу керек екенін үйретіп, жұртты соңынан ертіп алуға тырысатын. Мұндай адам балшы (ъараф) дейтін. Олар: «Ұрлықтың қайда болғанын, ұрланған заттың қайда жатқанын, жоғалған малдың қайда екенін біле аламыз», деп адамдарды еліктіретін. Астрологтар көктегі жұлдыздарды бақылап, олардың орбиталары мен туатын күндерін есептеумен айналысатын. Олар табиғат құбылыстарын да анықтап беретін. Арабтар оларға қатты сенетін. Тіпті әлдеқандай бір жауа қалған жаңбыр болса, солардың құдіреттіліктерінен болдыға санайтын.

Арабтар арасында әртүрлі жаман ырымдарға сенушілік те кең етек алды. Кейде олар тіпті ақылға сыймайтын нәрселер де болып көрінді. Бұлардың бәрінің негізінде олардың қайдағы бір жансыз мешел, меңіреу, мәнсіз тастарға – балбалдарға, яғни қасиетсіз пұттарға табынушылық секілді надандықтың ізі мен салқындығы жатыр еді.

***

Арабтар әу басынан солтүстік және оңтүстік болып екіге бөліндерін жоғарыда айтып өттік. Батылдық және жауынгерлік қасиеттерімен ерекшеленетін солтүстіктегілер өздерін «бәдәуилер» немесе «кайситтер» деп атаған. Бұлар кедей көшпенділер мен бақташылардан құралған ержүрек һәм табанды «қызуқанды жігіттер» еді, бірақ тәрбиесі аздау және мәдениеттен жұрдай болатын. Йемендіктер ретінде немесе «калбит» атауымен белгілі оңтүстіктегі арабтар бұларға түгелімен қарама-қарсы кейіпте еді, олар бейбіт және қолайлы өмірді қалайтын, ақша мен оның әкелетін игілігі құнын білетін бақуатты егіншілерден құралыпты.

Жоғарыда айтқанымыздай, сол бәдәуилер мен йемендіктер ұдайы кімнің нағыз арабтар екендері, қайсысының зор жетістікке көбірек жеткені жөнінде өзара таласумен келеді. Мейлінше ауқаттырақ және өркениетке жақын түстіктегілер дөрекі және кедей теріскейліктерге әрдайым жоғарыдан менсінбей қарайды. Оңтүстіктегілер өздерін тақуа Ысқақтың (Исаак) ұрпақтары санайтын болса, солтүстіктегілер Ибраһимның күңі Ажардан (Агар) туған Исмайылдан тарайды. Ал бәдәуилер өз кезегінде «нәзік» оңтүстіктіктерге жиіркене қарап, оларды кісілігі жоқ, жігері аз деп айыптайды. Олар өздерін ежелгі салт-дәстүрлерді сақтаушы мұрагер санаса, йемендік қауымға азғындап кеткен, ештеңеге жарамайтын сорлылар деп қарады.

Екі тарап та өздерінше дұрыс ойда еді. Оңтүстіктегілер шөлдегі көшпенділерге қарағанда, анағұрлым жақсы тұрмыс құрды. Географиялық тұрғысы жағынан Йемен «оң жақтағы ел» аталды. Мұндағылар жылы ауа райы мен табиғатының жомарттығы арқасында рахат өмір кешті. Йеменнің жағалауындағы сулардың ғажаптығы сол, онымен келген балықтарды оңай ұстап ала беруге болатын, тіпті түйелердің өзіне сардина беретін. Жұрт жергілікті кен орындарында алтын өндірді, тау жолдарының жондарында хош иісті шайыр өсірді, теңізден қымбат інжулер теріп алушы еді.

Барлық шаруашылық жұмыстары, тайпаның барлық тіршілігі ер кісілерге артылды, сондықтан әйелдердің айрықша бір құндары да, құқықтары да болған жоқ. Әйел алдымен әкесіне бағынды, сосын күйеуіне тәуелді болды, күйеу өліп қалса, оның туған-туыстарына қарады. Еркек қалағанынша бірнеше әйел ала алатын, олармен қалаған уақытында ажыраса беретін. Рас, көп әйел алуға тек кландардың басшылары мен байлардың ғана мүмкіндіктері болды, ал қарапайым бәдәуилерге бір әйелмен шектелуге тура келді, одан артығын асырай да алмайтын. Еркектің үйдегі өктемдігін тоқтата алатын тек әйелдің ру намысын қорғайтын туыстары ғана болды. Әйелдер отбасында бала туу, тамақ әзірлеу, мата тоқу және балаға  қарау секілді міндеттер үшін ғана керек еді, ал тайпаның негізін құрайтын жауынгерлерге қарағанда, мұндай әйелдерді тауып алу оншалықты қиынға түспейтін.

Исламға дейін бәдәуилердің дінінде басты орынды құдайлар емес, соқыр, бүлдіргіш күш – тағдыр алды, оның соққысына төтеп беру ерліктің өлшемі саналды. «Тағдыр саған  кәрі соқыр түйе сияқты қуып жетеді» деп жазды араб ақыны Зухайр. Оны алдын ала көруге де, одан қашуға да болмайды, тек лайықты қарсы алу ғана керек. Тағдыр қашанда бірінші, ал құдай содан кейінгі орынды ғана алады. Ақын жырлары осылай төгіліп, бәдәуилердің сол дәуірдегі пәлсапасын толғады.

Арабияда адамдар жоғарыда айтылған пұттардан бөлек, өздеріне өздері құдай жасап ала беретін, құдіретті күшінен әл алу үшін оны барлық жерде өзімен бірге алып жүрді. Олардың құндары өте жоғары еді, қолға алып жүретін құдайларды жоғалтып алу нағыз жаманшылықтың белгісі болып саналды. Әрбір тайпа арнайы белгілеп алған құдайына ғана сыйынды. Олар құдды басқа тайпалар мен олардың құдайларына қарсы тұратын өздерінің жасы үлкен туыстары, жебеушілері сияқты болатын. Ертеректе тайпалар арасында кімнің құдайы күшті деген тақырыпта ұдайы дау-дамай мен талас-тартыс жиі өрбуші еді. Күшті, қуатты құдай тайпаның әл-ауқатын болуын және жауды жеңуін қамтамасыз етіп тұратын игілігінің көзі болып есептелді. Құдайлармен туыстық қарым-қатынас жұртты соларға ұқсатып шығарады деген ұғым қалыптасты: олар құдайы қандай болса, адамы сондай болады деп түсінді.

Құдайлардың өзі оңтүстікке және солтүстікке бөлінді. Оңтүстіктегі құдайлар жұлдыздарда, планеталарда, Күн мен Айда тұрды. Ай – суық және қайсар, сондықтан ол еркектердің құдайы болып саналды; Күн – ыстық және буырқанысты, сол себепті оны әйелдерге тән көрді. Бұған қарағанда, солтүстіктің құдайлары әлдеқайда қарапайым болды. Көшпелілер зор және биік тастарға – даланың ортасында тікесінен тік тұрған, көз ұшынан көрінетін сүңгілерге табынды. Олар бәдәуилерге сол тұрған орындарында қатып қалған алыптар, жұмбақ та қуатты тіршілік егелері сияқты болып сезілетін… Бұлар сүңгілердің кішкентай нұсқаларын өздерімен бірге алып жүрді. Оларды түйенің қомы астына салып, кепшік қағып, әндетіп отыратын және ылғи тарқатылған ұзын шашы бар көріпкел әйелдің алғауында алып жүрді. Арабтарға, жалпы, балбал тастар ұнайтын. Бір жерге тоқтағанда олар төрт тасты алдарына қойып, іштеріндегі ең әдемісін құдай етіп белгілеп, қалғандарын қазан қоятын ошақ ретінде пайдаланды.

Мекке жан-жағын жалаңаш жартастар қоршаған шөл даланың ортасында тұр. Бұл жер Арабияның қақ жүрегі – мұндағы ыстыққа арабтардың өздері де шыдай бермейді. Мұнда шайыр ағашы да, алтын да, құрма пальмасы да жоқ. Қаланың тіршілігі ертеден сауда мен дін деген екі нәрсе бойынша қызып жататын. Оның үстімен Сирия мен Йемен арасындағы жол өтетін, бұл шығыс пен батыстың, Жерорта теңізі елдері мен Үндістанның, одан әрі Қытайдың арасын жалғап жатқан сүрлеу еді. Жыл сайын Меккеден солтүстікке және оңтүстікке қарай, – бірі жазда, бірі – қыста, екі үлкен керуен аттанатын. Олардың әрбіріне екі мың түйе жегілетін, ал заттарының құны елу мың алтын теңгеге дейін баратын.

Ол заманда араб қоғамы жағдайлары алуан түрлі бірнеше әлеуметтік топтан тұрушы еді. Атақты отбасыларда әйелдің әл-ахуалы жоғары-тын, олар күнделікті тіршілік барысында үлкен еркіндікке, ықпалға және құрметке ие болатын, осыған байланысты әйелдің арын қорғау үшін қантөгіс те тез бола салатын. Егер еркек арабтардың көзінде үлкен мәртебе мен батырлықтың куәсі, мақтауларға лайық болғысы келсе, онда ол әйелмен сөйлесуі керек-тін, сонда рулар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүре ме, жоқ па – бұл әйелдерге байланысты болуы жиі кездесетін. Осымен қатар, еркек сөзсіз отбасы қожайыны саналатын және оның сөзі қашанда шешуші рөл атқаратын. Еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынас әйелдің қамқоршыларының қадағалауымен қиылатын неке арқылы қалыптасатын, ал әйел өз қамқоршыларына қарсы келе алмайтын.

Ақсүйектердің арасындағы жағдай осындай еді, басқа әлеуметтік қатардағы әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынасты азғындық, ұятсыздық және бұзықтық деп қана сипаттауға болады. Әбу Дауд Айшаның жеткізуімен исламға дейінгі кезеңде некенің төрт түрі болғаны айтылады. Біріншісі қазіргі уақыттағы некеге сәйкес келеді: еркек бір адамның қамқорлығындағы әйелге құда түсетін де, күйеу жігіттің некеге дайындаған сыйы (махр – қалың мал) келісілген соң үйленеді. Ал некенің келесі түрінде, қайбір адамның әйелінің етеккірі тоқтаса, күйеуі оны ұрық байлауы үшін басқа еркекке жібере алатын еді. Сосын әйелі басқадан екіқабат болғаны анықталмайынша, өз ері оған жақындамайтын. Осыдан кейін қаласа, әйелмен жақындасатын. Мұндай некенің мақсаты сапалы ұрпақ табу болатын, ол «никах әл-истибда» деп аталатын. Некенің үшінші түрі бойыншасаны онға жуық ер кісі жиналып, бірге топ құратын, осыдан кейін олардың әрқайсысы кезекпен бір әйелге кіріп, онымен төсектес болатын. Көтеріп босанғаннан кейін, әйел бірнеше күн күтетін, осыдан кейін әйел сол еркектерді шақыратын, сонда еркектердің ешқайсысы келуден бас тарта алмайтын, еркектердің бәрі жиналған соң ол әйел: «Сендердің істегендерің өздеріңе мәлім, ал енді мен босандым және бұл – сенің ұлың, иә пәленше!», – деп айтады. Осылайша әйел қалаған адамының атын айтатын, осыдан кейін бала сол адамның әкесі атанатын. Некенің төртінші түрінде көп еркек жиналып, ешкімге қарсылық танытпайтын әйелге баратын. Бұл үйлердің төбесіне, қалаған адам кіре алады дегенді білдіретін, жалау байлаған жезөкше әйелдер болатын. Осыдан кейін әйел босанғанда, оған келген еркектердің бәрін сол әйелдің үйіне жинап, балшыларды шақыратын, осыдан кейін балшы нұсқаған адамға баланы қалдыратын. Бұдан ешкім бас тарта алмайтын, сондықтан ер кісі оны балам деп мойындайтын. Мұхаммед Пайғамбар өзінің 127 миссиясын таратуын бастағаннан кейін, тек осы уақытқа дейін келе жатқан некенің түрін қалдырып, жәһилиет дәуіріндегі мұндай барлық некеге тыйым салды .

Әйелдер еркектердің әскери жорықтарына еріп жүретін. Ру арасындағы соғыстарда жеңген жақтың адамдары жеңілген рудың әйелдерін тұтқынға алып, олармен қалағанын істейтін, бірақ олардан туған бала өмір бойы шайылмас абыройсыздыққа ұшырайтын.

Исламға дейінгі дәуірде адамдар қанша әйелге үйленгісі келсе үйлене беретін, сонда адам апалы-сіңліліні де ала беретін, не болмаса әкесінің ажырасқан әйеліне, не әкесі өлгеннен кейін оның жесіріне үйлене алатын, ал ажырасуды тек еркектер ғана шешетін және ажырасуды реттейтін тәртіп болмайтын. Жезөкшелік қоғамның барлық қатарларына тарады, сондықтан белгілі бір топты не болмаса қатарды бөліп алу қиын. Мұнымен оған өздерінің абыройын сақтағысы келетін әйелдер ғана айналыспайтын.

Қысқаша айтқанда, арабтардың жаһилиет дәуіріндегі әлеуметтік жағдайлары тым нашар еді, көбіне надандық пен түрлі ырым-жырымдарға деген наным кең етек алған-ды, адамдар хайуандардың тіршілігін еске түсіретін амалдармен өмір сүрді. Әйелдер алым-сатым затына айналып, оларға жансыз затқа қарағандай қарайтын. Ру аралық байланыстар әлсіз болатын, басшылар тек өз қалталарын қарамағындағы адамдардың есебінен толтыру мен қарсыластарымен соғысуды ғана мақсат тұтты.

Иә, бұдан он төрт ғасырдың ар жағында Араб түбегі надандықтың шегіне жетті. Дәл осы тұстағы адам жанын түршіктіретін сұмдық отбасында қыз баланың дүниеге келуі ар саналып, бейкүнә сәбилердің тірідей топыраққа көмілуі болды. Өкінішке орай, бұл да араб қоғамын іштен ірітуге дүмпу берді. Бір отбасында қыз бала дүниеге келсе, әкесі үшін одан асқан қорлық жоқ-тын. Жүрегінде мейірімі бары қызын ұл балаша киіндіріп, көптің көзінен жасырып өсіруге тырысты. Ал жүрегі тасқа айналғандары өзінің қанынан жаратылған қызды туа сала тірідей жерге көміп тастады. Сондағы әр әкенің қорланғаны қызы өскенде жезөкше атанып, менің атыма кір келтіреді деген надандық түсінік еді.

Адамның қанын ешбір шімірікпестен төгуге еті үйреніп кеткен қатыгез қоғам ислам дінінің келуімен бірге аз уақыт ішінде адамзат тарихындағы өнегелі өркениет пен мерейлі мәдениеттің ордалы ошағына айналды. Бір кездегі қаныпезерлікке тұнған жүректер енді  қыбырлаған құрт-құмырсқаның өзін абайсызда өлтіріп алмау үшін әрбір қадамын аңдап басып, аяқтарына еге болатын тақуа дәрежесіне жетті. Адами қасиеттер аяққа тапталып, азғындықтың барынша дүркіреп тұрған заманында солардың бәріне тыйым салатын саңлақ cахабалар пайда болды. Мұның бәрі заңды құбылыс-тын. Ғасырлар бойы қараңғылық құшағында тұншыққан ғалам рухани жұттан құтқаратын ғажап нұрға қардар болатын. Осы тұста адамзатты мейірімімен жаратқан Ұлы Жаратушы иеміз өз пенделеріне жол көрсету үшін теңдессіз, асыл тұлға, ғаламның рахым нұры Мұхаммед Мұстафаны қадірлі елші етіп жіберді. Ғаламның рахым нұры – Сүйікті елші азғындаған елді жөнге салып, оларға өмірдің түп мәнін, мақсаты мен хикметін үйретуге кірісті. Әлемде толған айдай толықсыған әсемдік пен жаратылыстағы таңғажайып құбылыстардан, адам қолымен тұрғызылған салтанатты сарайлардан сан есе артық та ардақты жаһанды жасап шығарған асқан өнер иесі, шебер Жаратушы бар екенін пайымдата білді. Хазірет Мұхаммед тек Аллаһқа иман етіп, құдіретіне бас игенде ғана адамдардың қараңғылық құрсауынан босап, баянды бақытқа қол жеткізе алатынын мәлім етті.

Азғындық пен әділетсіздік кең етек алып, адамдар шынайы Жаратушысын ұмытып, қолдан жасалған сансыз меңіреу пұттарға табынып кеткенде, Ақиреттің соңғы елші оларды құдіретті Аллаға иман келтіруге, тәухид нұрымен сусындауға шақырды. Жүректе иман нұрының салтанат құрып, ислам дінінің төрткүл дүниенің төрт бұрышына таралуында Мұхаммед Мұстафадағы мойымас иман күшінің, қажымас қайратының, төзімділігі мен сабырының орны ерекше болды. Осы тұста Ұлы Жаратушының пәрмендерін жүрегімен қабылдап, халықтың иманын құтқару жолында Сүйікті елші хазірет Мұхаммедке қашанда қасынан табылған сенімді сахабалар керуені тарих сахнасына шеру тартты…

Ислам діні осылайша адамдардың жүрегінде ұлы төңкеріс жасады. Осымен бірге ақиқат амалына көз жеткізген қарапайым адамдардың арасынан уақыт өте келе нағыз парасат-пайымы жоғары, жалпы адамзатқа өнеге боларлық ислам ерлері шықты. Бұған сахабалар өмірі де айқын дәлел бола алады. Олар кейінгі ұрпаққа дұшпаны күйініп, досы сүйінетін өнеге, мәңгілік рухани мұра қалдырды.

Қазіргі заманның «Геродоты», ағылшын тарихшысы Арнольд Тоинби былай деп жазады: «Бүгінде ислам әлемі деп аталатын қоғам Азияның Мәрмәр теңізі мен Ганг дельтасы арасындағы таулы үстірт аумағында пайда болды. Бұл Анадолыдан Индостанға (Индостан деп Пенджабтан Бенгалияға дейін созылып жатқан, Деканнан тысқары, алқап айтылады) қадар жердің ұзын да тар белдеуі болатын. Осы жіңішке жолақтың орта тұсын жайлаған Ұлы дала аумағындағы Окс пен Яксарт өзендері аралығын қамтып, кеңейе түсті. XIII ғ. соңына қарай осы территорияда қалыптасқан Ислам қоғамы кейін қазіргі ислам әлемінің барлық дерлік дәулеттері іріктеліп шығатын бірқатар дербес мемлекеттердің (бұған жалғыз Мароккодағы Шериф империясы ғана кірген жоқ) құрылуына жол ашты».

Ғасырлар қойнауынан күні бүгінге дейін жеткен осынау дүбірлі оқиғаларға көз жүгіртсек, адамзат қауымының бағыты мен бағдарына жол сызған, күллі ғаламды күрт өзгеріске түсірген маңызды алуан түрді оқиғалардың орын алғанын байқаймыз. Сол оқиғалардың ең бастысы ислам дінінің дүниеге келуі және оның әлемге таралуы еді.

 

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ

Серік ПІРНАЗАР

 

ҮШ ХАЛИФТІҢ ҰРПАҒЫ кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button