Қилы заман: Айқожа ишан әулеті тарихынан
Біз әңгіме еткелі отырған Айқожа ишан ұрпақтары күні бүгінге дейін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы аумағында жасап жатыр. Айқожа ишанның өзі 1773 жылы дүниеге келіп, артында ізгілік жолын ұстанған 11 баласы мен рухани мұрасын қалдырып, 84 жасында 1857 жылы дүниеден өтеді. Егер арғы тегіне бойласақ, қазақ жеріне ислам туын алып келген үш бабтың бірі ел аузында Хорасан Ата аталған Әбдіжәлел баптың Ибраһим софысынан тарайды. Бер жағындағы шежіресіне сәйкес, Мәді Диуана қожадан тараған Қожжан, Қылыш, Ғабдрахман, Пірзада қожалардың кіші інісі – Бахмұхаммедтен өрбіген. Әзиз әулиелердің тарихы түгел зерттеліп болған жоқ, соның ішінде бізге жеткені Абылайханның үзеңгілес замандасы, қолдаушы пірі Жалаң аяқ әздер туралы деректер жиналған. Ал Айқожаның өміртарихы оның мен халыққа жасаған қызметі мен кереметтері әлі күнге дейін аңыз болып айтылып жүр. Біразы қағазға қатталып, кітап болып та шықты.
Айқожа ишанның балалары – Ибадулла мағзұм, Жұмаділла мағзұм, Ибрайым шайх, Мамырайым шайх, Смайыл, Ысқақ қожа, Реметулла қожа, Пірше қожа, Сапар қожа, Мұсахан мен Іскендір қожалар.
Қызыл төңкеріс тен кейін, қилы замана басталып, елдің жақсыларының ізіне түскен нәубет Айқожа ишанның немерелері мен шөберелерінің тұсына тап келді. Немерелері Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн мағзұмдар, Ата мағзұм, Сәруар ишан, шөберелері Әззам ишан, Омар, Жапар, Бұрхан, Мәді қожа, Махмұт ишан, Әлмұхаммед ишан, Инаят мағзұмдар қуғыншылық көріп, Өзбекстан,Тәжікстан асып Ауғанстанға жетпек болған. Бұл әулеттен шыққан көптеген адамдар сол жерлерде мәңгіге қалды. Кейбірі елге келіп, түрмеде жазасын өтесе, енді бірі бір оқтық болып атылып кетті. Сондай ауыр тағдырлы әулиенің бірі – Сәруар ишан. Ишанның іс-делосы архивте жатыр. Іздеушілері де жоқ емес. Алайда материалдар толық қолымызға жетпеген себепті, өзіміз естіп-білген жайттармен ғана шектелеміз.
Негізі қожаларды ұстап берген Мықтыбаев Сарсенбай деген адамды айтады. Ыстының Байқорғанды тайпасынан. Кезінде ишандардың алдын көріп молда атанып, арасында жүріп сеніміне ие болған екен. Бұл адам ұзақ өмір сүрген, өлерінде осы әулеттің ұрпағымен кездескен де жері бар екен. Сәруар ишанның шөбересі Бибіраба Ақтасқызының әкесінің айтуынша, Сәруар ишанды үйінде отырған кезінде ұстаған. Баласы Әсет, Бибірабаның атасы: «Көке, көке айтыңыз, сізді сатқан кім? деп сұрағанда, Ишан:
-Балам, таспен ұрғанды аспен ұр. Ол адаммен мен өзім ақыретте кездесемін» деп жауап берген дейді. Дәл қалай болғанын, кімдер екенін дерек беруші анық айта алмаса да, бірде әкесін хал үстінде жатқан адамның кешірім сұрауға шақыртқанын еске алды. «Менің үйде жүрген кезім, Әкем басын шайқап, сол сапардан күйзеліп келді. Шақыртқан адам әл үстінде жатыр екен, үстіне құрт түскен дейді. Кеудесінде жаны бар демесең, денесін құрт жеп, шіріп кеткенін айтты.
«Әкеміз қатал болды. Бәрімізді орыс мектепке берді. Әкемнің аты – Ақтас, шешесі аяғы ауыр кезінде мешітте толғағы ұстап, туған соң Ақтас қойған. Біздер ештеңе білмей өстік, әке-шешем балаларының көзінше көп сөйлемейтін. Бала кезімізде бір кісілер үйге келетін, әкелерің намаз оқыды ма деп сұрайтын Біз бала болсақ та, әкеміздің намаз оқығанын көрген емеспіз, жоқ деп жауап береміз. Кейде оны ұйықтап жатқан жеріне оятып алып кететін. Отбасында бес баламыз сонда мамамыз бесеуімізді құшақтап, әкеміз келгенше үнсіз отыратын. Кейіннен білдік қой КНБ адамдары екенін» деп Сәруар ишанның шөбересі еске алады.
Бұл адамның нақты кім екені бізге белгісіз, мүмкін сол Сәрсенбайдың өзі не кезінде қысастық жасаған тағы бір шолақ белсенді болар. Ол маңызды емес, ең бастысы ишан-қожаларға қиянат жасағандардың өлер шағында тәубаға келуі болар. Ал Сәрсенбайдың соңғы күрдерінде көрген Айқожаұлы Реметулладан тараған Омар Ахметхан қажы Ниятуллаұлы былайша әңгімелеп берді.
«Оны көруіме себеп болғаны сексенінші
жылдардың басында Зияуддин ибн ишан Бабахан бас муфтитің жанында бір жылдай жүрдім. Сол кісі бір жаққа шығатын кезде «сен барасың, менімен» деп алып кететін. Ондай сапарларда жағдайын жасап, шәйін құйып беремін, дәретке шығарам. Көзі көріңкіремейді. Бірақ аяғының астын көреді. Менің әкемді көзі көрген, Омар мағзұмн ң атын естіп, өзін көрген ғой. «Жақсылардың ұрпағысың ғой» деп отыратын.
Бір күні отырып, ілім алып жүрміз, ілім алып жүрміз, не пайдасы бар осы ілімнің дедім. Муфти ойланып:
– Балам, бұл ілім – ислам ілімі. Бұл ислам ілімінің гүлі бар, күлі бар, тікені бар деді. Роза гүлін ұстасаң тікені бар ма, бар, оны байқап ұстау керек. Иіскесең жақсы иіс шыға ма, иә. Ислам дініне иелік қылған адам, гүліне иелдік қылады. Енді күл дегеніміз – ислам ілімін алып, басқаларға қызмет қылған адам күл болып қалады.
-Тікені ше? – деп тағы сұрадым.
-Ислам дінін алып, исламға қызмет етпесе, өзіне тікен болып кіреді, – деді тақсыр қысқа қайырып.
Ұстаздың айтқанын көпке дейін түсінбей жүрдім сол кезде. Бір күні кезекті сапар алдында Ұстазым «Балам дайындал» деді. Түркістанға баратын болып қалдық. Машинаның артында екеуміз, алдында шопыр айдап барады. Жолай: «Е, бір Сәрсенбай деген белсенді бар еді, сол шақыртыпты мені» елеусіз ғана. Әкелерімнің айтқан әңгімелері есімде қалған.
-Тақсыр, Сәруар ишанды, Әззам ишанды, Махмут ишандарды ұстатқан осы!
Зияуддин ибн ишан Бабахан осының алдында айтылған ойын жалғастырғандай: «Соның күл болып жатқанын көресіз, барып» деді. Келдік. Түркістанда жер үйде тұрады екен. Қарсы алдымыздан қисаңдаған бір мас шықты. Баласы екен. Өлгелі жатқан әкесінің қолынан ақшасын тартып алып, шығып бара жатқаны беті. Сәрсенбайдың екі көзі көрмей қалыпты. Қаракөлеңкеде мені байқамады ма, Тақсырға қарап, Сәрсенбай тіл қатты:
– Ешкім жоқ па?- деді,
– Ешкім жоқ.
– Тақсыр, Алла менің күнәмді кешпейтін шығар,- деп қайталады Сәрсенбай.
– Өзің біліп отырсың ғой,
– Талай ишанның көз жасына қалдым ғой, талай ишанның үстінен арыз жаздым…
– Халық жауы деп соттатып, атқызып жібердің ғой соларды. Енді не деп кешірім сұрап отырсың?
-Бір апта, он күннің ішінде дүниеден өтемін. Менің жаназамды шығарыңыз.
-Дүниядан мен өтем бе, сен өтесің бе, бір Алла біледі. Сен пендешілікке салма, Алла кешсе, Аланың өзі біледі. Бірақ біреудің қақысын ешкім кеше алмайды ғой. Алланың өзі айтты ғой, біреудің ақысын кешіре алмаймын деп. Осылай деді де тақсыр тізе бүкпестен есікке беттеді.
Мен ізінен ілесе шықтым. «Е, бұ нәмарттың үйінен тамақ жеген дұрыс болмайды. Барлық ишанның көз жасы үстінде тұр екен, мен соны көрдім», деді. Үш күннен кейін қайтыс болды. Хабар келді. Бүкіл ишандарды өлтірген адамның жаназасын не деп шығарамын. Бармаймын. Ол өзінің артын тазалағысы келіп, арам ісін ақтап, Ишан Бабахан келіп, жаназасын шығарды деп айтқыздырғысы келді. Халыққа қарабет болғым келмейді» деді.
Осылайша ислам тікені қадалып, күл болған Сәрсенбайды да көрдім».
Айқожаның немерелерінің ішінде Сайдахмет мағзұм, Оспан мағзұм, шөберелерінің арасында Әззам ишан, Жапар мағзұм, Бұрхан мағзұм, Махмут мағзұм, Мәді мағзұм, Инаят мағзұмдар да алымдылығымен елге танылған.
Айқожа ишанның немересі Сейдахмет Мамырайым Шайхұлы 1860 жылы туған. Әкесі Мамырайым Шайхтың орнын басқан. 1933 жылы 2 маусымда 73 жастағы қажыны абақтыға қамаған, 1934 жылы 20 ақпанда 59 тараудың 3-ші бабымен 10 жылға сотталған. Шымкент қаласындағы абақтыда қайтыс болған.
Сейдахмет мағзұм ұсталғаннан кейін, екі-үш жыл өткен соң ұлдарын бірінен кейін бірін абақтыға жаба бастайды. Үлкен ұлы Омар 1887 жылы туылған, 1933 жылы әкесімен бірге 46 жасында абақтыға қамалады. Сол кездегі Қылмыстық кодекстің 58 баптың 3,7,11-тарауларымен кінәлі деп тауып, 6 жылға соттайды. Қарағанды төңірегіндегі абақтыда жазасын өтеп келіп 1950 жылы 63 жасында қайтыс болған.
Айқожа ишан шөбересі Бұрхан Сейдахметұлы – 1891 жылы Қарасопыда дүниеге келген. Оның бойындағы зеректігі, алғырлығы ерекше болған. Әкесі Сейдахмет өз орнына мешіттің имамы қылып тағайындаған. Имандылық жолында халыққа үгіт-насихат жүргізіп, Ислам дінін уағыздаған. 1937 жылы 5 қаңтар 58 тараудың 10 бабымен 7 жылға қамалған. Алматының маңындағы Шамалғанда абақтыда дүние салған.
Айқожаның екінші ұлы Жұмаділланың ұрпағы Жақыпов Тажидинге (Джакыпов Тажидин) РСФСР Қылмыстық Кодексі бойынша тағылған айып контрреволюциялық ұйымға қатысқан, колхозда дұшпандық әрекеттерге барған, НКВД органы құпия қызметінде бола тұра советке қарсы панисламдық әрекеттерге қолдау көрсеткен, кеңеске қарсы топтарды ұйымдастырып, елдімекендерде қарулы көтеріліске кадр жасақтаумен айналысқан деген айпы тағылған. 1933 жылы 28 декабрьде тұтқынға алынды. Жақыпов Тажидинге қатысты №02686 архив-қылмыстық ісі бойынша анықтамада Жақыпов Тәжідін туралы деректер мен айыптау қорытындысы түгел келтіріліп, НКВД-ның 1941 жылғы 21 майдағы үкімімен Жақыпов Тәжідіннің 8 жылға 1940 жылғы 28 августан бастап есептегенде еңбекпен түзеу лагеріне айыбын өтеуге сотталғандығы жазылған. Ал 1941 жылы маусымда Отан соғысы басталғаны белгілі. 1942 жылы Күнсұлу апамызға жазған хатында «Мен соғысқа аттанып барамын. Балаларды сақта. Лажы болса, төркінге жет» деген ерінің аманаты орындалыпты. Ал асыл жанның өзі содан хабар-ошарсыз кеткен. Дерек беруші: Бақдәулет Таждинов.
Осы әулеттен Махмут мағзұм нақақтан-нақақ жалған жала жабылып, мағзұм 1933 жылғы репрессияның қармағына ілінді. Содан КГБ-ның жасырын өткен мәжілісінде адам нанғысыз айыптар тағылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Осылайша, сындарлы шақта сыныққа сылтау себеп болып, әп-сәтте саяси тұтқын атанды. Не керек, жазықсыз жанға жабылған 10 жыл уақыт та өте шығады. Алайда, яғни, 1943 жылдары Ұлы Отан соғысы болып жатқандықтан, үкімет мағзұмның діни ілімінен сескенді ма, тағы да сегіз жыл қосып береді. Тағдыры Сібірге байланған Махмут мағзұм араға 18 жыл салып туған жері Жаңарыққа табан тірейді. Бұл 1951 жыл болатын. Қалған саналы ғұмырын дін исламның асыл құндылықтарын насихатталуына жұмсаған мағзұм, 1982 жылы ақыреттік сапарға аттанады. Зираты «Қарасопы» мазарында.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Махмут мағзұмның жала жабылып, абақтыда отырып, інісіне, жазған хаты қалған.
ҚАЛЖАН ІНІСІНЕ ЖАЗҒАНЫ
Қарағым, Қалжан інім, қалқатайым,
Оқиға бастан өткен мен айтайын.
Төменде айтып өтем сөз мәнісін,
Осыменен білерсің-ау мәннің жайын.
Көрсем деп амандықпен тілегім сол,
Көз жасым хатыңды алсам болады көл.
Бұл уақытта ағатайың ғарып болған,
Басқа бір ешбір жайға таба алмай жол.
Жалғыз-ақ бұл тірлікте аман болсақ,
Құдайым бұл дұшпанға қылма деп мат,
Бір сөз бар және сізге ескертейін,
Жан қимас достарыма болыппын жат.
Бұл тордан шығатұғын күнім бар ма?
Шалықтап шығатұғын үнім бар ма?
Бұл тордан бітпейтұғын алдым жайын,
Құрыттым жалтақтаумен көздің майын.
Қапалық асты бастан болмай дайын,
Ойласам мен кеткелі бес жыл болған,
Әркімнің иіскеп жүрген гүлі солған.
Дәлелім мені таныр адам қалмай,
Әкімі ел сұрайтын бала болған.
Сұрайын енді ақырын Жаратқаннан,
Бендесін бендесіне қаратқаннан,
Қой мусал ертелі-кеш санатқаннан.
Кім деп атын сұраса Әшіми Араб,
Болар арғы затым,
Махмут деп туған уақытта ие алғанмын,
Тұрмыста айтып өтер осы хатым.
Осыдан он шақты жыл бұрын, Тәжікстанға жол түсіп, Махмут ишан туралы естіген едім. Бұл естелікті айтып берген Тәжікстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдусаттар Нуралиев (1941-2020). Жаңақорған ауданында өмір сүрген, елдің қадірлі ағасы Махмұд ишан түрмеден оралған соң да елден тыныштық таба алмай Тәжікстанға ауған сияқты. Сол жылдары Қорғантөбеден дәм бұйырған екен. Асқан ілімді кісі екенін мойындап, пір тұтқан өзбек-тәжіктің арасында Ешмұратов деген өзбек Ишанды қамқорлап жүреді. Бірде Ешмұратов жүрген мақталыққа қызылдар келіп, Махмұдты тауып бер деп әурелейді. Ешмұратов алдымен үкіметтің мақтасын суарып алуға рұқсат сұрайды. Суарып жүріп білдірмей, аяғымен арықтың арнасын бұрып жібереді. Соны сылтауратып көмекшісін сабай бастайды. Оған айқайлап-ұрсысып жатқан болып, «ишанға жет, жылдам басқа жерге барып жасырынсын» деп айтып үлгереді. Қашып кеткен көмекшісін сөгіп, қызылдардың асықтырғанына қарамай, мақталықта жүріп алады. Біраз уақыт өтті дегенде қызылдарды ертіп, ауылына келеді. Әлгілер бас салып іздесе, ешкім жоқ. Қызылдардан ыққан Ешмұратов Ишанды тауға жасырады. Тек Сталин өлгенде ғана елмен ашық араласады. Іліміне сусындап, уағызына ұйыған өзбек-тәжік тамсанып, «Эшонымыз керемет адам, бір айыбы әйелі – қазақ» деген екен. Махмұд ишан 64 жылы қиын күндерде қамқор болған Ешмұратовқа алғысын айтып, еліне қайтады. Ишанның батасымен көгерген Ешмұратовтың үрім-бұтағы көбейіп, жақсылыққа кенеліпті.
Марқұм профессор Абдусаттар Нуралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» кітабында Қилы заманда түрлі оқиғаларды басынан кешірген, жергілікті әкімдерден қысым көрген зиялы қазақтардың үлкен бір тобының Тәжікстанға қоныс аударуының тарихы әлі күнге дейін толық зерттелмегенін жазады. Ал сол тауқыметті көші-қон кезінде 20-жылдардың басында өз елінде молда, ишан, діндар деп қудаланған адамдар көп болған көрінеді. Олардың ішінде ой-санасы биік, халық сыйлайтындай ғұлама адамдар да бар екен. Тәжікстан жерін мекендеген қазақтардың ішінде дін жолын ұстанған адамдар да бар болғанын, олардың бірен-саранын ғана білеміз, ал білмейтініміз қаншама» деп жазады.
«Сондай бір діндар әулиенің бірі Айқожа ишанның ұрпағы Әлмұхаммед Ауғанстан аспақ болып 1934 жылдың наурыз айында науқастанып, көп ұзамай дүниеден озады. Ақтық демін алып жатып елдің қамын ойлап, үгіт-насихат, аманатын айтып кетеді: «Әрқашанда иманды болыңдар, біле-тұра өздеріңізді отқа тастамаңдар, бұл аласапыран заман өтер-кетер, мен сіздерді бір Аллаға тапсырдым», – деп соңғы лебізін айтып, жүріп кетіпті.
Қорғантөбе уәлаятындағы бүкіл қазақ, тәжігі бар әулие бабаның қазасын естіп жиналады. Ақсақалдарының әрқайсысы өздерінің ата-бабаларының сүйегі жатқан мазаратқа жерлегісі келіп, бір пікірге келе алмайды. Сонда ишанның мүридтері мен достары Сұлтан Ахметтен: «Әкеңіз Хазіреттің өзі мына жерге жерлеңдер деп айтқан өсиеті бар ма еді?» – деп сұрайды. Алайда баласы әкесінің өсиет еткен жерін бірден есіне түсіре алмайды. Сонда әулие кісінің қызметінде болған тақуалардың бірі: «Інім, Сұлтан Ахмет, ишан өзін қай жерге жерлеу керектігі туралы өсиет айтқан болатын, бірақ сен оны есіңе түсіре алмай отырсың. Орныңнан тұрып мұнда кел де, әкеңнің аяқ жағына басыңды қойып, көзіңді жұм. Алла қаласа есіңе түсер», – дейді.
Осы оқиғаға байланысты кейінірек Сұлтан Ахмет былай деп еске алыпты: «Мен қадірлі әкемнің аяқ жағына басымды қойып, сәлден соң қалғып кеткендей болдым. Ауғанстанға қарай бара жатқан кез, сол бұрынғы әкеммен бірге намаз оқыған жер менің көз алдыма елестей берді. Әкемнің жерді құшақтап сүйіп жылағаны қаз қалпында ойыма оралды. Сол жерде тігілген екі ақ отаудың біріне – әкем, екіншісіне шешем кіріп бара жатқаны аян етілді. Мен өзіме аян етілген жайды жиналғандарға айтып бердім. Әкем өсиетін айтқан кезде оның мағынасына жете алмай, өзге елден бұл жерге әкемнің мәйітін қалай жеткізер екенмін деп уайымдағанымды да жасырмадым. Сөйтсем, әулие әкеміз Ауғанстанға бара алмайтынын білген екен ғой».
Сол жерді іздеп тауып, қабірін қазып, жаназасын шығарады. Жиналған халықтың көптігі сондай, 4-5 шақырым жердегі қабірге ишанның табытын көтерген жігіттер тез-ақ қолдан қолға өткізіп жеткізеді. Әулие кісінің таңдаған жері – сол қари мәйіттерінің жанына жерлейді.
Сұлтан Ахмет дін ислам жолындағы әке дәстүрін жалғастырады. 1943 жылы шешесі қайтыс болған соң, оның мәйітін әкесінің жанына апарып жерлейді. Сонымен өзіне аян болған екінші отауға өз анасын апарып қояды.
Бүгінде хақ жолындағы бұл киелі жанның – Ахун Ибраһимнің кесенесі Ақгазаға кіре берісіндегі гүлденген, көрікті жердегі «Қазақ Әулие» аталатын мазаратта. Әулиенің кесенесіне зиярат ету үшін қазақтар, тәжіктер, өзбектер, басқа да мұсылман халқының адамдары қысы-жазы үзілмей келіп жатады. Бұл мазар мәңгілікке ақырет күніне жол тартқан мұсылмандардың көбісінің қасиетті орнына айналған. Ақ ниетпен мұнда келіп зиярат еткендердің тілегін Алла береді деген сөз ел арасында кең таралған.
Бұл қазақ әулиенің ата-тегі: Ахун Мұхаммед Рахым – Ахун Алимұхаммед. Ұрпақтары Сұлтан Ахмет және Мұзаффархан. Бүгінде 70-тен асып қалған Мұзаффархан Қызылорданың Жаңақорған ауданында тұрады. Вахш ауданындағы зират басына қойылған құлпытаста әулиенің аты «Алимұхаммед қажы Түркістани» деп жазылған. 1961 жылы әулиенің баласы Сұлтан Ахметті ағайын-туыстары қоярда-қоймай, ата мекені Қазақстанға көшіріп алып кетеді. Ол кісі өле-өлгенше Тәжікстанды, тәжік достарын сағынғандығын айтып отырады екен. 2004 жылы қайтыс болыпты». Абдусаттар Нуралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» кітабынан.
Енді Сұлтан Ахметтің елге оралу тарихынан бірер сөз.
Әкесінің ағасы Қалымбеттің ұлы Мәді қожа ишан бауырының елге қайтқанын қалап, айтып жүреді екен. Сұлтан Ахмет Тәжікстанға жерсініп қала ма, айтқан сөзді тыңдамай жүре береді. Бірде Мәді қожа келіп үш күн қонақ болады. Үшінші күні бамдат намазының үстінде қалтасынан ала жіп пен шаппасын шығарып, «мынаны кес, енді екі дүниеде көріспеймін» дегенде Сұлтан Ахмет отырған жерінен ыршып түсіп, ағасына уәде беріп, бір аптаның ішінде жиынып-түйініп қазіргі Жаңақорған ауданы Құттықожа ауылына орныққан екен. Сұлтан Ахмет тоқсанышы жылдары Ақтас мешіті қайта ашылғанда мешітке имам болады, сол жылдары Айқожа ишанның аса таяғы тиген жерден аққан бұлақ, зобалаң жылдары суалыпты. Мешіт ашылғанда бұлақ қайтадан ағып, халқын бір таңқалдырған еді.
Дерек беруші Мұзаффархан Әлімбетовтің айтуынша Мәді қожа бар құпиясын өзімен бірге алып кеткен адам. Дүниеден өткенде артында көп кітаптары қалған. Сол кітаптарды көрген Махмут ишан басын шайқап, алым кісі екенін білдірмепті-ау деп жылаған екен. Тағы бір деректе елдің білгір молдасы «Алтынның қадірін білмеппіз», деп үш рет қайталап айтып өкінген екен. Мәдіқожа қуғын-сүргінді көзімен көріп, көңілге түйіп, елдің алдына шықпай: «аузымды буып қойдым да кеңеске қызметке кірдім» депті кезінде. Малшы, жылқышы, учетчик сияқты жұмыстар атқарған. Өкініштісі, осыншама ілімді адамның өмірі ислам жолына қызмет етуге емес, малдың соңында өтті.
Енді Айқожаұлы Смайл қожадан туған Мәһан,(Мұхаммеджан) бір дерек бар.Қожа өмірінің соңғы жылдарын Бәйгеқұмдағы Жөлек ауылында өткізген. Сол ауылдың құмда мешіті болған, сол мешітте балалар оқытқан. 1937 жылы НКВД-ға ұстатып жібереді. Бір күні түрмеде жатса, түс көреді. Түсінде «Шық! Шық! Шық!» деген дауысты есітеді. Оянып келіп есікке келсе – есік ашық. Дереу далаға шығып дәретханаға кіреді. Одан шығып қайтып келсе, есікті құлыптап қойыпты. Содан соң ауыл қайдасың деп қаша жөнеледі. Жөлекке келіп балаларын алып жоғары жаққа қашады. Содан соң Арыстың маңайына қоныстанып, 1939 жылы сол жерде қайтыс болады. Үлкен ұлы Шайзатхан інілерін, Бекзатхан мен Ишанханды ертіп Жөлекке қайтып келеді. Екі інісін балалар үйіне беріп, өзі әскерге кетеді. Содан соғысқа қатысып 1946 ауылға аман оралады. Әкесінің адам оқығанда пайдаланатын кездігін соғысқа кетерде мешіт жанына бір сексеуілдің түбіне тыққан екен, оны таба алмапты. 1966 жылы «Сунақ-Ата» совхозы ашылып, сонда халықтың шақыруымен имам болып барып өмірінің соңына дейін 1988 жылға шейін сонда тұрады.
Осы әулеттің ішінде отызыншы жылдардың зұлмат саясатының құрығына ілінбей қалған қожалардың бірі – Бақыр мағзым. Созақ пен Ынтымақты Қаратау тауы ғана бөліп жатыр. Елдері араласып жатады. Кеңес үкіметіне қарсылық көрсеткен Созақ көтерілісінің салқыны Ынтымақ, Талдысу өңірінде шарпығаны белгілі. Міне, осы қарсы топты басуға шыққан Жаңақорған НКВД-сінің бастығы қолға түсіп қалады да, оны Бақыр мағзым босаттырады. Бұл жерге енді аяқ баспаймын деген уәдесін алған бастықты өтініші бойынша Жаңақорғанға жеткізіп салады. НКВД- нің бастығы осы жағдайдан кейін кітапқа «Имам Бақыр Ыбрайым Шайыхұлы – Кеңес үкіметінің адамы» деп жаздырған екен. Сол себепте Бақыр мағзым қудаланбаған, колхозға мүше болған, колхоздың жылқысын баққан.
Әулеттің алғыспен айта жүретін бір құрметті адамы Толыбай деген белсенді ма әлде сол кезде ішкі істер саласында қызметінде болуы керек. Сол кісі ертең қай ишанды, қай мағзұмды ұстау керек деген тапсырма алса, түнделетіп адамын жіберіп, қашуға әрекет етіңдер деп хабар береді екен. Ертесіне ауылдың иттерін абалатып, айналасын боқтап-боралап пәленшені тап деп елге көз қылып шулатады екен. Алдына ала ишандардың қашқан жағын біле отырып, кері бағытқа түсіп, іздеп таппаған болып оралады екен. Мұндай да заман өткен.
Әулеттің тарихын бүккен құжаттарға қол жеткізудің мүмкіндігі енді болып жатқанына қарай әлі де ашылмаған деректер бар болуы деп ойлаймыз саусақпен. Өйткені осы әулеттен 13 адам ұсталды десе оның бізге мәлімі санарлықтай мағзұмдардың істі болуы. Қалған ұрпақтары туралы мәлімет жоқ. Онымен бірге елдің айтуынша бір күні отыздан астам Айқожаның ұрпақтарын бір күнде бір вагонға тиеп жіберді деп те айтылады. Бұлар қайда кетті, Айқожаның он бір баласының қайсысынан тарағандары, беймәлім. Бізге жеткені Өзбекстан мен Тәжікстан асып кетіп, аман қалғандарының айтқан дерегі.
Жоғарыда айттық, елді тастап ауа көшсе де тарыдай шашылып қалған Қилы заманда елін тастап кеткендердің ұрпақтарын туған жеріне қайтаруға мүдделі болған ақсақалдар өткенін айттық. Халық жауы аталып, қуғындалғандардың ұрпақтарының қайтадан елге сіңісуі де қиын болған. Баяғы құрметі мен сияпаты дайын қазақтың пейілі тарылып, қожа көрсе шошынатындай құдайсыз қоғамның уыты әбден сіңісті болған кезде ишан-қожалардың ұрпақтары елге оралған. Сонда да Айқожа ишан ұрпақтары бірін бірі қолдап, бір жерде бірге өмір сүруі үшін талап қылған екен. Оның дәлелі ретінде белгілі кинодокументалист Қалила Нәмәтіллаұлы Омаров мына көрініс көз алдында қалғанын тебірене айтады. Қалиланың бала кезінде әке-шешесі елге оралғанменшиеттей бала-шаға әркімнің есігін сағалап, күйі болмайды. Содан тұрмыс шаршатып жіберді ме Тәжікстанға қайта көшпек болады. Оны немере ағасы естіп, шауып келеді. Келіп жағдайды біліп, «сендердің бастарыңды қоса алмай жүрсем, аз ғана қиындыққа шыдамағандарың ба?» деп күйініп кетіп, мініп келген атының жүгенін білегіне орап алып, қамшысымен атын осып-осып жіберген екен. Қалилла бала ғой, атқа қараса бар қиындықты бір өзі көтергендей жануар тырп етпей, шарадай көздерінен парлап жас ағып тұрды дейді. Әрине, көркем де шерлі көрініс. Ауа көшудің жаңғырығы. Қалила Нәмәтіллаұлы Омаров еліне қызмет еткен белгілі азамат. Осыдан біраз жылдар бұрын, бабасын іздеп барып, басына белгі қойып келді. Ол туралы былайша еске алады: «Өзімнің фамилияма айналған Омар ишан Самарқаннан аржақта тығылып, бір әулиенің үңгірдегі мазарында 1 жыл 8 ай жасырын имам болады. НКВД бақылауынан қорыққан халық қыста үйлеріне шақыра алмайды. Түн жарымда кезекпен тамақ тасып тұрған.
Өзбек – тәжіктің ала топпысын қанша ұсынса да, Омар бас тартады: -Мен қазағымның қара тақиясында өстім. Атып тастаса да осы тақияда өлемін!-дейді. Содан ол кісі «Қазақ ишан баба» аталып кеткен. От жаға алмаған үңгір мазаратта ауырады.Памир тауларында лақайлардың арасында жасырынған он бір ишан бауырлары жасырын келіп, шлиясын оқып, жерлейді. Сол кезде жерлеуді өз көзімен көрген 12 жастағы бала, бүгінгі 90 жастағы Катта ишан өз аузымен бізге куәландырды».
Отызыншы жылдары белсенділердің қудалауымен өзбек пен тәжік жеріне кетіп, алпысыншы жылдары туған топырағына қайта оралған Піршенің ұлдары Шерімбет пен Мәдәлінің ұрпақтарын қуана қарсы алып «Өзіміздің бәсіре қожамыз ғой» деп құрметтеп өткенін көзімен көргендер бар.
Бәсіре қожа дейтінідей бар. Айқожа ишан он бір ұлын Қоңыраттың құйысқансыз, қырғызалы, киікші, ноғай, божбан, қараша тағы басқа рулардың Пірі етіп бөліп берген екен. Жоғарыда айтқан Бахыр мағзұм 1977 жылы желтоқсан айында қайтыс болғанда Жаңақорғандағы ағайындары Қарасопыға жерлейміз дегенде, қырғызалылар «Тіріде Піріміз, өлгенде туымыз болған қожамыз ортамызда жатсын» деп алып қалған. Бақыр мағзым сүйегі қазір Қосүйеңкіде, мұрттарының ортасында жатыр. Халқы қадірлеп осы күнге дейін келіннің бетін ашқанда ең бірінші Бақыр мағзымның әруағына сәлем салдырады.
Мақаланы дайындаған журналист Айгүл Уайсова