Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Зар заман

Шортанбай Қанайұлы

Зар, зар, заман, зар заман,

Зарлап өткен бір заман.

Сөздің басы – бісмілла,

Біз айталык, сіз тыңда,

Мұсылманның тарихын.

Төрт аяқты хайуан –

Бұ дүниенің жарығы.

Бағасы кеткен жігіттің,

Бетінен алар зайыбы.

Бір Алладан басқаның,

Көп-ті қылған айыбы.

Кесапаттың кесірі,

Келе ме деп керт басқа,

Сол себептен қорқамын!

 

Әуелгі зорлар қор болды,

Сондағы қорлар зор болды.

Әуелгі байлар жоқ болды,

Сондағы жоқтар тоқ болды.

Жөн білмеген жамандар,

Ел билеген бек болды.

Көтере алмай бектігін,

Ұласқан жаман кек болды.

Ниетіне қазақтың,

Тым-ақ тәуір еп болды.

Заманақыр болар деп,

Сол себептен қорқамын!

 

Қыс көбейді жаз аз боп,

Бай таусылды мал аз боп.

Ағайыны көре алмай,

Атаға бала араз боп.

Әр нәрсенің болжалы,

Келе жатыр жақындап.

Ағашты тауға үй салып,

Алды кәпір алқымдап.

Елді еркіне қоймады,

Буыршындай тақымдап.

Дуан басы, болыс тұр,

Шұлғып басын изейді

Кәпірдің сөзін мақұлдап.

Бейшараның  пұлы жоқ,

Құр жылайды қақылдап.

Жарысқа түскен  жақсылар,

Қорлықпен өткен күніміз,

Ашылмас болды көзіміз.

Сол себептен қорқамын!

 

Елге егін жайылды,

Байға қоңсы жоламас.

Алдап-арбап жүрем деп,

Өз тілегін тілемес.

Арам сідік балаға,

Әке менен шешенің

Айтқан сөзі ұнамас.

Адам азар болар деп,

Сол себептен қорқамын.

Заманақыр боларда,

Алуан-алуан жан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты.

Ерегісіп жақсылар,

Ел ішінде лаң шықты.

Сауып ішер сүті жок,

Мініп көрер күші жок,

Ақша деген мал шықты.

Жарлы-кедей жоқ-жітік,

Қайтып күнін көрер деп,

Қорлықпенен күні өтер деп,

Сол себептен қорқамын.

Ай мен күннің арасы

Танда махшар күн туса,

Таразыны аударар,

Кәлиматың шаһадат

Тәмам кісінің расы.

Тәуба, таупых келтірмес,

Азған елдің молдасы

Оның айтқан сөзінің

Асылы болмас расы.

Жаһаннам деген тозақта.

Шайтан болар жолдасы,

Кұбыласын білмей құл,

Сонда тартар жазасын.

Кешірмейді Кұдайым,

Бес намаздың қазасын.

Құрт-құмырсқа жиылып,

Сонда алады мазасын.

Жаһаннамның белгісі –

Жалғанға болар расың.

Мұстақап қылмас Құдайым,

Ол залымнын дұғасын.

Сақта, Құдай, сонан деп,

Сол себепті қорқамын!

 

Шортанбай Қанайұлы  «Қай заман?»  Жыр-толғаулар, айтыстар, сын-зерттеу мақалалар. Астана 2011 «Фолиант» баспасы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button