Ғалымның хаты

Қолжазбалар – ұлттық тарихымыздың рухани қазынасы

Гүлсім БИСЕНОВА,  Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығының  ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы,  т.ғ.к, доцент

Аңдатпа. Мақалада Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қорындағы рухани құндылығымыз болып табылатын – қолжазба мұраларын зерттеу, насихаттау, сақтау мәселелері жан-жақты баяндалады.

     Қазіргі кезеңде ұлтымыздың төл тарихына деген ынтасының өсуі заңды құбылыс. Отандық тарих ғылымы еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген терең түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларды басынан өткеруде. Бүгінгі таңда қазақ тарихы Түркі өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде зерттеліп, дала тарихындағы көшпелілердің орны айқындала түсуде.

 Қазақстанның қасиетті Тәуелсіздігін тарихи тұрғыда баяндауда сирек мұралардың, яғни қолжазбалар мен сирек кітаптардың алатын орыны ерекше. Себебі, сирек мұралар әр халықтың тереңге батқан тарихын, салт-дәстүрін көрсететін бірден-бір негіз. Сондықтан да, Отан тарихын тереңірек ұғынуда және зерттеп-зерделеуде деректік құжаттардың, қолжазбалар мен сирек те құнды кітаптардың маңызы зор екендігі баршамызға мәлім. Өткен ғасырларда жазылған әрбір қолжазба – халықтың рухани мұрасы. Руханият тарихы халық тарихымен тікелей тұтастықта дамитыны анық. Сонымен бірге ол- халқымыздың  материалдық мәдениетінің маңызды айғағы. Қолжазбалардың құндылығы хатқа түскен шығарманың мәнділігімен, бағалылығымен  шектелмейді, олардан көптеген мәлімет, құнды деректер алуға болады.  Халықтың ұлылығын, даналығын, тарихын танытатын көне мұралардың бірі- де бірегейі ол – қолжазба деректері.

Қазіргі таңда, жоғарыда аталған руханияттық қызметті жалғастыруда Қолжазбалар мен сирек кітаптар Ұлттық орталығын ерекше атап өтуімізге болады. Еліміздің ерте тарихынан сыр шертетін қолжазбалар мен сирек кітаптар мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізуді мақсат еткен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» 2017 жылы ашылған болатын.  Ұлттық орталық – Қазақстандағы және шетелдердегі еліміздің тарихына қатысы бар құнды жазба деректерді бір орталыққа жинау, сақтау, зерттеу, аудару және ғылыми айналымға қосу арқылы болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында ашылған тұңғыш орталық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев (ол кезде – ҚР Парламент Сенатының Төрағасы) орталық ашылған жылы арнайы келіп, жинақталған құнды мұралармен танысты. Көнеден келе жатқан рухани мұраларымызды көріп, атқарылған жұмыстарға өзінің ризашылығын білдірді. Болашақта ұлтымыздың асыл мұраларын өз деңгейінде сақтап, келер ұрпаққа жеткізер жолда атқарар еңбектеріңіз орасан деп, – орталық жұмысына сәттілік тілеген болатын.

Ұлттық орталықтың қорында тоғыз  мыңнан астам сирек мұралар сақтаулы. Солардың ішінде, Әс-Сарахсидің (Қарахан дәуірінің тұлғасы, XII ғасыр), Қожа Ахмет Яссауидың (сопылық поэзияның негізін салушы, XII ғасыр), Әлішер Науаидың (өзбек халқының ұлы ақыны, ойшыл, XV ғасыр), Шахабуддин Маржанидың (XIX ғасырдың белгілі татар ғалымы)  араб, парсы және шағатай тілдерінде жарық көрген XIX-XX ғасырға тиесілі қайта көшірілген қолжазбалары баршылық.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында өз саласының  білікті мамандары жұмыс істейді. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторлары, араб ғалымдары, көне тілдегі лингвистер, реставрация бойынша үздік мамандар (шетелдік жетекші орталықтарда білім алған). Бүгінгі күні Ұлттық Орталық халықаралық аренада өз беделін қалыптастырды. Ұлттық Орталық базасында саланы сақтауға және насихаттауға бағытталған көптеген ғылыми іс-шаралар (конференциялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, семинарлар, шеберлік сабақтары, материалдарды жариялау және т.б.) өткізіледі. Ұлттық орталықта 5 бөлім жұмыс атқарады: Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі; Реставрация және консервация бөлімі; Есепке алу, сақтау, көрме және оқу залдарының жұмыстарын ұйымдастыру бөлімі; Жариялау-баспа бөлімі; Әкімшілік-қаржылық бөлім.

Реставрация және консервация бөлімі – көне қолжазбалар мен сирек кітаптарға тазалау, дезинфекция және дезинсекция, қалпына келтіру жұмыстары, түптеу, консервация жұмыстарын атқарады. Зертхана жұмысы 2018 жылы 15 қарашадан бастау алды. Зертхана АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Алмания сияқты мемлекеттерде шығарылған озық технологиямен жабдықталды. Соның нәтижесінде Астанада алғаш рет жазба құжаттарды қалпына келтіру зертханасы жабдықталып, іске қосылды. Реставраторлар заманауи реставрациялық материалдарды пайдалана отырып, қағаз құжаттарға реставрация жұмыстарын жүргізеді. Мұнда қолданылатын материалдар да әлемдік үрдіс бойынша шетелдерден алынып отырады. Мысал ретінде айтар болсақ, реставрацияға арнайы жапон қағазы Жапон елінен әкелінеді, Метилцеллюлоза деп аталатын желім Алманиядан, кітап түптейтін тері мен форзац қағаздары Италиядан, қылқаламдар Франциядан, тіпті картонның өзі Голландиядан алынады. Бұл жұмысты сапалы орындауға және қағазға жасалған реставрацияның ұзақ уақытқа шыдамды болуына кепілдік береді.

Қазіргі таңда зертхана реставрация және консервация жұмыстарының толық циклін атқара алады. Зертхана қызметкерлері Қазақстандық және халықаралық ұйымдардан біліктіліктерін көтеріп, конференциялар мен семинарларға әрдайым қатысып, баяндама жасап отырады. Осы қысқа мерзім ішінде мамандар Қазақстандық және шетелдік кітапханалар мен архивтерде қалпына келтіру бойынша біліктілігін көтерді. Қазіргі таңда мамандар кітапты қалпына келтірудің толық циклын жасап шыға алады. Мамандар Түркия, Ресей, Иран, Армения, Корея елдерінде тәжірибе алмасып, білімдерін жетілдірді. Шетелден алған білімдері мен тәжірибелерін орталық реставраторлары отандық әріптестерімен де бөлісуде. Осы бағытқа арналған «Қазақстандағы жазба мұралардың реставрациясы және сақтау мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары екі жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Семинарға республикалық және халықаралық ұйымдардың мамандары қатысады.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорындағы арабографиялық қолжазбалар мен сирек кітаптардың әлемдік ғылыми стандартына сай жасалған «Каталог книжного собрания на арабском шрифте фонда Национального центра рукописей и редких книг» атаулы басылымы жарыққа шықты. Бұл жоба, Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркия) бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл каталогты Қазақстандағы сирек қорларды сақтайтын ұйымдар, сала мамандары, шығыстанушылар, тарихшылар, зерттеушілер жұмыс барысында көмекші құрал ретінде пайдалануына болады. Ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері Ұлттық Орталықтың  қорына Қазақстан тарихына қатысты жазба мұраларды жинақтау барысында мұраларды іздеп табудың әртүрлі жолдарын қарастырып, іс жүзінде жүзеге асыруда. Соның бірі Қазақстан тарихына қатысты маңызды көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың, карталардың электронды нұсқалары сақталған шет елдік мекемелерден (Франция Ұлттық кітаптанасы, Британ мұражайы, Санкт-Петербургтың шығыстану қолжазбалар институты, Нидерландының Лейден кітапханасы және де Германия, Түркия, Өзбекстан, Иран, Индия елдерінен)  іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық орталықтың ғылыми-зерттеу бөлімінің мамандары араб, парсы, түркі тілдерін меңгерген. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихына қатысты бағалы жазба деректер анықталып, кітаптардың 20-дан аса көшірмесі жасалып, орталықтың өз баспасынан басылып шықты. Бөлім мамандарының атсалысуымен «Ұлы дала мұрасы» ғылыми-танымдық журналы орталықтан шығады.

Ұлттық құндылықтарымыздың рухани көзі болып саналатын құнды қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, келешек ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы  2023- 2025 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын жасаған болатын. Аталмыш жоспар аясында еліміздегі сирек қорлар мен қолжазбалардың саны мен мазмұнын анықтау және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуы тиіс. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы (әрі қарай – Ұлттық орталық)  бүгінгі таңда еліміздегі архив, кітапхана, музей және жеке қорларда сақтаулы аса құнды қолжазбалар мен сирек кітаптар туралы ақпараттарды бір орталыққа жинастыру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар сирек қорлардың бірыңғай мемлекеттік қор есебін құру және сирек жазба мұраларды арнайы тіркеу жүйесін (реестр) кеңінен дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Терең тарихы мен кең байтақ жері бар елімізде көптеген рухани байлық бар, оның ішіндегі ең маңыздысы қолжазбалар мен көне сирек кітаптар.

Қазіргі уақытта бүкіл қоғамның басты міндеті – еліміздің әрбір ірі қаласынан бастап әр шеткі ауданға дейін барлық кітапхана, мұражай, архив және жеке қорлар мен адамдардан тарихымызға қатысты барлық қолжазбаларды және көне кітаптарды бір орталыққа жинау. Әрбір жеке қорларда және жеке адамдардың қолдарында бар қолжазбалар мен көне кітаптардың түпнұсқаларын жинау (сатып алу жүйесін бекіту) жұмысын ұйымдастыру. Бұл іс-шараны ұйымдастыру Үкімет тарапынан үлкен қолдауды қажет етеді. Арнайы Жол картасы бекітіліп соған сәйкес жұмыстар атқарылуы тиіс.

Бүгінгі күнге дейін анықталмаған және қараусыз жатқан көне деректерде тарихымызға қатысты көптеген ақпарат бар, бұл біздің өткен, қазіргі және болашағымыздың рухани байлығы мен ақиқаты.

Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы биыл, күллі түркі жұртының тарихи астанасы болып табылатын  – Түркістан қаласында өткен болатын. Құрылтай барысында, екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар өзіндік ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде, Ұлттық құрылтайда халыққа қажетті ұсыныстар көтеріліп, тың шешімдер қабылданғанына куә болдық.  Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге оралғаны жайында мәлім еткен болатын. Кітап XVIII ғасырда жарық көрген. Бет саны – 744. Көлемі – 6х23 сантиметр. Кітаптың  ортасындағы қолжазба бетке Кенесары хан мен Марал ишанның аты-жөні жазылып, мөрі басылған. Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр. Бүгінгі таңда, реставрация жұмыстарын жасау үшін Құран кітабы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына табысталды. Құран кітабына толық реставрация жұмыстары ( тазалау, дезинфекция дезинсекция, түптеу, сканерлеу) жұмыстары жүргізіліп, 4 дана көшірмесі жасалады. Құнды мұра қалпына келтірілген соң  Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады.

Кезінде, Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым болғай. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік!

АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН  «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button