Жарық нұрдың сәулесі

Бақсайыс Ата (Бақшайыш)

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музей қорығының қорында, Созақ маңынан табылып әкелінген, ескі кітап сақталып келеді. Бұл кітап Бақсайыс бабаға қатысты өте құнды жәдігер. Осы көне кітапта жазылған төмендегідей әңгіме бар екен.

Уақиға Өзбек ханның Дешті Қыпшаққа хан болып тұрған заманында болса керек. Ол 1335 жылдардың маңына алып барады, ал Бақсайыс баба шамамен 1330 жылдарда дүниеге келген. Сайид ата Дешті Қыпшақ еліне келіп, елдің қожа-молдасын жиып алып: «Мен сендерге екі жұмбақ-сауал қоямын, кім шешер екен?» – дейді. «Бірінші, Аллаһ Тағала нені білмейді? Екінші, Аллаһ Тағала нені жаратпайды?» – деген жұмбақ сауалдарын қояды.

Елдің игі жақсылары: «Бізге бірер күн рұқсат беріңіз, ойланайық, ізденейік» – деседі. Өтініштері қанағаттандырылады. Келісімді күннің уақыты болғанда қайтадан жиналады. Халық: «Тақсыр не әмір қылсаңыз да өзіңіз білесіз, біз жұмбақты таппадық» – дейді. Сонда бір жас бала шығып: «Бұл сауалдың жауабын менің айтуыма бола ма?» – деп рұқсат сұрапты. Рұқсатты алған соң, бала: «Тақсыр, оның жауабы: бірінші – Аллаһ Тағала өзінен басқа құдіретті білмейді, екінші – Аллаһ Тағала өзінен басқа Құдайды жаратпайды» – деп жауап берген екен.

Жауапқа разы болған Сайид ата бұл баланы әкесінің рұқсатымен өзінің тәрбиесіне алыпты. Баланың азан шақырып қойған аты Камалиддин екен, бірақ осы оқиғадан кейін оның есімін Сайид ата Бақшайыш деп атапты. Бақшайыш Сайид атасының тәрбиесінде жүріп, оқып-жетіліп кейіннен Дешті Қыпшаққа пір әрі Халифа болып сайланыпты.

Дешті Қыпшақтың ханы Бақшайышты Қысырау деген кісінің қызына үйлендіреді.

Түркістандағы қазақ-түрік университеті жанындағы тарих және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының қолжазба қорындағы Созақ ауданынан табылған жәдігер-қолжазба «Темірнама» деп аталады.

Бақшайыш (Бақсайыс) – сопылық ағымның ірі өкілі. Оның шыққан тегі Араб халифатының төртінші халифы Хазірет Әлінің баласы Мұхаммед Ханафияға барып тіреледі.

Бақшайыш – Сайид атаның шәкірті. Сайид атаның өзі Айқожа ишанның (лақап аты Зәңгі ата) шәкірті, Зәңгі ата С.Бақырғанидың шәкірті. С.Бақырғанидың өзі Қожа Ахмет Йассауи Хазіреттің шәкірті болатын.

Жоғарыда аталған көне қолжазбаның Созақ жерінен табылуы заңды нәрсе. Себебі, бұл аймақ Бақшайыш бабаның ата-бабаларының мекендеген өлкесі болып табылады.

Араб тіліндегі нұсқадан түрік тіліне Йассауидің ағасы Садыр шейхтің немересі Сафи әд-Дин Орын Қойлақы аударған қолжазба «Насабнаме» деп аталады. Осы қолжазба 1992 жылы жеке кітап болып, Түркістан қаласындағы «Мұра» баспасынан жарық көрді. Аталмыш кітапта да Бақсайыс (Бақшайыш) Садыр шаһтың шөбересі еді деп көрсетіледі.

«Егемен Қазақстан» газетінің 1 мамыр 1998 жылғы санында Базарбай Сүгіралин деген азамат, өзі де қожа нәсілінен болу керек, тартымды да танымды зерттеу мақаласын жариялады. Онда ұлы М.О.Әуезовтың 100 жылдық мерейтойы Евразия көлемінде аталып өтілгенін мақтанышпен айта келіп:

«… Алғашқы дерек ұлы Әуезовтың өз қолымен жазылған өмірбаянында өрнектеліпті. Мұхаңның 1928 жылы Смағұл Сәдуақасовқа берген «Өз жайымнан мағлұмат» деген жауабында былай делінген: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-де туыппын. Туған жерім – Семей уезіне қараған Тобықты іші – Шыңғыс болысында. Менің аталарым Қожа, алғашқы шыққан жері Қаратау деуші еді» дейді. Одан әрі мақала былай өрбиді.

Қожа этнонимі исі қазаққа ежелден сіңісті атау. Әлемдегі ислам теологтары бір ауыздан мойындап, оларды Мұхаммед пайғамбардың кіндігінен өрбіген ұрпақтан құралған діни сословие ретінде қарастыратын қожалар (әлемдік ислам әдебиетінде қожалар этнонимінің орнына «Сайид» термині қолданылады) мұсылман елдерінің бәрінде бар.

Мәселен, олар туралы «Ислам энциклопедиясында»: «Сайид» атауы шииттік (қасиет) насихат нәтижесінде бірте-бірте Пайғамбар ұрпақтарына, әсіресе Мұхаммедтің (с.ғ.с) немересі әл-Хусейннен тарайтын бұтақтарына көбірек қосып айтылған. Олар мұсылман қауымының әлеуметтік иеархиясына ерекше артықшылықтар берілген топты құрап, діндарлар арасында үлкен беделге ие болды».

Сонымен, қожалар деп Мұхаммед Мұстафа Саллаһу Ғалейхи уас-саламның сүйікті қызы Фатима (Бибі Фатима, Пірім Бибатима) мен оның күйеу баласы әрі немере інісі Хазірет Әліден өрбіген ұрпақты айтамыз.

Кейбір мұсылман шежіре деректерінде бұған Хазірет Әлінің Хасан және Мұхаммед Қанафия деген ұлдарынан тараған ұрпақтарды да қоса айтады.

Сонымен бірге, ислам жолындағы шайқаста Кербаланың шөлінде хижра жыл санауының 61 жылында шейт болған имам Хусейіннің ұрпақтары күллі мұсылман дүниесінде құрметке бөленіп Сейіт қожалар атанып кетті.

Енді Әуезов естелігіне әрі қарай зер салайық: «Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресін бала кезде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасы Бақсайыс дейді. Бұл – Арқадағы қожа атауының барлығы Тобықты ортасында, әлде қожалардың көп айтып құлағына сіңіргендіктен бе, болмаса елдің өзі діндарлау заманында бірдеңе-бірдеңе естіген, әйтеуір Бақшайышты әншейінгі қара қазақтың көбі біледі. Кейде баласын таба алмаған қатын сияқты қысылғандар Бақшайыштың әруағын айтқыш көрінеді. Бақшайыш жаңағы айтқан шежіреде Омарханға 18 ата болып келуші еді. Тым әрірек көрінеді» – деп жазады Мұхаң.

Қазақ қоғамының ерекшеліктерін ескере отырып, демография ғылымында қалыптасқан үрдіспен бір атаның (бір буынның) орташа жасы 30 жыл деп анықтауға болады. Енді осы есеппен Бақсайыстың өмір сүрген тұсын анықтасақ.

Мұхаңның әкесі Омархан 1856 жылы туып, 1909 жылы дүние салған. Егер жоғарыдағы үлгімен бір атаға 30 жас берілетінін ескере отырып, 18 атаны 30 жылға көбейтсек, 540 жыл шығады. Егер 540-ты Омархан туған 1856-тан шегерсек 1316 жылдан бірақ шығады. Бұл қазақ хандығы құрылудан бір жарым ғасырға жуық әрі уақыт. Сондықтан Мұхаңның «Тым ертерек көрінеді»  деуі әбден орынды.

Өзі Жаңақорған ауданы территориясында жерленген Сүгірәлі бабамыздан жеткен (1798-1887) деректер бойынша Бақшайыштың шын аты Хазірет Сайид Камалиддин. Жаугершілік заманда өмір сүрген Камалиддин жас кезінде сайысқа жиі түсіп, мерейі үстем болған. Сайыста басына бақ қонған адам болғандықтан Бақшайыш атап кеткен деседі бір деректерде.

Екінші бір деректерде Ислам әлемінде Алла жолына бел шешіп кіріп, басқа дүниеге көңіл аудармаған жанды «Өзін Алла жолына Бақшайыш етті» дейді. «Демек, бұл Бақшайыш ата ислам ілімін елге таратуға ерекше еңбек етті деген мағынаны білдіреді» дейді  шежіресі ағамыз Сейтомар Саттаров.

Шежіре деректері араб тілінде, яки араб әрпімен жазылатыны белгілі. Араб алфавитінде «ш» әрпі мен «с» әрпінің жазылуы бірдей. Егер «с» әрпінің үстіне үш нүкте қойсаңыз, «ш» болып оқылады. Сондықтан оның аты кейде «Бақшайыш» болып оқылған. Дұрысы – Бақсайыс (бақ және сайыс).

Шежіре деректері бойынша Бақсайыстың 8 ұлы болған. Оның алтауының: Сейд Мұзаффар Шейх, Сейд Абдулла Шейх, Сейд Абылхан Шейх, Сейд Өтеш Шейх, Сейд Тікеш Шейх, Сейд Абиба Шейхтардың есімі белгілі.

Қазақстандағы белгілі кәсіпкер ғалым, «Атамұра» корпорациясының белгілі президенті, қоғам қайраткері Мұхтар мырзаның фамилиясы Құл Мұхаммед. Оның қолында сегіз мөрмен куәландырылған қожалар шежіресі бар екен. Осы шежіре бойынша Мұхтардың бабасы Құл Мұхаммед оның өзінен санағандағы 13-ші атасы Камалиддин болып шықты.

Шежіреде оның толық есімі былай жазылған. «Уәбнүһу Хазрат Сеид Камалид-дин Рахматулла ғалайһи». Мұның алғашқы сөзі шежіредегі ныспы ер баланың аты екендігін, ал соңғы екі сөзі «Алланың рахметі жаусын!» дегенді білдіреді. Сонда шежіредегі есім «Хазрат Сеид Камалид-дин» болып шығады. Бұл Бақсайыстың азан шақырып қойған аты. Мұхтардың қолындағы шежіре ары қарай таратсаң, ол төмендегі ретпен тізбектеледі.

  1. Хазрат Сеид Камалад-дин
  2. Хазрат Сеид Мұзаффар
  3. Хазрат Сеид Сейдул Ғарип Бадарик
  4. Хазрат Сеид Жамаледдин
  5. Хазрат Сейдул Һашим
  6. Хазрат Мырза Шаһ
  7. Сейд Ғұдда Шаһ
  8. Хазрат Сейд Мир Хамд Шаһ
  9. Хадим Ғулака-и заманил Бұхара и Шейхул Машаих
  10. Сеид әулие қожа
  11. Хазрат Сеид Құл Мұхаммед қожа
  12. Сеид Әкрам қожа
  13. Сеид Абрар қожа
  14. Мұхтар

Егер Мұхтардың 1960 жылы туғанын ескеріп, осы атадан он үш атаға (390 жыл) шегініс жасасақ 1570 жылға тіреледі. Бұл да жоғарыдағы пікірді растайды.

… Мұхаң өзінің ұлы бабасы Бердіқожа туралы нақты дерек қалдырады. Онда «Тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп Найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды» делінген. Бердіқожадан Үсен, Бурахан, Әуезхан, Самархан, Кенжехан деген бес ұл, төрт қыз. Ал Әуезден Омархан, Самархан, Арынбек, Ахмет, Ақзан, Қасымбек тарайды. Омарханнан Мұхтар, одан Ернар, Мұрат тарайды. Бердіқожадан Мұратқа дейін бес ата. Сонда Бердіқожа мен Бақсайыс арасындағы ұлы жазушының бабалары кім болған?

Мұхтар Әуезов туралы деректерді архивтерден көп іздестіріп, хатқа түсірген ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбаев Әуездің жиені Ниязбек Алдажаровтың шежіре дерегін келтіреді. Онда 1924 жылы туған, өзін Бақсайыс ұрпағы санайтын Кәбір деген азамат Бердіқожаның әкесі Саяқып, оның әкесі Мұхнун, оның әкесі Шаһанәдір деген деректерді алға тартқан.

Саяқып әйгілі Сарғалдақ қожаның туысы, ал Сарғалдақ қожаның баласы Қожахметтің қызы Айғаным Уәли ханның кіші әйелі, Шоқанның әжесі, Шыңғыс Уәлихановтың анасы болған. Енді бір деректерде Сарғалдақтың әпкесі Зура ханым Абылайдың төртінші әйелі болған. Бұдан шығар қорытынды: Бердіқожаның әкесі Саяқып. Бұл күмән келтірмейтін ақиқат. Ал оның әкесі Мұхмун, атасы Шаһанәдір.

Бақсайыс бабамыз туралы жазушы Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» атты романында әсерлі баяндаған (Алматы, «Атамұра», 2002). Бір мысал келтіре кетейік. «… Шекарадан 60 шақырым Мұқаншы ауылында Шейхул Сейіт қожаның тағы бір шөбересі Абырар ақсақал тұрады. Құл Мұхаммедтің екі әйелінен екі-екіден төрт ұлы болған. Олар: Қожахмет пен Ескендір және Сейіт Ахмет пен Сейіт Әкрам». Абырар – Құл Мұхаммедтің қазақ әйелінен туған кенжесі – Сейіт Әкрамның баласы.

Абырар 5 ұл, 5 қыз өсірген. Бәйбішесі – Гүлғасыл. Ұлдары: Мұхсын, Ихсан, Мұхтар, Рахымғали, Мұратқали Мұхтар – 1960 жылы туған.

Бақшайыш бабаның ататек шежіресі

 Хазреті Али

Мұхаммед Ханафия

Абд-ул Фаттах

Абд ул Жаббар

Абд ул Каһар

Абд ар Рахман, Абд ар Рахим

Абд ар Рахманнан – Исхақ баб, Абд ул Жалил баб.

Исхақ бабтан –

Харун шейх

Мумин шейх

Муса шейх

Исмаил шейх

Хасан шейх

Усман шейх

Умар шейх

Мұхаммед шейх

Ифтихфар шейх

Махмуд шейх

Ибараһим шейх – Құл қожа Ахмет Йассауи, Садыр Шейх.

Құл Қожа Ахмет Йассауи он екінші ғасырдан бастап барлық түркі қауымының шейхтарының машайхы, ұлығы. Бұл бабадан ұл жоқ.

Садыр шейх→Данышман қожа, Әбді Мәлік қожа.

Данышман қожадан→Сафи ад дин Урынк Қойлақы→

Ақ қорғандық қожалар – бес ата: Бурхан шейх, Қара шейх, Қауғандық ата, Қарақшы ата, Оқшы ата.

Әбді Мәлік қожадан→Әбді Әли: он екі ата Бақшайыш тарайды.

Бақшайыш – Алла жолына бар өмірін бағыштаған деген ұғым. Бақшайыш атаның Азан шақырып қойған аты шайх Камалиддин. Қабірі Қызылорда облысы, Жаңа қорған ауданында Байкенже деген жерде.

Ысқақ бабтың Мазар сағанасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы аумағында, «Баб ата» деп аталады.

Абд ал Жалил бабтан – Хусеин ата, Ибраһим сопы.

Хусеин атадан – жиырма бірінші ұрпағы Хорасан ата, одан сегіз ата тарайды: Құрбан, Қожахан, Абыт, Абыла, Ұлық, Жүсіп, Жақып, Мәмірайым. Бұлар орталық Азия, Түркия, Ресей, Түркістанда өмір сүріп жатыр.

Ибраһим сопыдан да көп ұрпақ тарайды. Жиырма екінші ұрпағы Мәді қожа (Диуана қожа), он екінші ұрпағы Исмаил ата, т.т. Қазақстанның барлық аймағында, Түркіменстанда, т.б. жерлерде мекендеген.

  Бағдат Оралбайұлы , «Тегімізді білуге талпыныс» Алматы – 2015 жыл

Екінші дерек 

Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан өзінің ел, ұлысымен Алланың ризалық мәртебесіне жеткен соң хазіреті Сайид атаның ғайып ишараты және Алланың рахымы себебімен оларды Мавареннахр жеріне алып келді. Хазіреті Сайид атаға (оған Алланың рахметі мен разылығы болсын) құлақ асудан мойын бұрғандар бұл бақыттан құр қалды. Ол жақта қалды және қалмақ деген атқа лайық болды, яғни «қалмақ» сөзінің мағынасы «қалған» деген түсінікті берді. Хазіреті Сайид ата олардан (Алланың рахметі және разысы болсын) және Сұлтан Мұхаммед Өзбек ханмен бірге келген кісілерден: «Бұл келгендер кімдер?» – деп сұрады. Олардың патшасы Өзбек хан болғаны үшін оларды өзбек деп атады.

Түркістан елінің жеріне жеткенде, түркілер әсілінде олармен жақын болғандықтан Өзбек ханның ұлысына қосылып кетті. Өзбек хан және Сайид ата (оған Алланың рахметі және разылығы болсын) қолдауымен келген елдің нышанасы (белгісі) олар Сайид атаның (оған Алланың рахметі және разылығы болсын) мүридтері еді. Кейбір кісілердің мүрид болмауының себебі, олар ілгері келіп қалған болмаса кейін келген еді.

Сұлтан Мұхаммед Өзбек ханның исламнан әуелгі патшалық уақыты сегіз жыл, исламды қабылдағаннан кейінгі мерзімі отыз жылды құрады. Опаты түркілердің барыс жылына лайық 750- хижра жылында жүз берді (оған Алланың рахметін және жаннатан нәсіп етсін). Демек Өзбек хан Дешті Қыпшақты 38 жыл билеген» (Мырза Ұлықбек. Төрт ұлыс тарихы. Ташкент).

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музей қорығының қорында сақталып келген Созақтан табылған ескі кітаптың бірнеше бетінің көшірмесі біздің қолымызға тиді.

Көне кітапта Бақшайыш бабаға тиесілі өте құнды дерек табылды. Дұрысы, бұл деректі өзі осы мекемеде ғылыми қызметкер болып жүргенде көшірмесін алған ислам дінінің бірегей жанашыры бір азамат бар. Міне, осы азамат менің Бақшайыш бабаны деректеп жүргенімді біліп, қолыма ұстатты. Енді есептейік: Өзбек хан, Дешті Қыпшаққа 1335-жылдар шамасында хан болды. Біздің есебіміз бойынша Бақшайыш баба 1320- жылдар шамасында өмірге келген болса, Өзбек ханның бас дін басшысы болған Сайид ата Бақшайыш бабаны Дешті Қыпшаққа бас имам етіп сайлауы қолдағы көне кітап бойынша мына жайдан келіп шығады: Сайид ата Дешті-Қыпшақ еліне келіп, елдің қожа молдасын жиып алып: «Мен сендерге екі жұмбақ сауал қоямын кім шешер екен,– дейді. – Бірінші: Алла Тағала нені білмейді? Екінші: Алла Тағала нені жаратпайды?». Елдің игі-жақсылары: «Бізге бір-екі күн рұқсат беріңіз, ойласайық ізденейік»,– дейді. Айтулы күні барлығының мойны салбырап Сайид атаның алдына келеді. «Тақсыр не әмір қылсаңыз ерік Сізде, біз таппадық»,–дейді. Сонда көп арасынан бір жас бала шығып: «Бұл сауалға мен жауап берсем бола ма?» – деп рұқсат сұрайды. Сайид ата рұхсат етеді. Жас бала: «Тақсыр, бірінші, Алла Тағала өзінен басқа құдіретті білмейді. Екінші –Алла Тағала өзінен басқа Құдай жаратпайды»,– дейді. Жауапқа разы болған Сайид ата баланы қасына шақырып, кімнің баласы екенін сұрайды. Әкесін тапқан соң баланы тәрбиелеуге беруін өтінеді. Әкесі разы болып: «Он жеті жасар баланы Сізге Алланың разылығы үшін бағыштадым «Бахшыйдам, Бахшыйдам, Бахшыйдам» Саййд ата баланы Алланың разылығы үшін қабылдадым»,– дейді. Баланың азан шақырып қойған аты Камалиддин болған. Сайид ата балаға Бақшайыш деп ат қояды. Бала Сайид атаның тәрбиесінде өскеннен оны Дешті-Қыпшаққа өзіне халифа етіп сайлайды. Осы күнге дейін жоғарыдағы аталған кітап Ташкентте басылған Солихиддин Ташкандидің «Тимурномасының» жұрнағы деп келген. Бірақ, бұл қате пікір болуы мүмкін, себебі, біздің қолымыздағы он төрт бет еңбектегі мәселелер «Тимурномада» кездеспейді. Сондықтан Солихиддин Ташканди біз айтып отырған кітапты пайдаланған болуы бек мүмкін. Бұл жердегі көңіл аударатын бір жай кітаптың Созақ өңірінен табылуы. Ал Созақ өлкесі Бақшайыш бабаның ата бабасының мекені. Бабаның мәңгілік қонысы Сырдың бойында. Бұл жердегі және бір қызық жай Бақшайыш бабаның қасында Қасым шайх, Хадым шайх, Нажим шайх деген адамдар болды деп жазылған. Қасым шайхтың сағана, турбаты Хорасан атаға барар жолдың оң жағасында, осы күні «төбесі ойық әулие» деген атпен белгілі. Сағанаға барар жолда «Қасым шайх, Қарахан әулетінен» деп жазылған.

Осы күні Ақтөбе – Шалқардағы Бақшайыш бабаның ұрпақтары Ырғыз өзенінің бір саласы Бақшайыш өзені деп аталатынын, өзеннің бойында бір әзіз адамның моласы болғанын, тамының кірпіштері мен тастарын кеңестік әппербақан заманда талап алғанын, моланың осы күні де жұрт келетін қасиетті жай екенін хабарлайды. Бұл жайт Бақшайыш баба Хан ордасымен бірге көшіпте жүрген, Ырғыз бойында жайлауы болған деген дерекке жетелейді. Ақтөбелік өлкетанушы маман, Ақтөбе облысында ұзақ жылдар өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарған Рысжан Ілиясова Ақтөбе облысы туралы зерттеген еңбектерінде Бақсайыс баба туралы дерек айта келіп, әулие бабаның ел арасындағы жоғары беделі туралы сөз қозғайды. «Далам тұнған шежіре» деп аталатын кітабында Р. Ілиясова «Бақсайыс әулие» тақырыбымен берілген зерттеуінде құнды мәлімет береді.

СейітОмар Саттарұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button