«Ұлыма хат»
Бұл Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, түрколог-ғалым Немат КЕЛІМБЕТОВТІҢ соңғы сұхбатынан үзінді. Ғалым ағамыздың аруағы риза болсын дей отырып, оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.
«Ұлыма хат»
ХХ ғасырдағы Қазақ Әкесінің ұлына айтуы тиіс Өсиет-намасы
-Бәріміз жабылып заманды кінәлаймыз. Оған күшіміз жетеді. Бірақ сенің алдында өзімді ақтап алуға дәрменсіз секілдіміз. Ал өз әкесінің алдында қасиетті парызын өтей алмаған АДАМ ӨЗ баласына өсиет айтуға құқы бар ма?
Міне осы тұрғыда алып қарағанда сан ғасырлар бойы ұрпақтар арасында жалғасып келе жатқан дәстүрлі байланыстың бір буыны шіріп, үзіліп түсіп қалған секілді. Бұл буын – аталар мұрасын немерелеріне жеткізе алмай қалған қасіретті буын. Олар өзге халықты ұлы деп санап, өз ұлтын тобыр деп білді. Өзге тілдерге тәңірдей табынып, өз ана тілінде сөйлеуге ұялып келді. Демек, жарық дүниеге алып келген анасының ұлы болуға ұялды, намыстанды. «Дала данышпандары» деп саналған қазақ жырауларының емес, өзгелердің ақынсымақтарының шығарған, рухы бізге жат өлеңсымақтарын жаттап өстік. өзіміздің ру-шежіремізді емес, өзгелердің жалған тарихын танып-білу зерделіліктің өлшеміне айналды. Бұл – көз ЖҰМЫП қарауға болмайтын шындық. Сол дерт әкеден балаға ауысып, жалғаса бермеуі үшін ащы шындықты айтуға мәжбүрміз.
«Ұлыма хат» эссесі арқылы қазақ қауым білуге тиіс жайттарды оқырман назарына ұсынуға талаптандым, қазақтың тек қазақ төңкерісінен кейін ғана көзін ашқан ұлт емес екенін, ол әлемді өзіне қаратқан Еділ (Атилла) мен Томиристің, сақтар мен ғұндар, көктүріктердің ұрпағы екендігін ұлым құралпас жастардың есіне салғым келді. Өзіңіз байқасаңыз, «Ұлыма хат» екі бөлімнен тұрады. Біріншісі ата, әке, бала, немере арасындағы рухани байланыс. Екіншісі көне тарих сақ дәуірінен бастап қазақтарға дейінгі біздің көне рухани тарихына арналады. Бұл жерде менің ашқан жаңалығым сақ пен қазақ дәуірі арасында дүниеге келген, жұртқа әлі белгісіз бес дастанды тауып, соны ғылымға ұсындым. Олар – Алып Ертоңға, Шу батыр, Атилло, Еркөнекен, Көкбөрі дастаны. Солардың қазақтың батырлар жыры арасындағы идеялық, тілдік, тіпті модельдік ұқсастықтарды таптым. Тіпті іргеміздегі Есік қорғанынан табылған 18 жасар сақ патшасы – Алтын адам біздің Сақтар мен ғұндардың мұрагері екендігімізді дәлелдемей ме? Біз кеңес үкіметінің тұсында Ахалтека тектес аттан есек емес, ахалтекенің туатынын мойындасақ та, текті данышпаннан текті тұқымның туылатынын мойындауға дәрменіміз жетпеді. Бұқар жырау кезінде:
– Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге, – дегені бар.
Біз «қазақпыз» деген сөзді көп айтамыз, бірақ «ата-тегіміз кім еді?» дегенге бара бермейміз.
– Біз қазір жас балалармызды неге сендіре аламыз? Сендіре аламыз деп талпынсақ, онда сіз айтқан «айқындылық» бола ма?
– Біз жас балаларымызды ең алдымен қазақ халқының текті халық екендігін, басқалардан артық емес, бірақ бір мысқал да кем емес халық екендігін сендіру керек. Мысалы, орыс халқының ұлттық мақтанышына айналған «Игорь жорығы» туралы жыр» княз Игорь Святославичтің 1185 жылғы Қыпшақ даласына жасаған жорығын баяндайды. Бұл жырды орыс халқы рухани шежіреміз деп төбесіне көтереді, жас балаларының алдында сонысымен мақтанады. Бірақ, сол жырдың өзі әр патшалықтың тұсында қайта-қайта көшіріліп, түзетіліп, өзінің алғашқы шынайы шежірелік сыйпатынан айрылып қалғанын екінің бірі біле бермейді. Ал қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған рухани жәдіргерліктер бүгінгі күнге бір әрпі де өзгермей, сол қалпында жеткен. Себебі ол дастандардың әрбірі өмірбойы өшпейтіндей етіп үлкен-үлкен құлпытастарға қашалып жасалған. «Күлтегін», «Білге», «Тоныкөк» жырларын кино тіліне көшіре алсақ баба тарихын балалардың көз алдында қайта жаңғырта алар едік. Тіпті бізге бір үзігі ғана жеткен, төніп келе жатқан жаудың бетін иен бұрып, ажалға басын тікке Шырақ батыр аңыздың өзі неге тұрады. Сіз маған «Біз қазір жас балалармызды неге сендіре аламыз? Сендіре аламыз деп талпынсақ, онда сіз айтқан «айқындылық» бола ма?» дейсіз. Сізге бұдан артық қандай айқындылық керек. Тек ықылыс, оң қабақ болса болғаны.
– Сіздіңше, ұлт бойындағы рухани енжарлықты немен жеңуге болады?
– Мен бұл пікірге қосылмаймын. Өзіңнің ұлтыңнан безу, бұл соңғы нүкте. Одан кейін ол жайлы әңгіме болмауы тиіс. Дегрардация өз ұлтынан безген кезде емес, одан ертерек, рухани енжарлыққа бой алдырған сәттен басталады. Ана тіліңе мұрын шүйірген, салт-санаңнан «ескіліктің қалдығы» деп жерінген тұста, бұрынғы өтіп кеткен ата-бабаңнан өзіңді артық деп ойлай бастаған кезде осы құбылыс басталады. Оның алдын алу үшін рухани енжарлықтан құтылу керек.
Жалпақшешейлік, бойкүйездік рухани енжарлықтың көзі. Енжарлықтан құтқарар күш бойыңдағы қаның, ұлтыңа деген перзенттік махаббатың. Қазір алмағайып заманда өркөкіректікке бармай, қазақтың ешкімнен артық еместігін және ешбір ұлт, ешбір мемлекеттен кем еместігін сабырмен, байыппен мойындату. Біздің сан ғасырлық тарихымыз бар. Біз әлем алдында ішін жиып тұрған сақтар мен ғұндардың ұрпағымыз, солардың мәдениетінің, саясатының заңды мұрагеріміз. Бойында қазақтың қаны бар кез келген тұлға сол мәселелерді ғалым ретінде білмесе де, азамат ретінде сезінуі, мақтаныш етуі тиіс, қазақтың тарихи танымы, тарихи күшеюі, тұлғаны бағалай білудің өлшеміне айналуы тиіс. Бұл рухани енжарлық қана емес, құлдық психологиядан арылуға септігін тигізеді. Рухани дәрежесі жоғары адам құлдық психологияның құрсауына шырмалмайды.
Ұлттың діңгегі: ТІЛ МЕ, ӘЛДЕ ДІН БЕ?
– Қазір, байқап қарасақ, ата-дінге мойын бұра бастағандай. Сіздіңше, бізді жаһандану заманында ұлт ретінде сақтап қалатын күш не?
– Сіз бұл арада қателесіп отырсыз. Мәселені шатастырып алып отырсыз. Тіл мен дінді бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайды. Ұлттың діңгегі тілде де, дінде де. Тіл ұлттың айнасы, «визитной карточкасы» делік. Қазақ тілін жетік меңгерген тұлға, сол сайраған тілімен будда мен христианды насихаттаса, оның Қазаққа қандай қажеті бар. Тілді халықтың иігілігі үшін ғана пайдаланса тіл, олай болса, ол қазақтың жүрегінен көзделген қару. Қазір орта ғасырда Еуразия жеріндегі қанды қырғынның бәрі қазақтың жері үшін болған деген жаңсақ пікір айтылып жүр. Қанды қырғынның бәрі рухани билік үшін болған. Кезінде бізді Еуропа тілінде сөйлетпекші болды, тіпті «арақ ішпесең өкпелейтін» құбылысты да үйретті. Әдет-ғұрпымызды «ескіліктің сарқыншағы» деп, өзімізге қарсы қоюға бағытталған қадамдарға да барды. Соғыс жер, ел үшін емес, рухани үстемдік үшін орын алады. Рухани жағынан кедей адам анасын ғана емес, жерін бір бөтелке араққа сатып жіберуден тайынбайды.
– Бірақ СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ислам дінінің классикалық формасын талап ететіндер бой көрсетіп жүрген жоқ па?
– РАС, ондай пікірлер бар. Бізден дін мәселесінде арабтар сияқты болғанымызды талап етеді. Есіңізде болсын, қазақ жерінде тек қазақтарға ғана тән исламның өзіндік формасы, зороастризмнің және исламның синтезделген үлгісін қалыптастырды. Бұдан өзге бізге қолайлы дінді көріп тұрғаным жоқ.
Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ