Ғақлиат

Бір қайыры бар дүние

Мәлік Отарбаев

Сырлы әлемнің сырғалары

Таң атқанда жұлдыздар да біртіндеп жасырынады емес пе?!

Олар Күнге саналы түрде бағынып, мойынұсынатынға ұқсайды. «Жарығы мен жылуын ғаламға мейірлене шашқан Күннің қасында біз сияқты бірде жанып, бірде сөнетін жұлдыздарға орын жоқ» дегендей кішіпейілділік танытатын көрінеді.

Содан жер бетіндегі тіршілік саябырсып, қараңғылық түскен уақытта шыға келіп, аппақ Аймен армансыз сырласады.

Жер қазығына арқандалғандай мұңлы, момақан Ай не айтады екен оларға? Бәлкім, адам туралы айтар. Адамның сонау жаратылысынан бастап жасаған жақсылығы мен жамандығын тілге тиек етер. Абыл мен Қабылдың қақтығысынан бастап сыр ақтарар…

Жұлдыздар – ұялшақ.

Жұлдыздар – кішіпейіл.

Жұлдыздар – сырлы әлемнің құлағына ілінген сырғалары іспетті…

Дегенмен, осы ақ пейіл жұлдыздар Жерді дүр сілкіндіріп жатқан адамның зорлық-зомбылығы мен зұлымдығына қарамастан, ешуақытта жарық шашпай сөнген емес-ау. Бізге әманда амандық тілеп, үнемі үмітпен қарайтын сияқты.

Атқа қонған шабандоздай мына қарт Жерге мініп алып, құдіретті Күн нұрына шомылып жүргенін бірде сезініп, бірде сезінбейтін адам баласы осы  қиянатын қашан қояр екен? Зұлымдығын қашан доғарар екен?

Жұлдыздар да бәріне куә! Жо-жоқ, олар ұйықтамайды. Олар түні бойы басын сәждеден көтермей, барша үмбетінің екі дүниедегі бақыты үшін көз жасын көлдей ғып төгіп, азаптана амандықты тілеген пайғамбар секілді Жер бетіндегі бейбіт өмірге бақ-береке тілейді. Қас қарайған сәтте өздерін тебіреніспен тамашалайтын Жер беті тұрғындарына қауышқаны үшін жалт-жұлт етіп қуанышқа кенеледі.

 

Баланың ойы

Қызым атақты Ш.Уалиханов атындағы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде көк базардың тұсында тұрған үйімізге 28-панфиловшылар саябағы арқылы өтіп, көше бойын жағалап қайтатынбыз.

Сары жапырақтар саудырап төгіліп жатқан кез. Саябақтағы шіркеудің қасынан өте бергенімізде сабақтың жайын айтып келе жатқан қызым кенет:

– Папа, неге мына шіркеу қаланың орталығында салынған? Қараңызшы, әдемі саябақтың ішінде, ал біздің мешіттер қаланың сыртында… – деп сұрады.

Мен оның бұрын осылай салынғанын айтып, тарихтан біраз сыр шерттім. Жауабыма онша қанағаттанбаған қызым:

– Сонда мұсылман болғанымыз ұят па? – деп ендігі сұрақты, тіпті, төтесінен қойды.

– Жоқ. Қайта біздің мұсылман болмағанымыз ұят болады, – дедім.

Әйтсе де, әліпті таяқ деп үйреніп жүрген баланың кіршіксіз таза ойы мені терең ойға жетеледі…

«Е, Құдай-ай! Бұдан да бір қайыр бар шығар!» деп жұбаттым өзімді-өзім.

 

 «Салқын Самал»

Алатау баурайындағы әсем шаһарымыздың «Самал» деген «салқын» жері бар. «Самалдың» қара ағашы да салқын сезіледі. Адамының да қарны тоқ болғанымен, қабағының жылуы жоқ.

Жалғасқан үнсіз өмір. «Баласыз үй – мазар» дегендей, аула тып-тыныш. Баяғыдай қауқылдасып жатқан қариялар көрінбейді. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған көршілер көзге түспейді.

Кенеттен кездесіп қалатын бір-ақ жер бар – «лифт» деген. Сәлем алысып, қал-ахуал сұрасатын жер ғой. Әй қайдам, сәлем берген көршіге жалқау ерін жыбыр ете қалады да, ашылған есіктен асығыс шыға жөнеледі.

Даниэль Дефоның елсіз аралда өмір сүрген Робинзон Крузосы секілді өз тілінде сөйлеп түсінесе алатын жанды табу оңай емес бұл жерде.

Ғаламның ең «ғажап» жері осы:

Жеті шелпек таратсаң, жексұрынға айналасың.

Жеті көршіге сәлем берсең, жетім қайыршыдай көрінесің.

Жеті қоян тапсаң да, қуанышыңа ортақтасар жан таппайсың.

Әлде «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без…» дей ме екен?

 

Тендерге түскен тіршілік

Бала кезімізде әзіл естуші едік:

– Апа, апа! Бес теңге берші?

– Төрт теңге? Үш теңгені не қыласың? Екі теңге жетпей ме? Мә, ал бір теңге!

Бақсам, тендерге етіміз бала кезімізден үйренген екен ғой.

Театр «Тендерге түскен келіншек» драмасын сахнаға шығарды. Ал күнделікті тіршілікте тұтас руханиятымыздың трагедиясын көріп куә болып отырмыз.

Тендерге түскен жолдың өзі жыл сайын қырық жамалып жатса, руханият саласы несімен толығады? Жұмысынан айырылып қалмау үшін жалақысын «тендерге салған» қарапайым жұмысшы берекесін несімен табады?

Әйтеуір, қалай айтсақ та, «Құдай деген құр қалмас» деп, маңдайымызға жазылған ырыс-нығметке бөленіп шүкіршілік етіп отырмыз. Әрине, «басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ». Бірақ «аққа Құдай жақ» екеніне кәміл сенеміз.

Айтпақшы, қайырымсыз ұрпақ осы қайырсыздықтан тумай ма?

 

Дала мен бала

Қайырсыз даладан қайырлы бала туа ма?

Баласын ойлаған даласын жөндеу керек. Дала жөнделмесе, бала үйде тәрбие көргенімен бәрі құр бекер. Бөтен баланың тәрбиесі өз баламызға ықпал етпей қоймайды.

Олай болса, кімді тәрбиелеп жатырмыз?

 

                                                     Адасушылық

Абыл мен Қабылдың аттары аталса, жазықсыз өлген адамның тағдыры, соңы қантөгіске алып келген екі ағайын арасындағы тартыс еріксіз еске оралады.

Абыл мал бақса, Қабыл егін салатын.

Құдайға атап берген құрбандықтары екі түрлі болды. Әсілі, құрбандық – тоқты болу керек еді. Бірақ Қабыл тоқтыны құрбан етуге қимады, әйтеуір құтылайыншы деп сапасы нашар бидай масағын әкеліпті.

Содан Қабылдың құрбаны қабыл болмады…

Демек, ә дегеннен діннің, құлшылықтың заңына «заңсыз» араласып, өз дегенің қосып, өзінің қалауынша әрекет етіп адастырған кесел сол кезден басталған екен ғой.

Алла адастырмайды, адам адастырады.

Әйткенмен, мұнда да қайыр болмағанда, алмас тасты көмірден қалай ажыратар едік?

 

Кітап саудасы

 Бір күні Алматының түбінде орналасқан ауылға соқтым. Үйге кіре бергенімде сол ауылдың әкімі бума-бума кітап көтеріп келеді екен.

– Бұл қандай кітап? – деп сұрадым үйілген кітапқа қызығып.

– Батыр бабамыз туралы жазылған кітап қой, – деді әкім тершіген маңдайын сүртіп қойып. Кітапты алып қарасам, белгілі қаламгердің қаламынан туған шығарма. Мұқабасы қалың, қағазы жылтыр.

– Оқуға бір данасын сыйлайсыз ба?

– Қарағым-ау! Осы кітаптарды не үшін арқалап, ауылда саңдалып жүр дейсің. Сатып жүрмін ғой. Алам десең, сатып ал! Нарықтың заңын сендер жастар жақсы білесіңдер ғой, – деді әкім миығынан күліп тұрып.

Мың дана боп басылған кітабына қуанып жүрген ағаларымның арманы осы еді ғой деп ойладым.

Әйтпесе, әкімі ақының іздейтін өсер елде тұрғанымыз жоқ па?

Нарықтық заманның қайыры тимесе, кесірі қайдан тисін?!

 

Қайырлы дүние

 – «Жазмыштан озмыш жоқ» демей ме? Ал егер адамға маңдайыңдағы жазмышты өзің жазып ал десе, не жазар едіңдер? – деп ұстаз сабақ үстінде  шәкірттерінен сұраған екен.

– Құдайсыздық атымен жоқ болсын деп жазар едім, – депті біреуі.

– Ғалымдарды қорғап-қолпаштау керек дер едім, – депті екіншісі.

– Мұсылман баласының өсіп-өркендеуіне ықпал етер едім, – депті және біреуі.

Кезек соңғы шәкіртке келгенде:

– Ұстазым, барлық дүние жаратылыстың бел ортасында айналады және солай жалғаса береді. Өзгертетін, алып-қосатын, түзететін ештеме жоқ. Құдайдың ісінде мін жоқ! – деп жауап берген екен. Кейін бұл шәкірт ұлағатты ұстаздардың қатарына қосылыпты…

Кейде тіршіліктегі кемшіліктерді толықтырамыз деп әуреге боламыз. Тіпті, Ұлы Құдіреттің жасағанын өзгерткіміз келеді. Өйткені, оның ішкі мәніне үңіле бермейміз. Ал тіршілік те, мына ғалам да мінсіз жаратылып, әділетті түрде жалғасып жатқан жоқ па? Тіршіліктің Иесі қалауынша өзгертеді, толықтырады.

Яғни, дүние бекер емес.

Бір қайыры бар дүние…

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button