Жарық нұрдың сәулесі

Әке туралы ойлар

Ақтоғайдағы мешіттің бітуіне аз уақыт қалған. Жұмабек Жөкенұлы, Қуаныш Болатұлы, Жақсылық Жәкенайұлы, Сансызбай Әкімбекұлы, Михаил Сербин Ақкөлге келіп, әкеммен кездесіп, бейнекамераға түсіріп, бірсыпыра әңгімелескен болатын. Соның біріне тоқтала кетейін.

– ­Ата, Ақтоғайда мешіт бітуге жақын. Халықтың ниеті – оған сіздің атыңызды беруді қалайды,- деді олар.

– Жұмабек, Қуаныш, қарақтарым. Ол жерде бірталай қажылар, ғұлама молдалар бар ғой. Солар неге аталмаған?

– Жоқ, ата, халық сізді талап етіп отыр.

Сәл ойланып:

– ­Мені көпшілігі 100 жасайды дейді, бірақ мен 100 жасамаймын, мен қазір тоқсандамын. Бұл өмірде екі Жандарбек өмір сүрмейді, біреуі біреуіне жол беруі керек, – деп сөзін аяқтады.

Расында да айтылған сөз ақиқатқа айналды.

Мешіт ашылу рәсіміне қатысуға дайындалып, үлкен келіні Елемеске не киінетінін айтқан болатын, бірақ мешіт ашылуына 5 күн қалғанда, қараша айының 3-нен 4-не қараған кеште әкем дүниеден өтті. 1996 жылдың 5 қарашасы күні жерленді. Ал 8 күні мешіт ашылды. Аллаһ тағала ол күнге жеткізбеді, артында елі, жұрты  оның атымен аталған Алланың үйі – мешіт қалды.

Әкем ­­– Жандарбек, анам – Күләйім үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ортамыздағы апамыз Бәтима біз дегенде ерекше еді.

Мұғалімдер училищесін бітіріп, елдегі мектептің кіші сыныбында ұстаз болып қызмет етті. Ортаншы ағам Сағидолла елде автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Ол жұмыстан кешігіп қалған күндері әкем көз ілмей, тосып отыратын. Апам Бәтима 1994 жылдың 21 мамыр күні дүниеден өтті. Оқу жылының аяқталуына біраз күндер қалған болатын. Күн ерекше ыстық болды. Әкем көңіл айтуға алыс-жақыннан келушілер көп  болды. Алдын-ала дайындаған көлеңке шатыр аздау болды ғой деймін, үйден әкемнің ренішті дауысы естілді. «Сендер не істеп жатырсыңдар? Мына жиналған халық күннің астында отыр ғой. Тездетіп шатырды созыңдар»  деген тілек білдірді.

Сол-ақ екен, көмектесіп жүрген адамдар айтылған тілекті дереу орындауға кірісті. 20-30 минуттың арасында берілген тапсырма орындалды. Менің ойымша, Аллаһ Тағала әкеме жиналған халықтың қандайда отырғанын елестеткен болар?!

Әкемізді жерлеу рәсімі белгіленген күн – 1996 жылдың қараша айының 5-і еді. Ол күні қар жауып, күн бір ашылып, бір бұлттанып тұрды. Халықтың көпшілігі сондай, ешкімді ешкім таба алмайды. Жаназасы шығарылып, әкемді жерлеуге аталарымыздың жатқан қабірстанына, Қылды көлге апара жатқан кезде ерекше бір таңқаларлық оқиға болды.

Әкеміз жылқыны өте жақсы көретін еді. Жорғалары да болған. Барлық ол мініп, шабу үшін емес, даланың сәні, осы бір жылқы малын ерекше құрметтейтін. Ақкөлден шығып, сәл алыстай берген уақытта елдің сыртқы бауырынан бір үйір жылқы, оған қоса екінші үйір жылқы мәйітті әкеле жатқан көлікке бет алды. Бірінші үйір жақындап келіп, тоқтап, мәйіттің көлігін жіберіп, соңынан ерген көліктің артынан екі үйір жылқы бейне бір әкемізді шығарып салғандай бірінен соң бірі шаба жөнелді. Сезімтал жылқы малы әкемнің өздерін жақсы көргендігі үшін бе, әлде біз білмейтін басқа бір сезімнен бе, құрмет көрсеткендей еді.

1974-1975 жылдың күз айы. Мен мектепте оқимын. Кешкі тамақтың уақыты. Үлкен ағам Қанат мектепте дене шынықтыру сабағының мұғалімі болып істейтін. Көршілес Екібастұз ауылының оқушылары баскетболдан жарысқа келген екен. Біздің ақкөлдік оқушылар жеңіліп қалыпты. Соны ойлап, қамығып отырған ағама:

– Қанатжан, не болып қалды? Ренжіп отырсың ғой, – деді әкем.

– Дайындық кезінде шәкірттерім жақсы ойын көрсетіп еді. Бүгін барлығының лақтырған добы торға түспей, ұтылып қалдық, – деді ағам.

– Е, балам. Мен олардың сендермен кездесетінін білмедім. Аталарыңның жатқан қабірстанының тұсында менің бара жатқан көлігім батып қалды. Құдай оңдап, қарама-қарсы келе жатқан көлік бізді танып, тоқтап, сәлемдесіп, көлігімізді итеріп шығарып жіберді. Аздап жауын жауып  тұрған еді. Мен оларға: «Қарақтарым, жолдарың болсын!» деп батамды бердім. Сол батамды Аллаһ Тағала қабыл алған  ғой, -деп атам әңгімесін аяқтады.

Ауылымызда үлкен ата-әжелерге той бергенде арақ-шарапсыз өтетін. Арақ-шарап жүрген жерде береке болмайды. Әкем арақ ішіліп жатқан үйге кіріп қалса, барлығы ыдыстарын тыға бастайтын. Ол бізді жаман нәрседен аулақ болуға үйретті. Үш баласының тойын арақ-шарапсыз өткізді.

Ахметолла қажы Жандарбекұлы,

Ақтоғай ауданы

Атамыздың ұрпақтарына арнаған бата-тілегі

 Құрметті  Жаңа жылымыз қайырлы болсын!!!

Мынау балаларымыз, бисмиллаһир-рахманир-рахим,

Сүлейман пайғамбардай мүлікті болыңыздар,

Жүсіп пайғамбардай көрікті болыңыздар.

Аттарыңыз болсын пырақтан,

Бақыттарыңыз жансын шырақтан.

Әр нәрседен есен-аман болыңдар,

Басы илләһи әмин,

Аяғы раббил ғаламин!

Аллаһу акбар.

Жалпы, халқымыз аман болсын!!!

Жылдан  аман-есен өтіп, келесі жылымыз қайырлы болсын, тыныштық болсын, мерекелі болсын!

Иә, құрметті тәрбиелеп өсірген перзенттеріміз Қанат Жандарбекұлы, Сағидолла Жандарбекұлы, Ахметолла Жандарбекұлы, Бәтима Жандарбек перзентіқайырлы ғұмыр, бақыт сағадат, аман болуларыңа, аман болуларыңа, қарт аталарыңыз-аналарыңыз тілектес. Келін баламыз осы ордаға келген Елемес Срайл немересі, Гүлнәр Арал немересі, Бибігүл Адам перзенті, Әмен нағашысы. Құрметті аман болсын, сәбилеріміз аман өсіп, өніп шаңырағында, бір-біріне мейірманды болып, ынтымақ бірлікпенен, ғылым иесі болып, атасының Нұрахмет деген жолыменен өсіп, өнсін. Айгұлім, Бауыржаным, Әминашім, Гүлмиражан, Әміржан, Бибіжан, құлыншақтарым, аман болсын. Келесі жаңа жылды аман көруге нәсіп етсін.

Аудиотспадан алынған

Өмірі өнеге

Жандарбек Қожахметов 1934 жылы Жамбыл облысы, Қаракемер ауылына қара жұмысқа жіберілді.

Содан 1937 жылы елге оралған еңбек адамы қарап отырмай, Павлодар қаласына механизаторлар дайындайтын оқуға барып, оны ойдағыдай бітіріп, елге тұңғыш «темір тұлпар» иесі болып келеді. Елдің бар азаматтары қан майданға аттанғанда, қару ұстаған Жандарбек те олармен бірге кетті. Майданда 219атқыштар полкында болды.

Алғашқы жауынгерлік награда

1943 жылғы 21 қаңтардағы ұрыс Жәкеңнің есінде қалыпты. Жәкең қызмет ететін атқыштар полкінде алты пулемет қалды, адам қатары да сирей бастаған. Жау тың күшпен қарсы шабуылға көтерілді. Шамасы 600-700 адам автоматпен қаруланған, оқты боратып келеді. Алты пулеметтің бәрі бірдей атса, жауды қырып салуға болар еді. Командирдің: «дайындалыңдар!» деген бұйрығы естілді. Жігерлі, сенімді, қатты естілді. Жаудың бірде-бір солдаты кері, не алға өте алмады. Осы жолы Жәкеңе, тағы басқаларына «Ерлігі үшін!» медалі берілді. Бұл алғашқы жауынгерлік наградасы, екінші награда «Қызыл Жұлдыз» ордені еді.

Қаһарлы жылдар шежіресі

Қожахметов Жандарбек 1942 жылы Куйбышев ауданы (қазіргі Ақтоғай) Ақкөл ауылынан Сарықамыс бөлімшесінде тракторшы болып жүрген жерінен соғысқа, Отанды жаудан азат етуге аттанады. Жәкең Украинаның хуторлары, селолары, қалаларын, Саратов қаласын фашист басқыншыларынан азат етуде №219 атқыштар полкының алдыңғы шебінде болды. Осы қажырлы ерліктеріне байланысты «Украинаны азат еткені үшін» медалімен наградталған. Ұлы Днепр өзенін қиып өтіп, кескілескен ұрыстарға қатысқан. «Германияны азат еткені үшін» медалімен наградталған. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 1945 жылы сәуір айындағы қанды шайқаста жараланып, госпитальға түскен. Жеңіс күнін госпитальда қарсы алды. Жеңіске жеткенмен ата елге бір жылдан кейін оралды.

Еңбек жылдары

Жәкең елге оралғанда, елде азаматтар сиреп, жүдеп-жадап отырған еді. Келе тракторына отырып, елдегі қызу еңбекке жан аямай кірісіп кетті. Егін салды, шөп шапты, жер жыртты. 1946 жылдан 1956 жылға дейін еңбек майданында қажымай-талмай еңбек етті. Еңбектегі ерлігі үшін мадақтау грамоталарын, сыйлықтарын алды. Егін ору жоспарын асыра орындағаны үшін «Москвич-403» автокөлігі сыйға берілді. 1956 жылы «Еібек ардагері» деген атақ алып, еңбек демалысына шықты. Атамыз төрт бала сүйіп, еліне, туған ауылында, терін төккен Ақкөлінде ауылының қадірлі қариясы болып тұрып жатыр.

Ақкөл орта мектебінің шәкірттері Ұлы Жеңістің 50 жылдығыга сыйлаған кітапшасынан алынды.

 Жылы жүзді адам еді

         Мұсылман дінін қазақ арасында уағыздап таратқандар негізінен қожалар болған. Сондықтан қазақ руларының шежіресіне Аққожа, Қарақожа, Дайырқожа, тағы басқалардың аттары енген. Қарапайым халық оларды пір тұтып, әулие санап, құрмет көрсеткен. Шығыс діни орталықтарында оқып, білім алып, соңынан жастарды тәрбиелеуді қолына алған мұсылмандар ишан аталған. Ал, біздің өңірге келген қожалар екі діни орталықта болған. Бірі Ерейментауда, екіншісі Ақкөл-Жайылмада. Соңғысында Исабек ишан қызмет еткен. Исабек ишанның қандай адам болғандығы, о кісінің дүние салған уақытында қазасына жазған Мәшһүр Жүсіп арнауынан анық аңғаруға болады.

Онда:

«Қуандық, Сүйіндік, Қозған, Күлік,

Сондай жан жаратылмас дінге берік.

Бірң де еш есінен тастамайды,

Дұға алған Ишекемнің жүзін көріп.

Жүзінде Сарыарқаның қанша халық,

Айтады қасиетін аузына алып.

Ақкөлдің өз басында үйі бар-ды,

Түнейді ойына алған соған барып»

делінген.

Адам тіршілігінде кездесетін іс-әрекеттерге, әдет-ғұрыптарға, қарым-қатынастарға, мінез-құлықтарға, шариғатта айтылғандай, ата-бабаларымыз ұқыптылықпен қараған. Мұны біз имам Ағзам қағидасынан кейінгі «Қасым ханның қасқа жолынан», «Есім ханның ескі жолынан», Тәуке ханның «Жеті жарғы» сынды ірі қазақ заңдарынан көреміз. Мысалы, «Жеті жарғысында» құдаласу, құйрық-бауыр жесі, тіпті, заң орнында жүрген. Кейде би дау шешкенде: «құйрық-бауыр жесіп пе едіңіздер?» деп те сұрайтын болған. Сонда «желінген» десе, құдалық заңды деп есептелген. Бұларды келтіріп отырғаным, «Ақкөл-Жайылма» жері туралы әңгіме қозғалғанда Жандарбек қожа (Исабек ишан шөбересі) «Жеті жарғысындағы» жер-су, жайлау, қыстау туралы айтылған заңдарды білетіндігін талай байқатқан.  Өзен, көл, жол жеке меншікке жатпайды, олар көпшілік мүлкі деп отырушы еді.

Мәңгілік сенің адамгершілігің, ізгі ісің, жақсы атың деп бабалар тегін айтпаған. Өйткені, тіршіліктің қырсығы да қыр-сыры да таусылмайды.

Түпсіз ой, түпсіз қиял неше мыңдап,

         Бірі бүйт, бірі бүйт деп тұрады ымдап.

         Тұңғиық тұманданғаналдағы өмір,

Тұрғанын біліп болмас не дайындап, –

дегендейін, қиын-қыстау өмір жолынан алған бағытынан таймай, «ата жолы адастырмайды» деген оймен ұрпаққа өнеге боларлық өмір сүрген Жандарбек ата – қасиетті адам.

Екібастұз ауданына басшы болған 10 жылдай уақытымда «Ақкөл» совхозына жиі баратынмын. Әбілхақ Түгелбаев басқарып тұрған кезде бұл ұжым өрлеуде болды. Ұжымның негізгі өндіріс саласымен бірге мәдени тұрмыс жағдайы да ойдағыдай қалыптасып, жұмыс адамдарының көңіл-жайы көтеріңкі болатын. Бұл ауылда болған сайын Жандарбек қожаның үйіне соғып, сәлем беру, ол кісімен әңгімелесу, бата алу міндетке айналған. Кісі келеді десе, марқұм қуана-қуана қарсы алушы еді. Үйге кіргенімізде өзі орнынан тұрып, жылы жүзбен күлімдеп, қонақтар отырып жайланғанша дастархан басына отырмайтын. Қожекең берген асты ішіп-жеп, тауысқанды қалайтын. Ас соңында Қажымұқан сияқты үш саусағымен табақтан майлы етті алып, асатыпотыратын. Ырызығының барына т әуба жасап:

«Алланың ол да бір аманаты,

Адамның болу керек қанағаты», – деп барды азсынбауды, бағалауды, шүкіршілік жасауды айтып қоятын. Бата бергенде өзіне тән тілеуқорлық сөздері болатын. Оларды айтқанда тізерлеп отырып, көтеріле түсіп, тербенуде, қозғалыста болып, құлаққа жайлы қоңыр дауыспен келтіріп, «тату елдің тамағы таусылмайды» деп аяқтайтын. Үйден шығарда батаға біз берген тиын-тебеннен асыра орамалға түйіп, қалтамызға «менің жасымды берсін» деп, қайта салып беріп жіберетін. Тоқсан кірген үйден, сексен шығып отырса, орны қайта толады дегенді де ойға аламыз. Мен мұны Жақсылық Ысқақов, Айып Құсайынов, Балтабай Сейсенбеков, Мақсұт Дүйсенбаев, тағы басқа адамдармен барғанда талай байқағанмын.

Жарықтықтың қайталанбас кәріге сән жүрісі, өзіне тән көңілді күлкісі болатын. Күлгенде бүкіл денесімен қозғалып, әрқайсымызға бір-бір қарап, біздің қалай қабылдағанымызды да көзінің астымен байқап алушы еді. Келушілер амандасып, қол алысып, жайласқан соң бәрімізді әңгімеге тартатын және оны алыстан келген адамдардың жасына, мамандығына, қызмет дәрежесіне сай бағыттай білетін. Ал, республика, облыс басшылары келгенде аудан мен ауыл тіршілігі туралы баяндай келе, кейбір проблемалық мәселелерді біздің атымыздан бұрын келісіп қойғандай келтіретін, ішкі сезімі күшті адам еді. Халықты да басшыларын тыңдауға, сыйлауға уағыздайтын, «билік жүргізушібасшы адамдардың да жұмысы оңай емес, он саусақ бірдей емес, отбасын ұстаудың өзі өнер» деп отыратын. Жабдықтарда сөйлеген сөздерінде елді, үлкенді сыйлауға, ауызбірлікке тіршілікте бір-бірімен тату-тәтті болуға, кешірімді және бауырмал болып, адам ажыраса алмайтын дерт – қызғаншақтықтан алыс жүруге шақыратын. Осы жерде ақын Әбділдә Тәжібаевтың мына сөздерін ойға аласың:

«Таң-тамаша бәрі де тіршіліктің,

Лебі жұмсақ татулық біршіліктің.

Атам қазақ азабын тартқан әбден,

Тіршілікті бұзатын күншілдіктің».

Жандарбек атаның бір мінезі кісіні жамандауды, кінәлауды жаратпайтын. «Ол қателескен шығар,ойға келеді» деп кешірімді болуды қалайтын. Балаларым бір-бірімен қатысуда болсын, үлкен шаңыраққа келіп тұрсын деген оймен үйін кеңітіп, қорасын үлкейтіп, отау жасап та үлгерген.Қожекеңнің болашақты ойлаудан шыққан бұл қимылдарын жерлес ақынымыздың сөзімен айтсақ былай шығар еді:

«Келер күннің қамын ойлап жанын сап,

Үйін кеңейткен, тыным таппай дамылдап.

Ұрпақтарым басын қосып тұратын,

Болсын деді-ау осы қара шаңырақ».

Жандарбек қожа – келешекке зор сеніммен қараған адам. Ауылды көркейту, тұрмысты жақсарту, ұрпақты тәрбиелеуге көп көңіл бөлетін. Бірде кейбір ауылдардың жанындағы зираттар қоршалмағаны, қабір үстінен мал жүргені туралы сөз болды. Осыны не істейміз? Ал  қоршалған зираттардың іші де тәртіпке келтірілмеген, құрылыс материалдарының қалдықтарына толы. Оны біреулер зираттың ішіне кірген заттарды қайта шығаруға болмайды деп те қойған. Жәкеңмен ақылдаса келе, зираттың ішін тазартып, басына үй салуға, онда керекті күрек, сүймен, табыт, тағы басқаны қоюға, зираттарды қоршауға келістік. Және ол ойларымызды осы Ақкөл ұжымының басынан бастап, басқа ауылдың басшыларын шақырып, семинар-кеңес өткіздік. Оларға ерте кезде екі мемлекет жауласқанда, қайсысы қарсыластарының бабалары жатқан жерін басып алса, сол жеңді деп есептеген заман болғанын да айттық. Бұл ізгі іс біздің ауданнан Баянауыл, Май және Шарбақты аудандарына да тарады.

«Қажылыққа бару, ауылдық жерде мешіттер салу қолға алынатын керекті нәрсе, ұрпақты имандылыққа баулиды» деп отыратын, жарықтық. Бүгінде облысымызда қажылар саны 100-ден асты, мешіт саны 85-ке жетті. Яғни, он еселеп  өсті. Өлшеулі өмір. Жандарбек бабаға мұны көруді жазбады. Тағдырдың жазуына амал бар ма – адам қонақ. Қамшының сабындай қысқа өмір өте шықты. Осы тұста:

Ей, жамағат, жамандыққа батпай жүр,

Дүниеге келгеніңді ақтай жүр.

Өмыр дәмін татқаныңа разы боп,

Қонаққатән қадіріңді сақтай біл! – дегенді келтіргім келеді.

Әкем, Қожан Павлодар қаласында тұрғандықтан Жәкеңмен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түспеді. Бұл орындалмаған арман болып қала берді. Бірақ әкем қайтыс болғанда, оның киімін таратқанда қасқыр ішігін Жәкеңнің иығына жауып, аяғына саптама етіктерін өзім алып барып кигізгенмін.

Бүгінде Павлодар облысындағы Қазақстан қажылар қауымдастығының филиалы республикалық және облыстық Қазақстан мұсылмандарының діни орталығымен бірлесе отыра «Отанды сүю – иманнан», «Иманды ұрпақ – баянды болашақ» атты семинар кеңес өткізді. Облыс қажыларына, қазақ мектептеріне «Ислам және өркениет» газетін жазып алып, таратуды да ұйымдастырып  отыр. Тірі болса Жандарбек қожа осы ізгі істерден тыс қалмас еді. Жатқан жері жарық болсын,  аруағы бәрімізді жебеп-желесін, нұрын көпке сепсін демекпіз.

Оралбек қажы ҚОЖАНҰЛЫ,

ҚР Қажылар қауымдастығының Павлодардағы филиалының төрағасы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button