Жарық нұрдың сәулесі

Жаны жақсылықтан жаралған Апа

Тек қала емес, облысымыздағы ең ұзақ ғұмыр жасап, 101 жаста деп жер қойнына тапсырылған- Нұрхабаева Әсемкүл Пірімбетқызының мәңгілік мекеніне кеткенінеде бір жылдан асты. Қазыбай інім бір мүсипатта менімен амандаспай өтіп кетті. Маған ренжіп жүрме екен деген хабар Майра Әбенова-Дунаева жеңгемнен жетісімен, жұбайым Гүлназияны ерітіп үйіне бардым. Келсек апай газет оқып отыр екен.  Қалалық халықты әлеуметтік қорғау мекемесі апайға арнайы қызметші тағайындағанын, үй ішінің тазалығын, кір қонын жуып, ас суын дайындап беріп отыратынын ризашылықпен жеткізді. Сұрастыра келсем сенің өмірден озған жұбайын менің сүйікті келінім Жақсыбикенің сііңілсі Жәнібекова Лаура екенін біліп, одан әрі қуанышқа бөлендім деген шыңайы сезімін жеткізді.
Мен Әсемкүл апаны жақсы білгенмен, тап сол күнгідей ашық, еш бүкпесіз сөйлеспеппін. Осы ойымды апама жеткізіп, асықпай әңгімеге шақырдым. Ұсынысыма риза болған –ау, тартпасынан салапан қалтаға салынған біраз құжаттарын алдыма керегін ала бер дегендей жайып тастады. Солармен танысқаннан кейін, өмір бойы сауда саласында қызмет жасап еш кедергісіз, қиындықсыз қалай табысқа жете бердіңіз! Өйткені сауда шаруашылықтың басқа салаларымен салыстырғанда, жанып тұрған отқой деуім мұң екенапам бірден төмендегі жәйттерді баяндап кетті.
-Соғыстың ауыр жылдары Сырдария ауданының орталығы Тасбөгетте үлкен асхананы басқардым.Азық-түліктің тапшы кезі. Оның үстіне соғыс жүріп жатқан аймақтардан көшіріліп келген мүгедектер мен жас балдар көп. Барлығы да басқа ұлт өкілдері. Күнделікті асхана рационы бойынша бірінші тамаққа 25 гр, ал екіншіге 50 гр ет қосу есептелінген. Оның адамның биологиялық  қажеттілігі үшін жеткіліксіз екені белгілі. Жағдайды түсінбейтін, қызғаныштың құшағында жүретін кейбір мені көре алмайтындар барлығын Нұрхабаева құртып жатыр деп Мәскеуге арыз жазып жіберіпті. Көп ұзамай келген комиссия барлығын бүгі –шегіне дейін тексеріп, ештене таба алмай менің қызметімді жоғары бағалап мақтап кетті. Соғыс кезінде сырттан келгендердің ішінде жасы біразға келген, отбасынан түгел ада болған орыстың шалы (аты-жөнін ұмытып қалдым) көрген сайын көз жасын көл етіп, дәрменсіз кейіпте жүретін. Сөйлесіп көрсем қайғы мен мұңға оранған киерге киім, ішерге тамағы жоқ бейкүнә пенде екен. Аяп кеткенім соншалықты, сол кездегі обкомның хатшысы Төлебаевқа кіріп, орыс шалына көмек беруін өтіндім. Обалына не  керек жоғары лауазымына қарамастан мүмкіндігінше көмек бергізді. Кездескен сайын сол бір шал мені туған қызындай көріп, егіле құшақтайтын.
Кейін жол бойының жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің (отдел рабогего снабжения) асханасының меңгерушілігіне тағайындалдым. Бұл өткен ғасырдың 50 жылдары сол кезде Мәскеуде өтетін сауда қызметкерлерінің сьезіне делегат болып сайланып, жол жүруге дайындалып жүргенмін. Темір жолда Социалистік меншікті талан таражға салуға қарсы күресетін бөлімнің (ОБХСС)бастығы орыс жігіт еді. Бір күні соның әйелі қасында бір орыс кемпірі бар үйге келді. Жол жүргелі жатыр екенсіз қаражаттың зияны жоқ қой деуі мұң екен, қасындағы кемпір қағазға оралған біраз ақшаны бірден маған ұсынды. Сіздер менен бай екенсіздер, соларыңыз өздеріңізге жұғысты болсын, менің өз дүнием өзіме жетеді деп ақшаларын алмадым. Кейін білгенімдей, жаңағы әйелдің күйеуі есебін тауып менің орнымды әйеліне алып бермекші екен. Ол кездегі заң қатал ғой, сол параны алғанда мен түрмеге отыратын едім. Сауаттылығымның арқасында оларды сотқа беріп, маған жасаған әркеттерін әшкерледім. Аққа құдай жақ қой, сот әділ шешім жасап, екі орыс әйелді соттап жіберді. Ал күйеуі ұзамай жол апатынан қайтыс болды. Менің анам белгілі ғұлама Нұрмұхаммед «Тапал ахунның» қызы Қамса ғой. Ғұлама, діндар нағашымның әруағы қолдаған шығар. Осыдан кейін Алланың адамды қорғау, қолдау құралы адалдықпен, адамдық екеніне көзім жетті.
Менің күйеуім Арысбеков Өміртай өмір бойы облыстық сот алқасының мұшесі -сот болып, кейін адвокаттық (қорғаушы) қызмет атқарды. Әлі есімде, Өміртай үйде жоқта біреулер үйге келіп, әлегімізді аспанға шығарып, ағасының сотталып кеткенін, берген ақшаларын қайтаруды талап етті. Мен бәрінен бейхабармын. Дереу Өмекеңе телефон соғып тез жетуін өтіндім. Ол әлгілерден мәселенің мән жайын біліп, ортада жүріп ақшаларын алған кісіні (олда таныс ағайын) шақыртып, дереу пұлын қайтартты. Иә, менің өмірімде айта берсем мұндай сәттер көп болды ғой деп әңгімесін күрсіне аяқтады.
Әсемкүл апаның адалдығымен жұмыстағы тиянақтылығы, қарамағындағыларға қамқорлығы, өз ұжымы ғана емес жоғары жаққада белігілі болмаса, Қазақстанның сауда министрі С.Жиенбаевтың мақтау грамотасын (04.11.1955 ж.) алмас еді. Ал екі жылдан кейін сауда министрі Р.Ильящовтың кезінде Әсемкүл Нұрхабаева есімі министрліктің құрмет кітабына алтын әріппен жазылмас еді.
Апамыздың жұбайы Өміртай ағаныда еске алып өттік. Тату–тәтті өмір сүрген екеуінен бір перзент өмірге келіп ерте шетінегенді. Одан кейін Алла оларға өз қаналарынан шыққан нәрестенің иісін сезінуді жазбапты. Бірақ бала жандылықтары сондай, туған ағасы Сыр еліне белгілі журналист Орман Нұрхабаевтың ұл-қыздарын, немерелерін өз баладарындай өсірді, тәрбиеледі. Солардың бірі Әсемкүл апаның шаңырағында қалып отырған Салтанат қызымыз. Осы жерде қазақтың балдарының бәрі де біздікі деп өткен ұлы тұлға, аяулы жары Зуһра Шәріпқызының көңіліне қаяу түсірмеген Дінмұхамед Қонаевтың, біз Сырдариялықтармыз деген ауқымды ұғымды ұран етіп, жұбайы Мүсілима Бекқожаева апайымыздың ешқашан көңілін пәс етпеген, соғыс және еңбек ардагері, Сырдың арда азаматы, көптеген ғұлама ғалымдармен ақын –жазушылардың  сыйлас досы болған, қайраткер Еламан Жүнісбаев қатарына Өміртай ағамен Мүсілима апай есімдері сұранып тұрғандай. Олардың шыңайы сенімге негізделген мәңгілік махаббаттары қазіргі өскелең жастарымызға үлгі болатыынына кәміл сенемін. Марқұмдардың жатқан жерлерін Алла иман нұрымен нұрландырсын!
Әсемкүл апа өміріндегі белесті кезеңдерінің бірі өткен ғасырдың 60 жылдары.1961 жылы Кеңес саудасының үздігі (Отличник советской торговли)  төс белгісімен, көп ұзамай Қазақстан жоғары Кеңесінің мақтау грамотасымен марапатталады. Бұл құжатқа Кеңес төрағасы Д.Керімбаевпен Хиуаз Доспанова қол қойыпты.  Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова оттай лаулап тез сөнген, Әсемкүл апай бауырындай көретін Аралбай Махамбетовтің кандидатурасы жоғары комсомол ұйымына ұсынылғанда, батыр апамыз оған өз қолымен жазылған мінездеме беріпті.
1962 жылы Нұрхабаева Әсемкүл апа Бүкілодақтық кәсіподақтар сьезіне делегат болып сайланып, Мәскеуге келгенде Аралбай аға ауруханада жатады. Сьез басталардан бұрын Арекеңе барып, ауылдың дәм–тұзын татқызып, екі сағаттай болып,тез жазылып кетуін тілеп бетінен сүйгенін Аралбай аға жайлы «Сыр сарабдалы» кітабына Әсемкүл апа тебірене жазыпты.
Апамыздың ерекше атап өтетін ерен әрекетінің бірі шүкіршілікпен, имандылық шарттатымен қаруланғандығы. Ораза намазын өмір бойы серік етіп, оның шарттарын ешқашан бұзған жоқ. Ерте мен кеш па Алла жіберетін ажалдың келетініне кәміл сеніп, оған ыждағатты дайындалғанын айтар едім. Пайғамбарымыздың хадистерінде де ажалды мойындап, оған дайын болуды ескертеді. Күн бұрын мәңгілік жайын салдырып қоюы,оған қоятын көк тасты жаздыруы, шыны киімімен денесін жуғанға беретін заттарды дайындап кеткені, жетісі, қырқы, жүзі,жылына кететін қаражаттарды түгендеп тапсырып кетуі сөзіміздің дәлелі.


Бірнеше сағат бірге болып ашық әңгімелесіп арқа-жарқа отырдық. Гүлназияға тәберік ретінде хамзолы мен көйлегін берді. Сізден тәбәрік алу ерте ғой деген қарсылыңымызға, мен кеткеннен кейін көпшілікте сен шетте қалуын мүмкін, сондықтан қазір өз қолымнан берейін деді. Күтіп отырған ажалының жақын екенін сезінгендей қимай қоштастық. Көп ұзамай ешкімге салмағын салмай пәни дүниеде қалай таза болса, бақилық сапарғада сол күйінде аттанып кетті. Жаны жақсылықтан жаралған Әсемкүл апаның орны жәннаттан болғай, Алла иманнын жолдас етсін. Өзіңізге оқылған құрандарымыздың сауабын бағыштап, сағына еске аламыз. Бүгінде солай, келешектеде солай бола бермек. Қалғандардың қолынан келетініде сол.

Қазыбай Құдайбергенов,  профессор

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button