Сейтасан қажы
Сейтасан қажы 1855 жылы дүниеге келген. Бүкіл өмірін Мақтұмсейт бабаның мазаратының маңайындағы елді мекендегі халықтар ортасында өткізген. Мешіт ұстаған имам болыпты, ол кісі құмалақ ашып, сәуегейлік жасағандарға дін беделін түсірушілерге наразылық білдіріп, пендеге не жазу болды, оны жарылқау тек бір Алла деген қағиданы қатаң ұстанған.
Сейтасан қажының мешіті Сырдариямен Шіркейлі қамалының ортасында Талқанбай деген жердің батыс жағында болған екен. Сол жерден екі ауыл Алаша, Есентемірге тең қоныс жасап, дау-дамай болса, әділетпен шариғатпен шешім жасап қызмет жасапты.
Мақтұмсейіт әулиенің мазаратының тұсында Сырдарияның жағасына ел жайлауға шығып отырады екен. Дарияның суы кейде о бетке, кейде бұ бетке ауып, жағасын жебір жеп, тіпті бұрынғы ағып жатқан арнасынан ауып тұрады екен. Себебі: ол кезде Дарияда су өте мол болған. Сонан бір күндері жебір Мақтұмсейт мазаратына қарай ауып, жар құлай-құлай Дария бері жақындай бастапты. Мұны көрген ауыл тұрғындары судан қорқыныш сезіп, Сейтасан қажыға келеді. Ол кісі ертең азанда Дария жиегіне жиналыңдар» деп халыққа сабырлық айтады. Дереу естімеген басқа ағайынға хабарлап, ертеңіне Дария жағасына жиналады. Сол жерде Сейтасан қажы сәлдесін шешіп, бір ұшын ұстап сүйретіп, дарияны жағалап, төмен қарай жүріп ауыл тұсынан өткенде барып тоқтап, Бабаға құран оқып, Аллаға өтініш етіп: «Енді ешнәрсе етпейді», деп жұртты таратады. Ертеңіне жебір арғы бетке ауып кетіпті. Содан сол жерден әлі солай ағып жатыр.
Қожа таң намазын күнделікті Мақтұмсейт бабаның күмбезіне барып оқиды кен. Бір күні солай қарай ертемен бара жатса, он шақты жылқыны айдап келе жатқан екі-үш аттылы кісілерді қарсы жолықтырады. Олар байқамаған болып өте шығады. Жылқыны айдап келе жатқандар Сырдария өзенінің жақын жердегі бір түбегінің аузында тұрушы Мәнтібай балалары екенін танып қалады.
Таң намазын оқып болып, үйіне оралған ата шай-суын ішіп болып, үй маңайында шаруа тіршілігімен жүрсе жеті-сегіз аттылы келіп сәлемдеседі. Олар манағы жылқыны іздеп қуалап келе жатқан мал иелері екен. Қожеке таң намазы кезінде осы жерден өтуі мүмкін, суыт ізімен келеміз, сізге сәлем берейік, әрі ешнәрсе байқады ма екен деп оралып едік», – дейді. «Жылқыны Мәнтібайдың балалары айдап өтті», – деп, көргенін айтады. Қожекеңе риза болған жоқшылар алғыстарын айта-айта, қоштасып жүріп кетеді.
Ол кісілер жаңағы түбек аузындағы кісіге барып таң намазы кезінде балаларың айдап келген жылқыны мына қожа көріпті», деген соң бұрын ондайға бой бермейтін, әрі түбекке малын іздегендерді өткізбейтін кісі амалсыздан балаларына жаңағы жылқыларды қайта әкелдіріп, иелеріне қайтарып береді. Ол кісілер кеткеннен кейін Мәнтібай семіз айғырға мініп алып, бір-екі баласын қасына ертіп, алып, әкемізге келіп. «Қожа, бұл жерде ішер асың жоқ, босқа жұртқа жол сілтемей, менің үйімнің қасына көшіп барып, сорпа-су ішіп тыныш отыр», – деп ат үстінде үстемдік айтыпты. Олай дейтіні – бес баласы атқа мініп, түнделетіп, алыс жерден ұрлық мал әкеледі екен. Жағдайы жақсы, тамағым тоқ, құдай аруақпен ісі жоқ кісі екен.
Әкеміз «Мен ешкімнің сорпа-суын ішпеймін, бабамның көлеңкесінде отырған кісімін», – деп жауап беріп қала беріпті.
Атын ойқастатып, Мәнтібай олай-бұлай жүріп кетіп қалады. Сол кісінің он шақты күн шамасында екі баласы аттан құлап өледі. Сол жерде көршілес отырған ауыл адамдары, бұл аруақты әулие тұқымына тіл тигізгеннен болды деп реніш білдіреді. Не керек, келесі жылы екі баласы науқас болып, атқа мінуге жарамай қалады. Ал Мәнтібай өзі де қолы дамылсыз дірілдейтін науқасқа шалдығып, жағдайлары нашарлап, біздің әкеміздің жанына көшіп келіпті. Өз қателігін мойындап, тәубеге келіп, кешірім өтініп, халыққа осы оқиғаны үнемі өзі айтумен дүниеден өтіпті. Ол кісіден қазір ұрпақ жоқ.
(Қызылорда облысы Шаған елді мекенінде тұратын Әбдіқадыров Ыбраштың естелігінен)
Сейтасан қажының Тәжігүл, Ысқақ, Ыбырайым, Смағұл, Күлзада атты перзенттері болыпты. Үлкен ұлы Ысқақ қожа арабша сауатты кісі болыпты, Жетірудың табындары ортасында мешіт ұстаған имам болған көрінеді.
Ысқақ қожаның мешіт ұстап отырған елді мекенін жұрт «Сасық» атап кеткен екен. Себебі: төмендегі өлеңде айтылғандай жолбарыс пен үлкен жайын денесі ыстық күнде еріп, майы сасып, сол елдің алдындағы көлге ағып, ауылды сасытып жіберген екен. Сонан осылай аталған. Сол жайлы жазылған мына шумақ өлең де оқырмандардың назарынан тыс қалмасын деп жариялап отырмыз. Әнге қосып айтады.
Жолбарыс аңызы
Күйдірсе де күннің көзі,
Қарыса да сан ызғар.
Бабалардан бізге қалған,
Өшпейтұғын,
сырға толы сан із бар.
Өтсе-дағы пәлен ғасыр,
Ел ішінде сақталған,
Сыр бойында өшпейтұғын
Мынадай бір аңыз бар.
Өтсе-дағы сақталады
Мұндай ғажап болған іс.
Естігенде көкейіңнен қалмай болмас толған іс.
Дарияға жақын маңда өткен ерте заманда
Мекендепті Сыр бойын бір айбарлы
Жуан мойын жолбарыс.
Қос күшігі болған екен,
Көз ашпаған жас әлі.
Паналапты жұрт көзінен
Қалың қамыс тасаны.
Сол қос күшік қаз басып
Көтерген соң бауырын,
Суға беттеп дарияның жағасынан асады.
Суға келіп бас қояды
Алдыменен анасы.
Тәтті судан ішіп жатыр
Қасында екі баласы.
Бір кездері су бетіне көтеріліп нән жайын,
Апыр-топыр болды лезде дарияның жағасы.
Қос күшігін бірдей жұтып,
Құйрығымен қақты да,
Сөйтіп суға кете барды,
Су астына ақты да.
Жолбарыс та іле-шала қойып кетті артынан.
Сәлден кейін демі жетпей, атып шықты аптыға.
Жолбарыстың өтіп жатты қайғы менен сан күні.
Мазалады жанын қоймай, жолбарыстың тағ-мұңын.
Қайғы-қасірет ішін өртеп,
Кек алмақшы болды бұл.
Жатып судың жағасында
Нән жайынды аңдыды.
Үшінші түн өтіп таңы,
Күн сәулесі өрілді.
Әлі жатыр аш жолбарыс,
Ызаланып өңірді.
Бір кездері дарияның лайланып жиегі,
Су бетімен нән жайынның
Қыр арқасы көрінді.
Жолбарыс та ыңғайланып,
Күшін жинап сақ тұрды.
Жыртқыш қой ол, өткізген ғой,
Өзінен көп тапқырды.
Ыршып түсіп нән жайынның
Арқасына аузын сап,
Жұлып алып су бетінен
Жағалауға лақтырды.
Айналаға аянбастан
Төккен шақта күн нұрын
Басып жатып нән жайынның
Соңғы демін тындырды.
Өзі де өлді, өйткені
лақтырғанда жайынды,
Ауыр салмақ жолбарыстың
Омыртқасын омырды.
Сұлқ түсіп су маңында,
Жатыр өңір тұншығып,
Сырдария, кетті ол да,
Көзін салып күрсініп.
Осы екен ғой ұрпақ үшін,
Тайталасқан тағдырың.
Осы екен ғой, құрып қалғыр,
Тез бітетін тіршілік.
Ыбырайым қожа Кіші жүздің он екі ата бай баласы Есентемір, Алаша ортасында мешіт ұстап, имамдық еткен. Шариғат жолын қатаң ұстаған кісі екен. Ұрлық, қорлыққа өтірікшілерге өте қатал мінезді болыпты. Ақсақалдар: «Өте сұсты кісі еді. Біреуге өте қатты ренжіп, назаланса, өте ауыр болатынын талай рет көрдік», – деп отырады.
Құрбан СМАҒҰЛҰЛЫ