Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Нағыз отаншыл жан еді

Кеше Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, «Астана ақшамы» газетінің байырғы авторы әрі жанашыры, «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақ­тары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген» кітаптарының, «Құба белдер» трилогиясының, «Тар заман», «Шортан­байдың зар заманы» зерттеулерінің авторы Кәмел Жүністегі 84 жасында дүниеден өтті.

Кәмел ағамыз Шортанбай мұрасының жанашыр-жоқшысы ретінде де көп іс тындырып кетті. Зар заман жыршысының артында қалған жыр-толғауларын ел аузынан жазып алып, жыраудың жәдігерлерін жинақтап, жеткізуші ретінде толымды ізденістерімен шортанбайтанушылардың көшін жалғас­тырды. Шортанбай Қанайұлы туралы екі бірдей деректі фильмді түсіруге бастамашы болып, басы-қасында жүріп, жөн-жолын көрсеткен кеңесші болды. Жазушылықпен қатар өзі туып-өскен өлкенің тау-тасын аралап қағазға түсірген этнограф, күйшілік мектептің мекені болған Шет ауданының шертпе күйші­лерінің мұрасын сақтаушы, жақсылардан қалған тарихи жәдігерлердің жанашыры болған, қазақ тарихындағы алапат аштық пен 37-дегі қуғын-сүргіннің шырқыраған шындығын ашық айтып та жазып жүрген жандардың бірі еді. Соңғы жылдары ауданның жер-су аттарының алғашқы атауларын қалпына келтіруге зор үлес қосқан азаматтың қайраткерлігі бір бөлек еді.

Кәмел Жүністегі 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірінде, Ақсу-Аюлы ауылында туған. 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түскен. 1962 жылы қазақ жастары жасырын ЕСЕП-тің (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымдастырушысы ретінде саяси айып тағылды, жазаға тартылды. 1967-1984 жылдары мектепте мұғалім, 1984-88 жылдары оқу бөлімінде, «Білім» қоғамында (1988), 1989-1992 жылы мұражайда қызмет еткен. 1992 жылдан «Заман» газетінде редактор қызметін атқарды.

«Жиырма жасымда азаттықты аңсап саяси партия құрып, Ібір-Сібірін аралап, елге келгеннен соң да жасырын, астыртын жұмысымызды жалғастыра берген едік. Бір жүрегім Отаным деп жаратылған адам едім…» деп соңғы жазбаларын қалдырған қоғам қайраткерінің соңғы демі шыққанша елім деп өтті.

Ардақты ағамызды газетіміздің тілекші оқырманы ретінде де жоқтап отырған жайымыз бар. Қолынан қаламы түспеген қаламгер редакцияға жиі келіп, қоғамның жүрек сыздатар кеселдерін пайымдаған ойларымен бөлісіп, ол мақала болып жазылып, оқырмандарымызға жетуші еді.

Алдыңыз жарық болғай! Беймаза ғасырда байыз таба алмай кеткен жаныңыз ­жәннатта болсын!

«Астана ақшамы» газеті редакциясы

Құрметті Бекзат бауырым!
Ардақты Кәмел ағаның ұрпақтары!

Сіздерге Қазақтың қайтпас қайсар қайраткері, қабырғалы қаламгері,
өнегелі ұстаз Кәмел Жүністегінің дүниеден озуына орай қайғырып көңіл айтамын.
Ағамыз бар ғұмырын ұлтына қызмет етуге арнады. Сол үшін қаншама қуғын-сүргін көрсе де мойымады.Соңына мол әдеби мұра:тамаша романдар мен повестер, әңгімелер жинағы қалды.
Сарыарқаның арғы-бергі тарихы,ата-бабалар шежіресіне қатысты тағылымдық мәні зор еңбектер жазды.
Ұзақ жылдар бойы ағамызбен ағалы-інілі адамдардай аралас-құралас болдық. Көптеген ақыл-кеңестерін тыңдадым.
Кәмел ағаның иманы саламат,алды жарық, орны пейіш, топырағы торқа болсын!

Мұхтар Құл-Мұхаммед

***

Төрехан МАЙБАС, жазушы.

БІЗ ҚОШТАСПАЙМЫЗ…

Ақыретінен сырт тұрған ешкім жоқ. Сол ақыреті Кәмел ағама да келген екен.
Кәмкең дүниеден озды деген суытты аурухана палатасында жатып естідім.
Жүрегім жүрісінен жаңылды… Онсыз да аритмик едім – көпке дейін басымды көтере алмадым.
Сонан телефонымда маза болсайшы. Жұрт көңіл айтып жатыр. Ағамызға иман байлығын тілеп. Көрініп қайтайық аға деушілер қарасы да қою болар ма?! Ал маған жол жүруге болмайды… Дәрігерім криз деп рұқсат бермеді.
Жаназасы жексенбі екен. Топырақ салуға жарармын деп ойлаймын…
Ал тап қазір ішім удай ашып жатыр.
Бірер күн жүре тұрғаны ләзім еді…
Тірінің тіріге деген құрметі болады. Ат терлетіп бата алуға болады. Еш хабарласпай барып сәлем беруге болады. Үйде жатып та сәлем-сауқат жіберуге болады. Тіпті қоңырау шалсаңыз да болар еді. Осының барлығы, әрине, сауапқа жазылады…
Біздер де сондай бір құрметімізді көрсетуге бекінгенбіз. Тірінің тіріге деген құрметі…
Қарағандылық бір топ зиялы қауым өкілі Президентімізге шығайық. Медаль сұрап. Өзімізге емес, әрине. Кәмел Жүністегі ағамызға! Медаль болғанда – «Халық Қаһарманы»…
Ол өтінішімізді әлеуметтік желіге де салдық. Қолдаушылар көп болды. Тіпті, басқа ұлт өкілдері де қолдады. Өйткені ол ағамыз 58-ші статьямен отырды! Советтік жұмақ заманында – 1962 жылы.
Ол заманда қандай қылмыс болсын саяси статья қойылмайтын!
Сол статья қойылды!
Кеңестік қызыл өкімет қазақ жұртындағы тәуелсіздік аңсарының сөнбегенін мойындауға мәжбүр болды.
Сол аңсар әлі сөне қойған жоқ. Өйткені еліміз әлі де бұғауда, әлі де күндеде.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды деп жүрміз. Онымыз жармақ тәуелсіздік. Абсолюттік тәуелсіздік жоқ дегенімізбен ұлттық тәуелсіздігіміздің өзіне жете алмай отырған жайымыз бар.
Соның оқулығын осы Кәмел ағаларымыз жазып кетті.
Сол кездегі он миллионға жетпейтін қазақтың мүддесін үш жүз елу миллион советтіктің мүддесінен жоғары қойды. Бұл жағынан «ЕСЕП» партиясы «Алашорда» партиясымен қатар тұрған партия.
Кешегі желтоқсан, кешегі қаңтар бұлқыныстарынан осы аңсарымызды көреміз. Түбінде оның да бір қайыры болады. Өзгермейтін ештеңе жоқ. Олай болса өзгереміз. Қазақ ұлты болып өзгереміз. Өзімізбен бірге түбірлес туысқан елдерге де ықпал жасайтын боламыз.
Өкініштісі ол күндерді ағамыз көрмейді.
Ағамыз бүлікшіл болмысын өзімен бірге ала кетті…
Ағамыз соңғы күндерін өткізіп жатқанын ақиқат білді.
Бәрін сабырға жеңдірді. Ешкімнен ештеңе сұрамады. Және ешкімге қарыз емеспін деді.
Жазған дүниесін ықтияттаған екен. Зейнолла (Игіліков), Рымқұл (Сүлейменов) ағаларым жөнінде жаза алмағанына өкініш білдірді.
Енді сұраған медаліміздің де қажеті шамалы-ау…
Ендігі қалғаны тірінің өліге деген құрметі…
Ол қандай құрмет?
Бір ғасырда бір-ақ рет келетін тұлғаға қандай құрмет жасасақ та жарасады!
Кәмел оқуларын өткізейік, көше атауын берейік, Кәмкең атындағы шәкіртақы тағайындайық, болып жатса ескерткіш соғайық…

***

БҮГІЛМЕЙ ҚҰЛАҒАН БӘЙТЕРЕК
/Аз сөз және азасөз/

Кәмел Жүністегі… Еменнің иір бұтағы еді. Иір бұтақ емес, сол еңселі еменнің нақ өзі еді. Емен ғана емес, бақ қонақтаған бәйтерек еді. Қапасқа қамалса да, жасымады. Қатарға қосылса да, тасымады. «Есепке кірдің ертерек» деп зар заман ақындары жырлағандай, кеңестік дәуірде «Есеп» деген ұйым құрып, ұзақ жыл әуре-сарсаңға түсті. Өмір бойы шерлі Шортанбайды ұлықтаудан танбады. Шортанбай үшін шортандармен де, шорағайлармен де аяусыз күресті. Жалпы, күллі ғұмыры күреспен өтті…
Бүгін сол қарағайға қарсы біткен бұтақ морт сынды. Сұрапыл дауылдар мен алапат шабуылдарға қайыспай төтеп берген бәйтерек бүгін құлады. Тікесінен тік тұрған күйі бүгілмей жығылды… Алдыңыздан жарылқасын, Кәмел аға…

Бауыржан Омарұлы

***

АРҚАНЫҢ АЗУЛЫ КӨКЖАЛЫ ШОРТАНБАЙ АҚЫН ШЫРАҚШЫСЫ Кәмел Жүністегі!

Хош, хош диссидент асыл абыз, Шортанбай ақын жоқшысы!
Бір өзі бір эпоханың ар – намысын арқалап, сизиф патшаның тауқымет азабын еркектік мінезбен көтере білген, талайға ыңғайсыз «қақпас» болған қара нарым – алдыңыз ашық болсын!
Артыңызда қалған отбасыңыз бен ағайын бауырға көңіл айтамын!

Қалила Омаров

ДӘУІР КӨШІП БАРАДЫ…

Бұл жалған кімнен көшпеген?!
Кәмел аға! Әкем менің!
Едігені елге жақындатып, Шортанбай-рухтың шырақшысы болған Сіз де көштіңіз…
Кешеден бері аузыма сөз түспеді. Қазаңыз жөніндегі қаралы хабарды құлақпен емес, жүрекпен қабылдап, аза бойым қаза болды, Әке…
Жиғаныңызбен емес, иманыңызбен Аллаға қайттыңыз. Алдыңыздан жарылқасын!
Жанарыңызға жалтаңдап, қаламыңызға қарайлаған қараорманыңызға қабырғам қайысып, көңіл айтамын. Кеше Сейіл ағам, бүгін Кәмел әкем… Ардағым күйреп, жан-жағым сиреп жатыр менің де…
Тағы да бір қара табыт қорымға аттанып бара жатыр. Мәңгілік мекеніне. Кәмел көкемнің табытымен қазақы рух, ұлттық намыстың тұтас бір дәуірі көшіп барады.
Бақұл болыңыз, өмірі айдаумен, өзін-өзі қайраумен өткен қайраткер қалам иесі!
Мағынасы терең, мазмұны ерен бір кітаптың соңғы парағы жабылды… Қасиетті қалам қаңтарылып, Шортанбайдың тайлағы бабасымен табысқалы бара жатыр…
Қош, Әке!
Қош!
Көзімнен жасым тиылар емес, қаңтар қақыратып , ақпан аңыратып жіберді-ау ,жанымды. Қош ,Әке .Тірлігінде тірек, тілекшім болған Абызым.

Бекзат Алтынбеков

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button