Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы
Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының Қытай Халық Республикасы,Текес ауданындағы Шилі өзек атты жердегі қабырына: «Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы,бастырып таратушы, насихаттаушы әйгілі ақын – Жүсіпбек Шайхисламұлы 1937-1857» деп жазылған.
Жүсіпбекқожаның туып өскен жері жөнінде әліге дейін бірыңғай дәйектеме жоқ. Олай болуына ақынның өмірі мен өнеріне арналған дәйекті зерттеу жоқ.
Дей тұрғанмен 2001-жылғы «Ақихат» журналының 4-санында «Жүсіпбектің Қытайдағы жылдары» деген мақалада автор ф.ғ.к-доцент Дүкен Мәсімхан ақынның Оңтүстік Қазақстан облысында, Сыр бойындағы «Қожатоғай»деген жерде дүниеге келгенін жазады.Бұл нұсқаны ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы да ұстанып келеді. «Қожатоғай» елді мекенінде Жүсіпбекқожаға арнап бір көшенің аты берілген. Қожалардың осы күні жасы үлкені ғана емес, сөзі жүйелі, өзі киелі қарты Әдіхам Шілтерханов ақсақал осы көз қарасты мақұлдап дәріптеп келеді. Олай дейтініміз «Қожатоғай» қазақ әдебиетіне Мәделіқожа, Майлықожа, Жолбарыс, Асан, Исабек секілді қайталанбас таланттарды берген жер. Демек Жүсіпбекқожа бұл жерге сыймай қалмайды. Жүсіпбекқожа Майлықожадан 24-жас кіші болып келеді. Жалпы жыр сарынында Сыр бойының төкпе термешілігі, Майлықожа, Нұралы ақындар секілді діни дастандарға көп көңіл бөлуі мен дастандардағы оқиғаларды Құран аяттарымен көркемдеп, дәлелдеп толық тұжырым беріп отыруы ақынның Сыр бойы ғана емес жалпы Оңтүстік Қазақстанның түлегі екенін толық дәлелдейді. Исламдық әдебиетті исламдық білімі бар жан ғана жаза алады. Жүсіпбекқожа өмірі қым-қуыт оқиғаларға толы болғанға ұқсайды, біріншіден ақынның Қазақ әдебиетінен мәліметі өте мол болған. Бұл ақын қазақ даласын көп аралап, көптеген ақын,жыраулармен кездескен деген ұйғарымға саяды. Татар, Ноғай, Өзбек, Қарақалпақ, Қырғыз тілдерін жетік білген. Парсы, араб тілдерінен толық мағлұматы болғаны Зарқұм, Кербала оқиғасы, АнХазреттің Мехражға қонақ болғаны секілді діни дастандарынан анық білінеді. Жүсіпбекқожаның Қазақ арасындағы аз ақындардың бірі болып ерекшеленуіне, өлең, жыр, дастан жазуы мен қатар сол дастандарын Қазан қаласындағы Татар оқымыстылары мен қоян-қолтық араласып өз уақтында бастырып, елге таратып отыруы. Ақынның баспадан шығарған көптеген кітаптарын ел арасында кешегі күнге дейін табуға болар еді. Болмаса қолдан қолға көшіріп жазған нұсқалары өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ел арасында сақталды. Ел арасында әлі де сақталған нұсқалары жоқ деп айтуға аузымыз бармайды. Себебі Жүсіпбекқожа халық аузында ең көп сақталған ақындардың бірі. Жүсіпбекқожа жайлы ел арасында әр түрлі жақсы да, жаманда сөздер мен тұжырымдар көп болған, әлі де аз емес. Солардың бірі Ақынның өз шығармасы емес, бірақ дер кезінде ел арасынан тауып алып, өңдеп, кей жерлерін қайта жазып, оқушыға татымды етіп көрсетіп, баспадан шығарып ел арасына таратуы. Бұл жырларға Айман-Шолпан, Біржан-Сара айтысы, Қыз Жібек секілді халық ауыз әдебиетіне тиесілі дүниелер. Бұл жырларды Жүсіпбекқожа мен жаздым деп айтқан емес, мен өңдедім деп жазады. Ал Зарқұм, Кербала оқиғасы, Жүсіп-Зылиха, Сайфул Мәлік, Мансур Халлаж, Барсиса, Анхазрет Мұхаммад әлейкіссаламның Мехражға барған секілді дастандарға Түркі әдебиетінде қалам тартпағаны кемде кем. Бұл дастандарды Қазақ арасында Шәді төре, Майлықожа, Нұралы секілді ақындар әр қырынан жазып қалдырған. Сондықтан жақын арада бір үлкен жиын, ғылыми-теориялық конференцияға мұхият дайындалып, Жүсіпбекқожаның өз туындысы қайсы, ел ішінен жазып алып баспаға бергені қайсы, өңдегені қайсы деп ортақ пікірге келер уақыт болды.
Жүсіпбекқожа Сыр бойынан 1880-жылдар көлемінде шығып Тараз, Әулиеата маңында біраз аялдаған секілді. Бұл кей бір азаматтардың Жүсіпбекқожа Әулие ата маңында туылды деуіне себеп болды. Соңы Алматы облысының Кеген, Нарынқол маңында 1916-жылға дейін өмір сүріпті. Бір сөзінде; «Бір себеп пен кетіп ем елден шығып» деп айтуына қарағанда бір күрделі жағдай бар секілді. 1916 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қытай мемлекеті жерінде Текес маңында өмір сүрген. Бабамыз тек ақын, шайырлық пен емес, ел үшін қажетті болған көптеген жайларға қатысып келген. Хорасан егіп бала емдепті, шөптен дәрі дайындап, ел ішіндегі ауру-сырқауға дәрмен болыпты, медресе ашып бала оқытыпты. Бұл жайдың бәрі Текес жерінде сайрап жатыр.
Жүсіпбекқожа Қытайдан Қазақстанға жиі қатынасып тұрған сыңайлы, ақын 1927-жылы Қарқара жәрмеңкесінде кездесіп М.Әуезовпен әңгімелесті деген дерек бар, сол себептеп Мұхаң «Қыз-Жібек әңгімесінің негізі ескі замандағы ел әдебиетінің ертегі сияқты қара әңгімесінен алынған. Бері келгенде өлең өлшеуіне салып, сүретті әңгімеге айналдырып, поэма қылып шығарған Жүсіпбекқожа»-дейді.
Соны мен Жүсіпбекқожа артында ұшан теңіз дүние қалдырған ғажайып жан.
Бүгінгі күні біздің қолымызда мына төмендегі дүниелер бар.
1.Қисса Зарқұм
2.Қисса анхазірет расулдың миғражға қонақ болғаны
3.Кербала қиссасы
4.Қисса хазірет Әли разыалла анһудың Шаһ Барбарға құл болып сатылғаны туралы.
5.Қисса Мансұр әл-Халаж
6-Қисса Көдек баланың хикаяты
7-Қисса Мұхаммед расул алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі
8-Қисса Шаһизинда
9-Қисса хазірет Әлидің сараң байды жолға салғаны
10-Қисса хазіреті Оспан разы алла анһудың пайғамбарды қонаққа шақырғаны
11-Қисса–и Гүлжәмила қыздың хикаясы
12-Қисса Бәрсиса
13-Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі
14-Қисса Қасым Жомарт
15-Хикая Рисала Мұңлық-Зарлық
16-Қисса Зейне Зайуб
17-Қисса Гүлшаһра Дохтари сұлтан Кашмирдің хикаясы
18-Хикаят Сәлімжан
19-Қисса Дотан Құбақанбайұғлы
20-Қисса-и Алпамыс батыр
21-Қисса Абылай
22-Қисса Кенесары – Наурызбай
23-Қисса Қыз Жібектің хикаясы
24-Айман – Шолпан
25-Наурызбай — Ханшайым
26-Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысы
27-Хикаят Жүсіпбекқожаның Уәзипа қызбен айтысы
28-қисса Фелшер қыз
29-қисса Ихсан Мәрсия
30-Мәңгі тату ерлі-зайып
1-Алпамыс (екінші нұсқасы).
32-Хайбар оқиғасы
33-Сайфул Мәлік-дастаны.
34-Шахри Рамазан.
35-Кеменгер қыздың кереметі
Сонымен қатар ақынның бір талай мысал, насихат өлеңдері болған;Көк бузау, Ері мен әйелінің жұмбақ айтысы, Қасқыр түлкі және бөдене, Қасқыр мен қозы секілді біраз дүниесі табылды.Тегі арнайы зерттеуді керек ететін дүние секілді.
Жүсіпбекқожа өмірінің соңын Қытай жерінде өткізген.1916-жылғы Қарқара көтерілісіне Албандар ішінде жүрген Жүсіпбекқожада қатысқан, емшілік, шөптен дәрмен жасау мүмкіндігі мол болғандықтан жаралыларға көмек берген, белсенді мүшесі болған секілді. Бұған ақынның «Келіп едім Матайды көрейін деп» деген өлеңіндегі;
Орысқа ерлікпенен қарсы сөйлеп,
Бір сапар жапа шектік көз елім-ай.
Өзімнің кім екенін білдірмеген,
Қаламды біразірақ безедім-ай-деген сөз тіркестеріндегі;
Өзімнің кім екенін білдірмеген,
Қаламды біразірақ безедім-ай-деген сөзден Жүсіпбекқожа іздеу салынған азғана адамның бірі болғанға саяды.Сөз саптауына қарағанда ақын Қытай асып кеткен соң елді сағынып және келгенге ұқсайды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен «Қазғұрт» орталығынан 2012-жылы ақын бабамыздың 10-томдық кітаптары шықты.
Сейіт Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы
Келіп едім Матайды көрейін деп
(1916 жылы жазылған)
Хат жаздым дұғай сәлем біраз дастан,
Жарасар ғизатшылық қарындастан.
Матайды көрейін деп келіп едім,
Не келіп, не кетпейді ғазез басқа.
Хат жаздым дұғай сәлем Молдажанға,
Жаманды кім қосады адам санға.
Әкеңіз ер Байеке би болып өткен,
Тең болған ғазез басы төре-ханға.
Кім шыққан Байекедей кезеңіне-ай,
Іледей шалқып аққан өзенім-ай.
Кешегі ер Байеке заманында,
Дейтұғын дін мұсылман өз елім-ай.
Орысқа ерлікпенен қарсы сөйлеп,
Бір сапар жапа шектік көз елім-ай.
Өзімнің кім екенін білдірмеген,
Қаламды біразірақ безедім-ай.
Молдажан бұл Матайдың қара көгі,
Жанғабыл, Тілеуберді арғы тегі,
Сәлем беріп ордасына барғанымда,
Жиылған тамашаға өңкей бегі.
Оралбай артық туған замандасым,
Мереке қызықпенен ішкен асың.
Құлпырған қызыл түлкі жігіт екен,
Бар құдай ұзын қылсын өмір жасын.
Жер шалғай Рабатқа бара алмадым,
Ақ жүзін сәлем беріп көре алмадым.
Хат жаздым Рабаттай төремізге,
Көз тартқан алтын тудай сөремізге.
Сыртынан алтын естіп сәлем жаздым,
Дидарын құдай білер көреміз бе.
Қызайда аты шыққан Тәлім деген,
Байлығы төрт Қызайға мәлім деген.
Тәкаппар жігіт екен түсі сұық,
Тамағын бөлек үйде жалғыз жеген.
Әкесі Байтылдаға зират еткен,
Бай болып аты шығып малыменен.
Қасында қонағының отырмайды,
Қожаның түсінбейді халыменен.
Алдына барайын деп төтеледім,
Қызайдың қызыр шалған төбесі деп.
Бір қонып аттануға ентеледім,
Ер жігіт тартқан дәмінен құтылама.
Әйтпесе бармай тартып кетер едім,
Тоғжанның келіп түстім ордасына.
Міні жоқ жігіт екен өз басында,
Жайдары жаз күніндей күлімсіреп.
Отырды әңгіме айтып өз қасымда,
Шариғат діни жақтан көп сұрады.
Сарынды дінге мықты жігіт екен.
Әр түрлі шариғаттан бердім жауап,
Бәрін де қабылдады сөзді аңдап.
Біз барып төбеге сәлем бердік,
Төбеде отыр екен тамашалап.
Шақырып жігіттерге ат ұстатып,
Үйіне алып кірді өзі бастап.
Сапырып сары қымыз құйып жатыр,
Мейманым қайдан келдің, кімсің дейді?
Руың Дулат төре мен Жүсіпбек,
Матайды келіп едім көрейін деп.
Мейманым қош келіпсіз бізге дейді,
Бізде құмар көруге сізді дейді.
Әр түрлі дастарқанға тағам қойып,
Кешінде күтіп алды бір тай сойып.
Үйінде Төрекенің үш күн жаттық,
Алланың бұйрық қылған дәмін таттық.
Қош айтып Төрекемен амандасып,
Жөнеліп шекараға тура тарттық.
Бар екен шекарада Демеу болыс,
Шет жайлап, шекарада алған қоныс.
Орғып сөйлеп отырды ұзын мақтап,
Істеген адам емес күшін сақтап.
Жол тосып шекарадан дәнігіпті,
Қашқынның ағып жүрген малын тонап.
«Қатын би, қашқан жауға» деген осы,
Жүріпті батырлыққа соны санап.
Ойладым ер екен деп Дамбалбайды,
Болама жазбай кетсем Деңгелбайды.
Сол кезде Қалдай бөкен өзі әулие,
Қожаны үйге қонған шенге алмайды.
Іледен қанат жаздым қайтайын деп,
Келіп ем қаршығадай шайқайын деп.
Дулаттың жақсылары сұрағанда,
Көрдім деп Молдажанды айтайын деп.
Қызайдың араладым талай жерін,
Молдажан жарайды екен кемеңгерім.
Қайтқанша дүниеден асыл көзім,
Тамаша ойын екен жүрген жерім.
Сонымен сөз аяғы болды тамам,
Сөкпеңдер айып етіп оқыған жан.
Артымда көрген елге сәлем жазып,
Сонан соң өтіп кеттім шекарадан.