Басқы бет / Ғалымның хаты / Аңызға айналған «Атлах»

Аңызға айналған «Атлах»

Алапат шайқастар жаңғырығы

Адамзат тарихындағы алып шайқастар тарихын тарамдасаңыз – сол тарих беттерінде таңбаланып, халық жадында жаңғырған аңыздар мен әфсаналар желісінен, кез-келген шайқаспен тұспа-тұс дәуірлердегі империялар ұстынының, мемлекеттер мәртебесінің, заманалар бейнесінің, арпалыстарға алғышарт болған мақсат-ниеттердің айқын суретін көзіңізге елестете аласыз…

Мысалы, ежелгі дәуірлердің елесі санатына айналған Коринф шайқасы, біздің дәуірімзге дейінгі  339-383 ж.ж. жылдары кіші Азиядағы Коринф мойнағының аумағында өткен. Бұл шайқастың негізінде – ағайынды Кир мен Артаксеркс оғландарының Парсы тағына таласуы жатты.

Ал, тарихта грек-парсы соғысы деп таңбаланатын шайқас (б.д.д. 495-449 ж.ж.) сол тұстағы парсы үстемдігіне наразылық танытқан гректердің бас көтеруімен байланыстырылады. Дарий патшаның алғашқы ірі жеңілістерінің бірі есебінде тарихта қалған аталмыш шайқас панорамасында, кейінгі дәуірлерде аты аңызға айналған «Марафон» елді мекенінің аты тұңғыш рет аталады… Жыл санауымыздың қарсаңы болып есептелетін б.д.д. соңғы 100 жылдықтың да өз бейнесі тауарих тарауларында жан-жақты таңбаланғанын оқырман қауым жақсы білсе керек…

Яғни, жалпы адамзат ғұмырының әр кезеңіне тән аса ірі оқиғалар санатына жататын соғыстар мен қантөгісті-арпалыстар шежіресі, сол адамзат жадында өзінің толыққанды суретімен сақталып отырған, өзіне тиесілі бағасын алып сараланып та отырған!

Тарихшылардың пайымына жүгінсек, осы оқиғаларды бірде бұрмалап, бірде тобықтан қағып, толарсақтан матап, тонын айналдыра кигізіп, «қолдың иініне қарай» бейімдеп жазу үрдісі де сонау ежелгі Тацит, Геродот заманынан бастау алады екен. Мысалы, осы гректер жеңіске жетіп, парсылар жеңілістің ащы дәмін тататын грек-парсы соғысы туралы егжей-тегжейлі жазбалар қалдырған, шыққан тегі грек Геродот, өзінің әлемге әйгілі «Тарихында» майдан даласында қаза болған жауынгерлер туралы айта келіп: «шайқаста грек армиясы жағынан 195 адам қаза болды, ал, парсылар жағынан 6 400 адам жер жастанды» деп жазады. Афиныдан 42 шақырым 195 метр қашықтықта тұрған «Марафон» елді мекені маңында өткен шайқастың ізін індете іздеп көрген, кейінгі дәуірлерден бастап біздің заманымызға дейінгі тарихшылар мен археологтар, бұл көрсеткіштің мүлде жаңсақ екендігіне назар аударып келеді… «Тарих оқулығы беттеріндегі өтіріктер мен әсірелеулерді мүлдем алып тастасаң түк те қалмас еді…» дейтін тұжырымның негізсіз емес екендігін осыдан-ақ байқауға болады…

Осындай өз «иініне тарта» жазылған жасанды тарихнамалардың «жұлдызды сәті» – тарихта тарлан таңбалы із қалдырған, өркениет өрімдерінің сан саласына сан-алуан өрнек салған Ұлы Дала ұландарының тарихын қаттап-қаламдаған «евроцентристер» тұсында туды… «Шөптің шүйгінін, судың тұнығын қуалап көшіп-қонып жүрген» жартылай жабайы қауым – варварлар дейтін лақаптың жартылай көшпенді түркілерге таңылуының басты себепкерлері осы «евроцентристер» болды.

Кейінгі тарихқа назар аударсаңыз – түркі мәдениеті, түркі ғылымы, түркі өркениетіне түбегейлі телінуге тиісті рухани жетістіктер әлемі өзінше бір оқшау тұрған құбылыс екендігін пайымдайсыз. Евразия алқаптарында қаздай тізілген жәдігерлер желісінде сәулет өнерінің, сурет өнерінің, сұңғат өнерінің үздік нұсқалары таң-тамаша қалдырады… Адамзат ойлап тапқан баспана атаулының арда нұсқасы – киіз үй, сұңғат өнерінің «төлбасы» – балбал-мәңгі тастар, сурет өнерінің мүмкін арғы атасы – тастағы таңбалар тарихын тарамдасақ талай-талай жаңалықтарға жолығар едік…

                  Орта Азияға жаңа көзқарас

Біздің бүгінгі әңгімеміз – адамзат тарихындағы ең ұлы шайқастардың бірі, өзінің нәтижесінде әлемнің саяси, егерде, алда-жалда жасала қалса, әлемнің рухани картасына қомақты өзгерістер енгізген, ата тарих сүрлеуін мүлдем жаңа белеске бағыттаған шайқас – «Атлах шайқасы» туралы болмақ.

«Атлах шайқасы» біздің жыл санауымыздың 751-жылы, Тараздан 25-ақ шақырым жерде орын тепкен, ежелгі шахардың қанаттас қаласы – Атлах қаласының маңында өтті.

Айта кетуіміз керек, VIII-ғасырдағы аласапыран жылдардың  арнасына тән оқиғалардың алғы шарттары – Азия құрлығының апай төсін жайлаған алып этностардың сан ғасырларға созылған аласапыран арпалыстары белгілі бір белеске аяқ басқан алмағайып жылдардың жылымын меңзейді…

Ұлы этнос – Түркі этносының тәуелсіздік пен бостандық жолындағы ұлы жорықтарының шаң-тозаңы әлі де басыла қоймаған, Азия құрлығындағы алып империялардың иен жазықтар мен ирегіне иін жетпес «Тәңір» таулардың ендіктері мен бойлықтарындағы, ағын су, асау өзенді аңғарларындағы адуынды айқастарының  жаңғырығы әлі де тыным таппаған жылдар болатын…

VIII-ғасыр – тарихта «Шу-Талас» аңғары аталатын мекенде жергілікті қауым – үйсін, қаңлы, азкиштер мен яғма-базкиштер, тегі түркі қарақытайлар, түргештер мен қарлықтар (карлуктар) ғұн тармақтарының тарамданған жұрнақтары т.б. ірілі-ұсақты ұлыстық бірлестіктер мен қауымдастық құрылымдар бой көтеріп (хандықтар, бектіктер, қауымдастықтар т.б.) өмір сүріп тұрған кезең болатын…

Осы тұста, ежелгі Мысыр, Таяу Шығыстан тараған соғыс өрті, Жерорта теңізі жағалаулары мен Қап тауларын баса-көктеп (Армения, Грузия тарихын еске түсіріңіз…) Орталық Азия деңгейіне де жетті. Атақты қолбасшы Абу-Муслим Кутейба басшылығындағы араб армиясының жойқын соққысынан толықсыған тарих толқыны, адамзат танымы мен нанымының жаңа беттерінің әлі де бұлыңғыр әріптерін ежіктеп, өркениеттің жаңа да, жарқын өрісіне қарай бет бұрды. «Атлах», кейбір жазбалардағы «Талас» шайқасы – осыған дейінгі тарихында бірнеше ұлы империалар құрып, өз кезегінде халықтардың Ұлы Көшін бастап, Алтай мен Сарыөзен арасында өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерлігі мен өзіне ғана тән өрлігін серік етіп, сансыз ғасырлар бойы сабылған Түркі әлемінің, ықылым заманалар ығымен қалыптасқан мәдени-рухани ұстыны түбегейлі өзгерістерге бет бұрған сәтінің елең-алаңының бастауында тұрған оқиғаға жатады…

Яғни, араб билігімен бірге, араб түбегінде қалыптасқан тәртіп-танымдармен бірге Ұлы Даламызға Ислам өркениеті де кеңінен қанат жая бастады. «Тараз – Ислам дінінің шығыс шекарасы» дейтін жазбалардың осы 8-ғасырдың бірінші жартысынан бастап хаттала бастауының бастауында тұрған осы 751 жылғы «Атлах» шайқасы.

Ұлы шайқас жылнамасы

«Атлах» шайқасы жөніндегі алғашқы деректің басында – хань әулетінің «26  тарих» аталатын, Азия құрлығының 4-5 мың жылдық тарихын қамтитын жылнамасының кейбір тарауларын алғаш рет өзге тілге аударып, XIX ғасырдың бірінші жартысында француз тілінде жариялаған Эдвард Шаваннь тұр. Осы кезеңде аталған тарихнамамен біршама танысуға мүмкіндік алған Иакинф әкей – Бичурин, Э. Шаваннь аудармасын алдымен неміс тіліне аударып, кейіннен орыс тілінде  жариялаған Маловтар болды.

Ал, XX-XXI ғасырлар бедерінде Лев Гумилев, Мурад Аджи, Рүстем Рахманалиев, Сергей Кляшторный, Тұрсын Сұлтанов тағы да басқа көптеген түркі тегін зерттеуші ғалымдар «Атлах-Талас» шайқасы жөніндегі аз-кем пікірлерін үздіксіз жариялап келді… «Аз-кем» дейтініміз – өкінішке орай, ұлыстық, ұлттық тарихымызда, қала берді әлемдік өркениет тарихында ерекше орыны бар, адамзат тарихына «алтын әріптермен» жазылған атақты айқастардың бірі де, бірегейі де «Атлах» шайқасы жөнінде жазылған арнайы зерттеу-зерделеу кітабы емес, тіптен жеке-дара жазылған ғылыми-танымдық кітапша да жоқ…

Негізгі дүрмегі алыстағы Сарыөзен (Яньцзы) бойынан б.з.д. замананың соңғы 100 жылдығында ежелгі ата қонысына – Алтай-Тарбағатай, Қобда-Күнтау, Аспан таулары асқақтаған, Дештіқұм (Гоби) шөлі көсілген, кейінгі замандарда Жоңғар даласы атанған «Оң қабырға» ойпаңына, жеті өзені жөңкілген Еренқабырға-Жетісу жаннатына қарай тәуелсіздік мұратын арқалап жөңкіле көшкен көшпенділер дүрмегінің алдыңғы арбасы, киелі Шу-Талас жеріне жетіп тәртесін қайырды. Іле-шала Тараз, Атлах, Охқұм, Барысхан, Мирки, Құлан қоныстары салтанат құрып, сол тұстағы көшпенді қауым ата жауының тілімен айтсақ – Батыс өңір аймағы бой түзей бастады! Алыстағы ата қонысына ат басын тіреген жұрттың сыртқы тыныштығы біржолата қалыптаса қоймаған, аласапыран арпалыстарға толы алмағайып жағдайдың, шамамен, аттай алты-жеті ғасырға созылғандығын тарихи жазбалардан білеміз…

Оның басты себебі, кешегі жау –  хань әулетінің, көшпенділер аталатын алып этностың шылбыр-тізгінін қалай да қолдан шығармауға ұмтылған ішегі тар ішкі есебінде жатты… Б.д.д. 36-жылғы «әлем-жәлем тулары салтанатпен желбір-желбір еткен, қос қорғанды» Тараз қаласының қиратылуы, сол шайқаста ұлы қаланың іргетасын қалаушы Тезек оғланның мерт болуы, хань әулетінің саяси, әскери, экономикалық ықпалын тағы да сан ғасырларға созған ды…

Сонымен, жыл санауымыздың 751-жылы араб армиясының авангарды Шу-Талас аңғарында жатқан Атлах,Тараз қалаларының іргесіне ат басын тірейді де, қос қаланың ортасында қиян-кескі ұрыс басталады. Араб армиясының қолбасшысы Абу Мүсілім Кутейба мен қытай қолын бастаған ұлты корей Гао Сянчжи соғыс стратегиялары сынға тұскен ұлы шайқаста, Ислам өркениетімен қанаттанған және жоғары да аттары аталған-аталмаған жергілікті қауымның қолдауына ие болған араб армиясы жеңіс салтанатын тойлайды! Даван-Ферғана, Бұхара, Шаш елінде лаң салып жүрген Гао Сянчжи қолының, жоғарыда айтып өткеніміздей жергілікті қауымдастықтардың қолдауы нәтижесінде араб армиясынан тоз-тозы шыға жеңілуі, жалпы Орталық Азия аумағын ұзақ жылдар уысында ұстаған хань әулетінің озбыр үстемдігін біржолата жойды.

Сол озбырлықтың бір мысалы: қолбасшы Гао Сянчжэ («Гао Сияньжи» деп те аталады) осы «Атлах» шайқасының қарсаңында – 750 жылы өзі алдында ғана бейбіт келісімге келген Шаш еліне опасыздықпен тап берме шабуыл жасап, Шаштың ханы бүкіл бала-шаға, әулетімен тұтқиылдан бассалған жаудың қолына түседі. «Олардың кәрі-құртаңын түгел қырып тастады. Тойымсыз дүниеқор Гау Сиянжидің олардан тартып алған асыл тастары он неше ху (центнер) болды, алтынның өзі 5-6 түйеге артылды. Бұдан өзге де заттар мен айдап әкетілген жылқының нарқы осылармен пара-пар еді. Осылардың барлығын ол өзіне иемденіп алды» деп куәландырады, қолымыздағы «26 тарихтың» «билік ғибратнамасы» тарауының 159-216 бумалары…

Зерттеуші тарихшы Тұрсынхан Зәкен осы шайхас жайында «Осы кезде таңдықтар жеңістен жеңіске жетіп, Орта Азия мен Шығыс Түркістанда түбіттердің ықпал күші бәсеңдей бастады. Таңдықтардың шабуылымен ел-жұртынан айырылған Шаш (Ташкент) бекзадасы жан-жаққа тентіреп, көмек сұрап жүріп жергілікті түркі тайпаларының және арабтардың қолдауына ие болды. Сол кездегі Араб Аббасидтер хандығының Хорасандағы әмірі Абу-Мүсілім оған көмек ретінде қалың қолмен өз  сардары Зияд ибн-Салихты жіберді» деп жазады.

Сонымен, араб түбегінен келген салтатты сарбаздар мен Ұлы Қорғанның шығысын ұялаған ұрыншақ топтың арасындағы арпалыс басталды да кетті! Ары қарай, тарихи жазбаларға үңілейік – «…Гао Сянчжи бодан елдердің (көшпенділердің деп ұғыңыз…Т.М.) жасақтары мен ханьдық әскерлерден жиыны отыз мыңнан артық қол құрап Тазиларға (арабтарға деп оқыңыз…Т.М.) қарсы аттанып, жеті жүз неше ли (350 шақырымдай) жүріп, Қыңласқа (Таразға) жеткенде Тазилармен (арабтармен) кезікті.

Таңды таластан тайдырған

Екі жақ 5 күн бойы текетіресте тұрды. Осы кезде қарлықтар опасыздық жасап, таң (қытай) қосындарын тазилармен (арабтармен) екі жақтап соққылады. Гао Сянчжэ ойсырай жеңіліп, әскері қырылып, бірнеше мың адамы ғана қалды. Оң айбынды тоқсауыл санғұн (қытайлардың әскери шені) Ли Си-ие түн қараңғылығын жамыла қашайық деп, Гао Сянчжэге кеңес берді. Шығар жол тар, ферғаналықтар алдын орап кес-кестеген, адам мен мал жолдарда кептелген жағдайда Ли Си-ие алдыға түсіп жол ашты. Ол алдыға келген мал мен адамды оңды-солды шоқпармен шайқап, әзер дегенде Гао Сянчжэні қоршаудан алып шықты».

Араб тарихшысы Ибин әл-Асир өзінің «Китаб аль-камил фит-т-тарих» (Тарих туралы толық кітап) атты еңбегінде жазуынша осы жолы Таң армиясынан 50 мың адам өліп, 20 адам қолға түседі. Қалғандары бас сауғалап қашып кетеді. Қытайдың «Тундянь» (通典) атты тарихи дерегінде де Гао Сянчжэ тараптан 70 мың адам өлгені айтылады. Тарихи деректерде соғыс жүріп жатқан кезде жергілікті түркі тілдес тайпа— қарлұқтардың арабтар жағына өтіп кеткені баяндалады.  Қарлұқтар шын мәнінде Гао Сянчжэнің Ташкенттіктерге істеген опасыздығын оның өзіне істетті. Бұл бәлкім Шаш (Ташкент) бекзадасының қарлұқтармен алдын ала келісіп істеген ісі болса керек. Соғыстың соңғы сәтінде Гао Сянчжэ біраз қолмен қашып құтылады. Ол туралы «Билік ғибыраттары» (自治通鉴) атты кітапта: «Гао Сянчжэ ойсырай жеңіліп, әскері қырылып, бірнеше мың адамы ғана қалды. Оң айбынды тосқауыл санғұн Ли Сыие түн қараңғылығын жамыла қашайық деп Гао Сянчжэға кеңес берді. Шығар жол тар, Ферғаналықтар алдын орап кес-кестеген, адам мен мал жолдарда кептелген жағдайда Ли Сыие алдыға түсіп жол ашты. Ол қарсы алдындағы адам мен малды оңды-солды шоқпармен шайқап, зорға дегенде Гао Сянчжэні қоршаудан алып шықты» -делінеді.

Тұрсынхан Зекеннің шайқас барысы жөніндегі: «Қалай дегенмен де Талас шайқасы Таң империясының Орта Азияға бағыттаған шапқыншылық саясатына нүкте қойды. Осы оқиғадан соң империяның Шығыс Түркістандағы әскери бекіністері де түгелімен жойылды. Араб басқыншылығының тегеуірі нәтижесінде  түбіттер де  Орта Азия мен Шығыс Түркістаннан бас тартуға мәжбүр болды» деген ойын толық құптаймыз.

Шынымен де, «Атлах» шайқасының, шайқаста жеңіске жеткен қауымның (әскердің ғана емес) тарихи миссиясы – әлемдік құндылықтардың құндағын кеңейтіп, қуатына қуат қосты! Ислам қағидаларының қанатты ұстанымдарының ұстынын ұлықтады, нанымның нәрлі негізін – танымның жаңа құнарына жетеледі!

Түбі бір түркі жұртының Алтай – Тұран тұғырына өрлеген өркенін, рухани жағынан жаңғыртқан Ислам өркениетінің өлкемізге ұя салған алғашқы қарлығашы да осы «Атлах-Талас» шайқасындағы жеңіспен мерзімделеді.

Одан бері де міне 12 ғасырдан астам, дәлірек айтсақ – 1266 жылдың жүзі болыпты.

 

Тәкен Молдақынов

Қазақстан Республикасының

Мәдениет қайраткері

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Исламдағы ұстаздың орны

(немесе Мәшһүр Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтау жыры туралы) Әрбір адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған