Ғақлиат

Иман негіздерінің көркем мінезге әсері

«Иман» сөзінің қазақ тіліндегі тура мағынасы «сенім» болғанмен, сенім иман сөзінің толық баламасы емес. Өйткені иман діни ұғым ретінде өз мазмұнында көптеген құрамдас бірліктерден тұрады; тотемге сену, шаманға сену, көк тәңірге сену, табиғат күштеріне сену, бұлардың ешбірі де иман емес, жай ғана сенім. Ауыз әдебиетінде де «иманды, иман жүзді екен» сөзінің орнына «сенімді, сенім жүзді» сөзін қолданбайды.

«Иман» сөзінен туындаған «имандылық» ұғымы да ауыз әдебиетінде көп қолданады. Имандылық, «иман» сөзіне қарағанда өте кең мағынаны бiлдiредi, дiн және дiни ахлақтың бәрi де имандылыққа жатады. Құран, хадис, тәпсір, ақида секілді исламтану пәндерінің түпкі мақсаты да адамды имандылыққа тәрбиелеу.

Араб тiлiнде «иман» сөзi жүрекпен қабылдау, сену, бiр нәрсеге немесе бiр хабарға iштей, шын көңiлмен сенiп, оны мойындау деген мағынаны бiлдiредi. Иман сөздiктерде сену, қабылдау деген мағынаны бiлдiрсе, «дiни терминде Ұлы Алланың дінін жүрекпен қабылдап Мұхаммед пайғамбардың әкелген нәрселерінiң бәрiне сенiп, оларды жүрекпен қабылдау» деген мағынаны бередi. Ол нәрселер: Алла тарапынан келген, ислам дiнiнiң негiзiн құрайтын анық және ашық түрдегі Құран немесе хадистерде бiлдiрiлген догмалар, принциптер. Бұларға сену және оларды қабылдауды «иман», ал оларға сенген адамды «мүмин» дейдi. Нақтылықты бiлдiрмейтiн шәк, күмән сияқты ұғымдар «тасдиқ» дәрежесiнде болмағандықтан, олар иманның ұғымдары ретiнде қаралмайды. Сондықтан да иман сөзi арабшада жай ғана сеніп, қабылдау, яғни соқыр сенiм емес, керiсiнше иман, бiр нәрсенi шәксiз, шүбәсiз растау дегендi бiлдiредi. Мұны араб тiлiнде «тасдиқ» деп атайды. Тасдиқ бiр нәрсенi күмәнсiз қабылдау дегендi бiлдiреді де, бұл да адамның ерiк-қалауына негiзделедi.

Иманды жай ғана сенiммен түсiндiруге болмайды, онда сенiммен бiрге тасдиқ та бар. Дін мамандары тасдиқ пен сенiмдi екi бөлек нәрсе деп қарайды, олардың араларында айырмашылық бар. Сену – ол бiр сөздiң және хабардың дұрыс екендiгiн бiлу және оған илану. Бiлу де иманның анықтауышы емес, бiлудi арабшада «мағрифа (таным)» дейдi. Бiр нәрсенi бiлу және оған илану оны қабылдау емес, екінші бір сөзбен айтқанда, тасдиқ бiр нәрсенi бiлiп, иланумен бiрге сол нәрсенi жүрекпен қабылдап, iштей ризалығын бiлдiру, оны ұнату, мойындау сияқты көптеген көңiл процесстерiн қамтиды. «Иман болу үшiн жай ғана бiлу, яғни мағрифет жеткiлiксiз, бiлу иманның баламасы емес, егер олай болғанда, басқа дiн өкiлдерi, сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарды көрген және оның дұрыстығын бiлген көптеген адамдар мүмин болар едi. Алайда олар оны бiлген, бiрақ қабылдамаған. Сондықтан да иман болу үшiн, бiлу мен бiрге тасдиқ ету шарт».

Сүннет жолын ұстанушы мұсылман ғалымдарының ұстанымы бойынша, «иман» және «ислам» – екеуi бiр нәрсе, өйткенi иман – Алланың жариялаған әмiрі мен тыйымдарын қабылдау, тасдиқ ету. Ислам – оған мойынсынып, құлшылық ету, ислам принциптерiне тәслiм болу. Сондықтан да иман исламнан бөлiнбейдi, араларында өзгешелiк жоқ. Басқа бiр көзқарастың тәпсiрлеуi бойынша, иман – жүрекпен қабылдап растау, ал ислам сол жүрекпен қабылдағанды шынайы өмiрде амалға айналдыру. Бұл жерде иман – теория түрiнде адамның жүрегiндегi сенiм, яғни дүниеге деген көзқарас. Ал ислам сол иманның шынайы өмiрде көрiнiс табуы деп түсiнуге болады. Бұл пiкiр бойынша иман жалпы, ал ислам жалқы ұғым дегенге саяды.

Ислам – Аллаға мойынсыну, оған тәслiм болу, құлшылық ету, шындықтан айырылмау, салауатты және бейбiтшiл болу деген мағыналарды бiлдiредi. Ал термин ретiнде ислам әзіреті Мұхаммед арқылы келген әлемдік діннің аты. Сондай-ақ исламды «… Алланың Адам атадан бастап бүкiл пайғамбарларға тәлiм еткен дiн ретiнде кең мағынада да түсiндiредi». Ислам, исламға кіру және мұсылман болу ұғымдарына талдау жасалатын болса; оның астарында көптеген әлеуметтік және дүниетанымдық мән жатқаны байқалады. Ислам жай ғана тәслім болу деген мағынаны білдірмейді, ол адамның бүкіл қоғамдық және жеке бас өміріндегі рухани сезімдерінен бастап, іс-қимылдарына дейін бүкіл әлемнің жаратушысына тәслім болып, оның ерік-қалауы бойынша өмір сүруі дегенді білдіреді.

Құран Кәрiмдегі «иман» және «ислам» сөздері бiр мағынада, бiр-бiрiнiң баламасы ретiнде, сондай-ақ бiр-бiрiнен өзге мағыналарда да қолданылғаны белгілі. Мұны анықтайтын бірнеше аяттар бар. Мысалы, Лұт қаумы жайында: «Ол жерден мүминдердi шығардық. Дегенмен ол жерде мұсылмандардан жалғыз ғана үйден басқа ешкiмдердi таппадық».

Мұса (а.с.) елiне:«Әй елiм! Егер Аллаға иман келтiрген болсаңдар, сондай-ақ мұсылман болсаңдар, онда Аллаға тәуекел қылыңдар» дедi. Жоғарыда берiлген екi аятта «иман» мен «ислам» бiр мағынада қолданылған. «Бәдәуилер: «иман еттiк» дедi. Мұхаммед оларға: «Сендер иман келтiрмедiңдер. Алайда мұсылман болдық деңдер. Өйткенi иман жүректерiне кiрмедi» аяттары сияқты басқа да аяттарда ислам мен иман сөздерiнiң қолданылуы бiр-бiрiнен өзгеше мағыналарда, болғанмен, негiзiнде олай емес. Иман мен ислам кейбiр нақыл аяттарда баламалы түрде бiр мағынада және бiр-бiрiнiң iшiнде мағыналас қолданылғаны секілді бiр-бiрiнен өзге де мағынада қолданады. Дегенмен термин ретiнде ислам мен иман бiр. Араларында айырмашылық жоқ. Өйткенi толық және кәмiл иман пайғамбардың жариялағандарын жүрекпен қабылдау, тiлмен бекiту және iс-амалмен орындау арқылы болады. Иман қаншалықты жүректiң бекiтуi болғанымен, олар шынайы өмiрде жемiсiн беруі қажет, яғни бұл исламды қажет етедi. Ал иман болмай, ислам да болмайды. Өйткенi адам алдымен жүрегiмен қабылдап, сосын амал етедi, тәслiм болады. Демек ислам мен иман бiрiн-бiрi толықтырып кәмiлдейдi. Бұл екеуiн де жүзеге асырған адамды кәмiл мүмин дейдi. Қысқаша айтқанда, мүмин болып, мұсылман болмау немесе мұсылман болып, мүмин болмау жоқ. Яғни, барлық мүмин мұсылман, барлық мұсылман мүмин.

Сенім – ислам дінінің негізі. Егер ислам бір құрылым болса, оның іргетасы – ақида, яғни иман негіздері болып табылады. Қандай да бір құрылыстың іргетассыз ұзаққа бармай жығылатыны белгілі болғаны секілді, ақидасыз Исламның бой көтеруі, мұсылман сенімінің дұрыс болуы мүмкін емес. Ақида діннің негізгі сенімін құрайды. Алла Тағала тарапынан жіберілген елшілердің уағыздау жүйесі де алдымен бір Жаратушыға, сонан соң ақырет күні мен пайғамбарларға деген сенімнен тұрады. Осыдан ақ сенімнің қаншалықты маңызды екенін пайымдауға болады. Құран Кәрімдегі, әсіресе Меккеде түскен аяттарды зерделеп қарағанда сенімге байланысты мәселелер басым болғандығы байқалады. Бұл да сенімнің маңыздылығын көрсетеді.

Адамның өмірі мен тұрмыс жайын, өмірге көзқарасы мен әрекеттерін жүрегіндегі сенімі белгілейді. Сондықтан да шынайы, кіршіксіз бір сенімге ие болмай Алланың ризалығын алатын амалдарды жасау неғайбыл нәрсеге айналады. Кәпір, мүшрік және мұнафықтардың істеген амалдарының Алла құзырында ешқандай да маңызы болмайтындығының басты себебі де осында жатыр.

Пенденің бұл пәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына (сенім жүйесіне) байланысты. Ақидасы дұрыс болса, пенде құлшылығының арқасында адал ниетінің жемісін көреді. Ал ақидасы бұрыс болса немесе иман келтірмеген болса, тура жолдан ауытқып қанша қайырлы іс-амалдар жасағанымен олардың ақыретте пайдасын көре алмайды. Егер жүрегінде иманы болып, сол иман арқылы амал етпесе, онда ол кісі кәпір болмайды, тек күнәһар болады. Яғни, адамнің өмір сүру салты оның сенімнің көрінісі. Арасында тығыз байланыс бар. Сенім мен адамның өмір сүру салтының арасындағы байланысты зерттеген ғалымдар моральдық мәселелер мен адами құндылықтарға мән берген.

Әсілінде көркем мінез-құлық, ұят, ар намыс, қайырымдылық, сабырлық, кешірімділік, шыншылдық, адалдық секілді адам бойындағы жақсы қасиеттерді ұғындырғанымен, исламдағы ахлақ жеке тұлғаның жүріс тұрысы немесе қоғамдық қарым қатынас барысындағы күнделікті іс әрекеттерінің көрінісі мен нәтижесі емес. Аталған көркем мінез құлықтар, адами жақсы қасиеттер ахлақтың бір бөлігі десек те болады. Яғни ахлақ ұғымы ауқымдырақ келеді. Өйткені ахлақ исламның өзгермейтін, мансұқталмайтын үш негізінің бірі. Ал бұл негіз Исламның ақида (сенім) жүйесі мен құқықтық ғибадат негіздері және моральдық этикалық бастаулар. Олар пайғамбарлардың келуімен, шариғаттардың ауысуымен өзгермейтін негіздер.

Алла елшісінің (с.а.с.):«Иман жетпiстен немесе алпыстан астам тарамнан тұрады. Оның ең абзалы (яғни, жоғары дәрежесі) – Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ деген куәлік беру. Ең төменi – жолдағы зиянды нәрсені алып тастау. Ұялу (яғни сыпайылық) иман тармағының бірі» деген хадисінен амалдардың жүректегi иманның сыртқы көрiнiсi екендігін түсінеміз.

Иманның ахлаққа қатысты жағы – иман мен амалдың өзара тығыз байланысынан туындайды. Тіпті бұлардың өзара тығыз байланыста болғандығы соншалықты, кейбір ғалымдар амалды иманның бір бөлшегі, екі жақтың бірлігін құрайды деп қараған. Алайда олар бір-бірлерінен нәр алып бірін-бірі күшейтуші. Иман мен жақсы амалдар бір-бірін толықтырып, бірін-бірі күшейтеді, бірінің кемелденіп күшеюі екіншісіне тәуелді. Иман амалдарға, амалдар да иманға әсерін тигізеді. Сондықтан да құлшылықтар, жақсы амалдар, көркем әдептер иманды күшейтеді. Ал мұндай амалдардан алшақ иман жүректе жасырын қалып, еш жерден толықпай әлсіреп қалады. Тіпті жаман іс-қылықтар, күнәлар арқылы жүректегі иман сөніп, жоғалуы да мүмкін. Ислам ахлағы бойынша мұсылман әрқашан Алла – дана, ол ненi бұйырған болса, сол жақсы, және солай қажет, ол ненi тыйым салған болса, ол жаман, оны орындамау қажет деп бiлуi керек. Дiннiң талаптарын, мысалы парыз қылған нәрсесiн орындамаған – күнәһар болады, бiрақ иманнан шықпайды. Ал егер де сол парыз қылынған нәрсенi менсiнбей дұрыс емес деп тапса, иманнан шыққан болады.

Шынайы иманның жемісі – имандылық. Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла Тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған.

Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деу арқылы әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, имандылыққа өзі бірінші үлгі болған. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі – Құран»,– деп жауап берген. Құранда: «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларыңның жанында сыйлық бар»,– делінген. Бұл аяттағы ізгі істер, діни ұғым бойынша имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда да имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұғынылады. Имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.

Қорыта келгенде, иман жүрекке ғана қатысты сенім процесі. Бірақ бұл жай ғана сенім емес, нақты және шын көңілмен қабылдауды да қамтитын процесс. Иман жүрекке қатысты мәселе болғанмен, оның мәдени-әлеуметтік мәні, практикалық қызметі де ерекше. Сананың, дүниетанымдық көзқарастың, ұмтылыстар мен шынайы өмірдегі белсенді әрекеттердің бәрі де сенімнен бастау алады. Қоғамдық қарым-қатынастар мен ахлақ принциптерін бейнелеп, оларды реттеу де иманның функционалдық қызметі. Бұл жағынан алғанда иман жүректе жасырын қалмай, әрқашан іс-әрекет, қозғалыстар арқылы шынайы өмірде өзін көрсетіп отыратын ұғым.

 

Қуаныш Тоқсанбайұлы, дінтанушы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button