Күреспен өткен ғұмыр
Алаш зиялылары өркениет көшінен қалып бара жатқан ұлтына азаттық таңының арайын сездіруге тырысты. Қазақтың мүшкіл күйде қалуына себепші отаршылдық жүйеге қарсы күреске шықты. Ел болашағы туралы парықты пайым, парасатты пікір айтып, саяси-әлеуметтік өзгерістер әкелетін іс-шаралар жасады.
Алаш идеясын ту қылған ұлт-азаттық қозғалыс көшінің басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және де басқа білімді ұлтшыл азаматтар тұрды. Алаш қозғалысының жастар қанатының басшылығында Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасов жүрді. Тарихшы-ғалым Тұрсын Жұртбаев Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтің туыстығын былай жазады: «Құнанбай Өскенбаевтың Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып тұрғандағы (1849-1852 ж.ж.) қылмыстық ісі үшін сотты болып, Омбыға айдалғанында жер аударудан Бердіқожаның баласы Бураханның ара түсуімен Шыңғыс Уәлиханов пен оның баласы Шоқан Уәлиханов алып қалды. Өйткені Шыңғысқа ана, Шоқанға әже Айғаным ханша – Сарғалтаққожаның ұрпағы. Сарғалтаққожа мен Бердіқожа туыс. Ол кезде Шыңғыс Уәлиханов генерал-губернатор Густав Гасфорттың далалықтарды басқару жөніндегі кеңесшісі, Шоқан Уәлиханов оның адъютанты еді». Міне, осылай, сыйластықтар жалғаса береді. Әуез қажы Бөріліде мектеп ашып, өз балаларымен бірге Құнанбайдың ұрпақтарын да оқытты. Тек иман жолын ғана емес, есеп, жағрафия және басқа пәндерден мағлұмат берді. Ислам жолын Абайдың тәлімімен толықтырып, балалардың ой-санасын оятып, ақ пен қараның, адал мен арамның арасын ажыратуды үйретті. Ал Мұхтар Әуезов тілі шыққаннан бастап, қазақи тәрбиеде Абай өлеңдерімен ауызданып өсті. Қазақтың шұрайлы тілі, сан ғасырлар қалыптасқан дәстүрлі тәрбиесі оны басқалардан ерекше етті. Семейде оқып жүрген балалардың ішінде Абайдың өлеңдерін Мұхтар Әуезовтен жақсы біліп, жатқа айтатын ешкім болмапты. Бала Мұхтар Әуезовті тыңдау үшін Көкбай ақын мен Шәкәрім қажылардың өздері келіп жүріпті. Шәкәрім қажы Әуез ақсақалға: «Нағашы, бір Аллаға мінәжат ете беріңіз! Немереңіз бір жерден шығар» деп ақ батасын берген екен. Мұхтар Әуез қожаның үміт артқан сүйікті немересі болды. Көңілінің немересіне әбден толғаны сонша, санаттағы кісі болатынына жастайынан кәміл сенді. Мұхтардың тілі шыққаннан бастап оған қазақы тәрбие, араб, парсы білімін, иман сенімін көкейіне құйды. Ол жастайынан ұшқырлығымен топ жарып, көзге ерте түсті.
Мұхтар Әуезов
Алашорда өкіметінің белсенді өкілі ретінде барлық аймақтарда жастар бірлестіктерін, ұйымдар құруға от салысты. 1918 жылдың наурыз айында елдегі барлық жастар ұйымдарын біріктіру мақсатында Омбы қаласында үлкен құрылтай өткізді. Құрылтайдың ұйымдастырушы тобын Смағұл Сәдуақасов пен Қошке Кемеңгерұлы екеуі басқарды. Негізгі баяндаманы Мұхтар Әуезов жасап, елдегі саяси-экономикаға, Алашорда өкіметінің істеген істеріне, ондағы қиыншылықтарға тоқталып, жастарды ел билігіне араласуға шақырды
Өзі қатарлас білім қуған жастардың маңдайалды болды. Шыңғыстауда Әуездей абыз атаның тәрбиесін көргені өз алды, Абайдай ақынның ауылымен ауылы аралас, қойы қоралас болып өсуі, Мұхтар Әуезовті озғыр, талантты етті. Көкірегіне от жағып, қиялы ерте оянып, әдебиетке деген құлшыныс тудырды. Мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде Жүсіпбек Аймауытов екеуі Абайдың творчествосын насихаттап, әдебиетке аса бір ерен ынтазарлықпен белсене араласты. Көпшілік жұртқа бар білім-қабілетімен Абайдың ұлылығын ұлықтады. Оның даналығынан өзі де сусындады, басқаларға шынайы әдебиеттің қандай болатынын көрсетті. Семей губерниясының гимназиясында оқыған жылдары тек білім алып қана қойған жоқ, саяси өсу жолынан өтті. Алаш идеясымен сусынданды. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың дүбірінен ширығып Шыңғыстаудың биігінен әлемге көз жүгірте бастады. Ол жастайынан «Абай» творчествосын қазақ поэзиясының алып шыңына теңеп, оның фәлсафалық қуатын, лирикалық нәзіктілігін көрсететін мақалалар жазды. Абай творчествосындағы халықшылдықты Алаш идеясымен үйлестірді. Ұлы ақынның «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сөзін Алаш қозғалысының түпкілікті мақсаты екенін көпшілікке түсіндірді. Мұхтар Әуезов әу бастан қолына қалам ұстағаннан-ақ бар жігер-ынтасын, білімін ұлт тақырыбына арнады. Ал тақырыпты туғызатын – өмір. Ахмет Байтұрсыновтың «Масасын», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» шығармаларын жалғастырып, қазақ қауымының жаңаруының жолын көрсетуге тырысты. «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарын оқып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың жазғандарын мұқият қарап өсті. Оны көп ойландырған мәселелерінің бірі «Неге қазақ қауымы басқа ұлттың алдауына, арбауына тез түседі. Ақкөңіл, ашық, қайырымды халық қалайша алаяқ, қуларға жем бола бермекші? Не істеу керек?» болды. Ойланып, толғанып басқаға жем болмау үшін білімділікпен бірге мәдениеттің жоғары болуы шарт деп түсінді. Сонда ғана сенімен санасады, сыйлайды. Ұлттық намыс пен ұлттық рух та мәдениетке негізделуі тиіс. Неғұрлым мәдениетің жоғары болса, соғұрлым парасаттылығың артады, намысың шыңдалады… Мұхтар Әуезов ұлт пен ұлтшылдықты бөле-жармай біртұтас күйінде қабылдады. Жүрегіне ұлтты сүю ұғымы жастайынан ұялады. Тәлім-тәрбиесі, қалыптасқан болмысына сай қоршаған ортасы, өмір мектебінен болашағын ерте айқындады. Өскен орта, алған тәрбие, жүрегінің түйсігі оны ұлтшыл етті. Өз тағдырын, ұлт тағдыры мен біте қайнатып, елінің азаттықтағы бақытты өмірін аңсап өсті. Дүниедегі ең әділетті күрес – ұлт үшін күрес деп санады. Бұл жылдары Алаш қозғалысы елде кең етек жайып, көпшіліктің қолдауына ие болған еді. 1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның «қара жұмысқа» қазақ жастарын алу жөніндегі жарлығы шықты. Бұл отаршылықтың қитұрқы саясатына қарсы Азаттық күрес күшейе түсті. Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін зиялы қауымның өзі екі бөлінді. Орыс әдебиетімен, Еуропа мәдениетіне сенген топ батысшылдар болып, ал ұлттық-діни өзгешеліктерді жоғары санаған топ түрікшілдер, панисламизм бағытын ұстанды. Батысшылдар «Қазақ» газетінің маңына топтасып, болашақ Алаш зиялыларының негізі қаланды. 1916 жылдың екінші жартысына дейін қазақ зиялылары қалай болғанда да тұтас толқын болды. «Оян, қазақ» ырғағына түсті. Алаш қозғалысы Ресейде болған екі революция кезінде өз бағдарламасымен жеке толқын, жеке ағым болып шықты. Ол Алаш партиясы, Алашорда автономиясы, Алаш халық кеңесі болып қалыптасып, большевизммен жекпе-жек айқасты. Жаңадан мәдени-саяси ұйымдар құрылды. Егер осыған дейін бірлі-жарым қазақ жастарының «Бірлік» тәрізді мәдени-ағарту ұйымдары ғана болса, енді олардың қатары көбейді. Омбы қаласында «Демократиялық оқу жастар кеңесі», Ақмолада «Жас қазақ», Спасскіде «Жас жүрек», Меркеде «Қазақ жастарының революциялық орындары», Семейде «Жанар», Қызылордада «Талап» ұйымдары пайда болды. Тіпті 1916 жылдың күзінде Минск қаласының маңында «қара жұмысқа» алынған қазақ жастарының арасында мың басылары Нәзір Төреқұлов пен Біләл Сүлеевтің басшылығымен «Еркін дала» жасырын ұйымы құрылды. Ғасыр толғауындағы қазақтың пассионарийлік тұлғаларының күрестің жаңа түрі «халық ағартушылығын» таңдауы өз жемісін бере бастады. Ұлттың көзі ашылып, рухы көтеріліп, саясатқа араласты. Санасы серпілген, Алаш идеясымен сусындаған бұқара халық 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске бір адамдай жұмыла көтерілді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс барысында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов Алаш қозғалысының белсенді мүшелеріне айналды. Олар әр тақырыпқа көптеген мақалалар жазып, Алаш қозғалысын насихаттады. Мұхтар Әуезов «Адамның негізі – әйел», «Ғылым», «Қазақ ішіндегі партим неден?» деген және де басқа мақалаларында саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерді көтеріп, ұлтты тәрбиелеу мәселесіне көп көңіл бөлді. Қоғамдағы өзгерістердің оң нәтижеге жетуі үшін ұлтшылдық идеясы болуы шарт деп ашық жазды. Надандықтан тартынып, еңбекке ұмтылу үшін ұлтшылдық намыстың орнына үлкен мән берді. 1917 жылдың 27 шілдесінде Семей семинариясында бірге оқитын жан досы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақала жазды. Бұл саяси тақырыпқа жазылған мақала Алаш қозғалысына арналды. Ресей отаршылдығындағы қазақ ұлтының болашағы Алаш идеясының негізінде қарастырылды. Осы аумалы-төкпелі кезеңде тек Алаш зиялылары ақ пен қараны ажыратып, ұлтының жойылып кетпеуіне жан-дәрменімен іс жасап, жүргенін көпшілік жұртқа түсіндіруден жалықпады. Бұл кезеңді 1917 жылы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың ұлттық қалпы өзгерілді. Тізгін-мақсаты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға киліктік» деп жазды. Көшпелі мәдениеттің келмеске кетіп, қайталанбас біртума қасиеттерінің ұмытылып бара жатқанына қиналды. Халқының елдігін, ерекшеліктерін сақтау, ұлттық намыс пен ұлт абыройын асқақтатуды армандады. Өмірін, бар қабілет, талантын көшпелі мәдениеттің үлгісін әлемге таныту үшін аянбай еңбек етуге өзіне ант берді. Ресейдегі 1917 жылы ақпан төңкерісін қазақ халқы қуана қарсы алды. Бұрынғы зорлық-зомбылық өз алды, былтырғы ұлт-азаттық көтерілісті қан-жоса қылып басуын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ еді. Әлі де репрессия жалғасып, ел тоналып, арып-шалдығып отырған болатын. Бірақ қазақ қауымының көпшілігі бодандық бұғауынан босанып шығуына мүмкіншілік туса да, тағы да бірден іске кірісіп кете алмады. Бірнеше ғасыр отарлық саясаттың қапасында тұншыққан бұқара халық бостандықты сезіне алмады. Саяси тәжірибенің жоқтығы, санадағы қараңғылық азаттық үшін жанқиярлық әрекеттерге тартпақтап жібермеді. Патша өкіметінің құлап, Уақытша өкіметтің келуін Алаш зиялылары ғана жақсылыққа жорып, тәуелсіздік бағытында іс-әрекет жасап қалуға тырысты. Бұл жерде өкімет билігін алған Керенскийдің кадет партиясынан екендігі де әсерін тигізді. Алаш серкесі Әлихан Бөкейханов кадет партиясының басшылық комитетінің мүшесі болатын. Уақытша өкіметтің Орталық Азияға көбірек көңіл бөлуіне Керенскийдің Ташкент қаласында туып өсуі де әсер етті. Ал Әлихан Бөкейханов осы саяси дүрбелеңде уақытша өкіметтің мүшесі-министр болып қалмай, Торғай комиссары болып елге оралуы Алаш қозғалысын жаңа деңгейге көтерді. Қазақ зиялылары азаттыққа жетудің ыңғайлы сәтінің келгенін сезіп, ұлт мүддесін ашық қорғауға кірісті. Бұқара халықтың белсенділігін арттыру үшін газет-жорналдар шығарылып, жаппай саяси-үгіт жүргізіле бастады. Жеке ел болу мәселесі жөнінде пікірталас қуанға түскен өрттей өршікті. Ұлы Дала ұйқысынан оянайын деді. Осы бір аумалы-төкпелі, түсініксіз кезеңде Мұхтар Әуезов жиырма жасында халқына сөз айта алатындай даналық дәрежесіне жетті. 1917 жылғы алаш идеясымен бірге адамшылық идеясын қатар ұстанды. «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы» деп жазуының өзінде, қазақ үшін адамшылық жолының көзі алаш идеясында» деген қағида жатыр. Қара бастың, тіршіліктің қамын ғана ойлау адамшылық қасиеттің жолын бөгейді, кері кетіреді, жақсылықтың бәрін ерте ме, кеш пе жаманшылыққа айналдырады дейді. Көпшіл, халықшыл, ұлтшылдық қана адамшылықтың отын сөндірмейтін жалғыз құдіретті күш деп көрсетті. Ұлтшылдықты адамшылық идеясымен жалғастырып, бақытты өмірдің бағытын анықтады. Ақкөңіл, қайырымы мол қазақ, аңқаулығымен бір күн тойғанына мәз болып орта жолда қалып қоймауы керек. Білім, ғылым, еңбек арқылы ғана алдағы мақсаттарға жетуге болатынын құлаққа сырға етті. 1917 жылдың 25 қазанында енді Уақытша өкімет құлап, билікке большевиктер келді. Ресей империясының шет аймақтары иесіз, биліксіз қалды. Ұлттық аймақтардағы саяси партиялар елдегі ахуалды пайдаланып, өздерінің дербестіктерін жариялай бастады. Халқының болашағын ойлаған Алаш партиясы да тарихи тәуекелділікке барып, мойнына үлкен жауапкершілік алды. Осы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен екінші жалпы-қазақ съезі – Алашорда мемлекетін құру туралы бірауыздан шешім қабылдады. Ұлт кеңесіне 25 адам кіріп, 10 адамнан тұратын Өкімет құрамы сайланды. Әлихан Бөкейханов өкімет төрағасы болып, ал Семей қаласы елорда болып бекітілді. Алаш зиялылары қазақтың күре тамыры болып, көзі ашық, көкірегі ояу «қазақ азаматтарына ашық хат» жазып қазақтың мұң-мұқтажын орындауға бар күш-жігерін жұмсауға шақырды. Мұхтар Әуезов Алашорда өкіметінде қызмет істеген кезінде негізінен, сыртқы байланыстарға және жастар қозғалысына жауап берді. Елдегі ішкі жағдайдың тұрақсыздығы оншалықты болмаса да, қазақ билігі бауырлас түркі халықтарымен бірге болуға ұмтылды. Олар Ресей империясының ерте ме, кеш пе, отаршылық саясатын жалғастыратынын білді. Орталық Азия халықтары бірікпесе, ортақ әскер жасамаса, шет елдермен байланыс орнатып, соларды көмегіне сүйенбесе дербес, тәуелсіз бола алмайтындарына көздері жетті. Мұхтар Әуезов Алашорда өкіметінің белсенді өкілі ретінде барлық аймақтарда жастар бірлестіктерін, ұйымдар құруға атсалысты. 1918 жылдың наурыз айында елдегі барлық жастар ұйымдарын біріктіру мақсатында Омбы қаласында үлкен құрылтай өткізді. Құрылтайдың ұйымдастырушы тобын Смағұл Сәдуақасов пен Қошке Кемеңгерұлы екеуі басқарды. Негізгі баяндаманы Мұхтар Әуезов жасап, елдегі саяси-экономикаға, Алашорда өкіметінің істеген істеріне, ондағы қиыншылықтарға тоқталып, жастарды ел билігіне араласуға шақырды. Баяндаманың әсерлігі сондай, елдің түкпір-түкпірінен келген 21 ұйым өкілдері бірігіп «Жас азамат» бірлестігін құратындары жөнінде шешім қабылдады. Мұхтар Әуезов бірауыздан президиум мүшесі болып сайланды. Бұл ұйымдар жастарға жан-жақты білім беріп, азаттық үшін күреске дайындады. Білімді жастардың қатарын көбейтіп, оларға ұлт алдындағы парызы мен қарызын түсіндіріп, толық Тәуелсіздікке жетудің жолын көрсетті. Саяси күрестің қыры мен сырынан сусындырды. Газет-жорнал шығару тәсілдеріне, оған арнап жазылатын мақалалардың өзектілігіне үлкен мән бере баулыды. Мұхтар Әуезов өзін тәжрибелі саясаткер ретінде көрсете алды. Оның қоғам тынысы, ертеңгі күн жөніндегі мағыналы баяндамасын жас алашшылар жылы қарсы алып, үлкен ілтипат көрсетті. «Бірлік» жастар ұйымының басшылары Смағұл Сәдуақасов пен Қошке Кемеңгерұлдарымен съезд жұмысын жоғары деңгейде өткізіп жастардың бірлігіне мұрындық болды. Ал баяндамасы «Жас азамат» газетінде «Ескеру керек» атаумен мақала болып жарияланды. Бірақ көп ұзамай-ақ пен қызылдардың соғысы барысында Омбыға адмирал Колчактың билігі орнап, «Жас азамат» бірлестігі өзіне міндеттелген істерін толығымен атқара алмады. Шалғай жатқан елді мекендердегі байланыс біртіндеп азая берді. Дегенмен, аз уақыттың ішінде жастар арасында байланыс жақсарып, ұлттық бірлік, азат ел болу мақсатында іс-шаралар жасалды. Жастар құрылып жатқан ұлттық атты әскерге, тәртіп сақтау отрядтарына өз еріктерімен жазыла бастады. Әсіресе «қара жұмысқа» алынып, соғыстың не екенін көрген «Еркін дала» ұйымының мүшелері белсенділік көрсетті. Мұхтар Әуезов шет елдермен байланыс жасау бағытында да елеулі табыстарға қол жеткізді. Әсіресе башқұрт, татар, өзбек бауырластармен тығыз байланыс орнатылып, түркі халықтарының болашақ бағыт-бағдары анықталды. Алашорда өкіметінің ел билігіндегі негізгі ұстанымдарының бірі – түркішілдік. Алыс-жақындағы түркі елдерімен саяси, рухани-мәдени байланыстарды дамыту өзекті мәселе болды. Осындай қыруар, өте жауапты саланы жиырмадан енді асқан Мұхтар Әуезовке жүктелуінің артында оның ерекше дарындылығы, істеген ісіне мұқияттылығы және ұлтшылығы жатыр. Алашшылдық пен түркшілдік – Мұхтар Әуезов үшін егіз ұғым. Әлихан Бөкейхановтың және Мұстафа Шоқайдың беделдері оның жұмысына оңтай жағдайлар жасады. Өйткені татар-башқұрт зиялылары оларды жақсы білетін. Бірге оқыған, қызметтес болған ұлтшыл-түркішілер болғандықтан, мақсаттары, отаршылық саясатына көзқарастары өте ұқсас еді. Алаш зиялылары Алашорда өкіметі құрылмай тұрып-ақ, ақ пен қызылдың қыспағында қалса да бауырлас түркі халықтармен тығыз байланыс жасады. Алғашқы байланыс қазақ және башқұрт зиялыларының арасында болды. Орынбор қаласындағы Әлихан Бөкейхановтың үйіндегі кездесуге Ахмет Байтұрсынов, Ташкенттен Мұстафа Шоқай, Ойылдан Жаһанша Досмұхамедұлы башқұрт делегациясын басқарып келген. З.У.Тоғанмен кездесіп, екі жақты келісім, ортақ жауларына қарсы күрес жолын анықтады. 1918 жылдың шілдесінде Алашорда өкіметімен және Башқұрт зиялылары большевиктерге қарсы келісімге қол қойды. Ал 1918 жылдың желтоқсанында келісімшарттарының орындалу барысы жөніндегі Орынбор маңындағы Ермоловка мекенінде екі жақ өкілдері тағы кездесті. Бұл кездесуде Алашорда атынан Ғ.Бірімжанов пен Мұхтар Әуезовтер қатысты. Онда Алашорда өкіметімен келіссөздерді Башқұртстан жағынан Зәки Тоған жүргізді. Мұхтар Әуезов сол уақытта ел басқару қызметінде жүрген адамдарды үш топқа бөлді. Бірінші топты коммунист-колонизатор деп атады. Себебі әртүрлі себеппен басқа жақтан келген келімсектер қандай жүйе болса да, әйтеуір Ресей билігі болуы керек деп есептеді. Ашық, жасырын түрде империялық ұлтшылдық, отаршылық бағыт ұстанды. Кеңес өкіметі, жұмысшы-шаруа билігі, кедейлердің мүддесі деп шулағандарымен олардың мақсаты – Ресей империясын жаңадан құру болды. Империялық көзқарас, болмыстарын өзгерту ойларына кіріп те шыққан жоқ. Екінші топқа қазақ коммунистер жатты. Бұлар кедей-кепшіктерді қолдаған болып, ұлт арасына жік салды. Билікпен тіл табысу үшін ауыз жаласып, халқына опасыздық жасады. Алды- артын ойламай, көзсіз-ойсыз шешімдерге барды.
Әміржан Әлпейісов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры
https://www.astana-akshamy.kz/kurespen-otken-ghumyr/
https://www.astana-akshamy.kz/kurespen-otken-ghumyr-2/
https://www.astana-akshamy.kz/kurespen-otken-ghumyr-3/
https://www.astana-akshamy.kz/kurespen-otken-ghumyr-4/