Жарық нұрдың сәулесі

Жыраудың ақысы

Ләтіп қожа Мірәшімұлының (1912-2000) әңгімелері

Шөмекей Шобдар* Сәрсенбай жырау, Қызыл құмда Қазалы үйезінің, «Заңғар» болысына қарасты бір байдың шақыртуымен, үйіне келіп түседі. Бай жылы шыраймен қарсы алып, ас-суын беріп болып:
– Ал, жырауым. Ертең қонақ шақырамын. Елдің сыйлы адамдары келеді. Соған өнеріңмен қызмет жасап бер. Ақысына бір семіз қой беремін-депті. Жырау да құлшынып:
– Болсын байеке. Уәде құдайдың аты!-деп, өзінің алар жағын шегелеп қояды. Белгілі уақытта айтылған қонақтары келіп жырау бір таңға жырлап береді. Қонақтар да, бай да риза болып тарасады… Ертеңгі шәйдің үстінде, жырау байдың өзіне салқын қабақ танытып отырғанын байқап:
– Байеке, рұхсат болса жүрейін? Уәделі қойымды берсеңіз?-депті.
Бай кеседегі шәйін сораптап ішіп отырып:
– Сол қойды бермейін деп отырмын-дейді.
Жырау:
– Оу, Байеке! Уәде құдайдың бір аты емес пе? Білгенімді айтып бір түн жырладым. Қызметімнен не мін таптыңыз?-десе, бай:
– Сөзің тәуір екен, әуенің ұнамады- деп, кінә артыпты.
Сонда жырау:
– Онда Биге түсеміз (жүгінеміз)!-депті.
Бай:
– Кімге түссең, оған түс. Мал-жанның егесі өзім. Ешкіммен дау-шарым жоқ-деп, бермей жібереді…
Сәрсенбай жырау айдап отырып «Заңғар» болысының болысы, Шөмекейдегі Алты Аспанның Баха биіне келіп арыз айтады. Баха бидің 28 жыл болыс болып, шау тартса да талабы жүріп тұрған уақыты екен. Жыраудың арызын мұхият тыңдап болып, байға шақыртып шабар жібереді. Байды құзырына алдырып, төртжар билерін шақырып жыраудың арызы бойынша іс қарайды.
Сонда Бақа би:
– Байеке, үстіңізден шағым түсті. Істі қарауымызға қайылсыз ба? Хабарыңыз бар ма?-десе, бай:
– Қайылмын. Хабарым бар-деп, жауап береді.
Жырауға:
– Үстінен шағым айтқан адамыңыз келді. Анық осы адам ба? Басқа куә аласыз ба?-деп, сұрақ береді.
Жырау:
– Бір құдай куә! Уәде – екеу ара жасалды. Айыпкерім де, алашағым да осы адамда. Басқа куә алмаймын-дейді. Екі жақтың келісімін алып болған соң,
Би:
– Байеке, жырауды үйіңізге хабар айтып арнайы шақырдыңыз ба, әлде қыдырыстап өзі келді ме?-деп, сұрақ береді.
Бай:
– Я, хабар айтып арнайы алдырдым – деген соң, жырауға:
– Айтқан сөзін растайсыз ба?-десе,
жырау:
– Арнайы байекеңнің шақыртумен, атты адамға екі күндік жерден келдім-дейді.
Би байға:
– Не мақсатпен шақырдыңыз?-деп сұрайды.
Бай:
– Сыйлы қонақтарыма жырлап бер-деп, шақырдым.
Би:
– Ақысын не алатынын жырау айтты ма, әлде өзіңіз атадыңыз ба?
Бай:
– Бір семіз қой аларсын деп өзім атадым.
Би:
– Ол, уәдеден неге айныдыңыз?
Бай:
– Сөзі тәуір екен, әуені ұнамады. Күнде жұртқа айтып жүрген өлеңі ғой. Өлеңі өзіңде кетті. Маған қалдырған ештеңесі жоқ. Жұртпен бірдей ішті-жеді. Малым қорамда қалды. Ол малды өсіріп, қысы-жазы бағып-қағып отырған менің еңбегіме, ол шарт сай келмейді екен. Сосын айныдым – деп уәж айтады.
Би:
– Жырау қанша уақыт жырлады?-деп сұрайды.
Бай:
– Қызыл іңірден, таң сарғайып атқанша жырлады-дейді.
Би:
– Әркімнің кәсібі, аузына тиетін нәсібі болады. Бұл кісінің кәсібі жыраулық екен. Сізге жасаған еңбегіне сай ақысын беруіңіз керек болады. Біреудің ақ-адал несібесіне кес қылу, Алланың үкіміне қарсы келумен бірдей -дейді, би.
Бай:
– Би аға, сөзіңізге құлдық! Мен де ақ-адал еңбегіммен отырған жанмын. Ел ішіндегі билік-хандықта жұмысым жоқ. Адам тұрмақ, қорамдағы қойыма билігім жүрмей, бй шақырды деген соң алдыңызға келіп отырмын. Ұрлық-қарлығым жоқ. Тура билігін өзіңіз айтыңыз?!-депті.
Би ойланып қалады. Бай да жөн айтып отыр. Қой беруге ықыласты емес. Арыз айтқан жыраудың еңбегі тағы бар…
Би:
– Енді мына сұраққа жауап беріңіз? Сізге жыраудың сөзі ұнады ма?-десе,
бай,:
– Сөзі, ұнады. Әуені ұнамады деп өзінше дәлел айтады.
Би:
– Онда «сөзі» сізде қалсын, жыраудың «әуенін» қайтып бересіз!-дейді.
Аң-таң болған бай:
– Би аға, әуенін қалай қайтып бермін? Жеті атамда «әу» дейтін жан болмаған. Ол шартыңызды орындай алмаймын! – дейді.
Би:
– Онда екінші шарт қойылады! Соны орындасаңыз «қойыңыз» өзіңізде қалады.
Жыраудың «сөзін» де, «әуенін» де сізге қалдырамыз. Енді «дауысын» қайтып бересіз!-дейді. Бай да бәледен бір-бірлеп құтылғандай бойы жеңілдеп, еңсесін көтеріп:
– Би аға, оны қалай қайтарамын?-депті.
– Осы елдің азаматтарын жинап беремін. Қасымда отырып, сіз – сөз де айтпай, әуенге де салмай, бүгін қызыл іңірден ертең таң сарғайып атқанша «ау-у-у!» деп айқайлап отырасыз. Сонда жырауға «дауысын» қайтып бергеніңіз болады!- билік осы. Шағымданған адам да өз еңбегінің бір парасы қайтқанына қанағат тұтатын болсын! -дейді.
Бай әрі ойлап, бері ойлап:
– Ойпырмай Би аға! Айып менен. Бұл, оңай кәсіп емес екен. Жырау қойын алсын. «Бір қойға бола, есінен адасқан екен»- деп елге күлкі болармын-депті.
Би, Сәрсенбай жырауға:
– Ал жырау, бай ақыңызды берді. Айыбын мойындады. Айыбына не сұрайсыз?-дейді.
Сәрсенбай жырау:
– Би аға, айыбын мойындатып, ақымды алып бердіңіз басқа өтінішім жоқ -депті.
Сонда Баха би:
-Байеке, билік түгел болсын. Айыбыңызға; ат мінгізіп шапан жабасыз! Қазынаға; 5 сом ақша төлейсіз-деп, қолына мөр басып қағаз береді. 5 сом ақша ол кезде бір аттың құны екен…

Сонда бидің баласы, әкесінің орнына болыс болғалы жүрген Әбілтай:
– Ойпырмай әке, байекеңе батырып жібердіңіз-ау!?-депті.
Сонда би:
– Қазақтың дау-шарының ұшы-қиыры жоқ. Дауға төрелік айту, ауаға ау құрғанмен бірдей, беймәлім іс. Ақылың жетіп алдынан қайырмасаң, қашағандап бой бермей кетеді. Билік пен шешендіктің шегі, кісінің көңліне тимей сөз айтып, ақ-қараны аша білуде.
Байға:
– Малдың бетіне қарап емес, азаматтың басын бағалап сыйласын дедім.
Жыраудан елге сын, ерге мін болар сөз қалмасын дедім.
Бейәдеп іс – жаманға жол болмасын – дедім.
Би қартайған екен, төрелігін түгел бермепті- деген, сөзден аулақ болсын дедім.
Бала би мен шала бидің заманы келеді. Ел билігі өзіңе тигенде, сабақ болсын дедім, депті.

«Заңғар» болысына 28 жыл болыс болған Әйбектің ұлы Баха би, келер жылығы сайлауда баласы Әбілтайға орнын беріп, демалысқа шыққан екен деп отыратын еді, жарықтық – Ләтіп қожа ағамыз!

А. Алмат. Астана. 30.12.2017

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button