
Мұхаммед Мүһмин Хазірет ата – Алтай өңіріндегі мұсылман жұртына иманның нұрын, рухтың нәрін сепкен ұлы тұлға. Ол қасиетті сапар – қажылық кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір табарагын – бір тал қасиетті сақалын, яғни Мүй Мүбаракты арнайы сандыққа салып, Алтай еліне алып келген. ата Бұл – Ислам әлеміндегі ең киелі жәдігерлердің бірі. Хазірет оны Пайғамбарымыздың Алтай нұрлы жеріне аманатын әкеліп, көздің қарашығындай сақтауға аманат еткен. Ол үшін Қыран өзенінің бойына мешіт тұрғызып, оған «Ақмешіт» деп ат қойып, сол мешіттің төрінен Мүй Мүбарак сандығына арнайы күмбез орнатқан.
Осы мешіт сол дәуірден бастап Алтай мұсылмандарының рухани орталығына айналып, халықтың иманға, бірлікке, тәубаға бет бұруының нышаны болды.
ХАЗІРЕТ АТАҢНЫҢ МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ҚАСИЕТТІ МҰРТЫ «МУЙМҮБАРАКТЫ» ХАЛЫҚҚА ТӘБАРАК ЕТУІ
Хазырет ата 1890 жылдары қажыға жетінші рет барған жолында Стамбұлда болып, ондағы діни ғұламалармен сөйлесіп, өзінің ислам дінінің кемелденуі үшін істеп жатқан ісіне көмек сұрайды. Осман империясының (Түркия) Сұлтаны және Дінбасы хазіретімен болған мәжілісте Мұхаммед Мүһмин өзінің терең білімді, үлкен күрескер екенін дәлелдеп, ҚХР Шыңжан Алтай бетіндегі қазақтар қытаймен іргелес өмір сүретін ислам әлемінің ең солтүстік шығыс шебінде, шекара шетіне қорған болатын жұрт екенін, яғни бүгінгі тілмен айтқанда геосаяси маңызды ахуалын дұрыс түсіндіре алғандықтан өзін де, халқын да таңғажайып сыйлыққа кенелте алғаны байқалады. Ол туралы Ақыт қажы бүй дейді:
Халифа Сұлтан көрді асыл затты,
Керемет сахиби деп Сұлтан тапты.
Бұл өзі хатиф пір деп нышан беріп,
Тақсыр деп хатпасын алып қапты.
Алтыннан медаль берді осы жолда,
Өзге жұр қойдай шулап бәрі сонда.
Екінші жол еліне тағылым қыл деп,
Беріпті дәлатілмен Кәлем -алла.
Отыз Құран, дәлатіл екі жүз бар,
Таратып жер жүзіне айлаңыз бар…
Сұлтанның мейірін салды бар құдайым,
Білгізді құдай оған ишан жайын.
«Расулдың бір белгісін мен берейін,
Жан екен ғашық болған барған сайын».
Сұлтанға Тәңір берді осындай ой,
Ойласаң керей байғұс мереке той.
Шығартып қазинеден берді Сұлтан,
Лахиа әл-әнбие мүбарак-мой.
Осы ғой пайғамбардың сақал, түгі,
Шығарды қазинеден берген түбі.
Бір Алла бергеннен соң ғабиб емес,
Үстіне сенбегеннің көп-ті жүгі .*
Осылайша ғажайып бір оқиға болып, Стамбұл ғұламалары хазіретке «муй-мүбарак» ашуына көмектесуге уағда беріп, оны келесі жылы қажыға келген адамдардан қалдырмай беретін болып келіседі. «Муй-мүбарак» дегеніміз пайғамбар Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) -тің әйнек құмыраға салған мұрты еді. Ислам дінінің мейрам күндері (ораза айт, құрбан айт күндері), пайғамбардың дүниеге келген, о дүниеге кеткен күнін еске түсіретін кезде пайғамбардың мұрты салынған құтыны жұрт көзіне басып, ислам дінінің қадырлы пайғамбарын еске алып, оған сиынады. Мұхаммед Мүһмин осы сапарынан Алтайға қайтып келгеннен кейін, келер жылы алып келетін «муймүбаракке» арнап 1898 жылы Қыран бойынан «Ақмешітті» салдырып, оған арнайы «муй-мүбарак» күмбезін орнаттырады. Мешіт қызметі қарбалас жүріп жатқан осы жылы Мұхаммед Мүһмин өзінің жеті ұлының ішіндегі ең алғыр, зерек, мұрагер болар зейінді деп таныған кіші ұлы Мұхаметқали (Мағсұм қажы) мен адал да құнытты үлкен ұлы Қалиолла имам (Нұрмұхаммед) екеуін қажыға жіберіп, қайтар жолында Стамбұлдан «мүй-мүбаракты» алдырады.
«Мүй-мүбарак» қысты күні Ақмешіттегі «мүймүбарак» күмбезінде сақталып, жазда арнаулы жасатылған киіз үйге қойылып, күзетіліп, көшкен елдің жағдайына қарай он екі айда Алтайдың жонына шығып, ойына түсіп тұрады.
«Мүй-мүбарак» әр жылы ораза айт пен құрбан айт және пайғамбардың туған күні Хазірет атаң ауылында ашылып, мәуліт оқылып, ат жетер жердегі қазақтар таңнан келіп «мүй-мүбарактың» ашылуын күтетін.






