Ғалымның хаты

Қызылжардан Нұрымбетке дейін

«Бабалар жолымен» экспедициясы: Қызылжардан Нұрымбетке дейінгі тарихи-рухани сапар

«Бабалар жолымен» экспедициясы: Қызылжардан Нұрымбетке дейінгі тарихи-рухани сапар

2026 жылғы 23 шілде күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бабалар жолымен» тарихи-рухани және ғылыми-танымдық экспедициясының төртінші күні Солтүстік Қазақстан облысында жалғасты. Бұл күнгі сапардың негізгі мақсаты – Қызылжар өңіріндегі қазақ халқының мемлекетшілдігіне, азаттық күресіне және рухани тарихына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалардың өмір сүрген жерлерін аралап, олардың мұрасын насихаттау, сондай-ақ архивтік және ауызша тарихи деректерді жинақтау болды.
Таңертең экспедиция мүшелері жолға шығар алдында Қызылжар қаласындағы Абылай хан резиденциясының алдына жиналып, қазақ мемлекеттілігінің символына айналған Абылай ханның ескерткіші алдында естелік суретке түсті. Бұл тарихи орын – XVIII ғасырдағы қазақ хандығының саяси орталығының бірі ретінде ұлттық тарихымыздағы айрықша маңызға ие. Экспедиция қатысушылары ұлы ханның рухына тағзым етіп, ел тәуелсіздігі жолында еңбек еткен барлық бабалардың ерлігіне құрмет көрсетті.
Одан кейін экспедиция керуені Қызылжар өңірінің қасиетті жерлеріне бағыт алды. Жол бойында қатысушыларға өлкетанушылар мен шежірешілер өңір тарихына қатысты көптеген тың мәліметтерді баяндады.
Алғашқы аялдамалардың бірі – қазақтың әйгілі биі, ел басқарған көрнекті тұлға Ер Есенейдің атамекені болды. Ер Есеней XIX ғасырдағы Солтүстік Қазақстандағы саяси, әлеуметтік өмірде ерекше орын алған, елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауға зор еңбек сіңірген қайраткер ретінде танылды. Оның қызметі қазақ қоғамындағы дәстүрлі билік институтының жарқын үлгісі екені айтылды.
Экспедиция әрі қарай Мамлют ауданына бет алып, қазақтың белгілі қайраткері әрі ел ағасы Зілғара Байтоқинның туған жеріне тоқтады. Зілғара Байтоқин – өз дәуірінде халықтың қамын жеген, ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтауға қызмет еткен тарихи тұлғалардың бірі.
Сапар барысында қатысушылар Мамлют өңіріндегі тарихи Гүлбике көліне арнайы аялдап, көлдің шығу тарихы мен оған қатысты халық арасында сақталған аңыздарды тыңдады. Ел аузындағы әңгімелерде Гүлбике көлі қазақ халқының өткен тарихымен, ел тағдырымен сабақтас қасиетті орындардың бірі ретінде сипатталады.
Осы өңірде қазақтың ержүрек батырларының бірі Мерген, Бейсейіт және Айтбай батырлардың ерліктері жайлы да кеңінен сөз болды. Мамлют ауданының Меңгесер өңірі олардың атамекені ретінде белгілі. Ел қорғаған қос батырдың жоңғар шапқыншылығы мен ел ішіндегі күрделі кезеңдердегі ерлігі, ұрпаққа қалдырған өнегесі туралы тарихи мәліметтер келтірілді.
Экспедиция мүшелері қазақтың атақты ақын-сазгері Сегіз серінің өмірі мен шығармашылық мұрасы жөнінде де пікір алмасты. Оның Солтүстік Қазақстан өңіріндегі мәдени ортаға қосқан үлесі, ұлттық өнер мен әдебиет тарихындағы орны ерекше екендігі атап өтілді.
Жол бойындағы маңызды тарихи орындардың бірі – Жамбыл ауданындағы Қожаберген жыраудың кіндік қаны тамған өлке болды. Қатысушылар Қожаберген жыраудың халқымыздың азаттық жолындағы күресін жырлаған шығармалары, «Елім-ай» дастанының тарихи құндылығы және Мамай қонысы – Гүлтөбе тарихымен танысты.
Сапар барысында Сексен батырдың зиратына арнайы барып, батыр рухына Құран бағышталды. Экспедиция барысында тарихшылар Сексен батырдың патша өкіметінің отарлық саясаты кезінде қастандықпен у беріліп қаза тапқаны жөніндегі ел арасындағы тарихи деректерді баяндады. Батырдың өмірі мен ерлігі қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің жарқын беттерінің бірі екені ерекше айтылды.
Экспедиция Тоқсан би туралы тарихи мәліметтермен де толықты. Ел басқарған би ретінде оның әділдігі, даналығы және ел бірлігін сақтаудағы қызметі сөз болды.
Жол бойындағы табиғат көріністері де тарихи таныммен сабақтастырылды. Өлкетанушылар қазақ арасында сақталған көне сөзді еске алып:
«Есілдің суы жасыл жез түстес келеді, Ертістің суы қара көк болып көрінеді», – деген халықтық танымның табиғи ерекшеліктерді бейнелейтіндігін түсіндірді.
Сонымен бірге көне керуен жолдары туралы әңгіме қозғалып, Есіл бойымен өткен көне жолдың «Сары жол», ал Абылай хан пайдаланған әскери бағыттың халық арасында «Абылайдың қара жолы» аталып кеткені айтылды. Бұл жолдар ғасырлар бойы қазақ даласындағы сауда, дипломатиялық қатынастар мен әскери жорықтардың негізгі бағыттарының бірі болған.
Жол бойында экспедиция мүшелері қазақ тарихындағы бірқатар қасиетті тұлғалардың қорымдарына зиярат жасады. Атап айтқанда, Қадиша Құрманқызы, Ер Есеней, Қожаберген жырау, Сексен батыр, Көшен (Қожағұл), Әлти бай және басқа да тарихи тұлғалардың рухына Құран бағышталып, тағзым жасалды.
Күннің екінші жартысында экспедиция Жекекөл (Благовещенка) ауылына жетті. Мұнда Сексен батырдың ұрпақтары арнайы қонақасы беріп, бабалар рухына бағышталған дұға оқылды. Басқосу барысында батыр ұрпақтары өз әулеттерінде сақталған тарихи әңгімелерді, шежірелік мәліметтерді ортаға салып, экспедиция жұмысына қолдау көрсетті.
Сапар барысында жазушы Иван Шуховтың «Деревенские рассказы» еңбегінде Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрмыс-тіршілігі, қазақ ауылдарының тынысы мен тарихи кезеңдері көрініс тапқаны да сөз болып, мұндай әдеби шығармалардың өлке тарихын зерттеудегі маңызы атап өтілді.
Экспедиция барысында тарихшы Дәстен Баймұқанов өңір тарихына қатысты тың деректермен бөлісті. Ол Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Мезгіл Қожықтың бес жүз сарбаз жинап, Кенесары қолына қосылғаны туралы тарихи мәліметтерді баяндады. Бұл дерек Солтүстік Қазақстан өңірінің де азаттық қозғалысына белсене қатысқанын дәлелдейді.
Қазіргі Кладбинка (Клабинка) ауылы маңы болды. Ел аузындағы шежірелік деректерге сәйкес, бұл өңірде кезінде Байтоқа мен Қаратоқа аталары өмір сүрген. Олар өз заманында елге сыйлы, беделді адамдардың қатарында болған. Бүгінде бұл өлке қазақ тарихындағы маңызды қоныстардың бірі ретінде бағаланады.
Экспедиция барысында Шағалақ өңірінен шыққан Меңдібай батырдың ерлігі туралы тарихи мәліметтер айтылды. Ел қорғаған батырдың есімі ұрпақ жадында сақталып, оның отаншылдығы кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Сапар кезінде қазіргі Есіл ауданының Тауағаш ауылы туралы да қызықты деректер айтылды. Бұл жерде кезінде атақты Окруков көпесінің қонысы болған. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында бұл өңір сауда-саттықтың маңызды нүктелерінің бірі саналған.
Экспедиция мүшелері қазіргі Миролюбово ауылының маңында орналасқан көне Батпақ базарының орны туралы мәліметтермен танысты. Бұл базар кезінде Солтүстік Қазақстандағы ең ірі сауда орталықтарының бірі болып, қазақ, татар, башқұрт және орыс көпестерінің басын қосқан маңызды экономикалық орталық болған.
Жол үстінде Меңдібай батырдың ұлдары Қойшығұл мен Байшығұл, сондай-ақ олардың ұрпағы Қойшыбек туралы шежірелік мәліметтер баяндалды. Бұл әулет ел қорғаған батырлығымен ғана емес, халықтың бірлігіне қызмет еткендігімен де ерекшеленеді.
Экспедиция барысында Ергенекті атасының шығу тегі жөнінде де сөз қозғалды. Ел арасындағы деректер бойынша Ергенекті атасынан Бидалы, Шайгөз, Баржақсы тараған. Сонымен бірге Ергенектінің Уақ руымен тарихи байланысы жөніндегі шежірелік мәліметтер де айтылды.
Қазіргі Докучаев ауылының маңында қазақтың белгілі батырлары Сары батыр мен Сүйір батырдың өмір сүргені жөніндегі тарихи әңгімелер тыңдалды. Бұл өңір де жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше орын алған.
Экспедиция Сенжарка ауылына арнайы тоқтап, оның тарихымен танысты. Ел аузындағы мәліметтер бойынша бұл ауыл Кенесары ханның інісі Наурызбай батырдың ұлы Санжар батырдың қонысы болған. Кейін патша үкіметінің отарлық саясаты кезінде Санжар батырдың қастандықпен өлтірілгені жөнінде тарихи деректер сақталған.
Кладбинка ауылы маңында орналасқан казактардың көне қорымы да экспедиция назарынан тыс қалмады. Сол себебі “кладбище”, “кладбинка” деп атаған.
Жергілікті қариялардың айтуынша, Мұстариза Жүсіп, Сексен батыр және Қожық батыр дүниеден өткен кезде патша өкіметінің өкілдері олардың қайтыс болғанына қуанып, той жасаған деген ауыр тарихи естеліктер сақталған. Бұл оқиғалар сол кезеңдегі отарлық биліктің қазақтың беделді тұлғаларына деген көзқарасын аңғартады.
Сонымен қатар қазақ әдебиетінің тағы бір көрнекті өкілі Ғабит Мүсіреповтің жастық шағына қатысты тарихи деректер қозғалып, оның жиырма бес жасқа дейінгі өмір жолы мен сол дәуірдің қоғамдық-саяси жағдайы жөнінде пікірлер айтылды.
Сонымен қатар Тоқсан би, Қадиша Құрманқызы, Әлти бай, Көшен (Қожағұл) сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты шежірелік деректер айтылып, олардың рухына тағзым жасалды.
Экспедиция барысында көне қазақ қоныстарының тарихына ерекше назар аударылды. Қазіргі Клабинка ауылы маңында кезінде Байтоқа мен Қаратоқа әулеттері өмір сүргені, бұл өңірдің көне қазақ қоныстарының бірі болғаны сөз болды.
Тауағаш ауылында кезінде белгілі көпес Окруковтың тұрғаны, ал қазіргі Миролюбово ауылы маңында атақты Батпақ базарының орналасқаны туралы деректер келтірілді. Бұл жәрмеңке кезінде Солтүстік Қазақстандағы маңызды сауда орталықтарының бірі болған.
Сапар барысында қазіргі Миролюбово ауылының тарихына да тоқталынды. Бұл өңірде кезінде Сәпі бай өмір сүргені, оның атақты Сегіз серінің асыранды баласы болғаны жөніндегі шежірелік мәліметтер айтылды. Ал Дос ауылы маңында қазақтың әйгілі ақын-сазгері, батыр Сегіз серінің зираты орналасқаны атап өтіліп, оның қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі орны ерекше екені айтылды.
Күннің соңында экспедиция Жекекөл (Благовещенка) ауылына жетіп, мұнда Сексен батырдың ұрпақтары арнайы қонақасы берді. Ас барысында ақсақалдар батырдың өмір жолы, өңір тарихы және ата-баба мұрасын сақтау жөнінде тағылымды әңгімелер айтып, экспедиция жұмысына ақ баталарын берді.
Қазақ халқының азаттығы жолында күрескен Сексен батыр патша өкіметінің әскери тірегі болған Преснов (Пресновка) бекінісіне бірнеше рет шабуыл жасап, оны үш мәрте өртеген. Бұл оқиғалар өңірдегі қазақ халқының отарлық саясатқа қарсы үздіксіз қарсылығын көрсететін маңызды тарихи деректердің бірі саналады.
Сондай-ақ Керейдің белгілі батырларының бірі Көшебе батырдың ерлігі жөнінде де әсерлі әңгімелер айтылды. Ел аузындағы деректерге сәйкес, ол Сартай ауылындағы казактардың бекінісіне шабуыл жасап, бекіністі өртеп жіберген. Бұл оқиғалар қазақ батырларының туған жерді қорғаудағы қайсарлығы мен ерлігін айғақтайды.
Экспедиция кезінде Абылай хан дәуірінің даңқты қолбасшыларының бірі Жабай батырдың тарихи орнына ерекше тоқталды. Шежірелік және тарихи деректер бойынша, Жабай батыр Абылай ханның жеке жасағын (жеке гвардиясын) басқарған сенімді сардарлардың бірі болған. Ол ханның ең жақын серіктерінің қатарында жүріп, қазақ жерін қорғау жолындағы көптеген шайқастарға қатысқан.
Жамбыл ауданы қазақ тарихында Ақсары Керейдің Еменәлі руының ежелгі қоныстарының бірі ретінде белгілі. Бұл өңірде Еменәлі ұрпақтары бірнеше ғасыр бойы атақонысын сақтап, елдің бірлігі мен дәстүрін жалғастырып келеді. Осы рудан шыққан көптеген батырлар, билер мен ел ағалары қазақ тарихында өзіндік із қалдырған.
Экспедиция барысында Дәулетімбет, Қантай, Алдай, Бике, Мадияр, Таз, Сибан, Көшебе секілді тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жөнінде де құнды мәліметтер берілді. Олардың әрқайсысы өз дәуірінде елдің тұтастығын сақтауға, халықтың бірлігіне қызмет еткен көрнекті тұлғалар ретінде аталды.
Сапар барысында қатысушылар Солтүстік Қазақстанның табиғи ерекшеліктерімен де танысты. Өлкетанушылардың айтуынша, Жамбыл ауданы көлдерге аса бай өңірлердің бірі. Аудан аумағында 360-қа жуық көл орналасқан, олардың 170-і тұзды көлдер болып есептеледі. Бұл көлдер тек табиғи байлық қана емес, өңірдің экологиялық және тарихи ерекшелігін айқындайтын маңызды нысандар саналады. Көлдердің маңында ежелден қазақ ауылдары қоныстанып, көшпелі өмір салты мен дәстүрлі шаруашылықты дамытқан.
Сапар барысында экспедиция мүшелері Бақырілген (қазіргі Петровка) ауылының тарихына ерекше тоқталды. Бұл өңір қазақ халқының ерлікке толы өткенімен, ел қорғаған батырларымен және отарлау кезеңіндегі маңызды оқиғаларымен ерекшеленеді.
Экспедиция барысында Абылай ханның сенімді сардарларының бірі Жабай батырдың ерлігі кеңінен сөз болды. Шежірелік деректер бойынша, Жабай батыр Абылай ханның жеке жасағын (жеке гвардиясын) басқарған. Ол ханның ең сенімді қолбасшыларының қатарында болып, қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғау жолындағы шешуші шайқастарға қатысқан.
Зерттеу барысында жергілікті ақсақалдар – Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев, сондай-ақ бұрынғы көнекөз қариялар Төлеубай, Соқыр Бәри, Мұқан ақсақал, Төкен ақсақал жеткізген тарихи естеліктер де ғылыми айналымға енгізілді. Олар бұл өңірдің тарихы жөнінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» еңбегінде көптеген құнды деректер сақталғанын атап өтті. Сонымен бірге жазушы Ғабит Мүсіреповтің жастық шағы мен қоғамдық қызметіне қатысты тарихи мәліметтер де сөз болды.
Экспедиция қатысушылары Бақырілген (Петровка) ауылына да арнайы аялдап, өңірдің шежіресі мен тарихи орындарын аралады.
Сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысының табиғи ерекшеліктеріне де назар аударылды. Жамбыл ауданында 360 көлдің бар екені, соның 170-інің тұзды көлдер екені айтылып, бұл өлкенің табиғи байлығы мен экологиялық ерекшелігі кеңінен таныстырылды.
Сондай-ақ Жамбыл ауданы – қазақ әдебиетінің алыптары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Сафуан Шаймерденовтің туған өлкесі екені ерекше аталып өтті. Бұл қасиетті өлке ел тарихында батырларымен ғана емес, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлерімен де қадірлі.
Кешкі уақытта экспедиция мүшелері Нұрымбет ауылына жетіп, қоныстанды. Бұл ауыл – Марал ишан Құрманұлының ата-бабалары мекендеген, Керейдің Нұрымбет тармағының тарихи қоныстарының бірі. Алдағы күндері дәл осы өңірде Құрман батыр, Марал ишан әулеті және Нұрымбет ұрпақтарының тарихына қатысты кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек.


Осылайша «Бабалар жолымен» экспедициясының үшінші күні Солтүстік Қазақстанның қасиетті жерлерін аралап, ел тарихында өшпес із қалдырған батырлар, билер, жыраулар мен діни қайраткерлердің мұрасын насихаттауға арналды. Жиналған тарихи деректер мен ауызша мәліметтер алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізіліп, қазақ халқының тарихи жады мен рухани мұрасын толықтыра түсетіні сөзсіз.

Самат ЖҰМАТАЙ, зерттеуші

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button