Шортанбай мен Жанқұтты
Шортанбай жырларының үлкен бөлігі өлер алдындағы қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқан жырлары. Онда Семей жаққа сапар шегіп келе жатқанында Алладан аян жетіп, артында қалатын ел-жұртымен қоштасады. Сол жырлардың ішінде Жанқұттыны бірнеше рет ауызға алып, аманатын айтады.
«Жаралған Жәкем еді асыл зат қып,
Өзгеден бір кісі едің ақылы артық.
Алладан ажал жақын келді білем,
Кетейін енді сізге ғарыздасып» дейді.
Осы жырды оқып отырсақ, жақсы Жәкеңнің жыраудың басын сүйеп отырғанын байқаймыз.
мысалы:
«Уай, уай, менің басым-ай,
Келе көр, Жәке, қасым-ай»
және:
«Жан жарға таянды,
Қоя көр, Жәке, жастықты».
тағы да:
Жан тәсілім таянды,
Айта көр, Жәке, иманды,»
Кеудемді дерт қамады,
Амал да кетіп барады.
Есендікте бол, Жәке,
Қияметтік досым-ай!
Және сізге тапсырдым
Бала менен қатынды,
Жалғанда досым сіз едің,
Аяй көрме ақылды!
Қояр ма екен Құдайым,
Қиямет күн қасыма-ай,
Жүгірме кболған жасым-ай!
Әр жұмада жүре көр
Дұға қылып басыма-ай!
Шортанбай жыраудың ақырғы сәтінде жанында болған Жанқұтты кім дегенде интернеттен мына деректерді алуға болады.
ЖАНҚҰТТЫ Ботантайұлы, Жақсы Жанқұтты – би, шешен. Қарағанды облысының Шет ауданында дүниеге келген. Жанқұтты Ботантайұлы өз заманының әділ
биі, от ауызды, орақ тілді шешені Шабанбай бидің батасын алып, тәлім тәрбиесін көрген. Ол Жақсы Жанқұтты биге былай деп бата берген: «Аллаға жағам десең – қазанды бол, халқыңа жағам десең – әділ бол, Судай таза бол, Жердей берік бол, Өмірің ұзақ болсын, Аймағың суат болсын, Сөзің халқыңа қуат болсын!». Кұнанбай, Алшынбай, Құсбек төре сияқты ел жақсыларымен қарым – қатынаста болған. Жақсы Жанқұтты би бала Абайдың болашағын болжап, бата берген.
Соңғы барғанда Құнанбайдың келесі жылы барайық деген сөзіне: «Келер жылға мен қарар едім, ажал қарамайды ғой» деп жүріп кетеді. Сол сапарында Меккеде қайтыс болады. Жақсы Жанқұтты атанған шешен, бидің кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған, үлгі боларлық нақыл сөздері мол. Жақсы Жанқұтты бидің айтқан дуалы сөздерінен халыққа қамқор болу, сыртқы дұшпандардан қорғану үшін жасаған іс-әрекеттерді; ел бірлігін сақтау, ру арасындағы даулы мәселелерді шешу барысында әділ қазылық жасау; ұрпаққа ұлағатты сөз қалдыру, жастарды тәрбиелеуге айрықша мән беріп, көңіл бөлу жайлы бағыттар байқалады. Қарағанды облысының Шет ауданындағы мектеп-гимназия, аудан орталығындағы көше Жақсы Жанқұтты бидің есiмімен аталады.
Бірде Жанқұтты шешен аға сұлтан Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленбеген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен би баланы қасына отырғызып оған бірнеше сұрақ қояды:
– Шырағым, дүние неге сүйенеді?
Абай:
– Дүние үмітке сүйенеді.
Жанқұтты:
– Көздің көрмесі бола ма?
Абай:
– Көз қабағын көрмейді.
Жанқұтты:- Шам жарығының түспесі бола ма?
Абай:
– Шам жарығы түбіне түспейді.
Жанқұтты:
– Болат пышақтың кеспесі бола ма?
Абай:
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
Жанқұтты:
– Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма?
Абай:
– Өз тамағына тартпай
тын махлұқат болмайды.
Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрапты. Сонда Абай:
– Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына,
Сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тарпай қоймас тамағына, – депті.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай: «Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма?» – дейді.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты.
– Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай. Жанқұтты:
– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарың отты екен – ақындығың, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті.
Дерек бойынша Жанқұтты Меккеге барып, сол сапарынан қайтпайды. Ал әкесінің күмбезі Шет ауданы орталығы Ақсу-Аблы ауылынан 2 шақырым жерде. Шортанбай Қанайұлы да осы зиратта жерленген екен.