Кемелдік – соңғы бақыт іспеттес
- Көпшіліктің түрлі мезгілде іс-қимылдарының орташа күйі тамақ пен дәрі-дәрмектің орта мөлшері сияқты болуы жайында
Тамақ пен дәріні белгілі бір шекте қолдану адам өміріне, саулығы үшін қажет. Ал егер артық не кем болса, қалыпты күйі бұзылады. Сондай-ақ ол бір топ адам үшін белгілі бір уақыт аралығында орташа болса, ал кейбір топқа орташа күй бола алмайды.
Ал сол тамақ пен дәрілер қысқа немесе ұзақ уақытқа бір дене үшін орта мөлшер бола алса, өзге денеге олай бола алмайды. Өйткені әркімнің ағзасының қажеттілігі әртүрлі боп келеді. Осы сияқты мінез-құлық, іс-қимыл барлық адамға немесе бір бөлігіне көп уақытқа орташа жай бола алса, белгілі бір уақытта өзге бір топқа тиімсіз болады. Кейде ол іс-қимылдар белгілі бір уақытта бір жамағатқа орташа жай болады да, ал өзге бір жамағатқа орташа жай бола қоймайды. Кейде ол іс-қимылдар белгілі бір уақытта бір ұлысқа орташа жай болады да, сол іс-қимылдар мен мінез-құлықтар өзге бір ұлысқа орташа жай бола қоймайды.
- Дәрігер тамақ пен дәрінің орта шамасын белгілегендей басқарушы да қала тұрғындарының іс-қимыл, мінез-құлқының орта шамасын белгілеуі жайында
Барлық жағдайда дәрігер – тамақ пен дәрінің орта шамасын белгілейтін маман. Оның кәсіби құралы – дәрігерлік білімі. Патша, басқарушы да қоғам азаматтарының іс-қимыл, мінез-құлқының орта шамасын белгілейді. Бұл олардың кәсібі мемлекетті басқару мен саясатқа байланысты болуынан туындайды.
- Бұрынғы данагөйлердің тұжырымдауындағы «шаңырақ» пен «қаланың» мағынасы жайында
Ежелден данагөйлер қала мен шаңыраққа тек қоныс пен тыныштық мекені деп қарамаған. Олар үй мен қала тұрғындарының тіршілік ететін мекені деп түсінген. Өйткені үй мен қала жердің астында, әлде үстінде тұрғызылса да, ағаштан, балшықтан, жүннен, қылдан немесе басқа заттардан салынған болса да адамдар сонда тұрып, тіршілік еткен.
- Шаңырақтың үй иесінің іс-қимыл, мінез-құлқына әсері жайында
Кейбір шаңырақ үй иелерінде түрлі мінез-құлық тудырады. Мәселен, түз далада тері мен жүннен салынған үйлер олардың иесінің бойында сақтық пен қарақтылықты тудырады. Сақтықтың артуымен оларда батылдық пен бірбеткейлік мінез көрініс береді. Ал іргесі мықты, бекем сарай иелерінің мінезінде қорқыныш, үрей мен беймазалық, арсыздық сынды сипаттар пайда болады. Сол себепті қала басшысы тұрғындардың үйлерін бақылауы керек.
Алайда аталған мінездер үй иелерінің бойында өз-өзінен, табиғи түрде пайда бола салмайды. Бәлкім, оларға тіреу және қорған болу үшін пайда болған болар.
- «Шаңырақтың» мағынасы мен оның серіктестері жайында
Шаңырақ бөліктер мен серіктес қанаттардан тұрады. Солардың арқасында гүлденіп, өркендейді. Шаңырақтың серіктестері төртеу: ерлі-зайыпты, қожайын-нөкер, әке-бала, мал мен иесі. Сондай-ақ осы бөліктер мен серіктестердің басшысы оларды бір-біріне байланыстырып, тәуелді ету арқылы шаңырақтың барлық ісінде бір-бірімен ортақтасуға итермелейді. Оларды ортақ бір іске жұмылдыруда шаңырақты тұтастай гүлдендіріп, өркендетуді мақсат тұтады. Мұндағы басшы – шаңырақ иесі, сол шаңырақтағы қаланың әкімі іспеттес.
- Қала мен шаңырақтың адам тәні мен оның бөлшектеріне ұқсастығы жайында
Қала мен шаңырақтың әрбірін салыстырғанда, адамның тәніне ұқсайды. Адамның тәні түрлі бөлшектер мен жеке бөліктерден тұрады. Олардың кейбірі төменде, кейбірі жоғарыда, бір-бірінің жанында айрықша байланыста реттеліп тұрады. Олардың әрбірі басқа бірінде қимыл тудырады. Олардың тұтастай бірігіп жасаған қимылдары бір мақсатқа қол жеткізеді. Сондай-ақ қала мен шаңырақтың әрбірі алуан бөлшектер мен бөліктерден пайда болған, оның кейбірі төмендеу, кейбірі жоғарылау, бір-бірінің жанында ерекше кейіпте, өз орындарында орналасқан. Олардың әрбірі өзге біріне ерекше міндетті тудырады. Сондықтан олардың ынтымақтаса жасаған іс-амалдарынан қала негізгі мақсатына қол жеткізіп, шаңырақ реттеліп отырады. Ал шаңырақ қаланың бір бөлігі болғандықтан сонда бой көтерген. Бірақ әр шаңырақтың мақсаты әрқалай. Алайда алуан мақсаттары кемеліне жеткенде қала мүддесінің айқындалып, гүлденуіне әріптес болып, іс-қимыл жасау басталады. Бұл әріптестік адам тәнінің бөлшектері: бас, жүрек, қарын, арқа, қол, аяқ бір-бірімен үйлесімді болғаны секілді шаңырақ пен қала да өзара байланысып тұрады. Адам тәнінің әрбір үлкен бөліктері басқаларынан өзгеше іс-қимыл жасайды.
Ал олардың әрбір бөлшегі өздерінің түрлі әрекеттерімен тәннің сол үлкен бөліктерінің мақсатына жетелейтін қимылының жетілуіне көмектеседі. Сосын тәннің үлкен бөліктері түрлі мақсаттарын жетілдіргенде олардың іс-қимылынан тұтастай дененің мақсатына жететін әріптестік пайда болады. Демек, шаңырақтың бөліктерінің жайы шаңыраққа, ал шаңырақтардың жайы қалаға осылай қабысады. Осыдан қаланың барлық бөлігі бір-бірімен әріптестік құрып, бірі-бірінің ісін реттеуде дененің бөлшектеріндей пайдалы әрекет етеді.
- Әкімнің қала жүйесін реттеуі мен дәрігердің науқас ағзасын ретке келтірудегі ұқсастығы жайында
Дәрігер науқас тәнінің бір бөлшегін, яғни дененің барлық бөлшегіне қатысты болып тұрған сол ауру бөлігін емдейді. Ол сауықса, тұтастай дене мен оған тәуелді барлық бөлшегіне пайдасы тиеді. Дәл солай әкім қаланың бір шағын бөлігі болсын, мейлі бір ауқымды аймағы болсын оны барлық жамандықтан арылтуға кіріскенде оның ем шарасы бүкіл қалаға, әрбір бөліктеріне дарып, пайдасы тисе бек жақсы. Ол үшін қала мен оның аумағын зерттеп-зерделеп, шаһардың бір бөлігіне пайда келтірем деп қалаға тұтастай немесе өзге жеріне зиян келтіруден сақтануы керек. Сондықтан егжей-тегжейлі тексеріп, тұрғындардың орнын, шенін, қалаға пайда әкеле алатын мүмкіндіктерін мұқият қарастырып, дұрыс пайдаланғаны абзал.
Дәрігер де науқастың ауырған тұсын емдеу кезінде басқа жеріне көңіл бөлмей, өзге бөлшектеріне зиян беретінін зерттемей, ағзаның бір-біріне тәуелді екеніне мән бермеген жағдайда емнің пайдасы болмайды. Өйткені сырқат жері дұрыс емделмей, өз қызметін толық атқармағандықтан, тәуелді бөлшектер де сылбыр қозғалып, дененің тұтас қимылының белсенді болуына кесірін тигізеді. Қаланың жағдайы да осылайша тәннің бір бөлшегіндей бұзылса, сол бүлінген тұс өзге көрші бөлшектерге жұғып кетпеуі үшін тәннен алынып тасталады. Сол сияқты қаланың бір бөлігі бүлінген жағдайда оның кесірі өзге аумақтарға тимес үшін оны шаһардан алыстатып, қаланың өзге бөліктерін аман алып қалу керек.
- Адам іс-әрекеті мен мінез-құлқын дұрыс тамақтанудағы сияқты қалыпты күйде ұстай білуі жайында
Адам іс-қимылы мен мінез-құлқын орташа қалыпта ұстай алатынын мойындау керек. Сондай-ақ әр адам дұрыс тамақтанып, өзінің орта шамасын сақтай біледі, оның бұл ісі дәрігерге тән болса,
оны орындай алады. Іс-қимылын, мінез-құлқын бірқалыпты сақтай білген адам мемлекеттік істердің бір бөлігін де басқара алады. Бірақ өз денесінің бір бөлігін қалыпты түрде сақтай білген кісі басқа жерлеріне зияны не пайдасы бар екенін білмесе, өзінің дәрігерлік кәсібінен мақрұм екенін көрсетеді. Дәл осындай жағдай мемлекетті басқару ісінде де орын алуы ықтимал. Өйткені өзінің ісі мен мінезін бақылап, оның басқа бөліктерге зияны мен пайдасын нақтылай алмаса, мемлекетті басқаруға қауқары жетпейді. Сол үшін әр істі орындамас бұрын мұқият зерттеуі қажет. Сөйтіп әр істің пайдасы мен зиянын жан-жақты білген абзал.
- «Қала» сөзінің түрлі мағынасы жайында
Қала кейде лайықты, кейде арман қала болмақ. Лайықты қаланың барлық бөлігі адам өмірін сақтандыру және тіршілігін қамтамасыз етуде бір-біріне жәрдемдесіп, өзара байланыста болады.
Ал арман қаланың тұрғындары адам болмысының ең биік құндылықтармен үйлесімді өмір сүруіне және соларды сақтап қалуға бір-біріне көмектеседі.
Кейбір адамдар дүниеуи ләззатты өмірдің құнды нәрселері деп ойлайды. Енді біреулер әл-ауқатты болу, байлық пен тоқшылық һәм тыныштықты арман қала тұрғындарының мақсаты деп біледі. Келесі біреулер ауқатты болу мен дүниеуи ләззат екеуі бірге өмірдің ең құнды нәрселері деп ойлайды. Бірақ Сократ, Платон, Аристотель «адамзаттың екі түрлі өмірі бар» дейді. Олардың бірі өмірде тамақ, су, тағы сол секілді нәрселер арқылы тіршілікті реттеп, баянды ете алады. Өйткені ондай адамдар дүниеуи болмысын баянды етуге ғана мұқтаж. Бұл дүниеуи сұраныс адамның рухани болмысынан тыс. Екіншісі – адамның рухани болмысы, ол өз болмысынан тыс өзге болмысқа мұқтаж емес. Онда адамның рухы оның бақытты өмір сүруіне жеткілікті. Бұл – адамның екінші өмірі. Сенім бойынша адам екі түрлі кемелдікке ие. Олар: біріншісі – алғашқы кемелдік; екіншісі – соңғы кемелдік. Дүниеуи өмірде соңғы кемелдіктің болуы мүмкін емес. Ол үшін де соңғы өмірден бұрын алғашқы кемелдіктің пайда болуы шарт. Бәлкім, сонда ғана соңғы кемелдік те мүмкін болады.
Алғашқы кемелдікте адам өз бойындағы барлық артықшылықты жұмсап, жүзеге асыруы керек. Адамның табиғатында қайырымды бұлақ бола тұра ол жақсы істерге бастама бола алмаса, оның кемелдік ұғымы толыққанды болмайды. Мәселен, адамбойында белгілі қабілеті болып, оны қанағат тұтса, әрі қарай жетілдіруге ынта көрсетпесе, кемелдікке қол жеткізе алмайды. Мысалы, біреуде жазушылық тәрізді табиғи қабілет бар болып, бірақ оны жүзеге асырмаса, алғашқы кемелдік пайда болмайды. Соңғы кемелдік тумайды, яғни бақытқа кенелмейді. Бұл – барлық кәсіпке қатысты заңдылық.
Бойдағы табиғи қабілет іске аспаса, адам бақытқа жете алмайды.
Ал соңғы кемелдік (абсолюттік кемелдік) әртүрлі ережеден ада. Соңғы кемелдік соңғы бақыт іспеттес. Ол – өздігінен биік мақсат. Оның үстіне соңғы бақыттың сұранысы өзге нәрсеге қол жеткізу емес. Өйткені барлық жанның қалауы – соңғы бақытқа жету. Ал адамның бақытқа жетуі іс-әрекетінің пайдалы болуына байланысты.
Кез келген нәрсе адамды соңғы бақытқа жетуге кедергі келтірсе, ол жамандық боп танылады. Сократ, Платон, Аристотель айтқандай, арман қаланың тұрғындары бір-біріне көмектесіп, бірлесіп қол жеткізе алады. Сол себепті арман қаланың тұрғындары барлық артықшылыққа ие болуы тиіс. Ал барлық артықшылығы болған күнде де тұрғындардың ынтымақтаса әрекет етіп, бір-біріне жәрдемдесуі керек болады. Өйтпеген жағдайда бірде-бір артықшылықтың пайдасы мен қажеті болмай қалады. Оның себебі артықшылық жүзеге аспаса, «әділеттік» жай сөз болып қалады.