Сыр-сұхбат

Елін сүйген ерлердің жалғасы

Aitbay Saulebek

Қарағандыда құрылған Елін сүйген ерлер партиясының (ЕСЕП) ұлтымыздың тәуелсіздік алуы жолында жасаған жанқиярлық ерлігі жайында «Қарағандыдағы құпия ұйымдар: шындығы мен сұмдығы» атты журналистік зерттеуімде баяндадым ғой.
Аталмыш мақаламның жалғасы ретінде сталиндік репрессия құрбаны, отыз жыл өмірін қуғын-сүргін, қысыммен өткізген, танымал жазушы Кәмел Жүністегі ағамнан ертеректе алған сұхбатымды назарларыңызға ұсынамын.

СССР-ДЕЙ АЙДАҺАРДЫҢ АУЗЫНА ОТ ЛАҚТЫРҒАН

Кәмел Жүністегі – «ЕСЕП» атты жасырын ұлттық ұйымын (1941) жалғастырушы, «Жас қазақ» құпия ұйымының (1960-62) жетекшісі, саяси қылмыскер атанып, Сібірдің азап лагерінде бірнеше жылын өткізген патриот-жазушы. Ол «Дос көңілі», Көне хикая», Көксеу»,«Құба белдер» (трилогия), «Тар заман» (пьеса), т.б. көптеген кітаптардың авторы. Халқымыздың ұмытуға айналған рухани мұрасын зерттеп, игілікке жаратып жүрген Орталық Қазақстанның бетке ұстар белді де, беделді қаламгері. «Қазақтың Энциклопедиясы» атанған Жайық Бектұровтың ізбасары.

ҰЛТШЫЛДЫҚ – ҰЛТТЫ СҮЮ

– Көрген тәрбием, өскен ортамнан болар. Әжемнің баласы болып өстім. Марқұм әжем Ғазиза Дінасылқызы аса діндар да, әңгімешіл адам еді. Сол кісі төңкерістен бұрынғы қазақ өмірін жырдай қылып жеткізетін де, отызыншы жылдардағы алапат аштықты, отыз жетінің сұмдығын, қырқыншы жылдардағы қиындықты ерекше әңгімелейтін. Ал, әкем Жүніс, діни білімі бар, әрі осы заманның да көшіне ілесе білген, аудандық газеттің редакторы болған, ғұмырын сонда өткізген адам еді. Ол кісіге де жан-жақтан сырлас адамдары да келіп тұратын. Сыбырласып айтса да солардың әңгімесіне әуес болып өстім. Елуінші жылдардың ортасына дейін мектептерге қажетті оқулықтар жетіспейтін. Соның да салдары болар, кітапханадан, әдебиетке, тарихқа, табиғаттануға байланысты кітаптарды қазақ, орыс, тіпті татар тіліндегісін де түк қалдырмай оқыдым. Сөйтіп, өмірге деген көзқарасым ерте қалыптасты. Оқушы кезімде-ақ орыстың ақын-жазушы, патшаларының бәрі жақсы, біздің халықтың бір адамы дұрыс болмай жатқанына қиналатынмын. Жетінші класта әдебиет пәні мұғалімімен Бұқар, Шортанбай туралы айтысып қалғаным бар. Бұқар жөнінде әкемнің жинағандары болушы еді, ал Шортанбай жыраудың қолжазбасы туысқандарымызда сақтаулы болатын. Сол кезде Кенесары хан туралы айтыс-тартыс туып жатты. Ол айтыстың дабылын, ханды жақтағандардың сотталып кеткенін естіп өстік.
Кенесары туралы тарих сабағында дау көтергенімде ұстазымыз Ибрагим Мақажанов «әй» деп саусағын безеп тоқтатып тастаған. Бірақ, ол кісі кейін шақырып алып Кенесары хан туралы «ауызға қақпақ қоя білу» керек екенін де қатты ескерткен.
«Дарвинизм» деген сабақ болушы еді. Бірде 9 класта «Мендельдікі дұрыс, Дарвин қате айтады. Мендель иттен ит, жылқыдан жылқы туады дейді. Дарвинді дұрыс десек, иттен маймыл туғанын дәлелдеп берген де, көрген де ешкім жоқ.Неге біз дәлелсіз ғылымды мойындауымыз керек» деп шу көтергенім бар.Талай күн сабаққа кедергі келтірдік. Мұның ақыры мектеп директорының жеке әңгіме өткізіп, ескертуімен, тіпті сақтандыруымен тынған. Мүмкін, осы жолға маңдайыма жазған тағдырдың өзі сүйреген шығар.

ӘДІЛЕТ ЖОЛЫНДА
– Жиырмаға жаңа іліккен жаспыз ғой. Қазақтың көне аңыздарын көп естіген, қайырымды хан, әділетті би туралы тамаша ертегіні бойға сіңіріп, қазақы мінез қалыптастырған жанбыз. Қазақ үшін қаралы кезең еді. Тың деген сылтаумен бүкіл қазақ даласына орыстарды толтырып жіберді. Түрмелерден осы мақсат үшін сан мыңдаған бұзақыларды босатып, вагон-вагон етіп ауыл-ауылға тықты. Қазақтың өз жерінде отыз процентке жетпей қалғаны бүгін ғана айтылып жатыр. Ол кезде қазақ баласының адасқан қаздай қаптаған сары бастардың арасынан қадау-қадау ғана көрініп қалған кезі. Қала дегеніңіз әуелден орыс басып алған жер. Бізді «калбит» деп ашықтан-ашық айта беретін. Тың өлкесінің басшысы Т.Соколов дегеннің «Қазақ халық емес, оларды немістермен будандастыру керек» дейтіні де сол кез.
Қаптаған бұзақы ойына не келсе соны істейді. Ұрып-соғу, әкіреңдеу солардың еншісі. Ауыл-ауылда өсіп жетілген қазақ жастары әлі жоққа тән шақ. Тоғызыншы-оныншы класс оқушылары ғана аздап қарсылық көрсеткен боламыз. Басым күш соларда. Үлкендер жылауда еді. «Біз өлгенде енді бізге иман шығартпайды, ең болмаса табытқа салдырып көмдіре көрмеңдер» деп егілетін.
Осы күнгі жұрт тың өлкесі дегеннің не екенін де толық білмейді. Сол кездегі Конституция бойынша «Өлке» болып құрылған аймақтың республика билігінен шығып, тікелей Мәскеуге бағынатыны туралы ілгешек бар еді. Жас та болсақ соны да оқып, білдік.
Қайғылы халықпен бірге біз де мұңға баттық. Қаладағы оқыған қазақтардың ішінен, онда да обком деген мықты мекемеге іліккендердің ішінен жанашыр, жолбастар іздегіміз келді. Сөйтіп, досым Зейнолла Игілікұлы екеуміз обкомға кіргенбіз. Бізді тыңдаған алғашқы қазақтың есі шығып кетті. Біз ұлтымызды сақтау керек екендігін, ол үшін ең болмаса шұрайлы жерден Америкадағы үндістердегідей қазақ үшін резервация аймақтарын құру керек екенін, түбінде халқымыздың саны өскен шақта біртіндеп өз жерімізге ие болатынымызды айтқанбыз. «Ондай болмайды. АҚШ капиталистік жауыз ел, бізде халықтар достығы» дегеннен аспаған «оқыған қазағымыз» қарадай терлеп, екіншісіне жөнелткен. Кезекті «оқымыстымызға» айтарымыз үдей түскен. «Резервациядан» түңілген соң, онан әрірек кеттік. «Қазақ даласын діні де, тілі де бөлек славяндықтармен толтыру қазақ халқын ұлт ретінде жоюға әкеліп соғады. Тың игеруге соншама зәру болсақ, Қазақстанға қаны бірге татар, башқұрт халықтарының ұл-қыздары келуі керек. Біз оларға емес, олар бізбен араласып кетеді» деген уәж айттық. Тыңдаушымыз көзінен жас аққанша күліп, «пәленбайич» деп өзінен жоғарылауға жіберген. Ол сабырмен тыңдаған болды да, «бар халық бір тілде сөйлесе, коммунизм тезірек орнайды» деп Хрушев жолдас көрегендік айтып отыр. Қазақпыз деп кеуде қағу – надандық. Қазақ тезірек орыспен араласып кеткені жөн. Бұл «безболезенный процесс» – деп сыздап шығарып салды.
Түңілдік. Түңілдірген қазақ. Оқыған, билік басындағыларымыз. Ол кезде біз аупартком, обком дегеннің қызметкерлерінің көбінің (әсіресе қазақ сияқты бұратана халықтан шыққандардың) КГБ деген жантүршігерлік мекеменің салпаң құлақтары екенін, сол қызметке жету үшін талайды сыртынан жазып «құрбан» еткенін біле де қоймаған кезіміз. Түңілдік. Көңіл біржола суыды. Ашындық.

ЕЛІН СҮЙГЕНДЕРДІҢ ЕРЛІГІ

– Тап сол бір шақта халқымызды ұлттық езгіден азат ете қоямыз дегеннен аулақ едік. Оған мүмкіндіктің жоқтығын да жақсы түсіндік. Қалың өртте қарлығаш қанатымен су себеді деген халқымызда сенім бар. Біздің әрекетіміз де сондай. «Шапсаң, басымызды аларсың, бірақ, тізе бүкпейді қазақ!» дегенді білдіру сияқты еді.
Мұраттастар аз емес екенбіз. Мақсатымыз бір: қазақ елі мен жерін басқыншылардан азат ету. Дербес тәуелсіздікке қол жеткізу. Ол үшін халықтың санасын оятуға түрткі болу. Біздер Кенесары ханның, «Алашорданың», екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда құрылған «ЕСЕП» – – «Елін сүйген ерлер партиясы» жасырын ұйымының ізбасарлары, жалғастырушысы едік. «ЕСЕП» құпия ұйымы құрылған, бірақ, ешқандай нәтижеге қол жеткізбеген. Өйткені, НКВД «ЕСЕП» көзін ашқан заматында-ақ, бесігінде тұншықтырған. Ағаларымызды тұтқындап, ит жеккенге айдаттырған. Ұйымның белді өкілі, ақын Бүркіт Ысқақов ағамен кейін сырлас болдым. Қарағандыдағы «Жамбыл Жабаев» орта мектебіне жиналған «Советтік Қарағанды» газетінің қызметкері Бейсембай Жақсылықов, облыстық драма театрында істейтін Зейнолла Әбілдин, Асхат Рүстемов, «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Жаппар Өмірбеков, Қытай Өскенов, т.б. өздерін «ЕСЕП»-тің мүшесіміз деп есептеп, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, т.б. ақын-жазушылардың кітаптарын жасырып оқып, көп ұзамай қолға түсіпті. Осы жағдайды қазір көзі тірі жаңаарқалық, бүгінде қарт ұстаз Зәрубай Тәжитов та айтады.
Енді өз жағдайымызды баяндайын. Егер біз бүкіл Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына жасырын таратқан үнпарақтардың астына «ЕСЕП» деп жазатын болсақ, онда КГБ-ге адресімізді көрсеткендей болатынымызды (Қарағанды, не соның маңайы деп) білдік. Сол себепті үнпарақтардың астына «Жас қазақ» жасырын ұйымы» деп жаздық. Бұл үнпарақтардың бірде-бірі Қарағанды пошталарынан салынған емес еді. Өтіп бара жатқан Ресей поездарына, Алматыдан, тіпті Атыраудан (Гурьев), Қызылжардан арнайы барып, не жолаушыларға өтінш жасап, алыс-алыс пошта байланысын пайдаланатынбыз. Осындай жасырын ұйым әр облыстағы жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында құрыла бастады. Оның айқын дәлелі, жан-жақтан біз жазған үнпарақтардан да басқа хаттардың қарша борап кетуі еді. Жастардың арасында «Қазағым – Елім» деген қатты толқын пайда болды. Міне, біздің қол жеткізген жетістігіміз. Ұлт жастарының жүрегін ояттық. Осы үшін ғана біздің ісіміз халық құрметіне лайық.
КГБ бұл ұйымды қалалардан іздеп әуре боп жатты. Ал, біз болсақ, аудан орталығында жатып алып, бүйрегіне шаншудай қадалдық. Бүгінде екінің бірінде жазу машинкасы бар ғой, ол кезде ол таптырмайтын құрал болатын. Өзін тау ішіндегі үңгірге жасырдық. Кезінде осы машинкаға «ЕСЕП»-тің Жарғысы мен бағдарламасы басылған еді. Біздің ұйымның Қарағанды политехникалық институтындағы бөлімін Ерғалы Есімғалиұлы деген досым басқарды. Біз қолға түссек те Ерғалы досымды елде аман сақтап қала алдық. «ЕСЕП»-тің мұрагерлері боп екі жылдан артық жасырын жұмыс жүргіздік. КГБ-нің дұзағы тарыла бастағанын да сездік. Ол туралы бізге айтушылар да болды. Соның бірі аудандық, кейін облыстық комсомол комитетінің хатшысы болған Көшкін Амандықов деген азамат еді. Дұзақ тарылған сайын біз де қатарымыздың аман қалуын ойлап, олармен байланысты біртіндеп үздік. Соның бірі, кейін Қарағанды облыстық газетінің редакторы болып істеген Рымқұл Сүлейменов, ақын Саябек Айнатаевтар еді. Елге аман-есен оралған соң Рымқұлдың «Сен маған сенбедің бе? Неге байланысты үзіп тастадың?» деп өкпелегені бар. «Әй, сен бір атадан жалғызсың. Сен кетсең, тұтас бір ата құриды ғой. Сол үшін елде қалғансың» деп жауап бергенмін. Бұл туралы Рымқұл Сүлейменовтің «Жұлдыз» журналының 2002 жылғы 12-санында «Ақиық» деген естелігі шықты.
Иә, біз өз заманымызда қасиетті іс жасадық. Атып та тастауы мүмкін екенін білсек те, басымызды тіктік. Бірақ, ажал дұзағы қашық екен. Ақыры 1962 жылы КГБ-нің құрығына іліктік. Көрмегенді көрдік. Саяси лагерден бір-ақ шықтық. Ғұмырымның 1991 жылға дейінгі арасы аңдудың астында өтті. Мен түгілі оқу орындарындағы інілерімнің бірінен соң бірінің көрген теперішін айтып жеткізу қиын.

АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ҮЙІ

– Қызылжардағы түрменің есігін талай адам ашқан шығар. Кешегі Кеңес заманында мұнда үлкен сұрыптау орталығы болған сияқты. Түрме дәмін татқан сол жылдардағы кезіккен жұрттың талайы, онан соңғы уақытта елге келген соң тілдескен біраз азамат сол қапастың табалдырығын аттағанын айтатын. Басыңнан ерік кеткен соң мылтықтың дүмі айдаған жақтан ауытқуға не шара. Жарқабақтағы ғимараттың алдына әкеліп түсірген. Әдеттегідей «шмон» жасап, түрмеге тоғытқан. Кіргізген камераға еріксіз таңдануға тура келді. Қабырғаларының қалыңдығы сынық құлаш, терезелерінің ойығы әдеттегідей төрт бұрыш емес, доғаша иілген. Сонан соң барып жаңа өзіміз кірген есік еске түсті. Есіктің беті ғажап оюларға толы еді. Зәршелегімізді көтеріп әжетханаға беттегенімізде кең коридордың күмбезділігі де таң қалдырған. Күзетшіміздің сол жердің мұжығы екенін білдік. Білдік те астына көпшік қойып, біраз мақтап алып барып, қасақана ақымақтау болып көрініп, ғимараттың жайын сұрағанбыз. Жалбырап аузына түскен мұртын сипаған ол «хе, бұл бір ханның сарайы, атын ұмыттым» деп мардымсыған. Сол ғимарат-түрменің «камера смертников» дегенінде «аунап-қунадық». Лагерде саясимен сотталып, отыз үш жыл ғұмырын осында өткізген ақмолалық Құнанбай Бейсенұлымен кездестік. Ол кісі қазақтың атақты байы да, Алаш партиясына мүшесі де болған екен. Қызылжар түрмесі туралы айтқанымызда «ол Абылайдың Ақ үйі ғой. Сан көрген үй еді, мына бұзатарлар қиратып тастаған шығар деуші едім. Бар екен ғой, әлі» – деп тебіренген. Қазақтың асыл мұрасындай Абылайдың Ақ үйін түрме ету де халқымызды қорлау ғой. Есімізден өстіп те жаңылдырған шақтан да өттік емес пе.

ҚУДАЛАУ

– Тыныштық дегеннің өзін түсіну де әртүрлі ғой. Қой аузынан шөп алмайтын мүсәпір болсаң, мүмкін, тиісе қоймас. Әй, қайдам, онда да қожаңдап, ең болмаса әйеліңе тиісіп қорлап бітер еді. КГБ-нің бір полковнигі «алмас кездік қап түбінде жатпайды» дегенді бірде айтып қалған еді. Таяқтың неше көкесін жесек те өзіміз тыныш жүре алмадық қой. Өзі улы жыланның құйрығын тағы бастық. Әрине, енді біз үшін тағы да жасырын ұйым құру өліммен тең болар еді. Біз енді жабулы қазанның қақпағын ашып көруге бел шешкенбіз. Атын атауға тиым салып тастаған Шортанбай мұрасын зерттеуге ден қойдым. Шортанбай жыраудың жыр қиссаларын жатқа айтқаны үшін он сегіз жылын «ыстық» жақта өткізген Анарбек жыршы басқаға сенбесе де маған сенген, сол кісінің айтуымен қиссаны магнитафон таспасына түсіріп алып, жасырын сақтап, әредік елге де тыңдатып жүрдік. 1980 жылы ұлы жыраудың басына Шет ауданы азаматтарын ұйымдастырып, көктас қойдық. Бүкіл шәкірттерімен атылған Қыздарбек күйші мен оның ізбасарларының ғұмыр жолын, күйлерін зерттеп, жарыққа қайта шығардық. Солардың ішінен Абылай ханның «Дүние ғапыл», «Қайран елім» күйлерін табу, оны эфирге жіберту аса зор күшке түскен. Ол жеке әңгімеге тұрарлық мол дүние. Сан рет жігерім құм болған.
1984 жылы алғаш рет Кенесары ханның қорғанында болдым. Ұлы хан Ресеймен соғыс тұсында Арқа мен Бетпақтың жалғас тұсына қамал салдырған екен. Қамал сол әскери инженерияның бар талабына сай салынған. Сол қамал іргесінде ханның өзі қаздырған құдығы әлі бар. Ең өкініштісі, бүгінде республиканың бар газетіне осы құдықты қалпына келтіру жөнінде сан рет жазсам да селт еткен не бір әкім, не басқа азамат жоқ. Ал, сол Кеңес заманында Кенесары ханның атын атауға болушы ма еді?
Бұлардан басқа осы маңда 1931 жылдары атылып кеткен оншақты ақынның мұрасы, отыз екінің сұмдықтары туралы зерттеулер бар. Мұның бәрі улы жыланды түрткілеу ғой. Тегін кетпеді. Үстімнен арыз бораттырды. Оқу бөлімінде барлы-жоғы инспектор едік, «Районо жұмысының ақсауы оны Алаш ордашылар басып алғандықтан» деп, бізді де, тіпті мектептегі жұбайларымызды да жұмыстан қуу жөнінде аупарткомның АПО-сы мәселе дайындап, бюроның шешімін шығартты. «Халық жауы» атағын мойнымызға ілген зобалаң аз болған жоқ. Досым Зейнолла Игілікұлын бес рет жұмыстан қуды. Сонда райком дегеннің бірінші басшысы оған «сен халық жауысың» деп зіркілдегенін кім ұмытар? Ақыры осы қуғын-сүргінді көтере алмай жүрегі науқасқа ұшыраған Зекең 1988 жылы дүниеден өтті. Айта берсең, сұмдық жетеді ғой. Менің үйімде екі баламды бірдей дәрілеп естен тандырып, қораға апарып тастап, тінту жүргізгені естен кетер ме. Өзімді атсаңдар да, қайта түрмеге қамасаңдар да ризамын, бала-шағама тиіспеңдер деп өтініш жаздым. Онымды кім тыңдаған. Шыдай алмай Алматыға барып, досым, жазушы Қалихан Ысқақовқа осы жағдайды айтқанымда, оның түсі бұзылып кетті.
«Байқа. Енді қатты байқаулы бол. Мына беттерінде сені өлтіріп жіберулері мүмкін» деген еді ол. Ондай жағдайлар көп қой, қайсы бірін айта бересің.

ІШКІ СЫРЛАР

– Жерімізді тас-талқан етіп, бүгінгі ауыр экологиялық жағдайға әкелген, Арал теңізін суалтудың басы болған, қазақты халық ретінде жер бетінен жойып жіберуге бағытталған «Тың» саясатын тойлау сорақылық қой. Екінші дүние жүзілік соғыстан соң АҚШ атом бомбасымен әлемге қоқан-лоққы жасады. ССРО оған жауап ретінде өз атомын жасады. Оны жарып-сынау Қазақ жерінде жасалды. Сол жарудан келген қасіретті халқым әлі көріп отыр, болашақта да зардабын тартып бағады. Халыққа қасірет, зиян дегенді ойламасақ, ұлттық намысымыз болмаса, бұлай бола берсе, түбінде «алғашқы атом бомбасының қазақ жерінде тұңғыш жарылу салтанаты» деген де той өткізетін болармыз.
Жиырмадан асқан шағымызда басымызды қатерге еліміз үшін тіксек те, орден үшін тіккен жоқпыз. Алған орденнің ең үлкені тәнімде. Челябінің түрмесінде бір орыспен ойда жоқта жекпе-жекке шығуға тура келді. Не өмір, не өлім екенін ол мұжық ашық айтқан. Құр қол едім. Әуелде жұдырықтасудан бастағанбыз. Онымен мені ала алмады. Кенет қолында жалт еткен бірдемені көзім шалып қалып, қолымды төсеп үлгергенмін. Қан аспанға шапшыды. Соңғы сәтті пайдаланып иектен соғып үлгердім. Сонан қалған жара елім үшін алған орденнің ең үлкені.
Әнебір жылы тәуелсіздіктің он жылдығы аталып, салтанатты жиналыс болды. Сонда айнала шенеуніктерге медаль үлестірілген. Ол бізге тимеді. Сол салтанатты жиналысқа қатынасып отырған Жібек Құрманова деген қария ұстаз «Әй, мынау не сұмдық? Осы тәуелсіздік үшін жанын пида етуге дейін барған Кәмел мен Зейнолла емес пе еді. Бұлар неге атаусыз қалды» деп айғай салған.
Орден, медалдан құр қалсақ та халықтың құрметінен артық ештеңе жоқ. Бізге темір-терсегін қимай қалған шығар. Біз кеше КГБ-ге қызмет еткен салпаңқұлақтардан арыла алмаған, оларды әшкере етіп, лауазымды қызметінен босатпаған елміз ғой. Мақтау-мадақтау әлі солардың қолында. Солар шығар, темір-терсегін қимаған.
Ең өкініштісі, бүгінгі сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырған солар ғой. Олар елдің болашағын, тәуелсіздікті ойламайды. Олардың тізгіні Мәскеу жақта, қожайындары да сол жақта.
– Сұхбатыңызға рахмет, Кәмел аға! Алладан тілейтініміз: аман-сау болыңыз!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button