Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шіл боғындай тозбайық

Шортанбай Қанайұлы

Жақынға жақын қас болып,

Шіл боғындай тозбайық.

Саналы адам түсінер,

Біраз жырлап қозғайық,

Осы пәни дүниені

Осы арадан болжайық!

Момын болып кей адам,

Өз малын ғана бағып тұр,

Біреулердін дәулеті,

Тасқан судай ағып тұр.

Сайлауға салып ынтасын,

Байлар қалта қағып тұр.

Сыр бойындағы шаяндай,

Бірін-бірі шағып тұр.

Түзу тартып кей жақсы,

Өз жұртына жағып тұр.

Бекері бар ма сөзімнің,

Осылай емей неғып тұр?

Жігерлі туған кей сабаз,

Елін жаудан қорып тұр.

Болыснай, би, ауылнай,

Сырттан қарап шолып тұр.

Бір ауыз үгіт сөйлесең,

Алдыңнан тұзақ құрып тұр.

Осы күнде заманың,

Осылайша болып тұр!

Мұсылманды бұл күнде

Орыс кәпір жеңіп тұр.

Ай сайын келіп санатып,

Есебіңді алып тұр.

Жау ниеттен қорып тұр.

Қайыр кетіп байлардан,

Бұзауға ақша беріп тұр.

Пәлен теңге торпақ боп,

Тиынға тиын болып тұр.

Залым туған сұмырайлар,

Осылай жұртты еміп тұр.

Шолақ иттей діңкілдеп,

Бір-біріне жетем деп,

Аласұрып ұлып тұр.

 

Алдаушы жалған

 

Алдаушы жалған дүниенің,

Алдайтұғын жолы бар.

Аяқты теріс баспаңыз,

Жаманнан басың жырып ал!

Сұғанақ болып ұмтылма,

Сыбағаң болса, тұрып ал!

Қазылған орға кез келсең,

Атың басын бұрып ал!

Үй менікі демеңіз,

Үй артында ұры бар!

Асыл туған жақсының,

Құн жетпейтін пұлы бар.

Кейбір сабаз маңғаздың,

Сегіз рет қыры бар,

Бақталас қып ерлерге,

Кейбір жаман былығар.

Өте қусаң қорқақты,

Батыр да болып шынығар.

Текті туған ер жігіт,

Кедейлік басса, құнығар.

Аяқты қия басу жоқ,

Орыстың салған жолы бар,

Емін-еркін заман жоқ,

Ендігі жүрген жігіттің,

Мандайында соры бар.

Екі кісі ұрысса,

Қалам алар қолына,

Зәкүннің түсер жолына.

Өте қусаң оралдың,

Орыстың жайған торына.

Мал бағып, тыныш ұйықтаған,

Талапты туған ерлерім,

Абақты түсті сорыңа!

Күнәһар болма, жігіттер,

Алланын жазған хаты бар,

Кәләм-шәриф Құранда

Мың бір есім аты бар!

Бұл сөзімді ұғады,

Иман нұрлы заты бар,

Жаманнан басың сатып ал,

Тарылған мына заманда,

Тыйыш үйіңде жатып ал.

Атқа мінген адамын,

Жұрты қолға алады,

Сотқа таман шабады.

Келедей  істі көлдей қып,

Өтірік айтып жаласын,

Мойнына әкеп жабады.

Өз қолыңды кесе алмай,

Шиелегенді шеше алмай,

Осы шығар, әлеумет,

Дүниенің қауіп, жаманы!?

Пітне толды осылай,

Момын жатқан еліме,

Кәр түскендей бұзылды,

Дария шалқар көліме.

Екі кісі ұрысса,

«Қап, бәлем, -деп, сені ме!.

Зәкүн айтып қатын тұр,

Қойнында жатқан еріне.

Зарланып тұрған әйел бар,

«Қосылғам жоқ» деп теңіме.

Құтырып тұрған елдер бар,

Қала түспей жеріне.

Кел, жігіттер, түспелік,

Жанған отқа көріне.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button