Ғалымның хаты

Хәкім Ата – Сүлеймен Бақырғани

Біз бұл кітапқа Әбу Бәкір ас-Сыддықтан, Омар ибн әл-Хаттабтан және Әли ибн Әбу Тәлібтен тараған ұрпақтар арасынан әр атаның бір-бір ірі тарихи тұлғасы туралы танымдық мақала беруді де көздеген едік. Әбу Бәкір жұрағаттары ортасынан мұндай таңдау Сүлеймен Бақырғаниге түсті.

Сонымен, әңгіме бірінші халифтің 23-ші ұрпағы, оқымысты ойшыл, ғұлама ғалым, көріпкел әулие, айтулы ақын, Орталық Азиядағы дидактикалық сарын поэзиясының негізін қалаушылардың бірі Сүлеймен Бақырғаниге арналады. Оның әулеттік шежіредегі шын аты-жөні Сүлеймен Уәли болып келеді. Бұдан бөлек, «Хәкім Ата», «Қожа Ата», «Сүлеймен Ата» деген де қосымша есімдері болған. Тарихта сонымен қатар ислам «Апокалипсисі» – «Ақыр заман кітабын» жазған философ ақын ретінде де қалды.

Біз қолымыздағы бар мәліметтерге сілтеме жасай отырып, Сүлеймен Бақырғанидің 1104 жылы қазіргі Қарақалпақстан аумағының Қоңырат қаласына жақын маңдағы Бақырған деген жерде өмірге келіп, 1186 жылы Түркістан өңірінде қайтыс болғанын айта аламыз. Оның атына қосылып тұрған «Бақырған» деген лақабының өзі осыны байқатады. Мысалы, С.М. Демидов өз зерттеулерінің бірінде Сүлеймен Бақырғаниды қазіргі Қоңырат қаласына таяу, Хорезмнің солтүстігіне орналасқан Бақырған деген мекеннен шыққан деп есептейді. Хакім Атаның мазарының сол жерде екендігін, қазіргі уақытта да мінажат етушілерге танымалдығын баяндайды. Рас, әулие бабаны қазір Түркістан маңында дүниеге келген етіп көрсеткісі келетіндер де бар. Бірақ оны айғақтап беретін бірде-бір құжат, мәнбе, сілтеме жоқ. Мұның орнына, оның Хорезмнен шыққанын атап көрсететін жазбалар көп.

Бұған дейін Сүлеймен Уәлидің тек қайтыс болған жылы ғана нақтыланып жазылып, туған кезеңі XII ғасырдың бас жағы екені айтылатын. Алайда, көптеген зерттеулерде оның 1186 жылы Түркістан қаласында 82 жасында бақилық болғаны жарияланып жүр. Демек, осы дерекке табан тірей келіп, оның 1104 жыл шамасында дүниеге келгенін пайымдауға болар еді. Мұндай тұжырымды ғалым Н. Мәтбек те жасайды. Ол өзінің «Сүлеймен Бақырғани – ортағасырлық ойшыл, ғалым» деген мақаласында: «Зерттеу еңбектерде С. Бақырғанидың 1186 жылы 82 жасында қайтыс болғандығы жазылған. Бұл дерекке сүйенсек, С.Бақырғани 1104 жылы дүниеге келген болып шығады», – деген байламға қазық байлайды. Алайда, йасауитанушы ғалым З. Жандарбек өзінің «Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы» деген еңбегінде: «Насаб-нама-йи Хаким Ата, яғни Хакім Ата әулетінің шежіресінен деректер келтіреді: «Сүлеймен Құл Хакімді суфра тұту – білім тарату үшін Қожа Ахмет Ясауи Үргеніш уәлаятына жібереді, оның 95 жыл өмірі болды, бес мың мүриді болды» дейді», – деген деректі алға тартады. Ол сонымен қатар Сүлеймен Бақырғанидың мазары қазіргі Өзбекстан жеріндегі Хорезм облысында екенін де меңзеп өтеді. Расында да «Насабнамада» нақты осындай дерек бар. Онда: «Ол тағы Сүлеймен-қожа Хәкімге Үргеніш уәләятын берді. Ол 95 жыл өмір сүрді, соның 70 жылында Қыдырмен бірге – оған бейбітшілік болсын! – әңгімелесті», – деп жазылған. Бұлай болған жағдайда, Сүлеймен ата 1091 жылы туған болып шығады. Қалай дегенде, оның туған жылдарының жобасы айқын.

Осы ретте белгілі академик В.В. Бартольдтің XX ғасырдың басында жазып кеткен анықтамасына да көз салғаннын артықтығы болмас. Ол Сүлеймен Бақырғани туралы: «562/1166/67 жылы қайтыс болған Ахмед Йасауидің Хорезмнен шыққан шәкірті Хәкім Ата. Оның шын аты-жөні Сүлеймен Бақырғани еді, оны сондай-ақ Сүлеймен Ата немесе Хәкім қожа деп те атайды, ал Бақырған деген Мақдиси атап өтетін Бағирқан дегенге ұқсас, ол қазіргі Қоңырат қаласынан солтүстікте, айтарлықтай біраз жерде, Хәкім Атаның қабірі де сонда, қазір ол жұрттың тәу ететін орнына айналған, әулиенің өмір жолын суреттеген бір жазбаға сәйкес, бұл жер қазір Апақ қорған, яғни «әппақ қорған» деп аталады. Дәл осындай атауды Түркістанда да, Сырдария жағасындағы Ходженттегі Ходжа Бақырған деген өзен атынан да көруге болады, өзеннің атауынан оның әулиелі кісіге қойылғаны аңғарылады», – деп жазады. Ол бұдан әрі: «Хәкім Атаның өмір жолын біз тек аңыздар арқылы білеміз», – деген де тоқтам жасайды.

Бір айта кетерлігі, қазақтан бөлек зерттеушілердің көпшілігі осылайша Сүлеймен Бақырғанидің түркі даласына сопылық ілімнің дәнегін сепкен аса танымал ағартушы Құл Қожа Ахмет Ясауидің (1103-1228) белді 4 шәкіртінің, Қараханид дәуіріндегі жазба поэзия алыптарының бірі екенін айтып келеді де, Хәкім атаның сол Йасауидің туған жиені екенін атап өтуді «ұмытып» кете береді. Сондықтан олардың танысуларын баяндайтын хикаялар мен өзара қарым-қатынастары турасындағы аңыздардың бәрінде бұл дерекке мүлде назар аударылмайды. Мысалы, олар жайлы бір аңыз былай желі тарқатады: Бір күні Қожа Ахмет Йасауи теккесінің алдында отырғанда, кетіп бара жатқан бір топ баланы көріп қалады. Сыралғысы, Құран үйрену үшін мешітке не медресеге беттеген сыңайлы бүлдіршіндер Құран кітаптарын дорбаның ішіне салып, оны асынып бара жатса, іштеріндегі бір балақай ғана қасиетті кітапты құрметтеп, басының үстіне қойып алған екен. Ол медреседен үйіне қайтқан кезінде ұстазға арқасын көрсетпеу үшін артқа қарап жүріп өтіпті. Бұл жағдайды көрген Ахмет Йасауи, ол балаға: «Балам, ұстазың мен әке-шешеңнен рұқсат алып, маған кел, саған діни білімді мен берейін» дейді. Содан кейін бала екі жақтан да рұқсатын алып, Ахмет Яссауидің теккесіне келеді. «Көптеген жылдар діни кітаптар оқып білім алады, кейіннен мүрит болып рухани тұрғыдан өзін жетілдіреді. Бұл баланың аты Сүлеймен еді», – деп тәмамдалады бұл аңыздың соңы.

Шын мәнінде Сүлеймен Уәли «Түркістанның пірі» атанған, өзіне ұстаз болған Ясауидің қызы Гауһардан туған жиен немересі еді. Бұл туралы шежіреші Дәумен қажы Шоманов өзінің «Молда Шәмшілер» деген кітабында былай деп айтып өтеді: «Әбу Бәкірдің өзінен тараған 21-ші ұрпағы Әбіләйіс қожаның екі баласы болған. Олардың бірі – Жақып қожа, екіншісі – Әбдімәлік қожа. Жақып қожадан Қылауыз қожалар тарайды. Ал Әбілмәлік қожаның баласы – Әли қожа (Әлқожа) бабамыз Қожа Ахмет Иассауидің қызы Гауһар анамызға үйленген, одан баласы Сүлеймен Уәлі туылады. Әдебиет тарихында Сүлеймен Бақырғани, Сүлеймен Хәкім-ата және Хәкім қожа Сүлеймен есімімен белгілі Сүлеймен Уәлі Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың ең дарынды шәкірттерінің (талабасы) бірі болған, ұстазы (нағашысы) жазған хикметтердің бір көшірмесін жасап, кейінгі ұрпаққа қалдыруға көп қызмет істеген». Осы тұжырымды Дәукең өзінің «Мәулана Шәмшідін. Хикметтер» деген келесі кітабында: «Мәулана Шәмшідін Қожа Ахмет Иассауидің қызы Гауһар мен арғы атасы Әли Қожаның (Әлғожа) бесінші, ал Әли Қожа мен Гауһардан туған Сүлеймен Уәлінің төртінші ұрпағы. (Осы жерде айта кетуіміз керек, Сүлеймен Уәлі деп отырғанымыз – Хәкім ата атанған белгілі ақын)», – деп тайға таңба басқандай нақтылап, нығыздай түседі.

Қожалардың «молда шәмші» деген руы атына өзінің атын берген Шәмші Бүзірік (Шәмші Мәулана) осы Сүлеймен Уәлидің төртінші ұрпағы болып саналады. Атап айтқанда, Сүлеймен Уәлиден ұлы Абдул Әзиз Мәулана туса, одан – Яхия қожа, одан – Айна қожа, одан Шәмші Бүзірік тарайды. Ғасырдан ғасырға жалғасып, күні бүгінге дейін жеткен бүкіл әулеттік шежірелердің өшпес дерегі болып келе жатқан бұл фактіге иланбасқа енді біздің де хақымыз жоқ.

Тағы бір жайт, Сүлеймен Бақырғани нағашы жұрты жағынан да қожа әулетінің ұрпағы болып шығады. Туған нағашы атасының толық аты-жөні – Ахмет бин Ибраһим бин Илияс болса, оның әкесі – Шейх Ибраһим Ата, анасы Айша Ханым (Қарашаш Ана) еді. Осыдан-ақ олардың түбі араб екенін байқауға болады. Ал бұл әулеттің шежіресі Мұхаммед Пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы, тура жолды төрт халифтің соңғы өкілі Әли ибн Әбу-Тәлібтің үшінші ұлы – Мұхаммед Ханафиядан тартылады. Осы шежіре тізбегіне сәйкес, Ибраһим шайх түпкі бабасы Әзірет Әлі Мұртазаның 18-ші ұрпағы болып табылады. «Насабнамада» Мұхаммед Ханафияның «Йаман (Йемен) патшасы Жафар ибн Қайстың қызынан туғаны» айтылады. Мұны Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» атты кітабын баспадан шығарарда оның алғысөзін жазған М.Жармұхамедұлы, С.Дəуітұлы, М.Шафиғи секілді зерттеушілердің: «Жаңадан табылған бұл шежіреге («Нəсабнама») зер сала қарасақ, ақынның ұлы атасы Əзірет Ғали, одан Мұхаммед Ханафия болып жалғаса келіп, оның жетінші атасы əйгілі Исхақ баб екенін көреміз. Сонда оған Мұхаммед Ханафия – он төртінші, ал Əзірет Ғали он бесінші Ата боп шығады», – деген анықтамалары осы топшыны нығыздай түседі.

Алайда, шыны керек, Сүлеймен Бақырғаниге қатысты мұндай шежірелік мәліметтер болғанымен, нақты хроникалық өмірбаян жоқ. Оған қатысты ақпарды 1503 жылы жарыққа шыққан Фахр ад-Дин ибн Хұсейін Ваиз Кашифидің (1463-1531) «Рашахат әйн әл-хайат» («Мәңгі өмір қайнарының тамшылары») атты шығармасындағы шейх өмірінің суреттелген бірлі-жарым көрінісі мен 1898 жылы зерттеуші К.Г. Залеман «Хәкім ата туралы аңыз» деген атаумен жариялаған «Хәкім Ата кітабы» атты анонимді рисаладан ғана табуға болады. Ол бойынша, біз Сүлейменнің 15 жасында Қожа Ахмет Ясауидің мүриді болғанын білеміз. Бір оқиғадан кейін жас Сүлейменге түнде Қыдыр атаның әруағы келіп, оны «Хәкім Сүлеймен» («Данышпан Сүлеймен») деп атап шақырады. Сол түннен бастап жас тәліпте ұстазы атасы Ясауиге еліктеп, хикмет жаза алатын дарын пайда болады. Тағы бір аңызға сүйенсек, бірде Ахмет Ясауи өзінің 99 мың шәкіртінен дұғаны қатесіз таза оқу жөнінде емтихан алыпты. Сонда сынақ өткелегінен жалғыз Сүлеймен ғана мүдірмей өтіпті.

Зерттеуші В.Н. Басилов түрікмендердің ата руы бір жағы «Бақырғани» деп аталатын алға тартып, оның суфизмнің әулиесі («Құтб әл-Актаб») деген мағына беретініне назар аударады. Сүлеймен деген ныспы да оған қазіргі қарақалпақ жеріндегі Бақырған деген қоныстың іргесін қалаған соң берілгенге ұқсайды. Ол мұнда шәкірттерін дүниенің әр түкпіріне исламды тарату үшін жіберіп жатқан ұстазы Ахмет Ясауидің тапсырмасымен келеді. Мәнбе бойынша, түйе Сүлейменді «Хорезмнің (Үргеніштің) батыс жағына қарай алып барып, Бинауа арқасы деген жерге тоқтайды. Сөйтсе, бұл маң Қарахан қағанатының билеушісі Ибраһим II Богра ханның бақпанды қорығы болып жатқан аумақ екен. Хан атақты Ахмет Йасауидің тәлімін алған шәкіртінің келгеніне қатты қуанды. Көп ұзамай оған қызы Анбарды (Ганбар, Амбар, Амбар-Ана, Амбар-Бибі, Әнуар-Ана, Әнуар-Бегім) қосты, егін егетін жер берді, алдына мал салды. Сөйтіп, Богра ханның өзі оның көптеген мүридтерінің қатарынан табылды. Тарихшы Дж. Г. Беннет осы кезеңде Хәкім Атаның Еділ өзені бойындағы түркілер арасында да уағыз жүргізгенін, Каспийдің жағасында мектебінің бөлімшесін ашып алғанын аян етеді.

Сүлеймен мен Әнуар-Ана екеуі Мұхаммед, Асгар (Асқар) және Хұбби деген үш ұл және тәрбиелеп өсіреді. Олардың ішіндегі мейлінше қабілеттісі Хұбби Қожа болса керек. Бұған қоса, «Сұлтан Әли» деген екінші аты бар кенже ұл Қағбаны уақытша Бақырғанға әкеліп қойған деседі. Бірақ әкесі баласының бұл құдіреттілігін қызғанған сияқты. Ал бұған қатты өкпелеген Хұбби үйінен кетіп қалады. Сосын қаһарланған Алла Сүлейменге нәлеті жіберіп, ол қайтыс болып, жерленгеннен кейін қабірін топан суға таптатады. Оның бейіті осылай 40 жыл судың астында жатады. Кейін су кері кеткеннен кейін ешкім оның зираты орнын таппайды. Бірақ ғалымдар мұны 1221 жылы моңғолдардың Хорезмді басып алу үшін Әмудария өзеніндегі плотинаны бұзып жіберуінен кейін орын алған тасқынның әсері деп есептейді. Сүлеймен қайтыс болғаннан кейін Әнуар-Ана Ясауи тариқатының «Зәңгі баба» атанып кеткен бесінші халифі Айқожаға күйеуге тиеді. Қазір Зәңгі бабаның мавзолейі Ташкентте Шайх Хованд ат-Тахурдың (Шайхантаурдың) зираттар кесенесінде тұр.

Шейхтің жерленуіне байланысты пайда болған проблема Бақырған деген жердің орналасқан ауданына байланысты шыққан. Аңыз бойынша, Алтын Орданың ханы Өзбекті исламға кіргізген деп саналатын Сейіт Ата кейін Хәкім Атаның Хоремздегі мазарының шырақшысы болған деген сөз бар. Академик В.В. Бартольд 1902 жылы Түркістан өлкесінен шейхтің жүрген-тұрған жерлері жайында 1543 жылы жазылған қолжазбаға кезігеді. Онда Сүлейменнің барған жерлері санатында Үргеніштің батыс жағындағы Везир қаласы мен Бақырған даласы болыпты. Бақырған Хорезмнен үшкүншілік жерде орналасыпты. Сол жер аумағында шейхтер Хәкім Атаның, Сейіт Атаның және Хұбби қожаның мазарлары тұрған екен. XVI ғасырдың басында әл-Кашифи Бақырғаниді Хорезмде жатқанын жазып кетеді. Ал Әбілғазы Баһадүрдің (1603-1664) билік құрған кезінде Әмударияның төменгі ағысы бойында «Бақырған-Ата» деген шатқал болыпты. Венгер оқымыстысы Арминий Вамбери 1864 жылы жариялаған «Орта Азияға саяхатында» Хәкім Атаның Қоңыратқа жақын маңда, Арал теңізінің аумағы тарапында жатқанын еске түсіріп өтеді. Қазір көпшілік зерттеушілер Сүлеймен Бақырғанидің қорымы Әмударияны Мойнақтың жанындағы атырауына жақын жерде деген пікір ұстанып отыр. Осы Мойнақ ауданында Хәкім Ата деген ауылдық жиын да бар көрінеді.

«Сaфaрaтнaмa» деген еңбегі Хaкім Атaның мекені жaйлы мынaдaй дерек келтіреді: «Хaкім Атa – Жейхұн (Амудaрия) жaғaсындaғы бір aуылдың aты. Сол жерде жерленген Хaкім Атa – түрік шaйқылaрының бірі. Хорезм Жейхұн жaғaсы бойымен созылып жaтaды, aуылдың үлкен бөлігі соның шетінде. Олaрдың бaрлығы Жейхұн жaғaсынaн үш-төрт шaқырымдaй немесе одaн сәл aлыстaу болуы дa мүмкін. Хaкім Атa – Хорезмнің гүлденіп, жыртылып, егін сaлынaтын жері. Оның aтын сондaй-aқ Хиуa хaнынa қaрaйтын қaзaқтaр мен қaрaқaлпaқтaрдың aрaсынaн кездестіруге болaды. Олaр Сейхұн мен Жейхұн aрaлығындaғы жиырмa күндік жолдың қaқ ортaсындa өмір сүреді».

Тағы бір болжамды алға тартқан П.А. Комаров бұл қорымның тұрған жері тәжіктің Ходжент қаласы маңында, Сырдарияның сол жаққы саласы – Ходжабакирган (Қозы-Бағла) өзенінің жағасында деген пікірді шығарды. Қырғыз профессоры А. Мокеев бұл топонимнің Сүлеймен Бақырғани есімімен байланысты екеніне сенімді. Яғни, оның осы жерге тікелей қатысы бар деп санайды. Ал қазандық атақты түрколог Ясы (әрине, Түркістан) маңынан Бақа Қорған деген бір жерді тауып алыпты. Шейхтің жатқан жері осында екенін ұсынатын бұл версияның тууына Желал ад-Дин деген көпестің Ясыға келген кезінде түсіне Сүлеймен Бақырғанидің кіріп, өзінің орнын қайдан іздеу керектігі жөнінде аян бергені негізгі арқау болыпты. Ақыр соңында  бір зерттеушілер Төмен облысының Вагай ауданындағы «Баиш астана» деген орынның Хәкім Атаға тиесілі екенін алқалайды. Сол алқапта әулиенің әйелі Амбар-Ана (Әнуар-Ана) мен ұлы Хұбби хучи (қожа) жатқанға ұқсайды. Осы астананың дәл түбінде Чалялетдин-Хучи дегеннің моласы бар екені айтылады. Оның жаңа сөз етілген көпес Желал ад-Дин болуы кәдік екені де қозғалады.

Сүлеймен Бақырғанидің шағатай тілінде жазылған шығармалары бірінші рет1846 жылы Қазанда «Ахыр заман китаби» және «Бакыргани китаби» деген аттармен басылып шықты. Бірінші кітап (оның екінші атауы – «Такы гаджаб») Апокалипсистің ислами версиясы, ол Даджалдың (Тажалдың) қалай келетінін суреттейді. Бұл туынды 1897 жылы протоиерей Евфимий Маловтың аударуымен орыс тілінде жарық көрді.

«Бақырғани» кітабы антология сияқты болып шыққан. Онда Хәкім Атадан бөлек, Ахмет Йасауидің, Насимидің, Факиридің, Құл- Шәрифтің және татардың ортағасырлық басқа да ақындарының туындылары жарияланған. Ол татар мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаланылған. Сүлеймен Бақырғанидің «Хазрат Мариам китаби» деген кітабы Мәриам қызға (Дева Мария, Иса пайғамбардың анасы) арналған. Ол 1895 жылы С. Матвеевтің аудармасымен Қазанның «Известиясында» жарық көрді.

Хәкім Ата тұлғасының танымалдылығы Еділдің бойынша өзінің ұстазы Ахмет Йасауиден де асып түсті. 1899 жылы Қазан университетінің нәшірияты оның «Хұбби қожа туралы аңыз» деген лиро-эпостық дастаны жарияланды. Бірақ ол XVI ғасыр ақыны Құл Шәрифтің атына жазылып шықты. Поэманың бас кейіпкерлері ретінде Хәкім Ата мен оның отбасы мүшелері алынды. Бақырғани поэзиясының желілері башқұрттың XIX ғасырдағы сопылық ақындары Ш. Зәки, А. Қарғалы, М. Құтұш-Қыпсақи, Х.С. Салихов шығармалары үшін тақырып болды. Сібір исламында Хәкім Ата басты тұлға есебінде аталады, оны тәу ететіндер көп. Академик Г.Ф. Миллер де 1734 жылы оған табынғандар қатарынан көрінген. Ондағылар үшін Төмен жеріндегі «Баиш астана» мазаратында болу Меккеге қажылыққа барып қайтқанмен бірдей саналады. Ал Н.Ф. Катановтың 1894 жылы хабарлауынша, Шығыс Түркістанда ақынның танымалдылығы айрықша орын алғаны сондай, мешітке барудан бас тартқандар Хәкім Атаның өсиетті өлеңдерімен көңілдерін басатын болған.

Бір айта кететін жағдай, қазақ халқының ауыз əдебиетінде, оның ішінде діни тақырыпқа арналған жырлар жолдарында тура жолды төрт халифтің арасында Əзірет Əлі (Әли ибн Әбу Тәліб) туралы мадақтар мен суреттеулер бәрінен де көп. Оның ұстаған қылышын «Зұлфықар» деп, мінген атын «Дүлдүл» деп дәріптейді.

Мысалы, Сүлеймен Бақырғанидің атасы Қожа Ахмет Ясауи өзінің жоғарыда аталған кітабындағы 42-ші хикметін Əзірет Әли бабасына былай деп арнаған:

 

«Төрт шаһриардың соңғысы – Алланың шері ер Әли,

Жорықта жеңер жолдысы – Алланың шері ер Әли.

 

Сөзінен мейрім, жүзінен нұр құйылып тұратын,

Қарсы келген кәпірлерін қыратын – Алланың шері ер Әли.

 

Тазалығы ділінде, Құдайдың аты тілінде,

Зұлфықары қолында – Алланың шері ер Әли.

 

Мініп шықса Дүлдүлге, жер жүзін жайпар бір күнде,

Жауына қатал тым мүлде – Алланың шері ер Әли.

 

Дұшпанды көрсе шіренген, жауар бұлттай түнерген,

Жаулары қашып үдерген – Алланың шері ер Әли.

 

Он сегіз ұлдың атасы, бәріне қонған батасы,

Исламның туын көтерген – Алланың шері ер Әли.

 

Бір құдай өзі қолдасын, не қылса да еркінде,

Қожа Ахметті қорғасын – Алланың шері ер Әли».

 

Сөздің орайы келгенде, Қожа Ахмет Йасауи туралы аз-кем айтып өтейік. Ол алғашқы сауатын жеті жасына дейін өз әкесі Шейх Ибраһимнен алады. Ал жетіге келгеннен кейін әкесі қайтыс болып, Арыстан бабтың тәлім-тәрбиесінде көшеді. Сол арада Ясының мәшһүр оқымыстыларының бірі Шихабуддин Исфижаби ғұламаның дәрісіне ден қояды. Әкесінен кейінгі қамқоры әрі ұстазы Арыстан баб өмірден өткесоң оның жеке өсиеті бойынша ислам әлемінің ғылым мен мәдени орталығы болған Бұқараға кетеді. Осында суфизмнің нақшбандия Силсиләсінің сегізінші алқасы Қожа Юсуф Хамаданиге қол беріп, пір тұтады. Ол 27 жасында сол ұстазымен бірге исламның Мерв, Бұқара, Герат, Самарқанд сияқты бел орталықтарын аралап, халыққа ислам және тасаууф құндылықтарын түсіндіреді.

Қожа Ахмет Ясауи ұстазы қайтыс болған соң оның үшінші өкілі ретінде Бұқарада қызметін жалғастырады. Біраз уақыт өткен соң Түркістанға оралу туралы рухани тапсырма алады. Сөйтіп, өз шәкірттеріне Әбдулхалық Ғұждууани хазіретлеріне байлануды өсиет етіп, Ясы қаласына кетеді және өмірінің соңына дейін осы арада міндетін жалғастырады. Ал ұстаз туған қаласына оралғаннан кейін біраз жылдар өткесін, оның сүйікті тәліптері тобынан туған жиен немересі Сүлеймен де табылады.

Иә, Сүлеймен Бақырғани атасының атақты төрт шәкіртінің бірі болды. Ол Ясыда сауатын ашып алып, содан соң Самарқанд, Бұхара, Хорезм және Шам қалаларында білім алды. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында ұстазы Қожа Ахмет Йасауиден «Хәкім Ата» деген марапат атау алды. Мұны оған және бала кезінде-ақ таңды. Осыған байланысты аңыз әңгіменің желісі түркі ақыны Әли-Шер Науайидің жазбалары беттерінде кездеседі. Ол былай өріледі: Бір күні Ахмет Йасауи өзінің бір топ шәкірттерін қосып, отқа жағу үшін отын әкелуге жұмсайды. Іштерінде жиені Сүлеймен де болады. Балалар қырға барып, отын теріп, оларды медресеге әкеле жатқанда жолда жаңбыр жауа бастайды. Сол кезде Сүлеймен үстіндегі шапанын шешіп алып, онымен отындардың үстін жабады. Қалған балалардың ойында мұндай ниет болмайды. Теккеге келгенде, дереу отқа жағуға тек Сүлеймен әкелген отын ғана жарайды. Себебі, оның ағаштары құрғақ еді, ал қалған балалардың жүктері түгел суға малшынып қалған екен. Осыны байқап үлгерген Қожа Ахмет Йасауи бірден: «Сен ақылды яғни ғибратты іс жасадың. Бұдан былай сенің есімің Хакім Сүлеймен болсын», – дейді. Осымен, оның бір аты «Хәкім Сүлеймен» болып кетеді. Кейін бұл ат «Хәкім Ата» болып өзгереді. Жылдардың жылында Сүлеймен Бақырғани атасы, ұстазы Ахмет Йасауиге қол тапсырып, басқа ауылға барып, ағартушылық жасайды. Сол ауыл содан бастап «Хакім Ата» деген атқа ие болады.

Бұған қоса, зерттеушілер Сүлеймен осы Бақырғани есімімен қатар жүретін «Ата» сөзінің сопылық дүниетаныммен тікелей байланысты екенін де баян етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Хәкім Ата» лақабымен танымал болған ақын мұндағы «ата» атағын жасы ұлғайып, елдің ақсақалы атанғандықтан емес, қайта жастайынан көреген болғандығынан алған. Қазақтың бұрыннан келе жатқан діни дүниетанымында Қорқыт ата, Бекет ата, Қошқар ата, Ибраһим ата, Исмайыл ата, Шопан ата, Қоян ата секілді атау-ұғымдар бар. Олардың бәрі өмірде болған әулиелі кісілерге атақ ретінде атап берілген. Олай болатыны, тариқатқа кірген мүридті ақиқатқа жетелеуші ұстаз арабша «шейх», парсыша «пир» деп аталады. Бұл сөздердің тікелей аудармасы «қарт», «кәрі», «жасы ұлғайған адам» деген мағына береді. Оның түркіше «ата» деген баламасы қолданылады. Ал Махмұд Қашқари құрастырған «Диуани лұғат ат-түрікте» бұл сөздің жасы келіп қалған кәрі адамға қарата айтылатыны жазылған. Бұған қосарымыз, «Ата» сопылық дүниетанымда «шейх» пен «пірдің» орнын басатын, «ақиқатқа жетелеуші рухани ұстаз» деген мағынаны білдіреді. Парсы тілінде жазылған «Санглах» атты түсіндірме сөздікте бұған: «Ото – се мағни дорад. Аввал педар ро гуянд ва доввом мажозан машоихий суфия ва зохид ро номанд ва севвом амр аст аз номидан», яғни «Ата – сөзінің үш түрлі мағынасы бар. Бірінші, әкені айтады, екінші, сопылық және захидтік жолдағы машайықтың ерекше атауы, үшінші, атау сөзінің бұйрық райы», – деген түсіндірме қарастырылыпты.

Демек, Сүлеймен Бақырғанидың есімімен қосарлана айтылатын «Ата» сөзінен оның өз заманының белді рухани ұстаздарының бірі болғанына көз жеткіземіз. Жоғарыдағы парсы сөздігінде келтірілген «заһид» терминінің де сопылық дүниетанымдағы ақиқатты іздеуші адамға қарата қолданылатын кездері кездеседі. Тариқат жолында ұстаз бен шәкірт, пір мен мүридң арасында толық сұхбат, яғни түсіністік қалыптаспайынша, Хақты іздеуші оның ақиқатына жете алмайды. Осы жағынан алғанда, Сүлеймен Бақырғани ұстазының қасиетті дұғасын алып, белді ізбасарына айналғанын аңғарамыз. Пір мен мүрид арасында болатын осы рухани байланыс Сүлеймен Хәкімнің он бес жасынан басталғаны екен. Мұны уәж ететін деректер баршылық. Ол он бес жасынан мүрид болған.

Ұстазы әрі атасы Йасауиді теңдессіз пір тұтқан шәкірт оны әрдайым дәріптеп жырға қосып отырған. Солардың ішіндегі біздің жадымызда ертеден жақсы жатталып қалғанын ретінде мына әйгілі шумақтарды атап өтуге болады:

 

«Субхан Изім өзідур,

Ол Мустафа бұйұрды,

Бабам Арслан текурді,

Шайхым Ахмад Йасауи.

 

Мустафаның хирқасын киді,

Еді луқмасын,

Тұтды Қағба халқасын,

Шайхым Ахмад Йасауи».

 

Бұл – Бақырғани хикметінің шағатай тілін араластырып жазған түпнұсқасы. Ал қазақ ортасына оның «Ақырзама» кітабына енген мынадай тәржімалық нұсқасы кең тараған:

 

«Ысқақ баба жұрыны,

Ибраһим шайхы құлыны,

Машайықтар ұлығы –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Жақсыға жұртты бастаған,

Дүниеге құлқы қашпаған,

Шарадан асып таспаған –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Қаршыға, сұңқар қолында,

Сансыз мүрит соңында,

Бір Алла ғана ойында –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Шариғат шамын жаққанша,

Тариқат сырын айтқанша,

Ақиқат жолын тапқанша,

Көптің көзін ашқаша,

Күн шығып, қайта батқанша,

Мағрифатқа ден қойған –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Аты аталып Кәламда,

Мәлім болған ғаламда,

Сансыз түмен Үндістан,

Хорасан мен Ажамда,

Өз орны бар исламда,

Арыстан баба шәкірті –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Жұпардай иісі тараған,

Жұрт аузына қараған –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Қызырменен жүздескен,

Ілияспен тілдескен –

Шайхы Ахмет Йасауи.

Қараса Қағба көрінген,

Жүзіне нұры төгілген,

Дүние ілімі берілген –

Шайхы Ахмет Йасауи.

 

Түркістанға барыңыз,

Қызметінде болыңыз,

Үлес берсе алыңыз,

Шайхы Ахмет Йасауи.

Бабамәшин пәк сұлтан,

Мүриті болған айтулы –

Шайхы Ахмет Йасауи».

 

Мұның мынадай да бір нұсқасы бар:

 

«Йасы өзені жағасы,

Жатыр гауһар асылы,

Машайықтар сарайы,

Шейхым Ахмет Йасауи.

 

Қарашығымен қыстаған,

Сұңқар, лашын ұстаған,

Сансыз шәкірт бастаған,

Шайхым Ахмет Йасауи.

 

Шариғаты – шапағат,

Тариқаты – қанағат,

Хақиқаты – парасат,

Шайхым Ахмет Йасауи».

 

Түпнұсқада жоғарыдағы бірінші шумақ мынадай сипат алады:

 

«Исхақ баба йарыны,

Шайх Ибрахим қулыны,

Машаихлар улуғы –

Шайхым Ахмад Йасауи».

 

Сүлеймен Бақырғани өзінің өлең жолдарында Ахмет Йасауидің тек Хақ тағаланың құдіретімен әулиелікке жеткенін, Мұхаммед Пайғамбардың құрмасын аманат ретінде Арыстан бабтың алып келгенін, соның арқасында Түркістан пірінің ләдун ілімін толық игергенін сөз етеді. Жаратқан иеміз әулиелікті кез келген пендесіне тарту етіп тарта салмайды.

Алла Тағаланың қалауы түскен Ахмет Йасауи асыл тектен шыққан, ол надандардың ойына да келмейтін нәрселердің бәрін білед. Ясы суынан нәр алған ұлы ұстаз өз кезінде бір қолына қаршыға, сұңқар, лашын ұстаған, бір қолымен тазы жетектеген. Оның атақ-даңқы мұсылмандарды былай қойғанда, айналадағы христиан мен яһуди өкілдерінің арасында да кеңінен мәлім. Оның осылай он сегіз мың әлемге мәшһүр тұлға атанғанын шәкірті әрі жиені Сүлеймен Бақырғани мақтан тұтады. Сөйтіп, «Хорасан мен Ажамда, өз орны бар исламда, Арыстан бабаның» ізін жалғастырушы шәкірті Шайхы Ахмет Йасауи екеніне аса разылық білдіреді.

Ислам дінінің «жахрия» («йассаушилік») деп аталатын ағымын Қыпшақ даласына уағыздап, таратушы көрнекті діни қайраткер Сүлеймен Бақырғани түркі әлемінің ғылыми және мәдени ошақтары болған Ясы (Түркістан), Испиджаб (Сайрам) және Фараб (Отырар) шаһарларында ұзақ жылдар оқып, ислам дінінің аса көрнекті ғұламаларынан дәріс алған. Бар ғұмырын Хақ жолына арнаған ақын заманында түркі сөз өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның қаламынан туған жүзден аса даналық сөз, «Ақырзаман», «Миғражнама», «Исмайыл қиссасы», «Бибі Мәриям», «Жарты алма» секілді дастандар халықтың игілігіне айналды. Ақынның сопылық дидактикалық мазмұндағы хикмет- өлеңдері ұлан байтақ Қыпшақ даласы мен Орталық Азияның түркі тілдес тайпалары арасында кеңінен тарады. Алайда, біздің дәуірімізге қолжазбалар арқылы жеткен ақын мұраларын жариялау XIX ғасырдың орта тұсынан қолға алынды. Олар алғаш рет 1846 жылы Қазан университетінде «Бақырғани кітабы» деген атпен жарық көрді. Қадим әліппесімен басылған шығармалар жалпы 16 рет баспа жүзінен өтті. Бұдан кейін Ташкент және Ыстанбұл шаһарларындағы баспаларында бірнеше рет басылып шықты.

«Бақырғани кітабы» – түркі халықтарының ХІІ ғасырдағы сопылық -дидактикалық ағымдағы алғашқы әдеби жәдігерліктерінің бірі. Бұл жыр жинағы Орта ғасырлардағы қазақ әдебиетінің де мұрасы болып саналады. Ақынның хикмет-жырлары уақытында қазақтың жыр-толғауларындаа көп ұшырасатын ақыл, өсиет айту сарынына қатты ұқсайды. Дұрысы, қазақ ақындары осы толғаулардан өнеге алғанға ұқсайды. Кітап бес бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімі шартты түрде көңіл күй жырларынан құралған. Екіншісінде сопылық идеясы бағытындағы дидактикалық-философиялық өлеңдер жинақталса, үшіншісін Аллаға мадақ білдіру жырлары толықтырады, төртіншісінде «Ақыр заман көріністері» дастаны берілсе, бесіншісі «Бибі Мариям» толғауын орналастырған. Фолианттың басты идеясы – көпшілік қауымды ізгілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жету үшін Алланы (Хақты, абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Онсыз бұл биік мақсатқа жету мүмкін емес. Кез келген адам әуелі, Ахмет Йасауи айтқандай, төрт саудадан сүрінбей өтіп алуы керек. Олар шариғат, тариқат, маърифат және хақиқат деген сынақтардан тұрады.

«Бақырғани кітабы» – Қожа Ахмет Йасауидің үлгісімен жазылған хикметтер жинағы.  Ол – әртүрлі кезеңге және әртүрлі ақындарға тән діни-сопылық өлеңдер кітабы. Жинақтың 1901 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтер сауда үйінің нәшіриятында басылып шыққан варианты 80 беттен тұрады. Әрбір беттегі қос бағанда 56-60 шамалас жол өлеңдер бар. Жинақтағы барлығы 135 хикметтің отыз 5-і ғана Сүлеймен Бақырғаниға тиесілі болып шықты. Олардың да біразынща ақын әртүрлі ат-есімдермен жүр. Мысалы, 28 хикметтің соңнда – Құл Сүлеймен, екі өлеңде – Сүлеймен, бір-бір өдеңде Хакім, Хакім Сүлеймен, Хакім Қожа, Хакім Ата, Хакім Қожа Сүлеймен ныспылары қойылған. Осы хикметтердің көлемі 1200 жолдан асады. Кітапта жалпы 9 дастан берілген. Олардың екеуі – «Расул Миғражы» мен «Исмайыл қиссасының» Сүлеймендікі екені көрсетілген. Ал Мұхаммед Пайғамбардың қазасына байланысты жазылған дастандар – Шәмсі асы, Мұхаммед пен Ибраһим жайлы дастан – Ғұбайдулла, «Ақтым қиссасы» Хытаи сақы секілді авторларға тиесілі екені жазылған. Кітапқа туындылары енген ақындардың арасындағы ең танымалы қаламгерлері қатарына Әндіжанда туып-өскен Бабарахим Мәшраб (1657-1711), сол сияқты XVІ ғасыр соңы мен XVІІ ғасыр басында өмір сүрген өзбек ақыны. Құл Үбайди, бірнеше тілде шиғыр жазған өзбек ақыны Лутфи (1366-1465) бар. Түркістан қаласына жақын жерге орналасқан Иқан қаласынан шыққан ақын Камаладдин Иқани XV ғасырда, Хұдайдат және Қасым сопылық шайырлар XVI ғасырда Ясыда тұрғанға ұқсайды.

Сүлеймен Бақырғани да өзінің гуманистік бағыттағы ой түйіндерін ислам діні қағидалары тұрғысынан түсіндіруге әрекет жасайды. Ал біз соңғы кезге дейін дін атаулыға сыңаржақ қарап, оның адамды ізгі қасиеттерге үндейтін ілгерішіл ролін теріске шығарып келдік. Сол себепті Сүлеймен Бақырғани өлеңдері де күні бүгінге дейін зерттелмей, жарияланбай келеді. Бертін келе Бақырғани жыр-жинаған «Бақырғани кітабы» деп атайды. Бұл жинақтағы өлеңдер өзінің тақырыбы, мазмұны, құрылысы жағынан Ахмет Йасауидің «Даналық кітабына» ұқсас болып келеді.

Біздіңше, Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман көріністері» дастаны мазмұнының құны қазір де түсіп тұрған жоқ. Ол саналы адамды ойландырып, ойға қалдырады.

 

«Жерді қалай жаратса, айды да солай,

Айды қалай жаратса, күнді де солай,

Әнбие-мүрсәлдардың бәрі де солай,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Заман ақыр болса, нелер болар,

Ғалымдар шағыр ішіп, зина қылар,

Дүниеге түрлі-түрлі пәле толар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Хақ жадын айтпағандар «Алла» демей,

Ғалымдар ғылымын есітіп жалған дегей,

Басына ажал оғын келмес дегей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Ер мен әйел харабат та шағыр ішкей,

Білер екен, білмес секілді істер істей,

Кекірейер аспаннан жерге түспей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Сараңдар қанағатсыздықтан ашкөз болар,

Құран үнін есітісе құлақ жабар,

Кәпірлік нышанасы үшбу болар,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар.

 

Заман ақыр болғанда пейіл азғай,

Мүміндердің ұл-қызы тұтқын болғай,

Залымдар ұялмастан «пендем» дегей,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар».

 

Ұзақ толғау түрінде жазылған бұл дастанның берер ғибраты өте көп. Тек тыңдайтын құлақ, қабылдайтын сана керек.

 

Осы толғаудың тағы мынадай да тәржімасы ұсынылады:

 

«Ақыр заман келгенде нелер болар.

Түрлі-түрлі пәлеге әлем толар

Ғалымдар шарап ішіп, ойнас жасап,

Абырой атақ – бәрі де босқа қалар.

 

Білгішсініп ғұламалар шарап ішер,

Арам жеңіп, адалдар отқа түсер.

Пәле жатқан қаптың да аузын ашып,

Абырой атақ – бәрі де босқа қалар».

 

 

 

Сүлеймен Бақырғани «Ақыр заман көріністері» атты жыр толғауында адам, заман, қоғам туралы философиялық ой-пікірлерін жеткізеді. Мұндағы басты идея заманның жақсы не жаман болуы адамзаттың моральдық-этикалық іс-әрекетіне, рухани тұрғыдан тазалығына, имандылығына, арына, мұсылмандық парыздарын мүлтіксіз орындауына, адалдығы мен уәдеге беріктігіне байланысты деген түпкі ойды білдіріп, жұртты соған бейімдеу болып табылады. Ақырзаманның үрейлі де жиіркенішті көріністерін әсерлі түрде суреттей келіп, сондай сұмдықты болдырмау үшін адамдар ислам дінінің қарапайым қағидаларын берік ұстауы керек деген тұжырым жасайды.

«Бибі Мариям» – пайғамбарлар, әулие-әмбиелер, әлемнің жаратылысы жайлы сыр шертетін сопылық-дидактикалық мазмұндағы жырлар. мұнда Иса (Ғайса) пайғамбар өз анасы Мариям бибіні өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық жайындағы әңгімелерге тартады. Бақырғани сол арқылы адамдарды имандылыққа, ар сотына, ізгілікке, құдайға құлшылық етуге үндейді.

Жинақтағы арнау өлеңдердің бірі Қыдыр Ілиясқа арналған. Аңыз бойынша, Қыдыр Ілиясқа жер жүзінің түн жағында ағатын бұлақтағы әбілхаят суын ішіп, ақырзаманға дейін өмір сүру несіп болған. Қыдыр – жолда адасқан жолаушыларға жол көрсетуші, қиналған пенделерге қол ұшын беруші. Ол қазақтың халық ауыз әдебиетінде де кең тараған. Арнау өлең Сүлейменнің алғаш шығарған жыры ретінде «Хакім Ата кітабынан» орын алған. Кітапта өлеңнің шығу тарихы туралы хикаят беріледі. Қожа Ахмет Йасауидің үйіне мейман болып келген Қыдыр ғалиас-салам аузына түкіреді. Сүлейменге содан ақындық қонып, әуелі айтқан хикметі еді дейді.

Мұны ақын былай баяндайды:

 

«Ескі-ұсқы бөркім бар,

Сарық-сарсық көркім бар.

Шайхым отынға жазса,

Бармасқа не еркім бар.

 

Тоным отынға шұлғап,

Тәнім суыққа тітіреп,

Ышықтан махаббат іздеп,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Көктен рахмет жаудырған,

Жерден набат өндірген,

Мейірім сүтін емдірген,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Келіп түзді халқаны,

Іздеп таппас халық оны,

Тарихаттың сұлтаны,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Келіп халқа түзген,

Кім жылап, кім күлген,

Кім ер екенін әуел білген,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Кім ер екендігі белгісіз,

Арық (пақыр) құлға айтқысыз,

Хақтан өзгеге белгісіз,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Құмда ізін іздеген,

Сыр сөзін сөйлеген,

Халықтың өзін кезген,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Құстай ауада ұшқан,

Тау, теңізді, түз(ді) кешкен,

Мәңгі суын ол ішкен,

Қызыр Ілияс атам бар.

 

Құл Сүлеймен айтқаны,

Ишаратта болғаны,

Көңілдердің сандығы,

Қызыр Ілияс атам бар».

 

Бақырғаны өз жырларында суфизм идеясының басты қағида-шарттарын білдіре келіп, адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік береді. Ақын Жаратушы сыйлаған өмірдің ләззатынан безбеуге, махаббат қызығын көруге, ғылым мен өмірді меңгеруге үндейді. Адамды құрметтеу арқылы Алланы разы етуге болатынын шалқыған шабытпен жырға қосады.

 

«Әрбір адамды көргенде қыдыр деп біл,

Әрбір кием қадыр деп біл», – дейді.

 

Бұл тіркесте шайыр «қыдыр» сөзін – әрбір үйге бақыт пен дәулет әкелетін әулие, ал «қадыр» сөзін құдайдан көмек тілейтін қасиетті түн мағынасында айтып отырса керек.

Міне, осындай жан тазалығының шынайы көрінетін ең бір шетін тұсы – бұл махаббат, сүйіспеншілік сезімі. «Жүрекке әмір жүрмейді» дейтініміз сондықтан. Махаббат бар жерде адамның парасаты оянады. Ол парасат ең жоғарғы сатыларда ғана өзінің шыңына жетіп, шешек атады. Сол арқылы Алланың құдірет күшін тағы танытып өтеді. Адам жаны қашанда махаббат, сүйіспеншілік арқылы тазарады. Махабаттың ұлы құдіреті алдында пенде өзінің пенде, құл екенін сезінеді. Осыны жан-жүрегінен өткізген Сүлеймен Бақырғани бұл тақырыпта да біраз ойлы дүниелер жазып тастапты.

«Сүлеймен Бақырғани – өзінің машұқын іздеген ғашық адам. Осы жолда барша қиындықтарға щыдауға, жалындаған оттың азабына төзуге де дайын. Оның жер басып жүруіне де, ғашықтық себеп болған, – деп жазады зерттеуші Т. Қыдыр осыған орай. – Өмірінің бар мәні де, осы әлеммен тікелей байланысты. Басқалар ойын қуып, әлсіз шаһуаттың соңында жүргенінде, бұның көзіне жас алып биабанды тентіреп жүруі де осы ғашықтықтың салдары. Бақырғанидың нәзік жүрегі қашан машұқын таппайынша зіркілдейді».

Бұдан әрі автор Сүлеймен Бақырғанидің бір хикметін түпнұсқалық қалпында оқырман талқысына ұсынады:

 

«Ғашиқдын сурмаңыз дуния-уқба,

Ғашиқ мағшуқы үчүн һәрдәм өләдур.

Ғашиқны куйдурур ишқ оты,

Ғашиқлар ишқ отыға мубталадур».

 

Баяндауынша, осы жолдарды тудырған ақын өмірінің соңына дейін ғашық болып өткен. Ол тіпті сүйіктісін іздеу үшін «дүние істерінен» бас тартады. Ғашығы үшін сәт сайын бір өліп, бір тіріледі. Осылай тариқат жолына ықыласы ауған ақынды ғашықтық оты өзінің құшағына алып, өртей түседі. Соңында ол «Ғашықтар бар ғашықтық отына күйіп жанған» деп ашығын айтады. Мұның сырын сырттағы бөгде біреулер тұрмақ, айналасындағы кейбір сопылар да ұғына алмай-ақ қойды. Кейбіреулер оның «ғашықтық сыр» деген сөзін келекеге айналдырып жіберді. Ал ақынның айтып отырған ғашықтығы мәңгілікке талпыныс, тар қапасқа қамалған азапты жанды тордан азат етіп, шексіз махаббат кеңістігіне еркін ұшыру болатын.

 

«Алла берген сезімді сыйламаған,

Хақ жолында өз жанын қинамаған,

Емдемейтін дертіне дауа іздеп,

Зымырап өтіп барады мына жалған.

 

Тәуіптер көп тәніңді емдейтұғын,

Тәуіптер көп жаныңды сезбейтұғын.

Шіркін, сезім – шынайы құдірет қой,

Алладан басқаға бас имейтұғын.

 

Тәуіптер жоқ жанымды емдейтұғын

Махаббат та құдіретке тең дейтұғын.

Құдайым сақта мені пенделерден

Не өзіне, не маған сенбейтұғын».

 

Міне, осы шумақтардың шамырқанысынан шайырдың шын шырғасы мен шырғалаң күйге түскен жағдайын шамалауға болар еді.

Осылай бір буырқанып, төгіп өткен Сүлеймен Бақырғани адам басындағы мөлдір сезімді сырын бәйт өлеңінің құрылымына салып, былай түсіндіре келіп, оның өте қиын хәл екенін сендіре мойындайды:

 

«Менің жаным – саған деген махаббат,

Тәнім әлсіз, бірақ жаным шапағат.

 

Ұлы сезім болмағанда нетер ем,

Бұл жалғаннан қамығып-ақ өтер ем.

 

Махаббатсыз жүректің ауасы жоқ,

Ғашықтық дертінің де дауасы жоқ».

 

Ақын өзінің сүйіспеншілік туралы өлеңдерінің түйіндеріне де философиялық мән бере қарайды.

Ұлы Дала төсіндегі түркі халықтары өмірінде ҮІІІ ғасырдан бастап ислам дініні маңызды факторға айналды. Тарихтан белгіл болғандай, 961 жылы Қарахан мемлекетінде ислам мемлекеттік дін деп жарияланғаннан бастап, бұл үрдіс қатты қарқын алды. Ежелден бір құдайлықты қолай көрген тәңіршіл түркілердің ендігі өмір сүру салты исламмен тығыз байланыста болғанымен, жалпы ислам, соның ішінде Орталық Азиядағы түркілік ислам ХІІ-ХІІІ ғасырларда рухани тоқырауды бастан кешірді. Бұл ислам дінінің өз ішіндегі консервативті бағыттардың екпіндеуі мен Ислам әлеміне Батыс пен Шығыстан қатар жасалған шапқыншылықтарға байланысты еді. Осы кезең туралы Қожа Ахмет Йасауи хикметтері секілді Сүлеймен Бақырғанидің шығамашылығында көрініс тапты.

Қaзaқ әдебиетінде Сүлеймен Бaқырғaни жaйлы aлғaш пікір aйтушылaрдың бірі әдебиет зерттеушісі Әуелбек Қоңырaтбaев болды. Ол Өскемен қaлaсындa шығaтын «Алтaй большевигі» гaзетінде 1945 жылы 25 қaрaшaдaғы нөміріне жaриялaнғaн «Сүлеймен Бaқырғaни» деген ғылыми мaқaлaсындa «Хaкім Атa кітaбы» туралы келелі ой қозғайды. Қaрa сөзбен жaзылғaн туындыны ромaн жaнрынa жaтқызa келіп, XІІ ғaсырдaғы Ортa Азия түріктерінің жaзбa тілінің ерекшеліктерін білу тұрғысында кітaптың тaрихи-көркемдік мәні ерекше жоғары екеніне назар аударады. Бұдан кейін Тынысбек Қоңыратбаев «Әуелбек Қоңырaтбaев зерттеулеріндегі түркология мәселелері» деген еңбегінде Бaқырғaнидың әдеби мұрaсын зерттеп, игеру ниетімен 40-жылдaры КСРО Ғылым акaдемиясының Қaзaқ бөлімшесіне қaрaсты Тіл және әдебиет институты тaрaпынaн бірқaтaр іс-шaрaлaр жоспaрлaнып, бірaқ жүзеге aспaй қaлғaнын aтaп өтеді. «Қaзaқ әдебиетінің» екінші томынa Қорқыт, Қожa Ахмет Ясaуи шығaрмaлaрымен қaтaр, Сүлеймен Бaқырғaнидың әдеби мұрaсы турaлы тaрaу дa енуге тиіс болғaн. Сол сияқты әкелі-бабалы Ә. Қоңырaтбaев пен Т. Қоңырaтбaев «Көне мәдениет жaзбaлaры» (1991) деген еңбегінде «Хaкім Атa кітaбының» негізінде Сүлеймен Бaқырғaнидың өмірбaяндық деректеріне және еңбектің мaзмұнынa, тaрихи мәні мен тілдік ерекшеліктеріне кеңірек тaлдaу жaсaйды. Ғaлым Ханғали Сүйіншәлиев «Ғaсырлaр поэзиясы» (1987) aтты ғылыми жинaғынa «Хaкім Атa мұрaлaры хaқындa» мақаласын кіргізді. Ал 2008 жылы Алматыда қазақ тілінде «Әдеби ескерткіштер» кітабының 7-томы шығып, онда Бақырғанидың толық шығармаларына орын берілді.

Ойшыл оқымыстының, айтулы ақынның мұраларын әр жылдары Ф.Көпрүлү, Н.Маллаев, К.Ераслан, И.Хаққұлов, С.Рафиддинов, Б.Кенжебаев, Н.Келімбетов, Т.Қыдыр секілді ғалымдар зерттеп, оның шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен оның түркі халықтары тарихындагы мәдени құндылығына қатысты ойларын айтқан. Кезінде ақын шығармалары әлемге кеңінен тарап кеткен. Сондықтан оның мұраларын жаһанның көптеген елдері кітапханаларынан кездестіруге болады. Ақынның еңбектерін толық қамтитын қолжазбалардың бірі Қазақстан Ұлттық  кітапханасының қолжазбалар бөлімінде де сақталып тұр.

Кешегі Кеңес заманында түркі халықтарының әдебиет тарихына қатысты томдар мен жинақтарда ақын хикметтерінен үзінділер жарияланды. ХІХ-ХХ ғасырларда басылған литографиялық көне кітаптардың негізінде 1991 жылы Ташкентте, 2000 жылы Қазанда қайта басылды. Сондай-ақ, Бақырғанидың бірнеше хикметін Б.Сағындықов, Р.Ахметов, Н.Мәтбек және Т.Қыдыр қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынды.

Қорыта айтқанда, Сүлеймен Бақырғанидің Қарахан дәуірінің көркем сөз өнерін дамытуға үлкен үлес қосқан ірі қайраткер болып табылады. Ол Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Ахмет Йасауи сияқты ақыл-ой алыптарының дидактикалық, эстетикалық, философиялық ой-пікірлерінен туындайтын мәселелерге айрықша көңіл бөлді.

Ислам дінінің Орталық Азия аумағында таралуына үздіксі үлес қосқан биік шоғыр ішінде Қожа Ахмет Йасауи де, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани де болды. Олар мұны жеке істерімен де, хикметтері арқылы да көрсетті. Сондықтан екі ойшылдың еңбектері мен хикметтерінің маңызы күні бүгінге дейін өзк мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Хәкім Ата ұстaзы Қожa Ахмет Йасaуи сияқты шығaрмaлaрын жергілікті оғыз-қыпшaқ тaйпaлaрының aнa тілінде жырлaды, түрік тілінің мәртебесін көтерді, оның жоғалмай, ғaсырдaн ғaсырғa жaлғaсс беуін қaмтaмaсыз етті. Өлең өлшемдері түріктерге тән ұйқaс пен 8, 11-12 буынды үлгілерінде жaзылды. Біздің зерттеуіміз әдебиеттегі сопылық aғымның ерекшеліктері мен оның көрнекті өкілінің бірі Сүлеймен Бaқырғaни (Хaкім Атa) мұрaлaрының ғылыми кеңістіктегі орнын aнықтaп, осы бaй жәдігерліктің көркемдік қaсиетін aшып көрсетуге aрнaлды. Бaғзыдaн жеткен бaбa жырлaрының мәні мен мазмұнына терең үңілу кезеңі енді басталып келе жатқан сияқты. Ақын мұрaсы қaзaқ әдебиеті үшін де aсыл қaзынa болып саналуға тиіс.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button