Ғалымның хаты

Надандықтан жиреніп, жылысалық

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Қауым болып өмір сүру – жанды жаратылысқа тән қасиет. Қауымды құрайтын мүшелерінің жеке мүдделерімен қоса қауымның барлық мүшелеріне қатысты да мүдделері болады. Міне, көпшіліктің мүдделерін жамағат атынан шешетін басқарушы және орындар құрылады. Бұл топқа мемлекет  басшысынан  бастап, оның төменгі орындардың барлық қызметкерлері, оларға бағынышты мекемелердің бәрінде де қызмет атқаратындардың бәрі кіреді. Халықтың хал-ахуалы осы мекемелердің қызметкерлерінің адалдығы мен әділдігіне, солардың ұстанған саясатына, біліктілігіне байланысты. Бүгінгі таңда, халық атынан сөйлеушілер мен мемлекеттік бақылау орындарының дерегіне сүйенсек, мемлекетіміздің көлемінде, мемлекеттік органдарда қызмет атқаратындардың тарапынан парасыз ешбір амал дұрыс шешімін таппайды. Пара жайлаған елдің халқының санасында әділеттік бар деген сенімін жоғалтуына, шындық, әділеттілік бар сөзіне иланбақ түгілі естігісі де келмеуіне, болашаққа  сенімсіздікпен қарауға әкеледі. Міне, Абай мен Шәкәрімдер өмір сүрген заманда басшылар тарапынан жасалған заңсыздықтар қазіргіден артық болмаса кем деуге ауыз бармайды. Осының салдары ел арасында  адамгершілікке жат амалдардың таралуына себеп болған.

Әкемнің туған ағасы Әуесхан атам есте сақтау қабілеті жоғары, мақал-мәтел, уағыздарды, дуалы ауыз билердің адамгершілікті уағыздайтын аталы сөздерін жатқа айтып отыратын. Ел арасында жасырын жасалған зорлық-зомбылықтың, қиянаттың кейін ашылатын шындығы да болады. Ондайды жаны сүймейтін. Бірде жездеміз – атамның үлкен күйеу баласы Мұқатаймен бірге атам үйінде отырғанбыз. Мұқатайдың 4-5 атадан қосылатын аталарынан ағайынды екеуі қажылық парызын өтеген қажылар екен. Бас қосып, бірге отырғанда сөзден сөз туындап, әңгіме талай жерге барады. Сондай бір сөз арасында жездем бір-екі рет «екі әкеміз қажы болған» деп қалды-ау деймін. Атам «Әй, мақтанбай жайыңа отыр. Қажы әкеңнің ұрлығын да ел біледі» деді. Кейін жездемнен «кешегі атамның айтқаны не сөз?» деп сұрағанымда: Ол «Қазіргі Иса бидайығы, тоқа Бүксіктің жері «Бүксік бидайығы» аталатын. Біздің атамыз сол жерге таласып, оязға шағымданыпты. Осы арызды шешуге пәуескесіне екі қара арғымақ жегіп, ояз келіп, істі ертең қарайтын болып қонып қалады. Ертеңіне ояздың жегіп келген екі арғымағы жоғалады. Іздеушілер жоқ жылқыларды Бүксіктің жылқысының ішінен тауып, оязға Бүксікті ұры қылып көрсетіп, ояз жерді атамыздың пайдасына шешіпті. Бірақ ел арасында аттарды ұрлатып, Бүксіктің жылқысына қостырған деп біздің атамыз қажы Қаңтарбайдың Исасын  кінәлайды» деді. Бұл жерде уақиғаның шындығы осылай болса, онда қажының ақылының орта шегінен асып, айлакерлікке, алдау мен арбауға көшкендігі деп түсінеміз. Анығын Алла біледі.

Зиялы қауым санатында жүрген кейбір азаматтар өмірден өткен тұлғалар туралы  бісмілләсін: «Қараңғы, надан сорлы жұртын, маужыраған ұйқысынан оятқан, жарық сәулені көрсеткен, жаппай сауатсыздықты жою үшін  қызмет еткен» деп  бастайды. Осынша қорлауға халқымыз нендей күнәсімен лайық болды деген ойымның ұшығына жетсем деген ниетпен зиялы қауым деп жүрген баспасөз қызметкерінің түсінігін білейін деген ниетпен солармен сөйлессем, «Сіз не білесіз, оны Абай  мен Сұлтанмахмуттар «қараңғы, надан, сауатсыз» деп айтқан соң бұл сөздер пайдаланылады» деген жауап алдым. Менің «Сұлтанмахмут пен Абай Алла да емес, Пайғамбар да  емес, пенде ғой, сондықтан олардың сөздерінің мағынасын зерттеп-зерделеп пайдаланған дұрыс шығар» деген уәжімді тыңдамады.

Мен де пендемін ғой, «түсінігім қате шығар» деген оймен қараңғылық, сауатсыздық, надандық сөздері пайдаланылған Алланың кәләмі аяттарды, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерін, Абай мен Сұлтанмахмуттан да басқа ақын-жазушылар мен ойшылдардың айтқандарын тауып, мағынасын іздедім. Солардан қарапайым халыққа қатыстысын көре алмадым.

Тарих исламға дейінгі араб қоғамында көп құдайға, пұттарға табыну, қызды тірідей жерге көму, араққұмарлық белең алған заманды «қараңғылық дәуірі»  деп атаған. «Ибраһим» сүресінің 1-, 2-аяттарында «Әлиф Лам Ра (Уа Мұхаммед!) Бұл – пенделерді Раббаларыңның қалауымен тас қараңғы түнектерден жарық   нұрға  және Азиз (ең ұлы, шексіз үстемдік иесі), Хамид (мақтауға, мадаққа әбден лайық) Алланың жолына шығаруың үшін өзіңе түсірген кітабіміз», «(Біз Құранды адамзатты) күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрі бір өзінің иелігіңде болған Алланың жолына (салуың үшін түсірдік)» десе, 5-аятында «Сондай ақ Біз Мұсаны да «Қауымыңды тас  қараңғы түнектерден жарық нұрға шығар һәм Алланың күндерін естеріне сал» деп, аяттарымызбен, айқын дәлелдерімізбен жіберген едік» деді. «Небары 23 жыл ішінде Ислам діні, оны уағыздаушы Пайғамбар  (с.а.у.), қараңғылықта болған араб қоғамы мен бүкіл дүние жүзінде өмір сүретін адамзаттың үштен бірін, яғни бір жарым миллиард пендені қараңғылықтан шығарып нұрға бөледі»  (Дербісәлі қажы, ҚМДБ Бас мүфтиі).

Бір білікті адам: «Ақылға барлығы да мұқтаж. Және ақылдың да тәжірибеге мұқтаждығы бар. Ақылдан қымбат байлық жоқ, надандықтан жаман кедейлік болмас. Адам неғұрлым білімді болса, оған соншалықты ақыл қажет. Ақылы шамалы ғалым бір табын малды жаяу баққан әлсіз малшы сияқты» депті.

 Надан, қараңғы, сауатсыз сөздері сөйлемнің мағынасына қарай кімге бағытталып айтылғаны өзгеріп тұрады.  Әріп танымайтын, оқи алмайтын адамды сауатсыз дейміз.

Сауатсыз еді хақ расул,

Мектеп медресе көрмеген.

Оқи, жаза  білмеген,

Не хиқмет сыр айтқан, («Мәуліт» поэмасынан).

Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы айтылып тұр. Негізінен, ақындар қауымы, ел арасында кездесетін келеңсіздіктерден қарапайым халықты қорғаушы және ел басқарушылардың халыққа ашық айтудан жасқанатын амалдарын әшкерелеушілер ретінде танылады. Олар ел арасында терең жайылған адами қасиетке жат қылықтан қарапайым халықты қорғаудың қаруы ретінде сынды пайдаланды. Алайда сынаушының сыналушыға ықпалын арттырамын сезімімен, сынды тым құлдилатып жіберетіндері кездеседі. Айтылған ойдың дәлелі ретінде Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.у.) хадисінде бұл туралы не айтылғанына назар аударайық.

Ақындық – Алла берген ерекше қасиет. Құран кәрімнің «Шуғара» сүресінің 224-, 227-аяттары:  «Ал шайырларға келсек, олардың соңына тек тура жолдан тайып, бетімен кеткен азғындар ғана ереді. «Олардың сезімге беріліп, (бірде жақсылықты жырласа, бірде  жамандықты жырлап, бірде мақтау, бірде даттау жаудырып) сай-салада, бет-бетімен лағып жүргенін көрмеймісің». «Сондай-ақ олар өздері істемейтін істерді сөз қылады». «Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін ақындардың жөні бөлек (яғни, дін дұшпандары өзіне, (дініне пайғамбарға немесе діндес бауырларына тіл тигізгенде, қарап қалмайтын от ауызды, орақ тілді, жүрегінің  түгі бар ақындардың жөні бөлек). Ал (шайтан мен нәпсінің жетегінде кетіп) өздеріне һәм өздгелерге зұлымдық қылғандар (және адасқан ақындар) болса, өздерінің ақырының не боларын, әрі қандай төңкерісті бастан кешіретіндіктерін әлі-ақ біледі».

Алланың кәләмі құран аяттары, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистері, даналар және Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмут, М.Дулатұлы, Ғ.Қараш, Әлихандар, басқалардың пайдаланғаны кездесе қоймады.

Надан, қараңғы, сауатсыз сөздерін қандай мағынада пайдаланды деп анықтадым. «Ағраф» сүресі 199-аятта: «Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма).  Мағынасы: «Оларға бөгеліп қалма, яғни, олардың істегендеріне көңіл аударма. Надан наданша әрекет етеді. Сен олардай емессің. Олай болса, олардың саған жасаған әрекеті секілді оларға сен де дәл ондай әрекет жасама. Сен биязылық иесісің. Сыпайы, жұмсақ мінезді жансың» делінген. «Нұр» сүресі 27-аятта: «Уа, иман еткендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің табалдырығынан рұқсат сұрамайынша және үй иесіне сәлем бермейінше, аттамаңдар» ( Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.); «Бір адам Аллаһ елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм); «Исламдағы ең игі іс қандай?» деп сұрағанда, ол. «Қарны аш адамды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да, жолыққан адамдарға сәлем беруің» деген (Бұхари, иман 6; Мусим, иман 63), «Амандықтан бастамаған кісіні табалдырықтан аттатпаңдар»   (ҚМДБ, 114-Б. 942). Түсінігі: Алла елшісі (с.а.у.) Надан адамды тәрбиелеу үшін деген. «Күнәлар – надандық ісінен, күнә жасаған кісі Аллаға серік қоспаса кәпір болмайды» (Сахих Әл-Бухари). «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды» (Бухари, мазалим 3;  Муслим, бирр 58).  «Адам Алла мен Оның Елшісін барлық нәрседен жақсы көрмейінше, мұсылман бауырын тек қана Алла разылығы үшін жақсы көрмейінше, Алла тура жолға салғаннан кейін имансыздыққа қайтуды тозақ отына түсуді қаламағанындай жек көрмейінше иман дәмін татпайды» деп айтады (Муслим). «Аллаһ елшісі (с.а.у.): Мүмін мен мүмін (яғни, мұсылман қауымы) бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді» деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне айқастырды» – деген. (Бұхари, саләт 88; Муслим, бирр 65). Түсіне білген мұсылман бауырға мұнда үлкен ғибрат бар. Демек, мұсылманның мұсылманды жақсы көруі – бізді жақсылыққа жетелейді.  «Абай үшін кепілдік төлеп түрмеден шығуына себепші болған қыз Салтанат Семейде болғанда, ол да Семейде болғандықтан, оны Салтанаттан қызғанған Әйгерімнің ренішін тарқата алмаған Абай: «Өзге көп қатын алған, надан, топас, қиянаткер ерлердің мінезінен нем артық» деп ойша қиналғаны келтірілген («Абай жолы» 4-т. 217-б).

Абай хакімнің надандық сөздерінің мән-мағынасын саралайық:

Үшінші сөз: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір  мақтаншақ қорқақ, ақылсыз надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».

Жетінші сөз: «Хайуан  білмейді, білемін деп таласпайды. Түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды  адырайтып кетеміз». Хакім Абай надан адам дегенде, мәдениетсіздерді,  салт-дәстүрді,  жақсылығын ел мойындаған парасатты жамағатпен бірге болғанда өзін қалай ұстауды білмей, жөнді-жөнсіз сөзге араласатын, сөз таластыратын жүгенсіздерге қаратып айтқан.

Жиырма бірінші сөз: «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалап есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді-осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез ақылдылардың, арлылардың, артықтар  мінезі. Олар «өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем» деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі: «демесін» демейді», «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанаып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгілі, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтар үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин (бірақ) надан болса да адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, яки аулына келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол наданның наданы ләкин өзі адам емес».

Жиырма үшінші сөз: «Оған Құдай Тағала айтып па? Пәленшеден тәуір болсаң болды деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп?».

Жиырма бесінші сөз: «Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынан бір қаққанға  сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к…і ашылса да қам жемейді».     

Жиырма  алтыншы сөз: «Қазақтың аты озса, балуан жықса, салған құсы алса, қосқан  иті аң алса, есі шығып қуанады. осыларға қуанарлық не бар, келесі жолы басқаның да басына келеді. Басқаны ыза қылғанға ма? Ал ана ыза болушы неге жер болып қалады екен. Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Қуанғаннан есі шығып, не істеп, не қойғанын білмейді. Мұның бәрі – надандық ақымақтықтың әсері».

Отыз алтыншы сөз: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның  иманы  жоқ деген. «Ұят кімде болса, иман сонда» мақал. Олай болғанда, білмек керек. Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған сияқты. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан керістендіріп шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялатын мұндай ұят шын ұялу – ақымақтық, жамандық».

Отыз жетінші сөз: «Хикмет сөздерді өзімшіл наданға айтқанда, көңілдің уанғаны да болады, өшкені де болады».

Отыз сегізінші сөз: «Өзіне ерекшелік бермек, адамды бұзатын іс. Әрбір наданның біз тәрихатқа (діни ағым, дін жолы) кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегенімен бір болады. Аллаға иман келтіріп, жүрегіңмен шын сеніп, оның сипаттарына өз пығылыңды ұқастыруды мақсат қыл. Алла тағалаға ұксай алам ба? деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады».

Абай хакім бұл жерде білім-ғылымның жоқтығы дегенде қолында байлығы, билігі барлардың бала-шағасын, жақын-жуығын, ауыл молдасынан алған білімінен әрі қарай қаржы жұмсап, оқытпағанын сынаған. Құнанбай маңайынан басқа ауқатты тобықтылардың ешқайсысы ұрпағына жоғарғы оқу орындарында, шет елдерде  білім алмақ түгілі, медресе дәрежесінде білім беруге амал жасамағанына көңілі қалып, қатты айтқаны. Және де білімсіздік дегеніміз – құдайға құлшылықтың негізгі шарттарын, арам мен адалды айырмау, ең бастысы халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білмеу дегенге саяды. Немесе үлкенді сыйламау, кішіге мейірімсіздік. Орынсыз жерде сөзге араласу, өзінен білімі жоғары адаммен сөз таластыру. Әдепсіздік. Анайылық. Сөз мәдениетінің жетімсіздігі. Нақтылы сұрақты немесе бір ғылымның саласын білмеу емес. Бір кісі Науан хазіретке «пәлен моллаекең сұраған сұрағымның жауабын білмеді» деп шағым айтқанда, «бірді біліп-бірді білмесе молла шығар, бәрін білетін Алла шығар» деп пенденің білетінінен білмейтінінің көптігін меңзеген.

Иман – ғибадатпен (табыну) нұрланады. Аллаға ғибадатын жүрдім-бардым құлықсыз орындайтындар туралы. Егер надандар ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, оны қылып жүрсе де, иманының күңгіртенуі, не сөну қаупі де бар деген.

Қырық бірінші сөз: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылмен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен біткен надандық әлдеқашана адамшылықтан кетірген. Бұлар сыңар езу, өз дегені болмаса   басқаның дұрыс айтқанына көнбейтін бір беттіге қатысты».

Қырық үшінші сөз: «Құдай тағала ақыл бермеген соң қайтейік?» демек, «Құдай тағала сенімен мені бірдей жаратып па? Демек – Құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл – ойсыз-өнерсіз надан адамның ісі». Ақылы төмен еш нәрсенің парығын ойламайтындар».

Міне, Абай хакім надандық сөзін халыққа қаратып еш жерде пайдаланбаған, барлық жағдайда жеке пенденің кемшілігін көрсетуге пайдаланған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Тұрсынбек Кәкішев Египетке сапары жайлы естелігінде: «Әсіресе ол орналасқан Африка құрлығы евроцентрлік насихаттың салдарынан надандық жайлаған, мәдениеті төмен халықтар»  деп жазды. Европоцентри́зм – европаның, оның  халықтарының артықшылығын  насихаттау. Тұрсекең жазғандай, Евроцентри́змнің әсері тек қана Египетте надандық  жайылуына әкелген жоқ, надандықты бүкіл дүние жүзіне жайды. 19 ғасырда Францияда мәдениеттегі «натурализм» атты қозғалыс бой көтеріп, мәдениет майданындағылардың бәріне жуығы мұны қолдап, бүкіл болмысымен тыр-жалаңаш еркек-әйелдің суретін неше түрлі бейнеде салып, мүсіндерін көпшілік орындарда орналастыру қызу қолға алынды. Әдебиет маңайындағылар некедегілердің өз жарларынан басқалармен де жыныстық қатынаста да болғандарын майын тамыза ашық жазғандардың еңбегі жоғары бағаланып, классик мәртебесіне  көтерілді. Бұны Жаяу Мұса романын оқысаңыз менімен келісесіз. Бұл ұятсыздыққа, жалаңаш, әуретін жаппай жүруге, «тәнің сұлу болса оны көрсетуден несіне қымсынасың, жақсыны көрмек үшін-ге» әкелді. Сорақысы, ұят сөзін пайдалануға ұялатын жағдайға  жеткізді.

Шәкәрім:

Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа.

Надандыққа болды сеп,

Надандықтан жиреніп, жылысалық. (35-б.)

Қақпай ешкім қабаққа. (8-б)

Өзімшіл надандықтан көзі ашылып,

Аңғарар адал жолға жақындарын. (17-б)

Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып

Жүргенмен жағаласып не таба алдық? (34-б.)

«Қашқан жаудан құтылар» деген  қане.

Надандар төрт аяақты малға ұқсайды

Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды. (36-б)

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы

Мін болмайды наданның қорламағы.

Білімділер сөгерлік ісің болсы,

Жоғалта бер айласын, ойла-дағы. (65-б.

«Менің де көп жаралы жүрегім бар

Надандықтан қираған сүйегім бар.

Күндемей шын міндесең, ризамын,

«Қайта жастар сөйтсін» деп тілегім бар. (66-б)

Хош енді көп наданның тілін алдық,

Бірімізге біріміз пәле салдық.

Қайдағы ақылы жоқ наданды

Ойлаған  тілегіне жеткізер. (113-б.)

Жүрегі таза адамдар,

Зұлымдықтан амандар.

Қиянатсыз надандар

Әулиеден кем емес! (159-б)

Надандардың сөгуі айып емес,

Мен ешкімге байлаулы зайып емес. (177-б)

Солармен кірісіп сөзге,

Жоғарғы ой-мақсатым өзге.

Түсіп сәуле соқыр көзге,

Ауыр тұман ашылуы-ай!

Ол ойға көп керек тармақ,

Әр тілден словарь алмақ.

Сынап нағызын алмақ

Наданға болмады-ау оңай!

Сол ойда бес жыл жаздым,

Арыдым шаршадым аздым.

Инемен көп құдық қаздым,

Сырым, ойым, жайым сондай. (195-б.)

Сыртын біліп, сырынан қабарсыз боп,

Надандықпен айтамыз осыны біз. (199-б.)

Ұждандыны мақтайды тамам адам,

Мейлі ғалым болса да, мейлі надан.

Ар, ынсаппен іс қылып азап тартып

Ақ жолында өледі бірталай жан. (202-б).

Үйретсем иман адамға

Әлімге мейлі наданға.

Қолы жүйрік, көзі өткір,

Көңілі соқыр наданғы. (235-б.)

Бір басымның қамы ғой деп,

Қамданып ем жан үшін.

Көп халақтың хақысын жеп,

Көп наданды жылатып. (245-б.)

Жар көрмеген надандар

Жарың кім деп күледі.

(Шәкәрім бұл жерде жар сөзін ақылдың баламасы ретінде пайдаланып, оны-ақылды құлай сүйіп, зор маңыз берген.)

Оқыған ойсыз адамдар,

Жансыз өмір сүреді. (246-б)

Өсімдік жаны нашар боп,

Олардан жәндік және өскен

Жәндіктен адам жаралған.

Ауысыз  қорек жегізген.

(ұрықтың жатырдағы қорегі)

Туғызып түзеп өсірген,

Өзіңді өзім дегізген,

Тіршілік сөйтіп таралған. (228-б)

Менің жарым қыз емес,

Хақиқаттың шын нұры.

Оны сезер сіз емес,

Көзге таса бұл сыры. (238-б.)

Өнері жоқ, ғылым жоқ,

Партия қуған көп надан.

Адам улап, жеген б…-

Іші айуан, сырты-адам.

Жуаннан туған ірімін,

Көп наданның бірімін.

Жарадан аққан іріңмен,

Жұтыппын менде шараптан. (338-б.) 

Сұлтанмахмут Торайғыров:

Қараңғы, қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күнболам!
Қараңғылықтың көгіне

Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін!

Еңбек, бейнет тарауы

Рақатқа сарқылар.

Қыздырып күннің қарауы

Надандық теңізі тартылар.

Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмір сүріп, надан болып.

Анау қырда татар тұр,

Басқалармен қатар тұр.

Мынау ойда қазақ тұр,

Қастарында азап тұр.

Ұйқысы көп, ояу аз

Бұл не деген ғажап тұр?

Бұл ұйқысын ашпаса,

Надандықтан қашпаса,

Басқаларға мазақ тұр.

Міне, надандық туралы  ойымды білдірген сияқтымын.

Өлеңдегі қараңғылық, ұйқысы көп деген не?

Қараңғылық сөзін Ә. Бөкейхан мен  Сұлтанмахмут пайдаланған. Әлихан: «Алаштың баласы аман қала ма, жоқ па?! Болжап болмайды. Қорқамын, жалпы жұрттың қараңғылығынан, басшы боламын деп, тонын айналдырып, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағанынан». Ақыл иесі, даналық дәрежесіне көтерілген Әлихан, жалпы халықтың білім деңгейінің пайым дәрежесінде екенін ескеріп, өзінің азды-көпті білгенін өз пайдасына пайдаланатын нәпсінің жетегіндегілердің халыққа тигізетін зәбірінен қорғаудың айласын таба алмағанынан қорыққан. Ал Сұлтанмахмут білімінің  жетімсіздігінен өлеңіндегі сөздің «салмағын» жоғарылату үшін пайдаланған    болар.

Кейін бәсеңдесе де Үкімет басшылығына Хрущев, Горбачев секілді басшылар келгеннен кейін басшыға бағынбау қайта жаңғырды. Хрущев Сталинды даттау арқылы басшының рөлін жоққа шығарса, Горбачев «жоғарыдан мен қысайын, төменнен сендер қыстаңдар» деумен басшыға бағынбауға жол ашты. Халқымыыз мұсылман дінін ұстанғандықтан, Алланың кәләмі мен Алла Елшісінің (с.а.у.) хадисін бұлжытпай орындауды уағыздай отырып, оқиғаны іс жүзіне асырғанда, Алланың кәләмі мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіне кере-қайшы іс атқаратынына таң қаласың. Жоғарыда келтірілген  «малыңды алса басшыға бағын» хадисін біле тұра малын алып, басқа елге қашып, көшіп, жолда өлім-жітімге ұшырап, апатқа ұшырағандары аянышты.             Халқымызды зор апатқа ұшыратқан кешегі қаңтар оқиғасын еске алсақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде: «Елімізде осы жылдың қаңтар айының 3-5 аралығында билікке қарсы көтеріліс болды. Төңкерісті  ұйымдастырғандардың арасында ықпалды адамдардың қатысы болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикал күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс аймағына айналдырып, елде ойран салмақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді. Осы ретте бүлікшілер неге мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы айдан анық. Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан ары жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көздеді. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты» деді. Қаңтар көтерілісінде ел аман болса орнына келетін дүние-мүлік шығынын қозғамағанда халқымызға орны толмайтын ауыр қайғыға әкелген 230 тарта өндірдей азаматтарымыздың ажалына себеп болуы өте өкінішті қасірет! Пайғамбарымыз (с.а.у.) «бір ай басшысыз болғаннан 50 жыл залым басшының қарамағында болған артық» хадисін білгенмен, оның мән-мағынасын кейбіреулердің жете түсінбеуі әбден мүмкін. Міне, өзінің атағы мен байлығын ғана ойлайтын, бірақ сырт көзге халықтың қамын ойлайтын пендеге ұқсап, аузы көпіріп сөйлейтіндердің ішінен көп болмаса да екіжүзді «халық қамқоршылары» кездеседі. Бұл туралы үлкен тұлға Ә. Бөкейхан жоғарыда келтірілген  даналық сөзінде анық айтылғанын байқаймыз және Ирак халқының бүгінгі күні басынан өткізіп отырған жағдайы дәлел.

Хазреті Әлидің билігінен мін іздеумен болған хауариждер өзінің арам пиғылын іске асырмақ болып, Құрандағы: «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…», делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын елдің бірлігін бұзу үшін пайдаланбақ ниетте: «Үкімді тек Алла шығарады», деп ел билейтін кісінің үкіміне бойұсынбайтындықтарын жариялайды. Хазреті Әли: «Иә, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын, яки, тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет», – деп жауап беріп, бұл аяттың мағынасын елге түсіндіріп, хауариж ағымының теріс пиғылын паш етіп берді.                  Халқымыз «Алладан басқа Алла жоқ. Мұхаммет Оның құлы әрі пайғамбары» деп мұсылмандықты қабылдағанымен оны іс жүзінде бұлжытпай орындай берген емес. Алланың кәләмі аятта, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде басшыға бағынуды егжей-тегжейлі бұйырғаны мен заманның ағымына қарай шариғаттың істеме дегендеріне қарсы әрекет жасағандары тарихтан белгілі. Оларға өкіметтің халыққа отанын тастап шет мемлекетке жер аууына тыйым салғанына бағынбай, шетелге малы мен маңайындағы жақын-жуықтарын алып, жасырын көшуі алдымен отанымызға зиянын тигізсе, олардың өздерінің жолда қырылуына да әкелді.

Біз басымызға келген қиындықты басқадан көріп, өзін жауаптан арашалап алуды дәстүрге айналдырған халықпыз. 1928-1932, 1937 жылдардағы қырғынға әлі күнге дейін Сталинді кінәлаймыз. Өз ішімізден  басшыға бағынбауды үгіттегендер мен дінге де, өкіметтің бұйрығына да бағынбай, жер ауғандарды кінәлаудың орнына оларды жазықсыз жапа шеккендер қатарына қосып, мүсіркеудеміз. Бұл келешек ұрпақты басшыға бағынбауға тәрбиелемей ме? деген ойға әкеледі.

Әрине, бүкіл адам баласына, оның ішінде қандай да жағдайда болсын жапа шекендерге аяушылық таныту, көмек қолын созу – жақсы қасиет, алайда, олардың тарапынан жіберілген кемшілікті де ескерту келешек үшін аса қажет амал.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button