Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Қанипаш Мәдібай: Шортанбай Қанайұлы

Шортанбай нақтылы  тарихи дәуірдегі тұтас бір жұрттың мінез-құлық құбылыстарын поэтикалық айқындықпен суреттеуінде қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісінде қанық реалистік бағыт ашқан шығармашылық тұлғаның бірі болып танылды.

Шортанбай Қанайұлы – қазақ сөз өнерінің тарихындағы айтулы шығармашылық тұлға. ХІХ ғасырда байырғы ізгілік, имандылық ұстанымдарымен құнарланған мұсылмандық ағартушылық бағыттың, орта -ғасырлық классикалық түркі жазба әдебиетінің көркемдік дәстүрін дамытып, байытқан озық ақын. Ұзақ уақыттар бойы саяси таным қыспағында ақиқаты бұрмаланып, кенде қалған азат рухты азаматтық поэзия – зар заманның тарихи поэтикалық тұғырындағы бірегей дарын.

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман»  толғауы әуелде әйгілі шығыстанушы ғалым  В.В. Радловтың «Түркі тектес халықтар әдебиетінің нұсқалары» атты көптомдық еңбегінің ІІІ томында (1870) жарияланды. Ақынның «Бала зары» жинағы 1888-1916 жылдар аралығында Қазан қаласына бірнеше қайтара жарық көрген.

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары жекелеген оқулық, хрестоматиялық жинақтарда басылым көрген Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы 1959 жылы 15-19 маусым аралығында өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция «бір жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының нәтижесінде туған әлеуметтік жағдайларды сынағанымен, екінші жағынан хандық дәуірді мадақтайды, шығармаларында ислам дінінің идеяларын уағыздайды, ағартушылық, халықтық бағыттағы әдебиет осындай кертартпа ақындармен күрес үстінде дамығанын көрсету үшін жоғары мектепте айтылып, орта мектепте оқытылмасын» деген Қаулы қабылдады.

Әдебиет тарихын зерттеу бағытында Шортанбай феодалшыл, рушыл, байшыл, ескішіл, діншіл, сарыуайымшыл ақын аталған тұстар бар.

Мұхтар Әуезов «Зар заман ақындары» зерттеуінде (1927 жылы) айырықша мән беріп бағалаған, әдеби мұра тарихындағы айтулы, ықпалды тұлға Шортанбай Қанайұлының отарлық езгідегі ел күйі айқын поэтикалық кеңістік түзген әлеуметшіл озық поэзиясы не дегенде де белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың әрдайым ден қойып, ұдайы назарда ұстап қалған рухани жәдігерлерінің қатарында қалып отырды.

Зерттеушілер Шортанбай поэзиясындағы қолға ұстатып, көзге көрсеткендей нақтылы суреткерлікті, көпке ұғылықты қарапайымдылықты, дәстүрлі поэтикалық негіздерді баса айтты.

Шортанбай жыраудың өмірбаянына қатысты ақынның Қаратаудан Арқаға барған қожа тұқымы екендігі айтылады. Қайсыбір деректер оны Ақмешіт қожасы, кейде Түркістан түбіндегі Қарнақта туған дейді. Жыраудың өмірінің басым бөлігі Арқада, Қарқаралы төңірегінде өткендігі мәлім. Жас күнінде Шаяндағы медреседе білім алған.

Шортанбай өмір сүрген дәуірде қазақ баласының әлеумет қалін, тұрмыс күйін көз көріп, құлақ естімеген ауыртпалық басты.

Ресей патша үкіметі тарапынан жүргізілген әкімшілік, экономикалық реформалар тұрғылықты халықтың ғасырлар бойы түзілген өмір салтына зардабы зор өзгерістер алып келді.

Шортанбай қасірет бұлты қаптаған қара заманға, адамның Алладан бұйырған кісілік мұраттарын таптаған отаршыл озбыр, үстем, өктем жүйеге бұлтармай қарсы сөйледі. Ақша, мал болған заманның алдауына бет бұрып, азғындап бара жатқан туған ұлтының тағдырына араша іздеді, күмәнді дүниенің болжамын толғады.

Шортанбай Қанайұлының шығармашылық бағыты ежелгі, дәстүрлі түркі, қазақ поэзиясының көркемдік арналарында түзілді. Ақын поэзиясындағы асыл өзек, мығым арқау ХІХ ғасырда кең жайылып, қайта бас көтерген мұысылмандық ағартушылық, ортағасырлық түркі жазба классикалық әдебиетінің озық ұстанымдарымен астасады.

Бастауы Хақ Тағаладан  келетін, Құран Кәрімде мазмұн тапқан, айтулы «Құтты Білікте», нәзира дәстүрінде дін қиссаларындағы баян тапқан рухани құнар – кісілік ілімі замана дертіне дауа іздеген ақынға айнымас поэтикалық тұғыр болды.

Пенде баласының өмір дағдысын түзетін байырғы мұсылмандықтың парыз шарттарын айтқан үстіне айтып отырады. Алдамшы жалғанның арзанына қызықпа, азба дейді. Ақын толғауларындағы не жақсы, не жаманның, кім жақсы, кім азғынның жайы, адамның ғұмыр кезеңдерін, өмір дағдысын толғау, т.б. дәстүрлі поэтикалық желілер әлемдік ауқымдағы дидактикалық поэзия үлгілерімен өзектес.

Ақынның өлеңінде зар заманның, зар заман адамының тұтас қалпы тұлғаланды. Кісі хақын жеп, аузына харам ас салған билер, атасын тыңдамайтын ұл, анасын беттен алған қыз, «шолақ иттей діңкілдеп» бір-біріне шапқан ағайын, аласұрған арызқой, ар аттаған әйел…

Шортанбай шығармалары негізінен жанр ретіндегі өзіндік ерекшеліктері сараланған (ұйқас, екпін, ырғақ, буын, бунақ, түйдек, шумақ жөндерінен) бұрынғы жыр үлгісінде келеді. Жырдың ішінде – толғау. Академик З.Ахметов айырмасындай түйдектеліп, тармақтар тобы кесек-кесек жатқан ширақ өлең. Ойды сатылап дамытып, тарау-тарау айтудың үлгісі. Ой желісінің түйінді-түйінді тұсында белгілі бір сөздердің қайталанып келіп отыру шарты – Шортанбай толғауларында аз кездеспейді. «Зар заман»  толғауындағы «Сол себепті қорқамын!» түйінінің белгілі бір түйдектің соңында қайыра келіп отыруы, жыр-толғаудағы, дәстүрлі, әр-тұста бір оралып отыратын желілі ұйқасты жасап тұр. Ақын толғауларында ежелгі жырдағы бір сөздің қайталанып, негізгі түбір сақтала отырып, түрленіп келу ерекшелігі де көп кездеседі. «Бала зары» толғауында бол етістігі болса, болар, болсақ… түрінде қайталанып беріледі.

Шортанбайда оқиғалы эпикалық сарындағы шығармалар да  бар. «Ақжолтай батыр» дастанының оқиғасы Кенесары ханның сарбаздарына  мініс ат қарастырып жүрген Ағыбай батыр тобына айдалада кездескен жұмбақ жігіттің  сырын баяндайды. Адамшылық парыз, намыс пен ар жайлы таусылмас желі арқау болған. Ақынның  бірнеше айтыс өлеңі сақталып жеткен. Өз дәуірінің айтулы ақындары Орынбаймен, Шөжемен айтысқан. Орынбай ақын  Шотанбайға: «Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді, ел сыйлаған пірім едің»,-деп, баға берген. Шортанбай айтыстары дәстүрлі сөз қағыстыру, әуелгі қайырымда көтермелеп алып, соңғы қайырымда мін, сын айту үлгісінде келеді. Ақын ұдайы айтыстың өнер есебіндегі шарт, міндетін алға ұстап отырып, өлеңге мән бере, салмақ сала сөйлеуге шақырады.

Шортанбай нақтылы  тарихи дәуірдегі тұтас бір жұрттың мінез-құлық құбылыстарын поэтикалық айқындықпен суреттеуінде қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісінде қанық реалистік бағыт ашқан шығармашылық тұлғаның бірі болып танылды.

Қанипаш Мәдібай, профессор, филология ғылымдарының докторы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button