Ақмұхаммед ишан

Сайын дала төсінде ескен желше еркін өмір сүрген халқымыз әулие-әмбиелерге кенде болмаған. Табиғатпен тікелей сырласқан, сезімі терең, қиялы жүйрік елдің кім көрінгенді пір тұтпасы анық. Пір тұту – пендеге табыну емес, керісінше, нағыз адамды ұлықтау болып есептелген. Алланың ақ жолынан таймаған, Құран іліміне жетік, ақиқатшыл адамды халық өзіне ұстаз тұтып, одан үлгі, ғибрат алып отырған. Біздіңше, «Ұстаз – атаңнан ұлы» демекші, халыққа хақ жолын нұсқап, өзі де сол жолдан таймаған кісіні ардақтап, пір тұтудың мұсылмандыққа ешқандай жаттығы жоқ.
«Пір» сөзі парсы тілінен алынған, қазақша «қарт, шал» деген мағынаны береді. Діни тұрғыдан алғанда, белгілі бір тариқаттың басында тұрған немесе кәміл адам пір саналған. Бертін келе патшалар пірге қол берген. Тарихқа үңілсек, атақты Әмір Темірдің пірі – Сейіт Береке деген ғұлама болған. Сайыпқыран жорыққа шығардан бұрын ілімі нұжымнан (жұлдыздар ілімі, астрономия) хабары бар пірге болашағын болжатып отырған. Әмір Темір өлерінде өзін Сейіт Берекенің аяқ жағына жерлеуді өсиет етіп кеткен.
Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің заманында да үш жүзге пір сайланғаны тарихтан белгілі. Әйтеке би әкелген 14 жасар Мүсірәлі Софы Әзиз алғашында кіші жүзге, соңынан үш жүзге пір болған жалғыз тұлға. Бұрын қазақтың бар тайпасының өз пірі болған. Бірақ қазір пір институты кіші жүздің ноқта ағасы саналатын Әлім тайпасында және Байұлы тайпасының Адай руында ғана сақталып қалған.
Нағыз адамды ардақтаудың адамшылыққа да, мұсылмандыққа да жат еместігін дана халқымыз білген. Міне, осындай ислам нұрын таратқан ғұламалардың бірі, халық «Ақишан» деп атап кеткен Ақмұхаммед ишан (кей деректерде Ақпанбет Тоғымұлы деп те жазылады) екені анық.
Хиуадағы үлкен медреселердің бірінен терең білім алған Ақмұхаммед ишан Сырдың бір саласы болған Қуаңдарияның бойынан мешіт-медресе ашып (Қазалының оңтүстік батысында, орталықтан шамамен 80 шақырымдай қашықтықтағы Бозкөл ауылында), сол өңірдің балаларын оқытқан. Ұстаздығымен қатар бір тайпа елдің сиынатын піріне айналған қасиетті кісі екен.
Ақмұхаммед ишанды қазақтың ғұлама шайырларының бірі қарасақал Ерімбет атымен танылған Ерімбет Көлдейбекұлы өз руластарына пір сайлапты. Пайғамбарымыз бен оның сахабаларын зор сүйіспеншілікпен жырлап өткен, қазақтың шежіресі мен тарихына жетік ғұлама шайырдың жай кісіні пір етіп сайлай салмасы анық. Пір сайлау рәсімінде әлдебір кісі Ерімбетке «Адуынды ел едік, нанның уағынан, қожаның ұрпағынан сақта демекші, тақсырға тіліміз тиіп кетсе, назасына қалмаймыз ба?» депті. Сонда Ерімбет «Сыйласаң – пірің, сыйламасаң – бірің болады» деп жауап беріпті әлгі кісіге. Мұны естіп тұрған Ақмұхаммед ишан «Ерекеңдікі дұрыс. Мен көндім. Халықтан ұлық емеспін» деген екен. Көнекөз қариямыздың айтуынша, Ақмұхаммед ишанның ата-бабалары да пірлік дәрежесіне жеткен қасиетті, текті кісілер екен. Ерімбет шайыр Қазалы жерінде Ақишанның мешітін салуды қолға алғанда әл-ауқатты 19 адам көмек берген. Солардың ішінде шайырдың туысы Қоспан бай (Қосмамбет) мен Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болыс ерекше көзге түскен көрінеді.
Орта Азия мен Қазақстан жеріне исламды таратқан, 42 аталығына дейін билік құрған қарахандықтар әулетінен шыққан, 1100-1200 жылдарда өмір сүрген Абд-аль-Рахим бап ұрпағы Абд-аль-Хасан Қараханиден тарайтын Уыз ханның бір жұрағаты Бақы деген әулие кісі өтіпті. Шамасы, жоңғар шапқыншылығы тұсындағы аласапыран болса керек, Бақы Тараз жерінен Сырдың аяқ жағына қоныс аударады. Әуелгі кезде жұпыны да қарапайым өмір сүріп жатқан момын кісіге жергілікті жұрт онша мән бере қоймайды. Кейін астына мінерге есегі де жоқ бұл кісінің есігінің алдында барлық уақытта отын үйіліп жататындығына күмәнмен қарай бастайды. Ел жиылып бұл кісінің ізін аңдиды. Олар қалың тоғай ішіне жаяулап кірген Бақының соңынан келгенінде адам сенгісіз керемет оқиғаға тап болады. Көз алдарында Бақы арыстандарға отын артып жатады. Барлығына түгел артып болған соң Бақы арыстандарды жетектеп үйіне қарай беттейді. Есігінің алдына келіп жүкті түсіріп болған кезде арыстандар көзден ғайып болады. Міне, осы құбылысты өз көздерімен көрген ел Бақы бабаны (қазір Қазалыда Қожабақы деген елді мекен бар) өздеріне пір сайлап, атын тікелей айтпай, зор құрметпен Бабақожа деп атапты.
Тірі пендеге байқалмайтын Бақы әулиенің арыстандары көңіліне күмән кіргендердің көзіне Алланың әмірімен әдейі көрінсе керек. Яғни әулиенің ақтығына жұртты сендіру үшін. Ал Ақмұхаммед ишан болса, осы Бабақожа атанып кеткен Бақы әулиенің төртінші ұрпағы екен.
Ақмұхаммед ишанның кереметтері туралы ел бүгінгі күнге дейін айтып келеді. Соның бірі Сыр бойында бір қарияның жалғыз ұлы, тоғыз қызы болған екен. Бірде жолаушылап келе жатқан ишан сол кісінің үйіне түседі. Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырған қария қуанып, бәйгеге қосып жүрген атын сойып, ишанның алдына тұлпардың басын тартып, жалғыз ұлына бата алып береді. Кейін осы баладан тоғыз ұл, бір қыз дүниеге келген екен. Біз бұл әңгімені Ақмұхаммед ишанның дұғасымен өмірге келген тоғыз ұлдың бірінің баласының өз аузынан естідік.
Ақмұхаммед атамыздан Якуда, Ысқақ, Әбдіжәміл деген үш бала туылады. Якудадан тұқым жоқ. Соңғы екеуінен ұрпақ бар. Ишанның бел баласы Бұхара медресесінде білім алған Әбдіжәміл мақсымды көзіміз көрді. Осы ғасырға толық ілігіп, 90 жастан асқан шағында (2005 жылы) өмірден өтті, жарықтық! Қазалы, Дәуқара, Хорезм жұрты түгел құрметтеген, алдынан ешкім кесіп өтпейтін кісі еді. Ал Ысқақтың ұлы Қайыр мақсым – Бесқала, Хорезм, Түркіменстан жеріндегі қарасақалдарға пір болды.
Ишан атамыздың көзін көріп, дәрісін тыңдаған қазына қарттар өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін болды. Өкінішке қарай, заманның солақай саясатына байланысты сол қарттарымыз білетін мол мәліметтер қағазға түспестен, өздерімен бірге кетті. Бір қуанарлығы, сол шалдардың әңгімесін тыңдаған жандар әлі де арамызда баршылық. Ишан ата қазақтың салт-дәстүріне, өнер адамдарына құрметпен қарайтын кісі екен.
Ақмұхаммед ишанның діни-ағартушылық еңбегі мен Ерімбет шайырдың діни дастандары әлі күнге дейін толық зерттелмей, өздерінің тиісті бағаларын ала алмай келеді. Ақмұхаммед ишанның тақуалық қасиетінің аңыз болып тарағаны сондай, ел арасында кінәсін мойнына алғысы келмей, бұра тартып, ант-су ішіп, дау туғызғандарды мысқылдап, «Сен соны істемейтіндей Ақишанның ақтығы ма едің» дейтін сөз бар. Бұл біреудің жан тазалығына шүбә келтіргенде айтылатын сөз. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың дарынды ақыны Светқали Нұржанның «Әулиелер әуезі» топтамасындағы «Ақ ишан таһлил» деген бәйітінде (таһлил – араб сөзі, қазақша саралау, сараптау деген мағына береді):
Кірер еді жаннатқа,
шыжғырылмай жаны отқа –
Айтса ақырғы сағатта –
лә-иләһә иллАЛЛА.
Кепіл болар – иланғын –
пәктігіне иманның
Ақтық сөзі мейманның –
лә иләһә иллАЛЛА,
Хақ тағала тілегі, асыл иман жүрегі,
Дін – Ислам тірегі –
лә иләһә иллАЛЛА,
Жетпіс бұтақ-иманда, бәрін сізге
қиды АЛЛА! –
Абзалынан құр қалма –
лә иләһә иллАЛЛА,
Көңілдегі кіріңді
жуып, жүрек тірілді,
Сәулелейді сырыңды –
лә иләһә иллАЛЛА,
Таразының алдында тартылса
егер бар күнә,
Ауыр тартар жалғыз-ақ –
лә иләһә иллАЛЛА,
Хақтың егер, қарағым,
көрем десең Жамалын,
Айту болсын талабың –
лә иләһә иллАЛЛА, – деп, калиманың құдіретін Ақишанның монологымен жырлауы – қазақ қауымы үшін Ақишанның қаншалық қадір-құрметке ие екенін білдірсе керек.
Түрлі діни ағымдарға бөлініп, дін түгілі ұлттың өзіне бөлшектену қаупі төнген бұл заманда салтымыз бен дінімізді қатар ұстаған Ақмұхаммед ишан секілді ғұламаларымыздың өмірін терең зерттеп, есімін ұрпаққа ұлықтап отыру аса маңызды іс болмақ.
Алланың ақ жолы мен бабаларымыздың сан ғасырлық дәстүр-салтын бір-біріне қарсы қоймай, керісінше, кіріктіріп, біріктіріп тұтас дүние ретінде танып, ұстанған Ақишандай ғұламаның өнегесінен үйренеріміз көп, ағайын!
Бегабат ҰЗАҚОВ, Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ
Qazaly.kz ақпараттық агенттігінен алынды
Аузы дуалы Ақишан
Қазалы жері өткеннен сыр шертетін, қасиеті мол өңір. Осыған орай елдегі рухани құндылықтарды халық санасына сіңіру маңызды. Соның ішінде діни және ғұрыптық орындарды атауға болады. Мұндай қасиетті жерлер ерекше тұлғалармен байланыстырылады. Соның бірі – он тоғызыншы ғасырдың аяғында Қазалы өңірінде дүниеге келген Ақмұхаммед Тоғымұлы. Ол 64 жыл өмір сүрген. Емші-шипагер, көріпкел, ауа райын болжай білетін өте білімді жан болған. Халық оны «Ақишан» деп атап, әулие ретінде құрметтеген.
Хиуадағы үлкен медреседен терең білім алған Ақмұхаммед ишан Сырдың бір саласы болған Қуаңдарияның бойынан мешіт-медресе ашып, сол өңірдің балаларын оқытқан. Ұстаздығымен қатар бір тайпа елдің ақыл-кеңес сұрайтын піріне айналған қасиетті кісі екен.
Ақишан кесенесі Лақалы елді мекенінен оңтүстікке қарай 30 шақырымдай жерде Қарасақал Ерімбет мазарының жанында орналасқан. Бұл маңайды халық “Ақишан” мекені деп атайды. Қожа Бақы ұрпағы Ақмұхаммед Тоғымұлы сол заманда қарасақал Ерімбет атанған Ерімбет Көлдейбекұлымен дос болған. Хорезмде оқып жүрген Ақмұхаммед ишанды Қарасақал Ерімбет арнайы шақыртып, Қарасақал-Әлім руларының ұйытқысымен имандылық үйін салдыртқан. ХІХ ғасырдың аяғында қаланған халықтық құрылысқа Күңбас бай 60 атанның қаражатын берсе, Арал өңірінің атақты меценаты Сайлыбек бай қоматы қаржы құйған. Сондай-ақ басқа да Әлім-Шөмен азаматтары өз үлестерін қосқан деседі.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Ақмұхаммед ишанның ата-бабалары да пірлік дәрежесіне жеткен қасиетті де, текті кісілер қатарынан. Ерімбет шайыр Қазалы жерінде Ақишанның мешітін салуды қолға алғанда әл-ауқатты 19 адам көмек берген. Солардың ішінде шайырдың туысы Қоспан бай (Қосмамбет) мен Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болыс ерекше көзге түскен көрінеді.
ХХ ғасырдың басында Қазан қаласынан арнайы шатырхат алынып, бұл мешіт діни жоғары мектеп болып, онда молдаларды әзірлеген.
Ақишан баба діндар болуымен қатар, философияның білгірі атанып, әдет-ғұрыпты жақсы ұстанған. Оның «Кеш туған баланың басы бесікте болмаса, есікте қалады», «Сыйласаң – пірің, сыйламасаң – бірің болам» деген сөздері халық есінде.
«Сен не, өтірік айтпайтындай Ақишанның ақтығы ма едің?» деп билер Ақмұхаммедтің шыншылдығын алға тартып, үлгі еткен. Баба халық арасына «шанышпайды», яғни шешек, обаға қарсы ем жүргізген. Ол психологиялық ауытқушылығы бар адамдарды да емдеген.
Ақмұхаммед ишанның кереметтері туралы ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер баршылық. Соның бірі – Сыр бойында бір қарияның жалғыз ұлы, тоғыз қызы болған екен. Бірде жолаушылап келе жатқан ишан сол кісінің үйіне түседі. Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп отырған қария қуанып, бәйгеге қосып жүрген атын сойып, қазанға салғызып, етін алдына тартып, жалғыз ұлына бата алып береді-міс. Кейін осы баладан тоғыз ұл, бір қыз дүниеге келген екен деген оқиғалар үлкендер арасында айтылып тұрады.
Ақишаннан Якуда, Ысқақ, Әбдіжәміл деген үш бала өрбіген. Якудадан тұқым жоқ. Соңғы екеуінен ұрпақ бар. Ишанның баласы Әбдіжәміл мақсым Бұхара медресесінде білім алған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
Qazaly.kz ақпараттық агенттігінен алынды
Өткен тарихты өшірмейік
Аудандық «Қазалы» газетінің №29 (1021) 17.04.2018 жылғы санында жарияланған Қараша Қараманның «Ерімбет мешіті есепке алынды» атты мақаласын оқыған Қазалы ауданынан 4-5 азамат маған телефон шалды. Кейінірек бұл жөнінде Алматы, Жамбыл облыстарынан да хабарласқандар болды. Олардың амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі айтатын әңгімелерінен ұққаным, «осы уақытқа дейін Ақишан мешіті аталып келген мешіттің, неліктен аяқ асты Ерімбет есімін иемденегені, оған менің қаншалықты қатысымның барлығы» мазалайды. Менің қандай қатысым болуы мүмкін. Бұл күтпеген жағдайға өзім де аң-таң болып отырмын.
Менің әкем Тілеуқабыл Қашқынбайұлы 1910 жылы дүниеге келген адам. Әкемнің айтуы бойынша, арғы аталарымыз Мекебай, Мешітбай, Мықтыбайлар Ерімбеттің бабалары Итемген, Шағырай батырлармен замандас.
Бұны тәптіштеп жазып отырған себебім, біздің әулеттің ұрпақтары Ерімбет пен Ақишан, олардың балалары Құлахмет, Ысқақ мақсымдармен қоныстас, араласып тұрғанын олар туралы мол мағлұмат болғанына дәлел келтіру. Әкем 1894 жылы қазіргі Абай ауылының «Томай» елді мекенінде туған құйма құлақ шежіреші, ауданның көнекөз қарияларының бірі, кәнісбек төртқара Әліпбай Шоратайұлы ақсақалмен жақын қатысатын. Әңгімелері көбінесе Шағырай, Дабыл, Жанқожа батырларға, Ерімбет шайыр мен баласы Құлахметке, Жетес, Үмбет билерге, Ақишан мен баласы Ысқақ мақсымға байланысты айтылатын. Жасымызда қолдарына су құйып, қызмет жасай жүріп, тыңдап өстім.
Кейін шежіреші Қызылбай Қарабалаев ақсақалмен, жүз жасқа келіп қайтыс болған Аймахан Байділдаұлы қожамен және Қарақалпақстанда тұратын Ерімбет пен баласы Құлахмет туралы жақсы білетін көптеген азаматтармен әңгімелестім. Құлахметтің немере туысы, әрі туған інісіндей болған Мәтсейітұлы Әбдімәліктің Ерімбет туралы жинақтаған қолжазбаларын 2001 жылы Қарақалпақстанға барғанымда баласы Нұрдананың үйінен оқыдым. Мәлімет беріп жүрген Рүстембектің әкесі Үрметбекпен де бірнеше рет үйінде қона жатып пікірлескенмін. Ерімбеттің туған немересі Құлахметұлы Едігемен де Алматы қаласындағы үйінде, ағайындардың той, құдай жолысында жиі кездесіп едім. Соның бәрінде ол кісілердің аузынан Қараша Қараманның мақаласында жазылғандай, бұрмаланған деректер айтылған жоқ.
1983 жылдан бастап Ерімбет жазған шежірені зерттедім, оны жалғастырып, толықтырып, үш рет кітап қылып шығардым. 2002 жылы «Қарасақал Ерімбет қоғамдық қорын» құрдым, 2000-2006 жылдар аралығында Ерімбетті насихаттау мақсатында он шақты баспасөз құралдарында мақалалар жарияладым. 2003-2006 жылдары Ерімбетті есте қалдыру туралы ұсыныспен аудан, облыс басшыларының қабылдауларында болдым. Ақыры сол кездегі Қазалы ауданының әкімі Нұрман Талқанбаевтың өкімімен «2006 жыл – Қарасақал Ерімбет жылы» болып, түрлі ұлықтау шаралары өткізілді.
Енді Рүстембек пен Қарашаның көңілге қонбайтын кейбір мәліметтеріне тоқталатын болсақ: «Сарыбас Бақтыберлі аталығының Ақшадан тарайтын он тоғыз отбасы ер азаматтарының көмегімен мешіт салыныпты», «Мешітке келгендерді алғаш Жабағы молда, ал бертінде Тоғымұлы Ақишан (Ақмамбет) оқытқан», «Молда мен имамдарға төнгелі тұрған қауіп-қатердің алдын алу үшін Ерімбет өзі бас болып салғызған мешітті шәкірті Ақмамбеттің есімімен «Ақишан» деп атауды, бала оқытуды жалғастыруды ұйғарады», «Ақмамбет пендешілікке салынып: «Ерімбеттің отбасын асырайтын қызметі бар. Біздің бала оқытудан тапқан табысымызды көре алмайтын сыңайлы. Сондықтан медресе қызметін тоқтатпаймыз», – дейді. Сөйтіп, қарамағындағы оқып жатқан шәкірттерге: «Мені бүгіннен бастап «Ақишан» атайсыңдар», – деп сес көрсетеді. Міне, осы күннен бастап азан шақырып қойған Ақмамбет есімі жанама атпен Ақишан аталады» – («Ерімбет шайырдың беймәлім қырлары», «Қазалы» газеті №60 (848), 30.07.2016 ж. Қараша Қараман, Ерімбет шайыр мұрасын жинап, зерделеуші»), – дейді.
Ерімбет шайыр мұраларын зерттеуші Қараша аға «Ерімбет шайырдың беймәлім қырлары» атты мақаласы арқылы Ерімбет шайыр мен Ақишанның төрдегі бастарын есікке сүйрегендей әсерде қалдырды.
Менің жоғарыда аталған үлкен кісілерден есіткеніме сенсек, мешітке азды-көпті үлес қоспаған жалшы-кедейлерден басқа малы бар Қарасақалдан адам қалмаған. Мәтсейітұлы Әбдімәліктің қолында болған қолжазбаларда Ерімбеттің өзі мешітті салуға қомақты үлес қосқан 19 адамның есімін атап жазған қағазын Әбдімәлікұлы Нұрдана 2001 жылы Қарақалпақстанға барған сапарымда, маған көрсетемін деп іздеп, уақыт қысқа болып таппай қойды. 19 адамның негізгі көп бөлігі үш қарасақалдың байлары болғанымен, Ерімбетпен сыйлас болған 3-4 басқа да Әлім руларының азаматтары да көмек қолын созған. Пұсырман Қарасақал Күңбасұлы Қоспан бай 40 бас атан берген, құдасы әрі рулас Шіңгір Қарасақал Мұратбай болыс, Сарыбас Кәлмен бай, Пұсырман Айтас бай, Әйімбет бай, Сарыбас Ақжан бай, Шіңгір Сайлыбек бай және басқа да ағайындар қомақты үлесін қосқан. Ел сыйлаған Ерімбет барлық ағайын-туысты ортақ іске жұмылдыруға шақырған. Міне, бұл жерде «Сарыбас Бақтыберлі аталығының Ақшадан тарайтын он тоғыз отбасының ер азаматтарының көмегімен салыныпты» деген сөз тарихты бұрмалау болып табылады. Ерімбет мешіт салынғанда басында тұрып, құдық қаздырғаны, мешітті салған ұсталарға жұмысшы тауып берген болар, алайда 19 Ақша ұрпағының отбасы ғана мешіт тұрғызғаны бекер. Қарашаның жазуынша, мешітке алғаш Жабағы молда ал бертінде Тоғымұлы Ақишан (Ақмамбет) дәріс берген. «Бертінде» сөзі «кейінірек, соңында дегенді» білдіріп тұрғандай… Мүмкін Ақмамбет келемін дегенше алғаш балаларды лақ алып, Жабағы молда оқыта бастаған болар. «Ишан» дәрежесі діни орталықтан «шатырхат» алған адамдарға берілетін лауазым, қазіргіше айтқанда мектеп директоры, ал молда ишанның басшылығындағы мұғалім емес пе? (Ишан мен мектеп директорын салыстыруға келмес, бұл теңеу түсінікті болу үшін жазылып отыр). Ақмамбет келгеннен кейін де ишанның басшылығымен балаларды оқытқан болар. Үлкен кісілердің айтуынша, мешіт толық салынып біткен соң, көшпелі Қарасақал ағайынның арасындағы өмірден озған адамдарды ақтық сапарға жөнелту, балаларды сүндетке отырғызу, діни сауатын аштыру сияқты жол-жоралғыларды Хорезм медресесіне барып, мешіттің жұмыс істеуіне рұқсат алып, медресе шәкірті, алғырлығымен көзге түскен Тоғымұлы Ақмамбет атқарған. «Ақишан» мешітінен Қарасақал ағайындармен бірге Әлім руының балалары да оқыған. Есмырзаұлы Үрметбек ақсақалдың айтуынша: Ерімбет Ақмамбетті ертіп келгесін елді аралатып, халыққа таныстырып шыққан. Діни сауатты, көзі ашық Ерімбет, қазақ балаларының көкірек көзі оянғанын қалап, өзінің сөзі жүретін азаматтарды елдің әр аймағынан мешіт ашуға үгіттеген. Осындай халыққа жасаған насихатының нәтижесінде сол кезеңде қарасақалдардың «Ақишан», «Кәлен ишан», «Өтеп ишан», «Нұрымбет ишан» және Байту мешіттері салыныпты. Осы имандылық үйінің алғашқысы да, ең көлемі үлкені және білім алған шәкірттері көбі «Ақишан» мешіті болған. Бала оқытумен қатар, адам емдеумен де айналысып келген, жетім-жесір, қарастығы жоқтарға «шүлен қазан» таратқан.
Мешіт салынып, барлық жұмыс жолға қойылып, көңілі бірленгеннен кейін, Ерімбет Қазалы қаласына келіп, шығармашылықпен айналысып, кейін мұрап қызметіне кіріскен. Астана, Алматы, Қызылорда, Талғар, Арал қалаларында, Әйтеке би кентіндегі бір-бір көшеге, Бозкөл ауылындағы орта мектепке Ерімбет есімі берілген. Ерімбеттің тірі кезінде де, 140 жылға жуық уақыттан бері халық «Ақишан мешіті» атап келген мешітті, аяқ астынан «Ерімбет мешіті» деп, әруақтарды қозғап өзгертуге әрекет еткендердің қалай түсінуге болады. Кезінде ағайынның ауызбіршілігімен салынған Асандардың ішінде «Орымбет ишан мешіті», Матай Төртқаралардың «Матай ахун мешіті», Бозкөлде Жиенейлердің «Бала ахун мешіті», Шөмекейлердің «Ер Мағзаман мешіті», Шобан төртқаралардың «Үсен ишан мешіті», Қарасақалдың қарақұмда «Өтеп ишан мешіті», қызылда «Кәлен ишан мешіті», «Нұрымбет ишан мешіті» – халыққа қызмет жасаған дін қызметкерлерінің есімімен аталып жүр емес пе?!
Мешіттердің қай-қайсысын да ишандар салмаған, керісінше қажеттілік туындаған ағайын өздері мешітті бірлесіп салып, арнайы «шатыр хаты» бар ахун, ишандардың немесе сауаты бар молдалардың иелігіне беріп, сол кісілердің есімімен атау ертеден келе жатқан дәстүр. 2010-2012 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне барып, Қуаңдария бойындағы «Ақишан» мешіті мен Ақша батыр қорымы, мұнарасын және 2006 жылы Қазалы қаласындағы қоғамдық қордың есебінен салынған Қарасақал Ерімбет кесенесін тарихи-мәдени мұра нысандарының алдын-ала есепке алу тізіміне енгізу туралы мәлімет берген болатынмын. 2018 жылы меншік иелері жоқ ескерткіштерді қала, ауыл округтерінің теңгерімдеріне беру туралы №148 Үкімет қаулысы шығып, «Қарасақал Ерімбет кесенесі» Қазалы қаласының, «Ақишан» мешіті (Ерімбет) Бозкөл ауылдық округінің теңгерімдеріне беріліпті. Енді «Ақша батыр бейіті мен мұнарасы» да Бозкөл ауылдық округінің қарауына алынса, дұрыс болар еді.
Бұл күнде бастамашы 3-4 адамның «Ақишан» мешітін тұрғындар талқысына салмай, «Ерімбет» мешіті болып өзгертілуі, Қарасақал ағайын мен бірнеше ғасырлар бойы сыйласып, құда-жекжат болып келе жатқан Қарахан қожа ұрпақтарының арасына сызат түсіргендей болып отыр.
Өткен тарихты өшірмей, көптің сұрауы бойынша мешіттің бұрынғы атауымен «Ақишан» мешіті болып қайта өзгертілуін аудандық ономастикалық комиссиядан сұраймыз.
Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ, еңбек ардагері
Qazaly.kz ақпараттық агенттігінен алынды





