Ғалымның хаты

Абайдың діні – асыл дін

Қазақ – ұлы халық. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қазақ ұлтындай қайсар, мінезді, ар-ожданды ел жоқ шығар. Біз батырлардың ұрпағымыз. Қай руды алып қарамасақ та, бәрінен батырлар шыққан. Дегенмен, біздің қазіргі жастар батыр да, дана бабаларымыздың жолын ұстанып жүр ме? Сондай ұлы елдің ұрпағы болсақ, неге қазақ жастары дінін сатып, тәңіршілдік діни ағымына өтіп, енді бірі псевдосалафизм (уаххабилік) жат діни ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Қай дәуірде болмасын, өзінің ұлты үшін құрбан болған зиялылар жетерлік. Алысқа бармай-ақ, алаш қайраткерлерінің ерлігі күні бүгінге дейін өнегесі мен үлгі боларлық дүниелер жетерлік. Алаш қайраткерлерінің арманы мен мақсаты тәуелсіздік пен еркіндік болды. Осы «Алаш» деген сөз қандай мағына береді? Қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, жырларында, сонымен қатар өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар тілінде, тіпті күні кешегі Бұхар жырау, Махамбет, Шернияздарды, айта берсек, хәкім Абай өзінің еңбектерінде алаш сөзі өте жиі қолданылған. Алаш сөзі жеке келіп те, жоғарғы тіркестермен келіп те, «қазақ қауымы» немесе «белгілі бір бөліктері (рулары, рулар одағы, жүзі)» деген мағынаны берген. Мысалы, Бұхар жырау Абылайға: Он сан алаш баласын, жұмсап бір тұрсың қолыңнан, –дегенінде Абылайдың қазақтың көп руларының басын біріктіріп билеу әрекетін айтып тұр. О баста алты сан алаш – XIII ғасырдың бас кезінде, тегі, моңғол шабуылына қарсы ұйымдасқан алты тайпадан: қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр – тайпаларынан құралған одақты білдірген. Кейін бұл одақ алты сан алаш деген атпен Жошы ұлысының қарамағына кірген. Ал бірақ қазақ ақын-жыраулары бұл тіркесті «жалпы қазақ қауымы», тіпті кейде одан тарылтып, «өз руластары» деген мәнде жұмсаған. Міне осы аталған алаш ұлдары ислам дінін, ханафи мәзхабын, матуруди сенімін ұстанған.

Бірақ қазіргі алаштың ұрпағы бабалар аманатына берік болып жүр ме? Еркіндік пен тәуелсіз заманда неге дінімізге, тілімізге, салт-дәстүрімізге сызат түсіруде. Шетелдік шейхтардың улы уағызына жастардың біразы уланып жатса, енді бірі феменизм әйел теңдігі деп арсыздық пен рухани құлдырауға кетуде. Бұл дегеніміз кең байтақ жердің аманатына қиянат жасамай, қан кешкен ерлердің мінезі бүгінгі жастарда болмауы дұрыс тәрбиенің берілмеуінде деп ойлаймын. Сондықтан әрбір ата-ана балаларына Абай Құнанбайұлының діни сенімін, діни танымын түсіндіру керек деп санаймын.

Дана Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз ешуақытта жалған болмас» – деп Алланың барына, бірлігіне, Құран Кәрімнің ақиқат екеніне сенуге шақырған. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 2-аятында «Міне (мұғжиза) Кітап. Онда (яғни, оның көктен түскен илаһи кітап екендігіне) еш күмән жоқ. Ол – (Аллаға толық бойсұнған, күнә атаулыдан барынша сақтанатын) тақуа жандарға тура жол бастаушы» -деген аятты хәкім Абай Құраннан алғаны шүбәсіз. Ал, «Көп кітап келді Алладан, оның төрті, Алланы танытуға сөз айырмас»-деген шумағы Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 4-аятында «(Уа, Мұхаммед!) Сондай-ақ олар саған түскен Құранға және өзіңнен бұрын түскен (иләһи Кітаптар мен парақтарға да) иман келтіреді. Ақиретке де (дәл солай) кәміл сенеді» – делінген. Бұдан түсінетініміз, Абай Құнанбаев Таураттың – Мұсаға (алейһиссәләм), Забур – Дәуітке (алейһиссәләм), Інжіл – Исаға (алейһиссәләм),  Құран Кәрім – біздің пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) түскеніне иман келтіріп сенуге үндеп отыр. Осының өзі, қазақ халқының ұлт болып қалуы үшін ислам дініне жан-тәнімен берілу керектігін меңзейді. Абай жай тілмен ғана ислам дінін насихаттаған жоқ. Ислам дінінің ақидасын білуді, үйретудің маңыздылығында айтып өтті. Мәселен «Аманту оқымаған кісі бар ма? Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?»- деген өлең шумағында Аллаға, кітаптарына, періштелеріне, пайғамбарларға, қиямет күніне, тағдырға жақсылық пен жамандықтың Алла Тағаладан екендігіне және барзақ әлеміндегі жаны Алланың қалауымен қайта қосылып тірілетініне сенуді айтқан. Бұл сенімді жүрегімізге орнатпай біз қазіргі бұзылған қоғамды түзей алмаймыз. Пара, зина, педофилия, трансгендерлер қауқалаған заманда адам болып қалу үшін асыл дініміз исламға бойлауымыз қажет. Адам сенім негізінде ғана адами қалпын сақтап қалады. Сенім бұл ғылыми дәлелдеуді қажет етпейтін, тылсым күшке негізделген рухани ілім саласы. Сенімді өлшейтін физикалық тұрғыдан құрал – саймандар жоқ. Тек қана Алланың разылығына бөленіп, қазақи болмысты сақтап, адами қасиетті сақтау үшін бұл сенімнің маңыздылығы орасан зор.

Әрине, әрбір қазақтың баласы өзін  мұсылманмын деп санайды. Жай тілмен мұсылман болу жеткіліксіз. Хәкім  Абай бізге өнеге болатын болса ислам дінінен сусындап, рухани қажеттілігімізді өтеп, рухани кемелділікке ұмтылуымыз қажет. Сондықтан хәкім Абай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы  – деп,

Аллаға деген махаббаттың жаныңнан да артық екенін, адамдардың түріне, дініне, ұлтына қарамастан адами қасиеті болғаны үшін жақсы көрудің, осындай тақуалық дәрежесіне жету үшін бар болмысыңмен талаптануды үндейді. Осы қасиеттер сенің жүрегіңнен орын алып, мінез-құлқыңа айналса онда нағыз имандылық және әділдік осы жол екенін меңзеп тұр. Бірақ біздің қазіргі қоғамда ондай адамдардың аз болуы  ислам дінінің Абайша емес, жат діни ағымдардың лидерлері түсіндіргендей түсінгендіктен жүректері қатайып қатыгез болып кеткен сияқты. Бұл өкінішті әрине. Себебі, кейбір бес уақыт намазын оқып, ораза ұстайтын азаматтар Абай айтқандай иманының гүлденуіне, кемелденуіне жетіп, жүректері имандылыққа толып, мейірімін бір-біріне төгіп жатқан жоқ. Керісінше діни сенімдері мен танымдарының әр алуандығына байланысты бір-біріне деген кек, ыза, жақтырмаушылық қасиеттер өршуде. Бір сөзбен, Абайша айтқанда, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген түсінікті тілмен ғана айтылып, іспен болмаған соң қазақ ұлтының шырқы мен берекеті кетуде. Сондықтан хәкім Абай айтқандай:

Руза (ораза), намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс-деп,

иман келтіру (Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ), намаз, ораза, зекет, қажылық яғни бес парыздың барлығы ақиқат, онымен ешкімнің таласуға құқығы жоқ екенін айтуда. Бірақ діннің тәжірибелік жағын ғана орындап, өсек пен боқтық сөздерді тыймасақ, көреалмаушылық пен қызғаншақ болса, адамдардың бір-біріне деген сыйластық, достық, мейірбандық, махаббаты болмаса, онда қылған ғибадаттың ақыретте пайдасы мардымды болмайтынын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп тұр. Сондықтан ислам дініне келген соң жүрегімізді тазалап, Алланың парыз қылған ғибадаттарынан нәр, алған абзал. Хәкім Абайдың бұл өлең шумақтарды Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадисінде айтылғандай: «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, бүкіл дене сау  болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!», – деп айтқан. Хәкім Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі

Іштегі кірді қашырса

Адамның хикмет кеудесі-деп жүрекке түскен қара

дақты кетіретін Алланың кәләмі, хикметі екенін меңзеп тұр. Сондықтан ұрпағымыздың иманды, ибалы, арлы, намысты болуын қаласақ ислам дінімен сусындатқан жөн.

Мумин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,

Шын илан да, таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ (екі жүзді) намаз қылмап па, мағлұм ғой ол,

деп хәкім Абай айтқандай, ұрпағымыздың адам болып қалуы үшін имандылыққа кішкентайынан тәрбиелеу керекпіз. Себебі қазақ даналары «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» – деген мақал болашаққа ұрпаққа дұрыс тәрбие беру керектігінің маңыздылығын көрсетеді. Енді біз тәуелсіз, зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Зайырлы мемлекетте әрбір азаматқа діни сенім бостандығына еркіндік берілген. Ешкімді дінге мәжбүрлеп кіргізуге немесе діннен мәжбүрлеп шығаруға болмайды. Дегенмен әрбір қазақтың  шаңырағын басқарып отырған ер мен әйел ислам дінін ұстанып, көркем түрде ислам дінінің хикметін, даналығын, мәдениетін сөзбен және іспен көрсететін болса, ата-анасының тәрбиесінен сусындаған ұрпақ шүкіршілік пен қанағат, тәубе, ар-ұжданын, иманын ең басты құндылық деп санайтын тұлға болары сөзсіз ақиқат.

Жақыпов Ерзат Жасқанбайұлы, Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дінтанушы, гуманитарлық ғылымының магистрі  

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. А. Әкімханов, Н.Анарбаев – «Құран Кәрім қазақша түсіндірмелі аударма»/ Алматы: «Дәуір» баспасы, 2018 ж.
  2. Р. Сыздықова – «Сөздер сөйлейді (сөздердің қолданылу тарихынан). Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2014 ж.
  3. Имам Әбу Мұхаммед Зәкиуддин Абдул-Азим әл-Мунзири – «Мұхтасар сахих Муслим» / Алматы: «Кәусар саяхат», 2013 ж.
  4. Абай Құнанбаев шығармаларының толық жинағы.- Алматы, 1948.- 502 б.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button