Ғақлиат

«Ғылымның» мағынасы мен оның түрлері жайында

  1. «Ғылымның» мағынасы мен оның түрлері жайында

Ғылым атауы көптеген нәрсеге қолданылады. Бірақ теориялық білімнің артықшылығы

– адам нәпсісінде болмыстың бар екендігіне сенім тудырып, өміршең болуына сеп болады. Сол сенім әр болмыс өз табиғатына сай, бастапқы қажетті шарттардан қалай бар болғанын айқындайды. Аталмыш бастапқы қажеттілік адамның ақылына, өзіндік табиғатына сай шынайы және сенімді болып қабылданады. Мұндай ғылымның екі түрі бар. Біріншісі – ғылымның бұл түрінде болмыс және болмыстың себебіне байланысты пайда болған сенімде өзгеріс байқалмайды. Екіншісі – ғылымның бұл түрінде болмысқа пайда болған сенім өзгермейді, бірақ оның себебінен хабардар бола алмайды.

  1. «Ғылымның» шынайы мәні тек қана өзгермейтін болмыстарға  айтылатыны жайында

Ғылым шын мәнінде барлық заманда нақты және шындықпен сәйкес келеді. Оның нақтылығы мен сәйкестігі заман шеңберінде шектелмейді. Ендеше, біз бір нәрсенің бар екенін түсінгенде оның болмысы уақыт барысында жойылып кетсе, біздің оған деген сеніміміз жоғалып, күдікке айналып, жалған ба деуіміз мүмкін, сол себепті ол ғылым бола алмайды. Сондықтан бұрынғы ғалымдар бір күйден өзге бір күйге түсіп, өзгеріске ұшыраған түсінікті ғылым демеген. Мәселен, біз қазір бір адамның отырған күйін көріп, одан хабардар болдық, бірақ онда өзгеріс болса да, орнында отыра беруі мүмкін. Сондықтан ғылым деп өзгеріске түспейтін болмысқа сенім болғандығын айтады. Ал «3 – тақ сан» дегенмен, ол жұп болып өзгермейді. Себебі 3 саны еш уақытта жұп болған емес. Сондай-ақ 4 деген сан тақ болмайды. Демек, кімде-кім өзгеріске ұшырайтын білімге «ғылым» атауын берсе, бұл теңеу болып саналады.

  1. «Хикмет» () ұғымының мағынасы, болмыс сатыларының баяны, бастапқы жаратушының өзгешеліктері жайында

Хикмет – барлық болмыс оларға тәуелді о бастағы жаратушылардың

білімі және құралды заттардың жақын жаратушыларын

тануы. Ал қияндағы, таяудағы жаратушыларын тану үшін біз олардың болмысына еніп, қалай болғанын білуге тиіспіз. Ал жаратушылардың саны көп болса, зерттеп, алға жылжып, бастапқы жаратушы болған бір болмысқа жетуіміз керек. Ол – таяу және қиян себептердің пайда болуына хақ жаратушы. Ол – шын мәнінде жалғыз және бастапқы жаратушы. Оның болмысы өзіне тәуелді, оның реттеушісі өзге ешбір нәрсе емес, бәлкім, ол өз болмысында өзіне жеткілікті. Өйткені оның болмысы өзге болмыстан пайдаланған емес. Оның болмысы өзге барлық болмыстан бөлек, материя және материалдық зат емес. Өзге ешбір болмыс ешқандай мағынада онымен ортақ та, серік те емес. Алайда бастапқы жаратушы өзге болмыспен серіктессе, бұл тек қана сөз жүзінде емес. Ал сол бастапқы жаратушы жалғыз екендігі хақ.

Ол өзге болмыстарға жалғыздықты тарту еткен, сондықтан кез келген болмысты жалқы дей аламыз. Сол бастапқы жаратушы өзге болмыстарға шынайылық бергені хақ, өзі өз тегіне жетерлік, өзге болмыстан алатындай мұқтаж емес. Үстем «кемел ой» және болмыстың бар болу қиялы одан артық мүмкін емес. Одан артық кемелдік табыла қоймасы анық, еш болмыс одан басқа айқын болуы мүмкін емес. Сондай-ақ бастапқы жаратушыдан өзге ешбір шындық биік емес және ешбір даралық ондай кемел емес.

Барлық болмыстың өз түбірін бастапқы жаратушыдан алғаны, шынайылық пен жалқылыққа ие екендігі мәлім. Сондай-ақ өзге болмыстардың шынайылығы мен жалқылығын және заттар өз табиғатында қалай зат болуын бастапқы жаратушыдан алғанын да жақсы білеміз. Сонымен қатар болмыстардың орнын ұға білдік, кейбірі алғашқы, кейбірі орта, енді бірі соңғы деген сияқты ретін түсіндік. Соңғы орындағы болмыстардың жаратушылары бар, бірақ өздері өзге болмыстың жаратушысы емес. Орта орындағы болмыстардың өздерінен жоғары тұрған жаратушылары бар, ал өздері төмендегі болмыстарды жаратады. Алғашқы орында тұрған болмыс – төменгі болмыстың жаратушысы, бірақ өзінің жаратушысы жоқ. Соңғы жақтағы болмыстың орта орындарға жоғарылап, ал ортаңғылардың кейбірі тағы өзгенің орнына орнығып, бастапқы жаратушысына тіреліп аяқталатынынан да хабардармыз. Бұл нақты білім «шынайы хикмет» деп аталады. Кейде «хикмет» () атауын өте белсенді, парасатты, білгір, өз ісінің шебері, кәсіп пен өнерде кемелдікке жеткендерге теңеу ретінде «хакім» (میکح) деп те қолданады.

  1. Практикалық ақыл мен оның сатылары жайында

Практикалық ақыл – сезу арқылы және ұзақ уақыт көрген соң адамда түсінік пайда болуының алғышарттарын жасайтын қуат. Содан адам қай іс-қимылы жаратуға, қайсысы жаратуға сай еместігін ұға алады. Болмыстың түсінікке қажет алғышарттарының кейбірі аса жалпылама болғандықтан көптеген іс-қимылды қажет етеді, сондықтан оны жаратуға немесе одан бас тартуға тура келеді. Ал кейбір алғышарттар жеке түрде, ұсақ үлгіде, тіпті, сезілетін не көре алатын болмағандықтан, адам қол жеткізе алмайды. Оны ақылмен түсініп, қабылдау үшін тәжірибеден өткізу қажет. Онда ақыл өндіру түрінде (әлеует) тұр. Ал оған қатысты тәжірибе мен сынақтар жасалып, санаға сіңген соң, ақылдың өнімі ретінде өтіп, өз кемеліне жетеді. Практикалық ақылдың бұл өндірісі адам өмірінің қай кезеңінде де тәжірибенің артуымен ұлғая береді.

  1. Даналық, мақсат және мақсатқа қайта оралу жайында

Даналық – ізгі ойлаудан туған, жоғары игіліктер мен биік мақсаттарға қол жеткізу үшін жақсы іс-қимылдарды таба білетін қуат. Ол биік мақсатқа жету жолы да адамды бақытқа бөлейді.

Зерделілік – жақсылыққа жетелейтін іс-қимылдардың пайда болуына себепкер қуат. Ұғымталдық – ойда жақсы көрініс тауып, маңызды саналатын іс-қимылдан гөрі практикада пайдасы көбірек әрекетті табуға себепші қуат. Мәселен, ауқатты болу, көңілді өмір сүру, жомарттық қасиетке ие болу секілді.

Алдау, залымдық және айлакерлік – жамандыққа апаратын іс-қимылдарға себепкер қуаттар. Олардың жолымен залымдық әрекеттер жетіле түседі. Ондай іс-қимыл жақсы көрініп, адамды өз қалауына жеткізетіндей болғанмен, хаққа тән мақсатқа қол жеткізуге кедергі болады. Мәселен, пайдакүнемдік пен ләззатқа әуес болу адамды негізгі биік мақсаттардан тайдырады. Өйткені пайда мен ләззатқа құмартқан адам өз қалауына жету жолын, қолданатын ұтымды тәсіл мен құрал керектігін ойлаумен жүріп түпкі биік мақсаттардан құр қалады.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ

әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактатынан

Хұсни қаламгер Серікжан Ысқақбекұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button