Сыр-сұхбат

Әлен қарияның әңгімесі

Қорасан қожадан тарайтын Ер Сейітпенбет қожаның ұрпағы Тілепқожаның ұлы Пірман қожа өте әруақты жан болған екен. Ол кісінің әулиелік кереметтері туралы ел арасында әңгімелер біршама көп. Соның бірін Өзбекстанның Кенимех ауданы, Теріқұдық ауылының ақсақалы, Шөмекейдің Андағұл руынан шыққан Әлен қариядан естігенімді бөлісе отырайын.
Пірман қожа қартайған шағында шамалап айтатын болсақ 1900 жылдардың басында болса керек,  жолаушылап келе жатып Теріқұдық ауылының ескі қонысы – Көне Теріқұдықтың тұсынан өтеді. Сол сәтте үш жігіт Көне Теріқұдықтың құдығын шегендеп жатқан екен дейді. Ақпана мен науа суға толып тұр. Қожекең:
– Әй балаларым, мен аттан түсе алмаймын, түссем міне алмаймын. Атымның ауыздығын алып суарып жіберіңдер, -деп өтініш айтыпты. Қай түлен түрткенін кім білсін, ана үшеуі қырсығып қарияның өтінішін орындаудың орнына:
– Кезіккен қаңғыбас шалдың атын суаратын уақытымыз жоқ. Кет әрмен, -деп, ауыр сөздер айтып тіл тигізіпті. Ал Пірман қожа үн-түнсіз бір төмпешік тауып аттан түсіп, атын өзі суарып кете барыпты. Содан  арадан шай қайнатым уақыт өткенде әлгі үш жігіттің бірі жандауысы шығып айғайлап, аузынан көбік атып құлаған ғой. Екі жігіттің бірі жанұшыра ауылдан адамдарды шақырып келіпті. Ауыл адамдары қанша ем жасаса да, құлаған жігіттің беті бері қарамапты. Сосын бір ақсақал аурудың қашан басталғанын сұрағанда ана екеуі:
-Бағанағы шал кеткен соң басталды-ау, – дейді бір-біріне қарап.
– Ол қандай шал еді? Түр-түсі, астындағы аты қандай еді? – деп сұрайды бір қария. Олар:
– Мойны ала ат мінген шал еді,-деп аты мен шалды суреттеп береді. Ел бірден тани кетеді. Өйткені мойны ала ат тек Пірман қожада бар болатын.
– Әй,сендер ол қожаны ренжіткен жоқ па едіңдер? – деп жұрт екеуін ортаға алады. Екі жігіт мазақ еткендерін және сөккендерін  айтып береді. Содан аттылысы бар түйелісі бар бірнешеуі  Пірман қожаның  ізінен кетеді. Қожекең едеуір жерге ұзап кеткен екен дейді. Жеткен жұрт құлдық ұрып, қожаның аяғына жығылып, ана бейбақтарды кешіруін өтінеді. Қожа өкінішпен:
-Қатты нала болып, ашумен атып жіберіппін. Имандай шынымды айтайын, енді қайтару қолымнан келмейді. Алла алдарынан жарылқасын. Енді елдеріңе қайтып, үш жаназа намазға дайындала беріңдер, – деген екен. Қожа айтқандай-ақ дәл сол түні үш жігіт те жан тапсырыпты. Марқұмдарды Көне Теріқұдықтың батысына бөлек жерлеген екен. Сол жерді үлкен қариялар «Үш мола» деп атапты. Қазақ халқымыз «Қожаның қарғысынан қорықпа, наласынан қорық» және  «Нанның ұсағын, Қожаның ұрпағын қадірле»-деп бекерге айтпаған ғой. Пірман қожа – бүкіл Тамды, Кенимеқ танитын біз «Қарақожа» атап кеткен Жолдасұлы Махамбетияр қожаның атасы екен.

Төлепберген Қолдасбаев
Янги Зарафшан ауылы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button