Жарық нұрдың сәулесі

Алланың нұры жауған әулие ата

 2006 жылдың қыркүйек айында облыс жұртшылығы, ізгі ниетті барша мұсылман қауымы болып Исабек ишан-хазіреттің шөбересі, облысқа аты мәлім Жандарбек атаның 100 жылдығын облыс көлемінде атап өткелі отырғанын естігенде ет жүрегім елжіреп, есіме әулие атаның жарқын бейнесі оралып, көңілім өрекпіп, шым-шымдап, ой тұңғиығына батып, қуаныш пен сағыныштың жетелеуімен әулие атаның өз көзіммен көрген өмірінің кейбір сәттері мен әулиелік қасиеттері көз алдыма елестеді. Дінімізді қастерлей насихаттап, алдына келген сырқатқа емі дәру болған қасиетті Жандарбек ата есімі бір ауылдың – ауданның төңірегінде емес, облысқа әйгілі. Емшілік, сәуегейлік, алдағыны болжау, науқас адамдарды емдеп, сырқатынан жазу – кез келген адамға дари бермейтін қасиет. Бұл ерекшелік Алланың нұры жауған, мыңнан бір адамға келетін табиғи дарындылық десем, артық айтпаспын.

Жандарбек атаға бұл қасиет арғы аталарынан дарыған. Бір жаратушымыздың қалауымен осындай дарын дарыған Жанадарбек атаның қадір-қасиетін бағалау – тірінің парызы. Жандарбек ата – ислам туын көтеріп, дінді уағыздауға келгенде қиындықтан, кедергілерден тайынбаған әулиелі Саид қожа ұрпағы. Қожалар – елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің ең жоғарғы қызметшісі, қазақ халқы арасында ислам дінін уағыздап, насихаттап таратушы Мұхаммед Пайғамбардың алғашқы халифаттарынан тараған ұрпағы. Исабек ишанның көптеген асыл қасиеттері өзінің шөбересі Жандарбек атаның бойына дарыған кез өткен ғасырдың 50-жылдары болатын деп үлкен қариялар айтушы еді.

Жәкең атаның қасиеті, көріпкелдігі туралы аңыз бен ақиқат қатар өрбіді. Осы орайда өз көзіммен көрген ақиқат емшілік, алдағыны болжау қасиетін оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Ертіс өзенінің арғы жағынан қояншық аурумен сырқаттанған еңгезердей бір жас жігітті текемет-кигізге орап, үш жерден ала жіппен байлап, туысқандары Ақкөлдегі Қожа атаның үйіне әкелді. Меймандармен сөйлесіп жағдайларын білген соң, Қожа ата науқас жатқан машинаның жанына барып, бортын ашқызды да, сырқат жігітке дұға оқып, дем салып, үшкірді. Туысқандарына қол-аяғын байлаған ала жіптерін шештіріп: «Ал пақырым, атам деп келдің ғой, атам десең, атаң – ботам деген» деп туысқандарымен машинаның үстіне отырғызып, өзі кабинаға отырып, Исабек ишан хазіреттің зиратына апарып келді. Әлгі сырқат жігіт ештеңе болмағандай тусқандарымен еліне қанып аттанғанын көзім көрді.

1979 жылдың жаз айында «Шідерті» совхозынан Бәйзен деген шофердың машинасымен Ақкөлдегі атаның үйіне бардық. Тамақ ішіп, атаның батасын алып, келген көлігімізге бет алдық. Кабинаға отырып, жүруге ыңғайланып жатқанымызда үйден шапанын желбегей жамылып, Жәкең атам машинаға беттеген соң, ата бірдеңе айта ма деп, сәл кідіріп тоқтап тұрдық. Сол кезде Қожа ата шапанының етегімен машинаны желпіп айналып шықты да, «ал жолдарың болсын» деп үйіне беттеді.

Біз машинаны от алдырып, Шідертіге жүріп кеттік. Елімізге аман-есен оралған соң, бағанағы әулие атаның машинамызды айналып, шапанының етегімен желпігені есімізге түсіп, Бәйзен екеуміз машинаны шыр айналып қарап жүрсек, алдыңғы дөңгелектерді бекітетін алты гайканың екеуі ғана тұр екен және оның біреуі босап қалыпты. Біз қасиетті әулие атаның шарапатымен аман-есен келген екенбіз. Қайсыбірін айтып тауыса алармын. Жәкең атаның әулиелік қасиеттері ел ішінде екінің бірінің аузында айтылып, жадында сақталған десем артық болмас.

Жандарбек ата өзінің ата-бабалары секілді қасиеттілігіне қарамастан Ақкөл-Жайылманы жайлаған адамдармен бірге қарапайым өмір сүрген. Кеңес үкіметінің «дін апиын» деген қиын қыстау кезінде де қарапайым кісіден бастап ел басқарған азаматтарға дейін басы ауырып, балтыры сыздаса, қиыншылыққа тап болса, игі істі бастаса, шипа мен жеңілдік, бата іздеп Жандарабек атаның алдына алдына келіп, дауасын табатын. Талай адамдар қасиетті атамыздың шарапатын көріп, батасын алып, тасы өрге өрмеледі. Олардың алғашқы легі бақилық мәңгілік өмірге аттанған, келесі бір легі зейнеткерлік жаста болса, келесі бір легі жас жерлестеріміз. Облысымыздың әр түкпірінде, әртүрлі салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Ұрпақ сабақтастығы деген осы да.

Жерлесіміз Жандарбек атаны еске алып, оның есімін ұрпақтар жадында қалдыру мақсатымен жасалып жатқан игілікті іске сәттілік тілеймін. Облысымыздың барша қауымына әулие аталардың шапағаты тиіп, бейбіт өмір, отбастарыңызға бақыт, ырыс-береке, бірлік әкелсін.

         Батқұлден ЗЕЙНУЛЛИН,

         еңбек ардагері,

         Ақкөл-Жайлма, Басқамыс ауылы.

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button