Жарық нұрдың сәулесі

Айқожа ишан

Бисмилла-и-р-рахмани-и-рахим!

Еліміз егемендік алып, өз алдына шаңырақ көтергеніне ел қуанышында шек жоқ. Жетпіс жыл бойы Коммунистік идеологиялық күшімен тұншықтырылып келген Ислам діні де осы уақыт ішінде еркін таныстап, қасиеті мен құдіреттілігін көрсете бастады. Мұсылмандықты мойындап, Құдайын ұмытқан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерден хабарсыз мәңгүрт түсінікті ұрпақтар тобының өз ана тілі мен дініне деген құштарлығы арта түсті. Оған мысал, жер-жердегі діни оқу орындары мен діни қысқа мерзімдегі курстарға бүгінгі ұрпақтардың жаппай ұмтылуын айтуға болады. Сондай-ақ жер-жердегі қиратылған мешіттер қайта тұрғызылып, қалпына келтіріліп, көпшіліктің имандылыққа деген жаппай беті бұрылды. Көптеген жерлерде жаңадан салынған мешіттер мен кесенелер  бой көтере бастады. Аяқ асты болып кеткен әулиелі орындар түзетіліп, уақытысында қасиетті «Құран Кәрім» мен пайғамбардың Хадистерін насихаттап, жалпы Ислам діні жолында ерекше еңбек еткен дін басылары мен иелері. Әулие атанған қасиетті кісілердің қабірлері түзетіліп, әруақтар алдында бас иді. Атап айтар болсақ, тек біздің ауданда ғана орналасқан қасиетті Әулиелі орын ескі Сығанақ шаһарында жатқан Исамединнің (Сунақ-Ата) қабірі басына кесене тұрғызып, өз ұрпақтары республика көлеміне белгілі етіп ас берсе, қырдағы Қызылқұмда жатқан Хорасан Ата қабіріне жол салынып, кесенесі түзетіліп, маңайына елді мекен орналаса бастады. Ұзақ жылдар елеусіз, ескерусіз қалған «Ақтас», «Қарасопы»  мешіттері мемлекет қарамағына алынып, қайта түзетілді. «Ақтас» мешіті 1989 жылдан мешіт болып қайтадан ашылды, көпшіліктің игілігіне қызмет етуде. Ал, «Қарасопы» мешіті әулиелі орны жерінде 1992 жылы қыркүйектің 3 жұлдызында аудандық агроөндірістік банк жанынан арнайы есеп айырысу есеп-шотын (расчетный счет) ашып, мөрі мен штампасын жасатуға ұрықсат бергені жайлы аудан әкімінің шешімі шықты. Міне, осындай қасиетті әулиелі орындардың біріне жерленген, кезінде Жаңақорған өңіріне ғана емес, оңтүстігінде шымкент, Жамбыл, шығысында Жезқазған, Қарағанды, Батысында Түркіменстанға дейін, терістігінде Ақмешіт пен Қазалыға дейін даңқы кеткен, құдіреті мен әулиелік қасиетіне бүкіл халық болып бас иіп, ол кісіні пір тұтқан «Айқожа ишан» еді.

«Анығын айтар болсақ, ол кісі кім еді?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Енді осы кісінің ұрпағы ретінде, ертеректе үлкен аталарым мен әкелерімнен естігендерімді бүгінгі ұрпақ алдында айтып беруді жөн көрдім. Мен Айқожа бабам жайлы бәрін білдім, айтып тауыстым деуден аулақпын. Бабамыз жайлы ел арасында айтылатын аңыз-әңгімелер өте көп. Мүмкін ел арасында ол кісі жөнінде айтылатын әңгімелерді білетін көнекөз қариялар, құйма құлақты кісілер, немесе сондай кісілерден естігендерін ойларына сақтап қалған азаматтар табылып қалар, олар да ой қосар деген үмітпен бесінші атам – «Айқожа Ишан хақында» деген естеліктерімді ұсынып отырмын.

 

 

БАБАМНЫҢ ӨМІРІ ЖӨНІНДЕ

 

Темірқожа ұлы Айқожа Ишан Бабамыз шамамен 1773 жылы Сыр бойында, Жаңақорған ауданының қазіргі «Кейден батыр» атындағы аудандық мал бордақылау бірлестігі төңірегіндегі «Қара Сопы» мешіті орналасқан, бұрынғы «Иір-көл» деп аталатын жерде дүниеге келіп, 1857 жылы 84 жасында қазіргі Бесарық стансасы тұсындағы «Ақтас» деген жерде дүние салады. Руы дуана Хожа (лақап аты), негізгі аты- Әжі Мәді- деген кісі екен. Ол кісіден төрт ұл туады. Олар – Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бекмағанбет. Алдыңғы үшеуі бір шешеден туады да, Бекмағанбет бір өзі бір шешеден, яғни кіші шешеден туады. Үлкен ағалары Қожжан, Қылыш, Пірзадалар бұрынғы Ақмешіт (Қызылорда) маңайында мекендеген де, ең кіші інісі Бекмағанбеті Жаңақорғанға жіберілген (Қызылорда жақта Қызылдың Құмы арасында «Қожжан ата» мешітінің күмбезі әлі бар. Қалған екі інісі де сонда көрінеді). Қазір екеуінен де ұрпақтар бар. Жаңақорғанда Өтеген ұрпақтары аздап кездеседі де, басым көпшілігі Шымкент облысының аудандары мен Өзбекстанда көбірек тұрады. Ал Темір Хожадан Айхожа бабамыз туады да, онан тараған ұрпақтар көбейіп,бұл күндері үй санының өзі мың шаңырақтан асып кетті. Айқожа бабамыз ата-анасынан жастай жетім қалады да, ағаларының, яғни Өтеген балаларының қолында тәрбиеленеді. 10-11 жасқа дейін ағаларының қозы-лағын  бағып жүрген бабамыз оқып білім алуды жасынан-ақ армандайды. Оқи қоятын ол кезде жақын маңда не мешіт, не медресе болмайды. Оқу орындарының көпшілігі Бұхара шаһарында болған екен. Өз бетінше кете қоюға не қаржысы, не жол сілтеушісі болмаған бала Айқожа қатты қиналады. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, осы кезгі темір жолдың сілемі үлкен керуен жолы болса керек («Жібек жолы» болуы мүмкін). Осы жолмен жылына бір рет үлкен кереуен өтіп тұрады екен. Күндердің күнінде керуеннің өтуін аңдып жүрген бала Айқожа, өтіп бара жатқан керуен басыға жолығып, өзін керуенге жалшы бала етіп қабылдауын өтінеді. Бүхара жеткенше керуен көліктерін күтіп-бағатындығын білдіреді. Ол үшін көп ақы алмайтындығын, тек қалаға барғанша тамақтандырып, көліктеріне мінгізсе, соған қанағат ететіндігін білдіреді. Әрі арзан, тіпті тегін жалшыдан керуен басы бас тарта қойсын ба, келісімін білдіреді. Сөйтіп, керуен басымен әзер келіскен бала Айқожа керуенге ілесіп Бұхараға кете барады. Ал ауылдағы ағалары соңында бақташысы жоқ, малдарының өзлері ғана оралған соң, інілерін іздестіре бастайды. Біреулерден сұрастырса Айхожаны керуеншілермен бірге кетіп бара жатыр дегенді айтады. Оны естіген ағалары соңынан атпен, күншілік жер Шорнақта қуып жетіп қайырып әкеледі. Сөйтіп, тағы да бір жылға кейін қалып, келер жылдың керуені өтетін күнге күтуіне тура келеді. Сонымен 12 жасар Айқожа балаға келесі жылы ғана керуеншілермен еріп кетуіне мүмкіндік туады. Бұл жолыда қуып жеткен ағаларына «жалданып барған еңбекақыма Бұхарадан сәлде әкеліп беремін» деген сөзінен кейін ғана, ағаларының рұқсатын алады. Сонымен, керуеншілерге ілесіп барған Айқожа бала Бұхараға жетісімен-ақ керуеншілермен қоштасып, тиесілі еңбек ақысын алады да, ондағы медресені іздеп табады. Сөйтіп, сол оқу орнына тыңдаушы шәкірт болып оқуға түседі. Онда ол қаражатсыз болғандықтан медресенің ішінен емес, сабақтарды сыртынан босаға, немесе терезенің тұсынан ғана отырып дәріс алуына рұқсат алады. Алғашында Айқожа баланы да көп балалар секілді әншейін қызық үшін құмарлығы шығар деп ойлаған ұстаздар қауымы, кейінірек бұл баланың шынымен-ақ білім алуға деген құштарлығының зор екендігіне көздері жетеді. Рақымы түсіп, басқада шәкірт балалармен бірдей медресенің ішінде отырып дәріс алуына рұқсат береді. Сонымен осы медреседе он жыл оқып, өте жақсы тәмамдаған Айқожаға риза болған ұстаздар қауымы баталарын беріп, енді Ауғанстанға «Кәрді ұлық» деген жерге (діни академияға) жоғары білім алып шығуына кеңес береді. Онда үлкен ғұлама ұстаз Ислам Шайх деген кісінің қарамағына оқуға жібереді. Медресені тәмамдар алдында үш жыл бұрын Айқожа бабамыз, сол кездері Бұхараға Ираннан оқуға келген «Қара Сопы» бабамызбен танысып, соңғы үш жылында бірге оқиды. Ол кісі де жоқ-жұқана жетім бала екен. Бұлардың соңынан іздеп келетін жақын туыстары жоқ, бұл екеуіне ұстаздардың айтуымен бірге оқитын басқа балалар қайыр садақаларын беріп тұрады.

Академияға «Кәрді ұлыққа» жолдама алдырған бабамыз оқушы балалардың берген аздаған қайыр-садақасымен, жалданып жұмыс істеп тапқан аздаған қаражатымен Ауғанстанға «Кәрді ұлыққа» жетіп аталмыш оқу орнын іздеп табады. Ғұлама онда бабамыздың ұстаз-пірі болған Ислам Шайхпен кездесіп, Бұхара медресенің ұстаздары жазып берген қағаздарын тапсырып, діни жоғары оқу орнына түседі, ол кезде бұл оқиға ең зерек, ең алғыр, ең үздік деген шәкірттер ғана ұстаздар қауымының берген ерекше сенім хаттары арқылы ғана қабылданады екен. Оқу орнында оқып жатқан шәкірттердің есебі жоқ. Өте көп. Алдының бұл оқу орындарына түскендеріне ең кемі 7-8, тіпті 10-15 жылдан асып кеткендері де бар көрінеді. Жалпы тыңдаушылар санының ұзын-ырғасы он мыңнан аспаса кем емес секілді. Міне, осы тыңдаушыларға, қосылған Айхожа бабамыз, оқуына шындап кіріседі. Ұзақ оқитын болғандықтан болу керек, тыңдаушылардың барлығына да оқуынан бөлек, әрқайсысына жеке-жеке жұмыс тапсырылады екен. Бір жағы бұл болашақ мамандығына байланысты да білседе керек. Өйткені, кейін оқу орнын бітіргенде, тиісті мамандығын әрі ғылыми, әрі іс жүзінде толық меңгерген тыңдаушыларға ғана нағыз маман деген «шатыр хат» қағаздары беріледі екен. Ал бабамызға оқумен қатар, «Товар айналымын арттырып, онан түсетін пайданың берекелігін көбейту» үшін аздаған товар бөлініп беріледі. Алғашқы сәттен бастап-ақ оқу орнымен бірге өндірістік істі іс жүзіне асыруға бар ықыласымен шындап кіріскен  бабамыздың жұмысы оңға басып, әу баста бөліп берген товар айналымы аздаған уақыт ішінде бастапқы бағасынан бірнеше есе асып түседі. Оқуда алғыр, жұмысты ұйымдастыру қабілетінің өте жоғары екендігін байқаған ұстаздар қауымы Айқожа бабамызға, үлкен сенім артып, жиі-жиі қызметін жоғарылатып тапсырмаларын күрделендіріп отырады. Күндіз қызметпен, қызметтен тыс кездері, түнемесінде ғылыммен айналысудан басқа бабамыздың өзгедей еш алаңы болмайды. Өтілген сабақтары мен ғылымның сан-салалы түрлерін меңгерген үстіне меңгере түсіп, ойы мен бойына сіңіре береді. Жұрт жаппай ұйқыда жатқанда да Айқожа үжерісінің май шамы таң бозарып атқанға дейін сөнбей жанып тұрады екен. Тыңдаушы шәкірттердің түн мезгілінде немен айналысатынын білуге кезекшілікке белгісіз шыққан ұстаздары, Айқожаның үнемі дайындалып кітап оқып отыратындығын, таң атқанша ұйықтамастан ғылыммен  шұғылданатындығын өзара сөз етіп жүреді. Бұл сөз ең үлкен ғұлама ғалым Ислам Шайхтың құлағына жетеді. Шәкіртін сынамаққа Айқожа бабамызды алдына шақырып алып, ғылымның әр саласынан сауал берген ата піріміз Ислам Шайх бабамыздың жетіліп қалғанын, оқылатын ғылымдардың бағдарламаларын толық меңгергендігін құдіреттілігімен байқады. Сонымен бабамызға (біреулер 1,5, ал біреулер 2 жыл деп айтады) оқуын тәмәмдағандығы жөнінде куәлік қағаз «Шатырхатқа – қолын қойып, мөрін басып, «Бет-алдыңнан жарылқасын, Аллаху әкбар» – деп батасын береді. (Сол кезде қашан ғылымның барлық саласын толық меңгермейінше оқу орнын бітірді деп, тағы да 5-6 жыл оқымай куәлік бермейді екен) куәлік қағазды тапсырып тұрып, ұстаз пірі Ислам Шайх:

– Ал, қарағым Айқожа, бет алдыңнан жарылқасын. Тек айтарым қай жерде туылдың, сол жерге бар. Сол жердің халқына алған білімнің сәулесін шаш. Ислам дінінің құдіреттілігін таныт. Қарапайым халықты білім нәріңмен сусындат. Жас ұрпақтарды оқыт, мешіт салып, қараңғы елдің көзін аш, – деген екен.

Сонымен ұстазының батасын алып, қолына Шатырхаты (дипломы) тиген соң, (бабаның ол шатырхат қағазы, бабаның өзінен кейінгі үшінші ұрпағы Жапар мағзым атамыздың үйінде әлі сақтаулы) жұмыстарын өткізіп, елге жинала бастайды. Бұны естіген бұрыннан жатқан, алдына 10-15 соңына 7-8 жыл болған тыңдаушы шәкірттер «Бұл қалай болғаны сонда!? Біздің оқып жатқанымызға алдымызға 10-15, соңымызға 7-8 жылдан болды. Бізге ұстазымыз шатырхат тапсырып, батасын бермек түгілі, бізбен сөйлеспейді де. Осы әділдік пе? Ал, Айқожаның келгеніне көп болса 1,5 немесе 2 жыл болды. Оған батасын беріп, қолына шатырхатын тапсырып жіберді. Мұнда бір бөтен сыр бар шығар» деген күдікті, дүдәмал ойлы өсек оқушылар мен ұстаздар арасында тарайды екен. Мұны естіген Ислам Шайх бабамыз тыңдаушы шәкірттердің барлығын мешіттің үлкен залына жинап алады да, олар толық жиналған кезде енді үш күннен соң, осындағы барлық ұстаздар мен тыңдаушыларға, әлгіндей өсек көздің жалған екендігін дәлелдеп, Айқожаның кім екендігін айтып беретіндігі жөнінде ескертеді. Сөйтеді де, сол жиынға Айқожа да қатысатын болсын деп бұйырады.

Сонда бір ұстаз тұрып:

– Тақсыр, бұл бұйрығыңыз орындала қояр ма екен, Айқожаның қызметтерін өткізіп, кетіп қалғанына 4-5 күн болды. Бүгінде ол баратын жеріне барып та қалған шығар, – дейді.

Сонда Ислам Шайх тұрып:

– Оқасы жоқ. Соры бар жүйрік атпен қуғыншы жіберіңіздер. Ұстазыңыз келсін деп жатыр десеңіздер, ол қалайда келеді. Бірақ не үшін шақырып жатқандығымды айтпай-ақ қойыңыздар, – депті.

Сонымен, аталмыш үш күнді асыға күткен жұрт айтылған жерге, мешіттің маңайына жинала бастайды. Аталмыш уақтысында үлкен мешіттің бас имамы, ғұлама ғалым Ислам Шайх бастаған ғұламалар тобы да келеді. Жиналған топқа сәлем берген бас имам:

– Қазір барлықтарыңызды мешітке енуге шақырамын. Сонда осы маңда мешітке кірмей қалған бірде-бір жан қалмасын. Тегіс мешіттің үлкен залына енетін болыңыздар, – деп тапсырып, қасындағы тобырмен мешітке еніп, өздерінің орындарына жайғасады. Сәлден соң-ақ оның:

– Ал, мешітке ене беріңіздер, – деген сөзінен кейін жиналған топ жапатармағай мешітке ене бастайды. Барлығын бақылап отырған Ислам Шайх  зал лыққа толған кезде орнынан тұрып:

– О, халайық! Алланың сүйген құлдары, бірадарлар. Сырттағы кісілер тегіс келіп болды ма? Тағы да бір-екеуінің сыртқа шығып қараңыздаршы. Сыртта қалған ешкім жоқ па екен? – дейді. Сыртқа шыққан бір-екі кісі:

– Тақсыр, сырттағылар тегіс мешітке еніпті. Тек қана кеше өзіңіздің батаңыз бен қолыңыздан шатырхат алған Айқожа ғана мешіттің табалдырығын аттамай, босағада жылап тұр, – дейді.

Жұрттың бәрі де, ұстаздар қауымы да «жылап тұрғаны  қалай? Неге ішке енбейді? Осынша көпшілікті күттіргені несі?» – деп есік жаққа қарасады. Сонда Ислам Шайх:

– Неге кірмей тұр екен? Мұның бір сыры бар шығар. Қой өзім барып сұрайын, – деп, орнынан тұрып есік жаққа барып, табалдырықтан аттамай, босағада жылап тұрған Айқожаға, – Ау, шырағым, неге жылайсың? Мешітке кір, – дейді.

Сонда Айқожа бабамыз жылауын тоқтатпай:

– Жоқ, тақсыр, мешітке кіре алмаймын, – дейді.

– Неге? – деген ұстазына:

– Қалай кірейін, тақсыр? Мына табалдырықтың астында «Құран Кәрім» жатыр ғой, оның үстінен қалай өтемін? Сіздің айтқаныңызды орындамасам тағы да болмайды. Олай етпейін десем, Алла тағаланың сөзі «Құран Кәрімді» аяққа басқандай боламын. Сонымен екі оттың арасында қалғандай болып, не істерімді білмей жылап тұрмын, тақсыр, – деген екен.

– Олай болса, көмулі жатқан Құранды көріп тұрсаң, жабындысын көтеріп, құранды қолыңа ал да, өт, – деген екен Шайх.

Ұстазынан ұрықсат алған бабамыз:

– Құп, тақсыр. Айтқаныңызға құлдық, – деп ешкімге білдірместен екі-үш күн бұрын Ислам Шайх бабамыздың өз қолымен мешіттің үлкен кірер есігінің табалдырығы астына мұқият оралып арнайы көмген Құран-Кәрімді алып сүйіп, кеудесіне басып, сонан кейін ғана мешітке енген екен. Сонда шәкірті Айқожаның табалдырық астында тығулы жатқан қасиетті кітапты әулиелікпен білгендігіне разы болған ұстазы – пірі Ислам Шайх сүйікті шәкіртінің маңдайынан сүйіп, көп алдына алып шығып:

– О, пірадарлар, көрдіңіздер ме? Барлықтарыңыз да жаңа ғана куә болдыңыздар. Айтыңыздар, осында тұрған шәкірттер бар, ұстаздар бар табалдырық астында тығулы жатқан Құран-Кәрімнің бар екендігін қайсыларыңыз сезіп білдіңіздер? Барлықтарыңыз да бір нәрседен құр қалатындай, мешіт табалдырығын таптаған күйі, қасиетті кітапты басып-жаншып, үстінен өттіңіздер? Тек шәкіртім Айқожа ғана әулиелікпен біліп, босағада жылап тұрды. Өзім барып табалдырық астында жатқан қасиетті Құран-Кәрімнің  жатқанын білген шәкіртім Айқожаға табалдырықтың астында жатқан оны алып өте бер деген соң ғана, көз алдарында Құранды көтеріп алып, тағзым етіп сүйіп, көкірегіне басқанын көрдіңіздер. Мұны айтып тұрған себебім, әңгіме қанша жыл жүргенде емес, әңгіме еңбекте. Таба білуде. Айқожа көп еңбектенді. Көп оқыды. Көп білді. Жұмысы мен оқуынан басқаға алаңдамады. Қызметіне адал болды. Қажет десеңіздер артық киім, артық бұйым жинамады. Қолына түскенін білім жолына жұмсады. Онан артылса жетім-жесірлер мен кемтарларға қолында қалған жарты жарнағына дейін қайыр-садақа етіп бөліп берді. Алла еңбегін еледі. Сөйтіп тапты. Алланың өзі беріп тұрған дәрежесін мен қалай тоқтата алайын? Алла тағаланың рахымы түсіп бағының тұтанғалы, жанғалы тұрғанын көріп тұрып, білтесін тұтатып жібермеуге хақым жоқ еді. Сондықтан, мен Айқожа имамның, білім шамының білтесіне шырпы тигізуші ғана болдым. Ақ батамды беріп қолына шатырхат ұстаттым. Енді мұнан былай менің бұл шәкіртім жай ғана Айқожа емес, «Айқожа Ишан» деп аталатын болсын, Аллаху акбар! – деп Айқожа бабамызға неліктен ерте шатырхат ұсынып, батасын бергендігін дәлелдеген екен. Осы жолы Сыр бойынан барып «Кәрі ұлықтағы» жоғары діни оқу орынын оқып жатқан Айқожа бабамыздан басқа қожа Құлболды ишан және кіші жүзден шыққан Марал ишан да, Қосым ишан да Айқожа бабамызбен бірге, Ата піріміз Ислам Шайхтың қолынан шатырхат қабылдап, батасын алып қайтқан екен.

Оқудан оралған Айқожа бабамыз кіндік қаны тамған туған жері, бұрыңғы «Иіркөл» деген, қазіргі «Қарасопы» деген жерге ат басын тіреп қоныстанады. Ол кезде дариядан бөлініп шыққан «қылы» арықтар бөлініп ағып, ағын судың күшіне шыдамай суға құлаған жерлер жар қабақтанып қала береді екен де, су сағасына лай басып көлге айналады екен. Алғашында сондай жар қабақтың ығына қоныстанып, көлдің суын пайдаланып, малын суғарып отырған қоныстанушының кім екендігіне онша назар аудара бермейді. Тек өткен-кеткендері мына «Иір көлдің жағасындағы жар қабақты паналап бір қожа қоныпты. Жар қабақты үңгіп мешіт салып, қасындағы кісілермен намаз оқитын көрінеді» деп жүрген жұрт, біртін-біртін бұл кісінің осы жерден жас кезінде Бұқараға, Ауғанстанға оқу іздеп кеткен Айқожа екендігін, енді үлкен атақты ишан болып оралғандығын біледі. Ал ол кездегі ағаларының біразы дүниеден өтіп кеткен. Қалғандары әр түрлі күнкөрістің қамымен жан-жаққа көшіп кетіпті. Алғашында бабамыздың үңгір мешітіне намаз оқып жүрген халық «Қой, мұнымыз болмас. Қам кесектен болса да мешіт салайық» деп жабыла құрылыс жұмысына кірісіп, қазіргі «Қара Сопы» мешітінің орнына қам кесектен мешіт салып, намазды соған оқыған еді. Сонан кейін-ақ мешітке ағылған жұрттың есебі жоқ болды. Түсіп жатқан мал да, дүние де есепсіз еді. Ал сол малдардың, дүниелердің барлығы да айналадағы жетім-жесірлермен кемтарларға таратылып беріліп, мешітке келушілердің ішіп-жеміне жұмсалатын еді. Сонымен аз ғана уақыт ішінде қарапайымдылығымен, мейірімділігімен, қайырымдылығымен, имандылығымен, ізеттілігімен көзге түскен Айқожа бабамыздың даңқы алашқа тарайды да кетеді. Бабаның даңқын естіп, күйзелген елдің көңіліне – қуаныш, дертіне – ем, ұлсызы – ұлға, қызы жоғы – қызға ие болып, Айқожа бабаның ілімінің құдіретіне тәнті болып бас иіп, жанын берердей мойынсұнады.

Өзінің 84 жылдық ғұмырының ішінде бес рет некелі болып, бес анамыздан Айқожа бабамыз он бір ұл перзент көріп дүниеден өтеді.

 

Әмір МӘЖИТОВ. «Аманат». Қызылорда, «Тұмар» баспасы, 2007 жыл, (147-159 беттер)

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button