Даналыққа оралу
әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактатынан
- Адам бақытқа жету жолында іс-қимыл,мінез-құлқының артықшылықтарын қалай пайдалануы жайында
Адам іс-қимылы мен мінез-құлқында асыра сілтеу не жетіспеушілік болса, қалыпты орташа күйге жеткізу қажет, содан кейінгі мәселе соған сәйкес бақытқа жетуге пайдалана алуында болмақ. Әр адам өзінің орташа қалыпты жағдайын жасап алған соң бақытқа жетуді мақсат етуі тиіс. Сол үшін жағдай мен мүмкіндікті зерттеп, әрі қарай қандай іс-қимыл жасап, оны қалай жүзеге асыру керектігін ойлауы қажет. Және оның пайдасы мен барлық қала тұрғындарын бақытқа кенелтетін жолдары қалай боларын бағамдауы тиіс. Мәселен, бір дәрігер науқасты айықтыру үшін тамақ пен дәрі-дәрмектің орташа қалыпты пайдалануын зерттеп, анықтаған соң емдеу ісіне кірісіп, нәтижесін күтеді.
- «Шынайы патшаның» мағынасы, оның мақсаты және қаланы реттеуі жайында
Шынайы патшаның саясатпен айналасуында қаланың жүйесін реттеп, өзін және қала тұрғындарын шынайы бақытқа қауыштыру саясаткерліктің нәтижесі ретінде патшалық кәсіптің шапағаты болмақ. Арман қаланы жүйелеуші өзі қала тұрғындарын бақытқа бөлейтін кісі болғандықтан, барлық тұрғыннан бақыттырақ болуға тиіс.
- Қалалардың мақсат-мүддесі жайында
Базбір саясаткердің пайымдауынша, патшалық пен қалаларды басқарудағы мақсат – ұлылық, ерлік, жомарттық, үстемдік, бұйыру, бағындыру, тыйым салу, ұлықтау, жұрттың мадақтауы. Олар «игілікті» өзге бір нәрсеге қол жеткізу үшін емес, өздерінің табиғаты үшін қалайды. Олардың қала жұмыстарын басқарудағы жалғыз мақсаты – игілікке қол жеткізу. Сондықтан қала тұрғындарының әдет-ғұрпы мен өмір салтын сол мақсатта қалыптастырады. Содан олардың кейбірі сол игілікке жетеді. Осылайша іс-қимылдарын қайырымдылыққа бағыттап, қала тұрғындарына игілік жасап, оларды жақсылыққа бөлейді. Сөйтіп, осы игі істерін тұрғындарға сый етіп қалдырып, олар үшін баянды қылады. Сол себепті олар жомарт және саясаткерлерден биіктеу тұрады. Ендігі бір топтың ойынша, игілікке қол жеткізу үшін әуелі ауқатты болу шарт. Сондықтан қала тұрғындарының арасында ең бай, ауқаттысы болуға ұмтылады. Ол теңдесі жоқ байлыққа қол жеткізіп, игілік жасауды көздейді. Тағы бір топтың көзқарасы бойынша, игілікті іске тектілік жеткілікті. Енді біреулер «қала тұрғындарына үстемдік құрып, оларды қорқыту арқылы игілік жасалады» дейді. Кейбір саяси билеушілер қаланың басқару істерін реттеп, шаралар қабылдаған соң негізгі мақсат өмірді байлықпен өткізіп, ләззатын көру деп ойлайды. Сол себепті қала тұрғындарын аталған мақсатқа жеткізуге тырысады. Сөйтіп, қала әкімі тұрғындардың өмір салтын олардың ауқатты болып ғұмыр кешуіне бейімдейді, кімде-кім сол жолды ұстанса, ойлаған байлыққа қол жеткізе алады. Әрине, әуелі байып, сосын мадақталып, игілік иесі болғысы келетін кісі мен жомарттықты негізге алып, патша болу арқылы дүние-байлыққа қол жеткізуді мақсат еткен кісі арасында айырма бар болғанмен, олардікі бос әурешілік және сұрқия басшылар аталады.
Кейбір топ «әкім қаланы жүйелеудегі мақсатында үш бірдей: жомарттық, байлық, ләззат алуды өзінің өмірлік ұстанымы деп қабылдап, өз ойын диктаторлық қатаң режимде жүзеге асырады» деп ойлайды. Ондай басшы қала тұрғындарын өзінің мақсатына жету жолында құрал ретінде пайдаланады. Сондықтан бұрынғы данагөйлердің пікірі бойынша, олардың бірде-бірі патша атауына лайық емес.
- «Патша» сөзінің мағынасы және теріс көзқарастар жайында
Патшаның міндеті – мемлекетті басқару. Ол кез келген уақытта қаланың әкімі болса, міндетін орындауға қауқары бар, оның атақты-атақсыз патша болуы, басқару құралдарының болуы-болмауы, адамдардың бір бөлігі оны мойындау-мойындамауына қарамайды. Бұл жағдай дәрігерлік кәсіпке де сай келеді. Дәрігердің өз кәсібінде атақты-атақсыз болуы, құрал-жабдықтарының бар-жоқтығы, бір топ адамның мойындау-мойындамауы, науқастары өзінің нұсқауын орындау-орындамауына қарамастан, кәсібінде кемшілік болса да дәрігер саналады. Сондықтан патша – өзінің міндеті бойынша патша. Оның сол міндетті орындауда қарым-қабілеті бар. Сондықтан ол бір топқа үстемдік құрып, басқа бір топты басқара алмаса да, мадақталып-датталса да, қуатты не әлсіз болып көрінсе де патша!
Енді бір топ «патша атауы оған басқарушылық қабілеті болғаны үшін берілмейді» дейді. Патша деген атауға лайық болу үшін қала тұрғындары оның жарлығын мойындап, халық тарапынан сый-құрметке ие болуы керектігін айтады. Келесі біреулер аталған ерекшеліктермен қоса ауқатты болу қажет деседі. Тағы біреулер олардан басқа үстемдік құру, қорлау, қорқыту, өз дегенін жасату қабілеттеріне ие болуын алға тартады. Аталған ерекшеліктің барлығы билік құрудың шарттары емес. Ондай ерекшеліктердің айтылу себебі патшалық міндет олардың бәрімен ұштасып келеді. Сондықтан билік себептері сондай болмақ деп ойлайды.
- Теориялық ақыл мен практикалық ақылдың екі шегі жайында
Теориялық ақыл мен практикалық ақылдың әрқайсысының айрықша артықшылығы бар. Теориялық ақылдың шындықты тану, білім алу және данагөйлік артықшылыққа ие болуы, практикалық ақылдың артықшылығы – шындықты жүзеге асырумен бірге жақсы ойлардың практикалық мәртебесін айқындау болады.
- Теориялық ақыл және оның қабаттары жайында
Теориялық ақылдың табиғи қуатына адамзат білімі тәуелді болғандықтан, жалпы қажетті негіздерден хабардар болып, оған қол жеткізеді. Мәселен, «барлық нәрсе – үлкендеу нәрсенің бөлшегі», «бірнеше сан мен басқа бірнеше сан тең болса, барлығы да тең» сияқты мысалдар – біздің білімнің бастауы, барлық теориялық болмыстардың пайда болуында адамның жасампаздығының әсері жоқ. Бұл «ақылдың» өнімділік қабілеті үдерісте тұрғандықтан адамның миында оның бастапқы алғышарттары пайда болмаған. Ал қажетті алғышарттардың пайда болуымен ақыл белсенділік сатысына өтеді. Сондықтан белгісіз қалған жайттар қабілетті қуатқа айналғанда белсенді болған бұл қуаттың түсінгендері қате болуы мүмкін емес. Өйткені теориялық білім тәжірибедегі біліммен сәйкес келеді.
- «Ғылымның» мағынасы мен оның түрлері жайында
Ғылым атауы көптеген нәрсеге қолданылады. Бірақ теориялық білімнің артықшылығы – адам нәпсісінде болмыстың бар екендігіне сенім тудырып, өміршең болуына сеп болады. Сол сенім әр болмыс өз табиғатына сай, бастапқы қажетті шарттардан қалай бар болғанын айқындайды. Аталмыш бастапқы қажеттілік адамның ақылына, өзіндік табиғатына сай шынайы және сенімді болып қабылданады. Мұндай ғылымның екі түрі бар. Біріншісі – ғылымның бұл түрінде болмыс және болмыстың себебіне байланысты пайда болған сенімде өзгеріс байқалмайды. Екіншісі – ғылымның бұл түрінде болмысқа пайда болған сенім өзгермейді, бірақ оның себебінен хабардар бола алмайды.
- «Ғылымның» шынайы мәні тек қана өзгермейтін болмыстарға айтылатыны жайында
Ғылым шын мәнінде барлық заманда нақты және шындықпен сәйкес келеді. Оның нақтылығы мен сәйкестігі заман шеңберінде шектелмейді. Ендеше, біз бір нәрсенің бар екенін түсінгенде оның болмысы уақыт барысында жойылып кетсе, біздің оған деген сеніміміз жоғалып, күдікке айналып, жалған ба деуіміз мүмкін, сол себепті ол ғылым бола алмайды. Сондықтан бұрынғы ғалымдар бір күйден өзге бір күйге түсіп, өзгеріске ұшыраған түсінікті ғылым демеген. Мәселен, біз қазір бір адамның отырған күйін көріп, одан хабардар болдық, бірақ онда өзгеріс болса да, орнында отыра беруі мүмкін. Сондықтан ғылым деп өзгеріске түспейтін болмысқа сенім болғандығын айтады. Ал «3 – тақ сан» дегенмен, ол жұп болып өзгермейді. Себебі 3 саны еш уақытта жұп болған емес. Сондай-ақ 4 деген сан тақ болмайды. Демек, кімде-кім өзгеріске ұшырайтын білімге «ғылым» атауын берсе, бұл теңеу болып саналады.
- «Хикмет» ұғымының мағынасы, болмыс сатыларының баяны, бастапқы жаратушының өзгешеліктері жайында
Хикмет – барлық болмыс оларға тәуелді о бастағы жаратушылардың білімі және құралды заттардың жақын жаратушыларын тануы. Ал қияндағы, таяудағы жаратушыларын тану үшін біз олардың болмысына еніп, қалай болғанын білуге тиіспіз. Ал жаратушылардың саны көп болса, зерттеп, алға жылжып, бастапқы жаратушы болған бір болмысқа жетуіміз керек. Ол – таяу және қиян себептердің пайда болуына хақ жаратушы. Ол – шын мәнінде жалғыз және бастапқы жаратушы. Оның болмысы өзіне тәуелді, оның реттеушісі өзге ешбір нәрсе емес, бәлкім, ол өз болмысында өзіне жеткілікті. Өйткені оның болмысы өзге болмыстан пайдаланған емес. Оның болмысы өзге барлық болмыстан бөлек, материя және материалдық зат емес. Өзге ешбір болмыс ешқандай мағынада онымен ортақ та, серік те емес. Алайда бастапқы жаратушы өзге болмыспен серіктессе, бұл тек қана сөз жүзінде емес. Ал сол бастапқы жаратушы жалғыз екендігі хақ.
Ол өзге болмыстарға жалғыздықты тарту еткен, сондықтан кез келген болмысты жалқы дей аламыз. Сол бастапқы жаратушы өзге болмыстарға шынайылық бергені хақ, өзі өз тегіне жетерлік, өзге болмыстан алатындай мұқтаж емес. Үстем «кемел ой» және болмыстың бар болу қиялы одан артық мүмкін емес. Одан артық кемелдік табыла қоймасы анық, еш болмыс одан басқа айқын болуы мүмкін емес. Сондай-ақ бастапқы жаратушыдан өзге ешбір шындық биік емес және ешбір даралық ондай кемел емес.
Барлық болмыстың өз түбірін бастапқы жаратушыдан алғаны, шынайылық пен жалқылыққа ие екендігі мәлім. Сондай-ақ өзге болмыстардың шынайылығы мен жалқылығын және заттар өз табиғатында қалай зат болуын бастапқы жаратушыдан алғанын да жақсы білеміз. Сонымен қатар болмыстардың орнын ұға білдік, кейбірі алғашқы, кейбірі орта, енді бірі соңғы деген сияқты ретін түсіндік. Соңғы орындағы болмыстардың жаратушылары бар, бірақ өздері өзге болмыстың жаратушысы емес. Орта орындағы болмыстардың өздерінен жоғары тұрған жаратушылары бар, ал өздері төмендегі болмыстарды жаратады. Алғашқы орында тұрған болмыс – төменгі болмыстың жаратушысы, бірақ өзінің жаратушысы жоқ. Соңғы жақтағы болмыстың орта орындарға жоғарылап, ал ортаңғылардың кейбірі тағы өзгенің орнына орнығып, бастапқы жаратушысына тіреліп аяқталатынынан да хабардармыз. Бұл нақты білім «шынайы хикмет» деп аталады. Кейде «хикмет» () атауын өте белсенді, парасатты, білгір, өз ісінің шебері, кәсіп пен өнерде кемелдікке жеткендерге теңеу ретінде «хакім» (میکح) деп те қолданады.
- Практикалық ақыл мен оның сатылары жайында
Практикалық ақыл – сезу арқылы және ұзақ уақыт көрген соң адамда түсінік пайда болуының алғышарттарын жасайтын қуат. Содан адам қай іс-қимылы жаратуға, қайсысы жаратуға сай еместігін ұға алады. Болмыстың түсінікке қажет алғышарттарының кейбірі аса жалпылама болғандықтан көптеген іс-қимылды қажет етеді, сондықтан оны жаратуға немесе одан бас тартуға тура келеді. Ал кейбір алғышарттар жеке түрде, ұсақ үлгіде, тіпті, сезілетін не көре алатын болмағандықтан, адам қол жеткізе алмайды. Оны ақыл өндіру түрінде (әлеует) тұр. Ал оған қатысты тәжірибе мен сынақтар жасалып, санаға сіңген соң, ақылдың өнімі ретінде өтіп, өз кемеліне жетеді. Практикалық ақылдың бұл өндірісі адам өмірінің қай кезеңінде де тәжірибенің артуымен ұлғая береді.
- Даналық, мақсат және мақсатқа қайта оралу жайында
Даналық – ізгі ойлаудан туған, жоғары игіліктер мен биік мақсаттарға қол жеткізу үшін жақсы іс-қимылдарды таба білетін қуат. Ол биік мақсатқа жету жолы да адамды бақытқа бөлейді.
Зерделілік – жақсылыққа жетелейтін іс-қимылдардың пайда болуына себепкер қуат. Ұғымталдық – ойда жақсы көрініс тауып, маңызды саналатын іс-қимылдан гөрі практикада пайдасы көбірек әрекетті табуға себепші қуат. Мәселен, ауқатты болу, көңілді өмір сүру, жомарттық қасиетке ие болу секілді.
Алдау, залымдық және айлакерлік – жамандыққа апаратын іс-қимылдарға себепкер қуаттар. Олардың жолымен залымдық әрекеттер жетіле түседі. Ондай іс-қимыл жақсы көрініп, адамды өз қалауына жеткізетіндей болғанмен, хаққа тән мақсатқа қол жеткізуге кедергі болады. Мәселен, пайдакүнемдік пен ләззатқа әуес болу адамды негізгі биік мақсаттардан тайдырады. Өйткені пайда мен ләззатқа құмартқан адам өз қалауына жету жолын, қолданатын ұтымды тәсіл мен құрал керектігін ойлаумен жүріп түпкі биік мақсаттардан құр қалады.