Ғақлиат

Ұлтаралық татулық

Қазіргі жаһанданудың үрдіс алған шағында, бір ғана ұлттың  мемлекет құруы  іс жүзінде іске аспақ түгілі, миға да симайды. Жер жүзіндегі екі жүздің  үстіндегі үлкенді-кішілі мемлекеттер барлығы да әр уақытта, әртүрлі себептермен қоныс аударған, салт-дәстүрі бөлек, өмірге көзқарасы айтарлықтай ерекшеленетін, ұстанатын идеалы басқа-басқа ұлт өкілдерінен құралады. Міне, жалпы адам атымен біріккен, бірақ «сиырдың бүйрегіндей», бөлек-бөлек көптеген ұлт пен ұлыстан құрылған қауымдастық – мемлекеттің   бірігіп тұруына ұлтаралық достық пен татулық ауадай қажет. Ұлтаралық татулықтың алғы шарты, ана балаларын алаламай, бірінен-бірін артық та, кем де көрмей мейірімін бәріне бірдей төгетіні іспеттес, мемлекет басшысынан бастап, оның қосшылырының бәрі ұлт мүддесіне адалдықпен қарап, мемлекетті құраушы ұлттардың бәрінің тең құқылықтылығын, мемлекет иелігіндегі мүлікті пайдалануда теңдігін, тілдерінің, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының, ұстанған сенімі-дінінің сақталуына және білім алуына бірдей жағдай жасауына саяды.

«Мұмтахина» с. 8-а: «Сендермен соғыспағандарға, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, олар туралы әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы қөретіні даусыз» деген аятты мүлтіксіз іске асырған, Расул (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің – тақуа (адамгершілігі мол) болғандарың» (С.Сейтбеков. «Дін – насихат», Алматы, 2014 ж. 53-б.), жер жүзіндегі адамзаттың барлығының бір-біріне бауыр, туыс тең құқылылығын паш етіп, өзінің күнделікті іс-амалында осы ұстанымынан жазбай, мұсылман емес науқастың да көңілін сұрап баратын. Осы орайда мұсылмандардың әміршісі  х-ті Әлидің (р.ғ.) билігі еске оралады. Х-ті Әлиге (р.ғ.) сақабалардың бірі: «Ей, мүминдердің басшысы! Кейде біреуі сені жанындай жақсы көретін, екіншісі саған жаны қас екі адам келіп сенің төрелігіңе жүгінеді. Сен екінші адамды дұрыс деп, бірінші адамды жаңылыс дейсің. Бұл қалай болғаны?» деп сұрағанда, хазіреті Әли (р.а): «Бұл өте күрделі мәселе. Бұл іс маған ғана байланысты болса, өзімді жақтайтынның пайдасына шешер едім. Бірақ бұл Алланың әмір еткен әділдік жүйесі болғандықтан, оны бұзуға менің хақым жоқ» деп жауап берген. X-тi Әли, қажеттіліктерін айтқан бipi – араб, екіншісі – күң еврей екі әйелге  бірдей азын-аулақ азық пен қырық дирхамнан ақша беруді әмір етеді. Күң тиесілі сыбағасын алып кетеді де, араб әйел Әлиге: «Ей, мұсылмандардың әміршісі, мен – арабпын, ол болса күң. Неге маған тура соған бергендей мөлшерде ғана бердің?» дегенде Әли: «Мен Ұлы Жаратушының кітабында x-тi Ысмайылдың ұрпақтары арабтардың, х-ті Ысқақтың еврейлердің ұрпақтарынан жоғары» дегенін кездестірмедім» депті. Мұсылмандардың екінші әміршісі Омар ибн Хаттабқа Египет әкімі Әмр ибн Асстың үстінен египеттік  христиан әйелі, үйінің жерін мешітке қосып, мешіт салғандығы туралы шағымданады. Тексергенде, арызданушының жерінің ақысы артық бағасымен мемлекет қазынасына алынғандығы анықталады. Алайда келешекте адам ақысы, құқығы аяқ асты етуге жол бермеуді көздеген  Омар ибн Хаттаб, мешітті бұздырып, үй иесіне  үйін қайта салып бергізген. Міне, тарихта «әдәлдіктің алтын ғасыры» аталған кезеңде өмір сүрген, мұсылмандардың әміршісі болған, төрт халифаның ұлт мәселесіндегі ұстанымдары әділдіктен ғана сусындаған еді. Адамдардың құқығын, діни сенімін, ұлтына, түсіне, әлеуметтік жағдайына қарамай сыйлап, аяқ асты етпеуде, Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары  мен  Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадистері пенде  үшін адам құқығын қорғауда адастырмайтын даңғыл жол.

Қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» с. 256-а: «Дінде зорлық жоқ» деген аятының іс жүзінде іске асқандығын, тұрғындарының көпшілгі мұсылман араб мемлекттерінде басқа діндерді де ұстанатын арабтардың бар екендігінен байқаймыз. Құранда Алла «Мұмтахина» с. 8-а: «Сендермен соғыспаған, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, оларға әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» десе, «Ағраф» с. 199-а: «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» делінген. Сахабалардың бірі: «Мен Омардың (р.а.). өміріне қастандық жасалғанда (ол өлім аузында жатқанда) ол кісіге кірдім. Сонда ол:  «Сіздерге, әһли зиммиларды (өзге дін өкілдерін) аманат еттім. Себебі, олар Пайғамбарларыңның  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аманаттаған  зиммиларды» деп өсиет қалдырды. Абдул Азиз әш-Шәми өзінің Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «мұсылман емес адамдармен жасаған мәмлесі» атты кітабында: «Кім уәделескен кісіні (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамдарын) өлтірсе, ол жаннаттың исін де сезбейді. Әрине жаннаттың  исі қырық жылдық қашықтықтан келіп тұрады» (Мұхаммед ибн Исмайл Әбу Абдуллаһ, (Бухари әл-Жуғфи,1987, № 6516 хадис). «Жазықсыз жапа шеккен жанның, мейлі ол өзге діннің адамы болсын, дұғасынан сақтан. Өйткені ол Құдайға қол созым жерде тұр», «Зер сал, ойлан! Сенің қараторыдан не  қарадан артық еш жерің жоқ. Сенің артықшылығың – құдайға жалбарынуыңда», «Ерікті намаздан, оразадан және қайыр-садақа беруден артық қызмет туралы айтайын ба? Ол – халық арасындағы келеңсіз құбылыстарды түзету, өйткені теріс құбылыстар халықты қырғынға ұшыратады», «Кімде-кім діні бөтен адамды жәбірлесе, мен оны айыптаймын. Егер мен ақырет күні айыптаушы болсам, міндетті түрде жеңіп шығамын» (ҚМДБ. «Желмая ғылыми аударма орталығы, 1001 Хадис, Алматы, 1991 ж. 6,41,43,95-б.). «Сендерге Намаз, ораза және   садақадан   артық  нәрсені айтайын ба?» деді. Сахабалар «Иә, Расулла!» десті. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жарастыру, татуластыру» (Тирмизи, Қиямет, 56)  хадистерімен кітап иелеріне, жалпы адам баласына  қиянат қылмауды, зиян келтірмеуді, олардың құқығын аяқасты етпеуді, мұсылман қауымына әмір еткен. Исламның негізі: намаз бен оразадан, қайыр-садақадан, жалпы сауапты амалдардан халық арасының, яғни, ұлтаралық достық-татулықтың маңызды екенін ескерткен. Екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысының бұл хадисінің қаншалықты маңыздылығын бүгінде Сирия мемлекетінің халқының бірнеше милиондағандары баспанасын, отанын тастап басқа жерге, шет елге қаңғып кетуінен, бірнеше мыңдаған жазықсыз бейкүнә жандардың опат болуынан байқаймыз. Ел арасы тыныштығының бірден бір кепілі – елдің басшысы. «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деген халық даналығының мән-мағынасын Ирак халқының басындағы жағдайдан пайымдауға болады. Диктат, тиран деп ат қойып, айдар тағып, патшалық құрған отыз жылдан артық мерзімде 148 адамның өліміне себепші болды деп айыптап, С.Хұсейінді дарға асып, балаларының өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін түрмеге тыққаннан кейінгі 4-5 жылда Иракта ондаған мың жазықсыздар қырылды. Бұл күндері, дін бұзарлардың ислам құндылықтарына жат, «жазықсыз жандарды қырғаннан жәннатқа барасың» деген уағыздарына сенген теріс жолдағы бауырларымыз бен өздерін «шәһид» есептеген  жанкештілер  жасаған жарылыстарынан күн сайын 20-30 астам адам қаза тауып, жүздегені жарақаттанады, әлі  қанша жанның бұл өмірмен қоштасары беймәлім.

Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің: «Әнфал» с. 46-а: «(Барлық істе) Аллаға және оның пайғамбарына бойұсыныңдар, өзара тәжікелеспеңдер, әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды», «Нахыл» с. 90-а: «Анығында, Алла (адамды) әділ болуға, жақсылыққа, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды. Тағлым тыңдасын деп насихат береді, мүмкін сіздер ес жиярсыздар» десе, Абдулла ибн Умардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адам, әмірлері оған ұнаса да, ұнамаса да, күнәлі іс бұйырмаса тыңдап, оларға мойынұсынуы қажет. Ал егер оған күнә іс істеу бұйырса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынұсынбауы қажет» (әл-Бухари), «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім Оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!» (Тирмизи). «Басшылардың ең жақсылары-сендердің оларды жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға жақсылық тілейтіндерің және олардың сендерге жақсылық тілейтіндері. Ал басшылардың ең жамандары – сендердің жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендердің лағнеттейтіндерің, олардың да сендерді лағнеттейтіндері», (Муслим). Мәлик ибн Динар: «Раббымыздан түскен» атты кітаптардың бірінде: «Мен – бүкіл патшалардың патшасымын және Менде олардың жүректері. Егер адамдар маған бойұсынса, Мен өзімінің рахымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер олар Маған бойұсынбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етуші болыңдар,  сонда мен сендерге рахымшылдық етемін» деп жазыпты. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бой ұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» (Муслим), «Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Ері – отбасының бақташысы, отбасы үшін жауапты. Әйелі – ерінің үйіне бақташы, сол үшін жауапты. Қызметші – өз қожайынының дәулетіне бақташы және соған жауапты. Бала – әкесінің дәулетіне бақташы және ол соған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы, және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты» деген (әт-Тирмизи). Басшылықты қабылдаған адам өзіне зор жауапкершілік жүктейді. Қиямет күні  басшы өз билігінде немесе қарамағында болғандар үшін жауап береді. Мысалы: «Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылар үшін, Отағасы отбасы мүшелерінің басшысы, солар үшін жауап береді. Алла аяттары мен Оның елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде пенденің басына түскен ауыртпашылық пенденің ниеті мен амалдарына тікелей байланысты екендігін айшықталған. Елінің басшысының залым болуына, сол елдің  тұрғындары өздерінің ниеті мен амалдарының, шариғат үкіміне қайшы екендігін түсініп, Алланың оларға жіберген жазасы ретінде қабылдап, өздерінің ниеті мен амалын, Алланың ырзалығы үшін жасаған тағат-ғибадатын шын жүрегімен атқарып, Алладан адал басшы жіберуін жалбарына тілеуі қажет. Қан төгіске әкелетін, залым басшыны зорлықпен биліктен тайдырудан туындайтын, күнәлар мен зиян, оларға бойұсынудан болатын  ауыртпалықтан әлденеше есе ауыр. Мүмін-мұсылмандар, басшысының өздеріне жасалған әділетсіздігіне сабырлық қылса, Алла  күнәларын  кешіріп, еселеген сауапты нәсіп  қылуы мүмкін. Яғни, Алланың  жарылқауы мен жазалауы пенденің амалдарына тікелей байланысты. Алланың дәргақында сауапқа лайық ниетпен амал  жарылқауға, ал күнәға апаратын ниет пен іс-әрекет жазаға лайық. Алла тағала қасиетті Құранның «Шура» с. 30-а: «Бастарыңа келген кез-келген қасірет қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Бірақ Алла көбін кешіп жібереді», Әли-Ғимран с. 165-а: «Өздеріңе келген сәтсіздік, сендер жауларыңның басына келтірген сәтсіздіктің жартысындай-ақ еді. Сонда да сендер: «Бұл сәтсіздік қайдан келді? дедіңдер. «Бұл өздеріңнен (пейілдеріңнен) болды» деп айт (ей Мұхаммед). Алланың баршаға құдыреті кәміл» деген. Пенденің залым бастықтың жәбірлеуінен құтылатын бірден-бір жолы – алдымен өздері зұлымдық және әділетсіздіктен тыйылып, Әмірінің бұйрықтары мен Алланың және Оның елшісінің үкімдеріне қайшы келмей, толық  орындап, Алладан басшысының, адал, әділ болуын жалбарынып сұрау. Абдулла ибн Ұмардан жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): сахабаларына жамағаттан халыс қалмауын әрдайым есінде ұстауын қатты  тапсыратын. Ислам – Құран аяттары мен хадистер, ынтымаққа, бірлікке, татулық пен берекенің бұзылмауына аса зор мән берген дін. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өз істеріңізді оңашаланбай, көп болып шешулеріңізді талап етемін, өйткені жалғыз адамның жанына шайтан үйірсектенеді. Егер бас біріктірсеңіздер, шайтан аулақ кетеді. Кімде-кім жұмақтың төрінде болғысы келсе, көпшіліктен бөлектенбесін», «Егер сен өзіңнің жақсы  істеріңе қуанып,  келеңсіз  істеріңе  қайғыратын болсаң, онда дінге  сенетін  адам  болғаның» (ҚМДБ. «Желмая ғылыми аударма орталығы, 1001 Хадис, Алматы, 1991 ж. 13, 42-б.). «Мүмин мен мүмин (яғни, мұсылман қауымы) бейне бір әрбір бөлшегі бір-бірін жымдастырып тұрған бір үйдің құрылысы секілді» (Бухари, саләт 88).  «Аллаға ант етейін, өзіне тілеген жақсылықты көршісіне, не діндес  басқа  біреуге де  тілемейінше шынайы иман ете алмайсыңдар» (Бухари, Иман 7,1,9) деген. Сөз жалаң болмас үшін және ұлтаралық араздыққа, ұлттың кінәлі емес, басшының және оның қосшылардың бәрі бірдей, Алланың алдында қоластындағылар үшін жауапкер екендігін білмей, не ескермей бір ұлттың ғана қамын ойлап, қарамағындағы басқа ұлттарға қысым көрсетуінің салдары ұлт араздығына әкелетіндігінің дәлелі ретінде, қазақ халқының орыс мемлекетіне бодан болған 300 жылға тарта уақытта көрген қиянаттарының бірнешеуін көрсете кеткен дұрыс шығар. 1913-ж. 11 маусымында өткен Мемлекеттік Думаның отырысында Қазақтардың жеріне қатысты мәселе қаралғанда Забайкалдан сайланған депутат Волков: «Біз Сібір депутаттары, үшінші  думадан бергі, міне, жеті жыл переселен мұжыққа  жер алғанда қазақтың һәм буряттың ең жақсы жерін алып, бұларға жер қалдырмай отырсың деп зарлап келеміз. Біздің сөзімізді тыңдаған кісі жоқ. Қазақтың қазулы арығын, салулы бақша, еккен жоңышқасын кесіп алып отыр. Қазақтың жерден қысылғанының белгісі,  өздері басқа жаққа переселен  болып көше бастады» деген. Ал, Бакуден сайланған депутат Жағфаров өз сөзінде: «қазаққа артық жер деп қалдырғаны тастақ, татыр, сортаң жер екенін, осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тыныш отырғаны, қазақтың дүниеде жоқ момындығы» деген. Өлке ережесінің 136-бабында қазақ жүрген жерде  бөтен патшаның адамы һәм  христиан  дінінде болмаған адам жер сатып алмасын  деген  құқықтық нормаға сәйкес қазақ баласын жер сатып алу құқығынан  айырған. Қазан депуаты Максудов: «Сіздер думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыздар, әуелі Думаның өз төбесін түзетіңіздер. Түркістаннан, қазақ жерінен Думада бір депутат жоқ. Осы облыстарға депутат беріңдер» деген. Мемлекеттік Дума қуылып, келер сайлаудың тәртібі «3 маусым Заңы» шыққаннан кейін «қазақ халқы надан, Думада депутатық бұларға қол емес» деген сылтаумен бүкіл қазақ халқын депутаттық құқығынан айырған (Әлеумет газеті, 2016 ж. 17 наурыз). Ташкент қаласының  орталығынан, орыс ұлтының адамдары тұратын қала ішінен қала салып, қоршап, «Сарт пен итке кіруге болмайды» деп жазып қойған. Халыққа өз тілінде білім беру жүйесі де қатаң бақылауға алынып, жоғарғы оқу орындарын айтпағанның өзінде бастауыш, арнайы орта білім беретін оқу орындарын ашудың өзі, «Дала Ережесінің 99-бабына» сәйкес дала генерал-губернатордың ұлықсатымен ашылатын болып, қазақтар ондай оқу орнын жасырын ашып, құпия ұстауға мәжбүр болған. Міне, патшалық Россияның  қол астындағы орыс ұлтынан басқа ұлттарға көрсеткен «құрметі». Үш жүз жыл, бұрын Ресейге ерікті түрде қосылуы  мен жері кең, халық саны аз қазақ хандығының, көрші елдердің әсіресе жоңғарлардың мал мен жер байлығына қызыққан, үш жүз жылдан артық тынымсыз шапқыншылығынан құтыламыз деген арманы, өзін соғыссыз-ақ жаулап алып, халық ретінде жойылуға апаратын «қанқұйлы» саясатқа тап болып, соның тұтқынына айналған. Патша тақтан тайып, Кеңес үкіметі құрылғандағы алғашқы ұраны: «Бәрі адам үшін, Кеңес үкіметінің аумағында тұратын бүкіл ұлттар мен ұлыстар тең құқылы, Кеңестік Социалистік Республикалар одағына (КСРО) біріккен  республикалардың құқығы бірдей, делінгенімен, іс жүзінде жағдай басқаша, көпшілігінде «ұлы орыс»  халқының мүддесіне шешілді. Негізгі орыс халқы орналасқан «орталық қара топырықты аудан» деп атау алған құнарлы жер игерілмей жатса да, «тың игеру» науқанымен Қазақстанға бірнеше миллиондаған, басым көпшілігі орыс ұлтының азаматтары мен азаматшаларын көшіріп, құнарсыз, тастақ, сортаң жерлерге дейін жыртып егін салды. Бұл құнары төмен жерлер, бірнеше жылдан кейін құнарынан айрылып, егін шаруашылығына ғана жарамсыз болмай, мал жайлымына да жарамайтын, есекмия, қаңбақ, қурай ғана өсетін «өлі топыраққа» айналды. Міне, солақай саясат адам түгілі, жер ананы да жаралады. Жыл өткен сайын үкімет, жергілікті халықтың құқығын шектеуді үздіксіз жалғастырды. Бұның бір көрінісі Қазақстан республикасының аумағында орналасқан жоғарғы, орта оқу орындарында дәріс орыс тілінде жүргені аздай-ақ, ана тілімізде оқытатын орта мектептерді жаппай жауып, білімді тек орыс тілінде оқытуы арқылы, жастарды ана тілі – қазақ тілінен мақұрым қалдырды. Осы саясат, орыс тілді қазақты, өз тілін, ана тілін білмейтіндерді «шала қазақ» деп, ал ана тілін меңгергендерді «таза қазақ» деп екі топқа бөлуге әкелді. Осы екі топтың арасында ашық келіспеушілік болмаса да, бірін-бірі аса жақтыра бермейтіндей жағдай қалыптастырды. Орыс тілді қазақтардың арасынан, өзінің тегін, ұлтын менсінбейтін, қазақпын деп ұлтын мойындауды өзіне ұят санайтын қандастарымызды тәрбиелеп шығарды. Отызыншы-қырқыншы жылдар аралығындағы он жылда, қазақ халқының он ғасырға жуық пайдаланған арап әріпін латынға, бес-алты жылдан соң кирилл әрпіне «сауатсыздықты жою» ұранымен ауыстыру арқылы, халқымызды ондаған ғасырдан бері жиналған әдебиетінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен ажыратып, кейінгі ұрпаққа ұлтымызды тағы, жабайы халық дәрежесінде көрсетуге қол жеткізді. Дарияның бастауы бұлақ суалса, аз уақытта арындап аққан дарияның да, ол құятын теңіздің де Арал теңізінің суалғанындай суалып, зардабы бүкіл әлемге жайылғанындай, өткенінен хабарсыз, тек көргеніне мәз болатын буын тәрбиеленді. Тарихта ешбір халық өз еркімен көршісі – басқа халыққа дұшпан ретінде соқтығып көз алартуы кездеспеген. Тек қана, ел басқарушылардың саясаты мен үгітіне еріп, өзгеге көз алартып, жанжалға барған. Бірақ, халықтың санасына, сойқан саясат ұстанған басшыны кіналамай, халықты кіналау  сіңген. Осының көрінісі, халық арасында «орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын» деген мақал қалыптасқан. Орыс елінің басшыларының теріс саясаты, орыс халқын көрші елдердің жеріне ерікті де, еріксіз де көшіріп, орналастыруының салдары, бүгінде империя тарап, әр халық өзінің егемендігіне қол жеткізгенде тәуелсіздікке қолы жеткен мемлекеттердің аумағында қоныстанып, сол жердің тұрғылықты халқы, азаматтары орыс халқымен, жергілікті халықтың арасында жүздеген жылдар бойында теріс саясаттың салдарынан жиналған араздық уақытында қорқыныштан сыртқа шықпаған ашу-ыза,  енді ғана жанартауша жарылып, халықтар арасының бүлінуіне әкелді. Балтық теңізінің жағалауындағы, үш мемлекет пен Украинаның басшылығы, бұрынғы орыс империясының басшыларының солақай саясатына, басқарып отырған  мемлекетте тұратын, сол елдің азаматтары, орыс тілді халқты кіналап, оларға қысым  көрсетуі,  ұлттар арасында келіспеушілікке себеп болып, жағдай шиеленісті. Тіпті Украина мемлекетінде азаматтық соғысқа ұласты. Міне,  ғасырлар бойғы жүргізілген солақай  саясаттан туындаған өкпе-наздың әсері. Аллаға шүкір, әуелі Алла, сонан соң Елбасының салиқалы ішкі саясатымен ел аумағында тұратын 130  ұлтқа өзінің салтын, дәстүрін, тілін дінін, ұлтық ерекшеліктерін сақтауға толық мүмкіндік жасағандықтан елімізде халықтар арасында достық пен татулық қалыптасып, тыныштық сақталуда. Ұлтаралық татулықтың сақталуына, Президентіміздің ұсынысымен құрылған, тұрақты түрде жұмыс атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі өте жоғары. Ассамблеяның өзінің шешімімен мәжіліске тоғыз депутат сайлауының өзі, оған артылған жүктің салмақты екендігінің көрінісі. Пайымдауымызша, Ассамблея өз міндетін ойдағыдай атқаруда. Ондай ойға жетелейтін себеп, Ассамблеяның тікелей басшылығымен Қазақстанның аумағында тұратын, ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, тілін ұрпақтың санасына сіңіруде ерекше орны бар мәдени орталықтар, театрлар ашылып, табысты еңбек етуі. Және бұларға мемлекет тарапынан тарақты қолдау көрсетілуі. Ата заңымызбен және басқа да заңнамаларда республика аймағында тұратын ұлттардың құқығы тең қорғалғандықтан биліктің, билердің  тарапынан дискриминацияға жол берілмей әділдіктің сақталынуы. Ұлтаралық татулыққа зор әсер ететін факторлардың бірі – мемлекетаралық татулық. Елбасының салиқалы сыртқы саясаты, алыс, жақында орналасқан жер жүзінің бүкіл мемлекеттерімен, оның ішінде, көрші Ресей, Қытай мемлекеттерімен достық қатынас орнатуға қолымызды  жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орасан қол жеткізген сыртқы саясатының жемісі ретінде көрші мемлекеттердің бәрімен, әсіресе алыптар: Қытай халық республикасы және Ресей Федерациясымен шекарамызды белгілеп, делимитация жасауына қол жеткізуі. Олай деуге себеп, Қытай халық республикасы бұрынғы Кеңестер Одағымен досшарлық қарым- қатынаста бола тұра, тұрақты түрде жер даулап, аяғы қарулы қақтығысқа әкеліп, жиырма жылдан артық дүрдараз саясат ұстанғандығын тілге тиек етуге болады. Аллаға шүкіршілік, отанымыздың аумағында тұратын барлық халық, түсіне, ұлтына сеніміне қарамай, мемлекет құрушы қазақ халқымен түбінің бірлігін, Адам (а.с.) тарағанын ұмытпай, тату-тәтті, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрудеміз. Бұл, әуелі, халқымыздың пейіліне берген Алланың нығметі болса, Елбасының халықаралық аренадағы беделі мен көреген саясатының жемісі.

Алла бірлігімізге сызат түсірмей, елімізге бейбіт мамыражай тұрмысты нәсіп  етсін. Әмин!

Жалғасы

          Ауданбай қажы Ахметжанұлы                    

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button