Бейбіт тірліктің тірегі
Астанадағы Шейх Кунта қажы атындағы мешіттің бас имамы,Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, тәжік ұлтының өкілі Яхия қажы Исмаилов елді бірлікке бастайтын ассамблея қызметін исламның негізгі қағидаттарымен байланыстырады. «Ізетінен айнымай, жақынына мейірімді болып, ізгілікке ұмтылса, ісіне адал болып, ағайынның ауызбірлігін ойласа, адам баласы қор болмайды» дейді имам.
Қажының пікірінше, адамзаттың татулығы көршісінен басталады, ал көрші қақысы туралы Құранда айтылған. «Ассалаумағалейкум!» деп амандасып, жағдайын білсең, қайырымдылық салты қалыптасып, иман содан басталмайтын ба еді» дейді белгілі діндар. Оңтүстік Қазақстанда туып-өскен Яхия қажы көп жылдар бойы Жезқазған мен Петропавл қалаларында имамдық етіп, жамағатты исламға шақыруға көп еңбек сіңірді. Жабылып қалған мешіттерді қайтарып, жаңадан дін орталықтарын тұрғызды. Әсіресе, өзге мәдениеттің ықпалы басым солтүстік өңірлерде жергілікті тұрғындарды өз бастауларына, дін исламға бұрғызу оңайға түспегені белгілі. Десе де, қиындыққа қарсы тұру – қажының жасынан қалыптасқан қасиеті. Ел тәуелсіздігін алған кезде алғашқылардың бірі болып қажылық парызын өтеуге Меккеге барады. Ондағы жұрт: «Оттың ортасынан келіп, жалынға шарпылмаған, небір қыспақта бір Аллаға деген сенімдеріне сызат түсірмегендер» деп, тік тұрып, құрметпен қарсы алыпты. Расында да, халықтың алдына шығып, ислам ілімін насихаттағанда тілі мүдірмей, топтың ортасында маңдайы жарқырап тұратыны да сол отқа «шарпылмағанының» да дәлелі. Осы үшін кезінде комсомол болудан бас тартқан. Жаратылыс сырын жете ұғыну үшін орта мектептің барлық пәндерін үздік меңгеріп, қатарынан оқ бойы озық болуға талпынған. Алға қойған мақсатына адал Яхия Исмаилов орта мектеп бітіргеннен кейін Ташкенттегі діни институтқа оқуға түседі. Осы жолды таңдауда атасы Исмаил молданың орны ерекше еді. Оқуды бітіргеннен кейін оны 1988 жылы Жезқазған қаласына жібереді. Бұл – коммунистік партияның темір құрсауы босай бастаған кез. Жаңа қаланың азаматтарымен танысып, Ұлытауға барып, тарихи жерлерге тағзым етіп, жұмысын бастайды. Оның алдында Мұхамедия деген қожа имамдық еткен. Ол кезінде Аппақ ишан негізін қалған Түркістандағы Қарнақ медресесін бітірген екен. Өз қаражатына жеке үй сатып алып, мешітке айналдырған ол кісіні көзі тірісінде көре алмады. Бірақ асылтекті азаматтың орнында қалған ұрпағына жолығып, қалдырған еңбектерімен танысып, терең білім иесі екенін ұқты. «Жезқазған төрінде имандылық отын маздатқан Мұхамедия қожаның ісін жаңғырту міндетін мойныма алғанда 25 жасар жігіт кезім еді» деп еске алады қажы. Шағын үй тарлық еткен соң жас имам жаңа мешіт салуға жер сұрап, сол кездегі облыс басшысы Евгений Георгиевич Ёжиков-Бабахановтың қабылдауында болады. Мұсылман қауымның талап-тілегіне құлақ асып, қала басшылығы мешіт салуға оңтайлы биіктеу дөңестен жер бөлді. Алдымен медресені салып, 1989 жылы жаңа мешіттің іргетасы қаланды.1992 жылы егемен еліміздегі тұңғыш салынған мешіт жамағатқа есігін ашады. Осында он бес жыл имам болған Я.Исмаиловты мүфтияттың бұйрығымен Петропавл қаласына жібереді. Мұнда қазан революциясына дейін 9 мешіт болған екен, оның ішінде жүз жыл бұрын салынған екі мешіттің жамағатқа қайтарылуына мұрындық болды. Жетпіс жылдай атеистік идеологияны малданған халықтың дінге ықыласы ауған кез. Енді заманға сай, намазхандарға қолайлы жаңа мешіт қажет еді. Ол жылдары құрылыс салу түгіл, күнделікті азық-түліктің қат болып тұрған кезі ғой. Алайда, руханиятқа да сусап қалған халықтың тілегін орындау керек. Бұрындары мешіттің орны белгіленіп, іргетасы құйылып, қаражаттың жоқтығынан құрылысы тоқтап қалған екен. Сол тұста Елбасы ресми сапармен Сауд Арабиясына барады.Мәртебелі кездесу барысында «Сіз басқарған елдің солтүстік қаласынан бір молда хат жолдап, мешіт салуға қол ұшын беруді сұраған екен. Өтінішін қабыл еттім» дейді ханзада Сұлтан бен Әбділ Әзіз. Содан облыс әкімі Яхия қажыны шақырып алып, тиісті қаражатты ұстатады. Жарты жылға жетер-жетпес уақытта, мешіт құрылысы бітуге тақап қалғанда облысқа Президент іс-сапармен келді. «Құрылыс басында жүрміз. Елбасы жолшыбай өтіп бара жатып, құрылыстың тұсына кідірді. Бәрімізбен амандасып, мешіттің құрылысына ризалығын білдірді» дейді имам. Елбасының мың-сан жұмысының арасынан уақыт тауып, салынып жатқан мешітке соғып, жағдай білуі бәрінің еңсесін көтеріп тастады. Бүгінде мың жарым адам еркін сиятын, қаланың қақ ортасында бой көтерген үш қабатты мешіт имандылықтың ордасына айналды. Бас имамның да еңбегі еленіп, «Шапағат» орденімен марапатталды. «Содан Шейх Кунта қажы атындағы мешіттің бас имамы болып тағайындалып, Астанаға келдім. Алланың разылығы үшін салынған мешітте жұма намазын оқып, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрмін. Осы күндері мешіт төрі мұсылмандарға толып, сыймағандары аула ішіне жайғасып та намазға жығылады. Алла үйі болғаннан кейін мұсылманның түр-түсіне қарамайды. Мешітке байы да, кедейі де, басшысы да, қосшысы да келіп, қатар тұрып, намаз оқиды. Елдің тыныштығына, халықтың ынтымағына шақырған имамдардың уағызын тыңдайды. Бұл да Алланың сыйы. Халқымыздың көңіліне иман ұялап, сеніміміз нығайып, рухының тазарғанының белгісі» дейді Яхия қажы.
Айгүл УАЙСОВА