Жарық нұрдың сәулесі

Базар қожа

ХҮІІІ ғасырда Хиуалық Ақмешіт маңында Сыр бойындағы Әззер ахунның ауылын шауып мал-жанын айдап кетеді. Солардың ішінде Әззердің 11-12 жастағы ер баласы Ыбырайым да тұтқындалған екен. Көп ұзамай сол бала Қазалы өңірін жайлап отырған қаракесек тайпасының жақау ауылының ұрпағы Шойдың қолына тап болады. Шой баланы қой бағуға қосады. Ыбырайым бір күні малдан шаршап келіп, қотан ішінде ұйықтап жатса, байдың қыздары ойнап жүріп, ұйықтап жатқан баланың басынан жанып тұрған екі шырақты көреді. Қыздар үйіне келіп, «әке малайдың басында шырақ жанып тұр, соны алып бер»,-дейді. Бай баланы алдырып, бас киімін шештіреді. Басында жарқыраған айдары бар екен. Байдың әйелі баланың айдарын қыздарына кесіп алып беріпті. Бала ызаланып, «әкем қойған айдар еді, алмасаң да болар еді» деп, ағаш үйдің белдеуінің  арқанын ұстап тұрып жылағанда кіші дәреті шығып кетіпті. Сол кезде көп қойдан  бір тоқты бөлініп келіп, дәретті жерге сіңірмей жалап қояды. Бала жылаумен  малын бағып кеткен кезде байдың әйелінің қол-аяғының жанып кетіп, тартылып ауырады. Бай кісі жіберіп Қосым қожаны шақыртады. Қосым қожа қасында бір топ адамымен келе жатса, биік нұраың бауырында екі иығында алау шырақ жанып тұрған біреуді көреді. Қосым қожа қасындағы адамдардан «анау адамның екі иығынан жанып тұрған алау отты көрдіңдер ме?» деп сұраса, олар «жоқ көрген жоқпыз», дейді. Онда, «сол адамға жолығайық» дейді. Қосым қасына ерген адамдарымен жақындап келсе, қой жайып жүрген  жас бала екен. Жөн сұраса, өздері іздеп келе жатқан ауылдың адамы екен. Қосым баланы сынамақ ниетпен, «бала жарыссақ қайтеді» дейді. Баланың астында күйі нашар ақсақ ала тайы болады. Бала қысылса да, «жарысайық» дейді.  Қойшының малын Қосым қасына ерген адамдарға тапсырып, баламен жарысады. Бала ауылға Қосым қожадан бұрын барады. Бай Қосым қожаны үйіне түсіріп, қонақ етеді. Қосым қожа манағы баланы шақыртып, мән-жайды сұрайды. Бала елінің шапқыншылыққа ұшырағанын, өзінің тұтқынға түсіп, қой бағып жүргенін, әкесінің аты Әззер, сүйегі – қылыш қожа болады дейді.  Қосым қожа байға «Мына бала қасиетті бала, әйеліңнің науқастануы осы балаға зәбір бергендіктен» дейді. Бай Қосым қожаның айтқанын істеп, баланы Мамыт деген баласымен еншілес қылады. Қосым қожа балаға енді осы қаракесектердің «қожасы» боласың дейді.  Қосым Базар қожаны сынау үшін, «мына құнажын буаз ба, буаз болса ішіндегі бұзауы қандай? «дейді. Сонда Базар қожа ішіндегі меңсіз қара ұрғашы бұзауы бар, ұзамай бұзаулайды деп күніне дейін айтса керек. Айтқаны дәл келеді. Базар қожаның атағы қаракесектер ауылында басына  бақ қонып, елге көріпкелдік, емшілік қасиеттерімен кеңінен тарай бастайды.  Көріпкел әулие тарыққандарға, қиналғанға аян беретін киелі, науқасқа ем жасайтын емші, аруақты адам болған. Базар қожа есейе келе ауыл жігіттерімен жылқы бағуға шығады.  Бір күні жылқыда жүріп қасындағы жолдастарына «жігіттер малға ие болыңдар, маған жол түсіп тұр» дейді. Түс ауа  қос атқа мінген қара көрінеді. Келіп жөн сұраса әлгі жігіт, «Жанқылыш руынан едім, Байдың қызы көптен науқас еді, әлсіз жатыр, талай адамдар жаза алмады. Енді кім жазса, сол кісіге қызымды жасауымен берем, ал жаза алмаса басын аламын деп айтты» дейді. Базар қожа келісіп, ауылға келіп қызды емдейді. Бір аптадан кейін бай қызын көруге келсе, қызы қожаға шәй құйып беріп әңгімелесіп отыр екен.  Бай уәдесінде тұрып, Базар қожаға «қызымды ал» дейді. Қожа:«мен қарадан қыз алмаймын, рұқсат сұрайын» деп кетіп қалады.

Ауылға келгеннен кейін елімді іздеймін деп қаркесектердің үлкенінен бата алып, олға шығады. Ақмешіт жаққа еліне келеді. Туысы бір үлкен қариямен сөйлесіп, өткен-кеткенді еске түсіреді. Сонда қария «Еліңде беделің бар ма, сыйлысың ба? « деп сұрайды. «Базар  қожа. «Иә, аға сыйлымын, ол жақпен туыс болдым, ел қожа деп хан көтереді, сіңісіп кеткенбіз» дейді. «Алланың  жазуы солай, айып емес. Сол елден қыз ал, тамыр жай, сенің елің енді сол жақ» деп батасын беріп қайырыпты. Базар қожа елге келіп, баяғы өзі емдеген қызды алыпты. Шой баласы Бегімбет өзінің баласы Мамытпен Базар қожаны еншілес етті деп жорғарыда айттық.  Енді Бегімбет, Базар қожа үшеуі серттесіп біз туысқанбыз, ұрпағымыз да бір-бірімен туыс болып қыз алысып, қыз беріспесін деп анттасқан екен.

Уақыт жаз айы  болса керек. Баба Жем бойына барып жайлауда отырады. Жем бойының халқы назар, шүрендер қырғыз  Қайдауыл батырмен араларында дау болады.  Қайдауыл батыр қол жинап, жекейлерді шаппақ болып келе жатыр деген хабар жетеді. Халық енді қайтеміз деп амал-айла іздейді. Сөйтіп жекейлер Базар қожаға Қайдауыл батырды келісімге келтіруін сұрайды. Қожа Қайдауыл келсе хабар беріңдер деп тапсырыпты.  Содан Қайдауылдың хабары келеді. Қожа Қайдауылдың алдына шығып, келісімге кел десе, батыр сөзді тыңдамай жекейлерге қарай лап қойыпты. Сонда Қожа Қайдауылдан басқасының  көздерін көрмейтін қылып тастап, қасындағы адамдарға Қайдауылды байлатып алыпты. Амал жоқ, Қайдауыл Базар қожадан кешірім сұрап, келісімге келіпті.

Руы төртқара Жарасұлы Толыбай батыр Кішіқұмды жайлап, Хиуа хандығымен соғысқан, бабамен сыйлас, дос болыпты. Бір күні батыр ауылынан кетіп бара жатып, күн көзіне шағылысып, жылтыраған затты көреді. Келсе, үлкен жылан екен. Өлтіргісі келіп ұмтылса жылан одан бұрын қимылдап, басын үзеңгіге салып алып жүргізбей қойыпты. Содан батыр  баратын жағын өзгертіп, Базар қожаның  ауылына беттейді. Әлгі жылан ауыл шетіне дейін ере келіпті. Оның келе жатқанын күні бұрын біліп отырған қожа балаларына  «қаптаған жаудан беті қайтпағанда  кішкене шегірткеден қорқып астындағы атын құрбандыққа шалған Толыбай келеді, қамданыңдар» депті. Толыбай Қожамен әңгімелесіп, батасын алып аттаныпты.

Көрші ауылдың Жолдасбек деген адамы жол жүріп келе жатып түзге отырады. Сол кезде құйын айдаған қаңбақтан үріккен аты шылбырын жұлып қашыпты. Жолдасбек атын ұстай алмай шаршап, бабаға сыйынып, төбеге шықса, аты тобылғыға қазық бау шалынып байлаулы тұр екен. Жолаушы атына мініп шаруасына барады. Біраз уақыт өткен шамада әлгі адам бір жұмыспен Қожаның ауылына барыпты. Сол жерде бабаға кездесіп, жөн сұрасып әңгімелеседі. Сонда баба:«есіңде ме атың қашқанда мені шақырғаның. Мынаған қазық бау шалынып байланған еді» деп сұқ саусағын көрсетеді. Саусағының шылбыр байланған жері бунап қызарып тұр екен дейді.

Бір күні баба намаз оқиын деп жатып миығынан күледі. Намаз оқып болған соң әжеміз: «Қожеке, неге күлдіңіз?» дейді. Сөйтсе, бір ұры біреудің түйесін торып жүріп ұрлап ала жөнеледі. Мұз қатқан күзгі қара суық екен. Мал иесі сезіп қалып тұра қуыпты. Қорыққан ұры сасқанынан теңізге қарай қашып, Базар қожа жәрдем ет деп сиыныпты. Сол сәтте тұман түсіп, мал иесі кейін қалып адаса бастағанда «Ақ адал малымнен айырылғаным ба? Базар қожа әулие жәрдем ет» деп сыйынса, тұман ашылып, мал иесі ұрыны қуып жетіп ұстамақ болғанда екеуінің арасынан мұз ойылып түйе иесінде қалып, ұры аман-есен құтылған екен. Баба соны біліп күліпті.

1954 жылы Арал ауданына қарасты «Амангелді» колхозы баба бейітінен бір-екі шақырым жерге егін салады. Салған егіндері шықпай қалады. Келесі жылы колхоз сол  араға мал қыстайтын баз салыпты. Жазғытұрым өріске шыққанда іргеде орналасқан баба қорымына сүйкеніп, төңіректің ақ шаңын шығарады. Бір күні баба ұрпағы Елеубай баласы Ханқожа колхоз басшыларына барып, түсінде бабасының аян бергенін ол жерден малдары мен мал қорасын алып кетуді өтінеді. Бірақ колхоз басшылары құлақ аспайды. Алайда мал қоралары өртеніп, мал шығын болады және сол жылы төл де алынбай қалды. Оның үстінен колхоз кеңсесі өзі-өзінен қайта-қайта өртеніп, колхоз басшылары әбден әбігерге түседі. Екінші қайтар аян беріп, колхоз басшылары жағдайды түсініп, бейіт басына барып сиынып, қораны көшіріп алып кетеді.

Баба қайтыс болған соң басына жұрт айта жүретіндей етіп күмбездеп бейіт салуды ұйғарысады. Күмбез салуға бабаның бір өзбек досы басшылық еткен. Ол кісі қожа баларымен келісіп, Атамұрат деген есімді шеберді жалдаған. Шебер бейіт қабырғасын қалап, төбесін көтерейін десе, көзіне қабырғаны сүзіп құлатып жатқан қошқар елестейді.  Қараса, қабырғасы құлап жатады, осы жәй бірнеше қайталанады. Құрылыс жүрмей қалады. Шебер қорқып, бейітті салудан бас тартады. Баба балаларына аян беріп, шебер кетпесін қыр жақтағы баларым құрылысқа деп бір жылқы берді, соны шеберге мінгізіңдер және мен де Аллның қарапайым пендесімін, ешкімнен артық емеспін. Бейітті төртқұлақ етіп салыңдар депті. Ұста бейітті төрт құлақ  етіп салып, қыр жақтағы балалары беріп жіберген жылқыны мініп кетіпті. Қазалы аудынының Бекарыстан би ауылынан солтүстікке қарай екі-үш шақырым жүргенде Қотан көл деген көл бар. Көл жиегінде Базар қожа бейіті тұр. Осы бейіттің жанынан ұрпақтары бірігіп ескерткіш тұрғызды, тілеухана салды.

(Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы атты кітаптан алынды)

 

ТҮС НЕМЕСЕ БАЗАР ҚОЖА ХАҚЫНДА

Қазалыдағы Бекарыстан би ауылында жатқан Базарқожа баба туралы аңызға бергісіз әңгіме ел арасында жиі айтылады. Оның талай кереметтерін білген жұрт баба басына жиі тәу етеді.

Бірде жақын ағайыным өзінің бала күнінде басынан кешкен жайды баяндады.

– Мектепке бармаған кезім. Білмеймін, үлкендердің айтуынша лас, жаман жер басқандыкі ме, әлде басқа ма әйтеуір медицина түсіне бермейтін дертке шалдықтым. Түн ішінде түс көрем. Үлкен бір трактор басатындай жақындап келеді.  Мен қорқып, шырқырап жылап оянам. Үлкен шешемді «апа» дейтінбіз. Өзің білесің, ол сол бабаның ұрпағы, яғни қожаның қызы. Сол апамның жанына ұйықтайтынмын. Әлгіндей жағдай күнде қайталанады.  Апам білген дұғасын оқып далаға алып шығатын да, мен де шыққан бойы кіші дәретімді шығарып, оның шашырындысы аяғыма тигенде  селк етіп есімді жияды екем. Апам қайта жуындырып, жылы төсекке жатқызады. Баламын ғой, күндіз ойнап жүріп ұмытып кетем. Түнде қайтадан сол шошып ояну, сол түс. Есім кіресілі-шығасылы. Тек жылай берем. Осылай біраз уақыт өтті. Апам шыдамады білем, көрші ауылда тұратын туған әке-шешеме хабар салды. Ананың аты қашаннан ана емес пе, ертеңіне-ақ жетіп келген. Келе Қазалы, Арал аралатып, тамыр ұстайтын тәуіп, бақсы-балгер, әйтеуір көрсетпеген емшісі қалмады. Соңында Қазалыдан бір емші қария «ауылдарыңа жақын жерде жатқан атақты, әулие кісі бар. Яғни өз аталарың. Баланы сонда түнетіңдер» деген көрінеді.

Шешем екеуміз кейін қайттық. Апам емшінің сөзін естіген соң бірден «Базар атам басына барамыз, дайындалыңдар» деді. Кешке керек-жарағымызды арқалап, жаяулап атаның басына тарттық. Ауылдан 10 шықырымдай жерде орналасқан Базарқожа басына күн батпай жеттік. Апам, әкем, шешем, сосын мен.

Хош, сонымен сол күні біз бабаға арнап салған түнеухана ішінде жаттық. Біразға дейін елегізіп жатқаныммен ұйқы жеңді. Түс көріппін. Жалғыздан-жалғыз үй сыртындағы арықта шомылып жүрмін. Судан шыққым келмейді. Өңімде ол  каналға шомылмақ түгілі, жақындауға қорқатынмын. Ертеңіне апама түсімді айтып бердім.  Ал әкем болса  түсінде бiреулермен алысып шығыпты. Бірде жеңген, бірде жеңілген. Апам бұған үндемеді, қабағын шытты да қойды. Бәрінен де шешемнің түсі әсерлі әрі қорқыныштылау болып шықты. Түс деуден гөрі тап бір өңінде болған сияқты.

– Түн жарымында оянып кеттім, – дейді шешем сонда. – Әрі қарай көзім ілінбеді. Әлдене түнеухананың сыртқы есігі жағынан тысыр еткендей болды. Аяқ дыбысы естіле ме? Тұрып қарасам. Шашы жалбыраған кішкентай қыз. Түн жарымында мынадай айдалада не қылған қыз бұл деп ойлағанымша болмады, маған жақындай түсті. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз секіріп келіп, екі иығымды баса мені құлатпақшы. Дереу күшімді жинап, құламауға тырысып, өзін кері итердім. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз ғайып болды. Апам бәрімізді тыңдап болды да, тағы да үндемеді. Қайтуға жиналдық. Ауылға келген соң, апам мені шешеме қосып, Қазалыдағы тәуіп шалға қайта жіберді. Бабаның басында болғанымызды, көрген түсті түгелдей айтуды қадағалап тапсырды. Біз жолға қайта шықтық.

Шешем келе тәуіпке көрген түсімізді санамалап айтып шықты. Қабағы түксиген қара шалдың көзі қорқынышты еді. Тыңдап болған соң:

– Күйеуің іше ме? – деді. Шешем қипақтады. Әкемнің ішетінін мен де білетінмін. Шал жауап күтпестен сөзін жалғады. – Күйеуіңнің түсінде алысып жүргені, арақтың кесірі. Оларды жеңгені, демек келешек ащы суды біржола доғарып, дін жолына түседі. Ал баланың суға шомылғаны,  тазаланғаны, енді ұйқысы да тыныш болады. Дерттің бетін қайтарған Базарқожа бабаларыңның рухы. Бұл дертті жазудың кілті менде емес, сонда жатқанын білдім. Ал, саған қөрінген әлгі  қыз, жын болатын. Егер ол қыз ұмтылып сені құлатқанда балаң өмірбақи сол дертпен кетер еді. Алла қалап, бабаларың  қолдап, сен оны жеңдің, – деп әңгімесін аяқтады. Міне, содан бері көп жыл өтті. Аллаға шүкір, бабаның басына қонып, дертіме шипа тапқан осы бір оқиға есімнен кетпейді. Содан кейін шешем «Сауда атам» дейтін, былайғы жұрт Базар Қожа атайтын аруақты кісі туралы үлкендерден шежірелі әңгімелер де есіттім, кітаптар да шықты.

Базарқожа баба ХVІІІ ғасырда өмір сүрген кісі. Қылыш бабаның Әззер деген ұлынан тарайтын оның шын аты – Ыбырайым екен. Жаугершілік заманда қазіргі Қызылорда қаласының маңын мекен еткен Әззер ахунның ауылын хиуалықтар шабады. Сол шабуылда 12 жасар Ыбырайым тұтқын боп кетеді. Көп ұзамай бала Қазалы өңіріндегі қаракесек руының атақты байы Шойдың қолына түсіп, ол баланы қой соңына салып қояды.

Бала Ыбырайым қой бағып жүрсе, байдың кішкене тәлпіш екі қызы баланың басынан жанып тұрған шырақты көрдік дейді. Екі қыз көргенін бәйбішеге айтып, шешелері баланың басындағы бөркін шешсе, басында айдары бар екен. Ерке қыздары үшін баланың жылағанына қарамастан, шешесі жарқыраған айдарын кесіп алғанға ұқсайды. Сол күні бала да жылай-жылай ұйықтап қалады. Бәйбіше сол күннен бастап қол-аяғы тартылып, жаны кетіп ауырады. Дәулеті тасып тұрған бай жан-жақтан емші-бақсыларды жинағанмен, ем қонбаса керек. Сол кезде үш жүзге пір болған, Тәуке ханның тұстасы Мүсірәлі қожаның баласы Қосым қожаға хабар жіберіледі. Аттанған хабаршы Қосымды әкеле жатса, алыстан қой бағып жүрген баланы көзі шалады. Баланың басынан шырақ жанып тұр. Қосым қасындағы серіктеріне бұрылып:

– Анау бала тегін емес. Басынан шырақ жарқырай ма? Сендерге көріне ме? – деп сұрапты. Серіктері басын шайқайды. – Онда балаға бұрылайық.  Бала да аттылардың алдынан шығып сәлемдеседі. Қосым баланың астындағы тайдың ақсақ екенін байқап, әдейі сынамаққа, жарысуға қолқа салады. Баланың астындағы ақсақ ала тай сонда аруақтанып, ауылға қарай бірінші келген. Содан кейін бұлар жөн сұраса келе, бала әкесінің Әззер екенін, сүйегі Қылыш қожа екенінен хабардар болады.  Бай бәйбішесінің ауруының кілті осы балада жатқанын түсінген Қосым қожа байдан қой соңынан босатып, өзіне бір бала етіп асырап алуды бұйырып, сол елге қожа етіп кетеді. Тегін адам тек жатпайды, әйтеуір оның бір қасиеті, наласы соғатынын бай да түсінсе керек, келісіпті дейді сонда көнекөз қариялар. Қосым қожа айтты дейді сонда, «Біз қожа деген халықтың пешенесіне елге иман мен дін хақын түсіндіру жазылған. Жан-жақта жүретініміз де сондықтан. Сен енді осы елге қожасың! Өзіңді иең базарлап жүріп қолға түсірген екен, сенің ендігі атың «Базарқожа» болсын» депті. Ыбырайым аты осылай ұмытылып, Базарқожа аталған. Сол заманда көріпкелдікті сынаудың бір тәсілі болса керек, Қосым атамыз аттанар алдында балаға байдың көп сиырының ішінен біреуін көрсетіп, «осы құнажын буаз ба, буаз болса ішіндегі бұзау қандай?» десе, Базарқожа бабамыз «иә, буаз, ішінде меңсіз қара бұзауы бар, көп ұзамай  бұзаулайды» десе керек. Айтқаны айна-қатесіз келген.

Қосым қожа батасын берген Базарқожаның емшілік, көріпкелдік қасиеті жөнінде кеңінен таралған әңгімелер көп-ақ. Көріпкел, әулие, тарыққанға, қиналғанға аян беретін киелі, аруақты адам болған. Дүние-мүлікке қызықпаған. Ел арасында үлкен сенімге ие болып, қарапайым күн кешкен. Дүниеден көшер алдында балаларын жиып, өзінің мәңгілік жатар жайын қарабайыр төрт құлақ етіп салуды бұйырған. Бірақ баба дүниеден қайтқан соң балалары бейітті күмбезден тұрғызған көрінеді. Бейіт қалай салынып бітті, солай таң ата көк қошқар ғайыптан пайда болып, үлкен мүйізімен сүзіп құлатып кететін көрінеді. Осы жағдай екі-үш рет қайталанады. Амал жоқ, балалары аруақты әкенің айтқанын істеп, басын төрт құлақ етіп тұрғызған. Құдіреттілігі сол, екі ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі құламай, қаз-қалпында тұр.

–  Өзім мына кереметке таңғалдым, – деп ағам сөзін жалғап. – 2004 жылы баба ұрпақтары басына үлкен ас беріп, биік ескерткіш-кесене тұрғызды. Үш мыңнан астам халықтың алдында сонда бабаның бейнесі ақ жылан болып көрініп, қорымнан шықты. Базарқожа бабамыздың өз бейітінен шыққан жылан, кесененің басқышымен өрмелеп, басын тік көтерген бойы елмен сәлемдескен. «Аруақ! Аруақ!» деп шуласты халық. Ақ жылан сол бойы қайта төмен түсіп, қорымға қайта кірді. Сондағы ел көрген ғажайыптың тегін емесін білдік.

Иә, Базарқожа баба өзіне тәу етіп келген ұрпақтарын әлі де жамандықтан қорғап, аурудан жазылу жолдарын нұсқайды. Оған еш күмән болмасын.

Ержан ҚОЖАСОВ, №67 орта мектеп директорының орынбасары.   Арал ауданы.

Базарқожа әулие

Базарқожа бабаның ұрпағы Бөріқожа Бұқарбайұлы ауданымыздағы білім саласында ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарды. Бастауыш сыныптарда жүргенде ол кісіден мен де дәріс алғанмын. Осы ардагер ұстазымның қасиетті атасы жөнінде жазып қалдырған жазба деректері қолыма тиіп, көп жайларға қанық болдым.
***
Қазалы жері – халқымыздың текті, киелі перзенттерінің Отаны. Оларды халқымыз әулие тұтып қадірлейді. Соның бірі – Базарқожа әулие.
Әдетте қожаның арғы тегі арабтан шығатыны белгілі. Базарқожа қазақ еліне ислам дінін таратуға келген  Атақты Қылыш қожаның ұрпағы.
Базарқожаны кішкентай кезінде біздің жердің белгілі адамдары жаугершілікте, сонау Түркістан жағынан алып келіп, өзіне еншілес бала қылып алған көрінеді. Базарқожа киелі әруақты әулие болған. Енді ел аузында жүрген әңгімелерге кезек берелік.
Үш жүздің пірі болған, Сопы Әзіз атанған атақты Мүсірәлі әулиенің баласы – Қосым қожа әулиенің жасы ұлғайып, қартайған шағы болса керек. Қасына ерткен нөкерлерімен жолаушылап келе жатып, биік нұраның баурайынан алаулап жатқан от-жалынды көреді. Нөкерлеріне: «Анау жанып тұрған отты көрдіңдер ме?» – деп сұраса, олар: «Көрмей тұрмыз»,– деп жауап беріпті. «Онда соған барып білейік»,– деп келсе, ылдида қозы бағып жүрген жас балаға жолығады. Манағы аспанға көтерілген от-жалын әлгі қозы баққан баланың екі иығында жанып тұр екен.
Қосымқожа қозы баққан бозбала – Базарқожаның кереметін көрген соң тағы да сынамақшы болып:
– Ауылға барғанша жарыссақ қайтеді? – депті.
Базарқожа болса абдырап қалып:
– Ата-ау, мына жауыр тайға сеніп, қалайша жараулы атпен жарысамын, – десе керек.
– Нар тәуекел деп көрші, – деп қолқа салыпты үлкен кісі.
Арқасы жауыр ала тайға мінген жас бала әп дегеннен-ақ жарысқандарды артта қалдырып, шаңын көрсетіп, көзді ашып-жұмғанша ауылға бәрінен бұрын жетіпті.
Сол кездегі көріпкелдікті сынаудың бір тәсілі болса керек, көп сиырдың ішінен бір құнажынды көрсетіп: «Осы құнажын буаз ба, буаз болса ішіндегі бұзауы қандай түсті?» – деп сұрапты. Сонда Базарқожа: «Мына құнажын буаз. Ішінде меңсіз ұрғашы қара бұзауы бар. Ұзамай бұзаулайды»,– десе керек. Айтқаны айна-қатесіз дәл келіпті…
Осыдан бастап Базарқожаның басына бақ қонып, елге көріпкелдік кереметтері арқылы кеңінен тарай бастаған. Бұл хабар жер-жерге жетіп, халық оған ағылып келе бастайды.
Базарқожа әулие осыдан 270-300 жылдай бұрын өмір сүрген. Негізгі қонысы қазіргі Бекарыстан би ауылының территориясында болған. Көріпкел әулие тарыққанға, қиналғанға аян беретін киелі әруақты Базарқожа емші ретінде де халыққа көп көмегі тиген. Ел арасында имандылық ұрығын сепкен тақуа адам болған.
Бір ауылдағы байдың қызы (айтушылар Қаракесек Қонай бай еді дейді) ес-түссіз денесінің әр жері тесіліп, жазылмас дертке шалдықса керек. Маңайындағы тәуіп-емшілердің емі дауа болмағасын алыстан ат арылтып, Базарқожа тәуіпке әкеліп көрсетіпті. Дереу ту биенің ішін жарып жіберіп, жылы қанымен әлгі қызды жуындырып болғасын түс ауа: «Балам енді жазылдың. Қайта бер»,– деген екен. Сол қыз кейін тұрмыс құрып, бір тайпа елге ана болыпты.
Осындай киелі емімен Базарқожа бабамыз су қараңғы соқырды, екі аяғынан баса алмай қалған мешелді түрлі шөптермен емдеп, құлан-таза айықтырып жіберген.
Ел аузында әулие баба әруағының ғажаптығы жөнінде түрлі әңгіме көп. Соның бірі мынандай.
Қола деген бай жылқы қарап жүріп, дүзге отыру үшін атынан түскен. Атының шылбырын бостау ұстаса керек. Бір кезде ойда жоқ жерден аяқ астынан күшті құйын тұрып, домалап келе жатқан қаңбақтан үріккен ат ышқына тартып, шылбырды қолдан шығарып жібереді. Үріккен ат шығандай қашып, иесіне ұстатпайды. Қуа-қуа әбден титықтап шаршаған Қола шарасыздықтан не қыларын білмей қатты қиналады. Содан тізерлеп отыра қалып:
– Иә, Базарқожа әулие, мен айдалада қалатын болдым ғой! Маған көмектесе көр! – деп жылап тілек тілейді.
Бір кезде қараса, әлгінде ышқына қашқан ат анадай жерде тұр. Жақындап барса, бір болымсыз томашаға қазық бау шалынып, байланып қалыпты…
Кейін Қола Базарқожаға кездескен екен.
– Әй, Қола, әнәукүні әуре болып атыңды ұстай алмағанда маған жалбарынып едің. Сол атты ұстаған менің мына саусағым еді ғой, – деп сұқ саусағын көрсетіпті. Қараса, оң қолдың сұқ саусағы ісініп, қызарып-қанталап, бунақталып қалған екен.
Базарқожа бабамыз барынша қарапайым өмір сүрген. Барды қанағат тұтқан, жұрттан ерекшеленуді қаламаған. Ғұмыр бойы тұрмыста қарапайымдылығын сақтаған ұлы баба бақилыққа аттанғанда тірідегісін қайталаған тахуалығын көрсеткен.
Базарқожа әулие қайтыс болғасын балалары өзара ойласа келе, әкесіне былайғы жұрт айта жүретіндей биік етіп үйтам салуға ұйғарым жасайды. Базарқожаның көп жылдан қатысқан өзбек досы, Қазалы қаласында тұратын Атамұрат есімді қолынан өнері төгілген шебер ұстаны шақырып, құрылысты бастайды. Әлгі кәсіпкер ұста үйтамның қабырғасын көтеріп, күмбезін қалауға жақындай бергенде ертеңіне қараса, бір жақ қабырғасы құлап қала береді. Осылайша бір-екі рет қайталанады. «Бұл қалай болды?» деп қиналып жүргенде Базарқожаның Жарылғап деген баласы түс көріп, әкесі аян береді. «Маған үйтам салдырып әуре болмаңдар. Оның аты – ысырап. Ол – шайтан ісі. Мен тірімде ысырапты жақтырмаған адаммын. Маған төрт құлақ етіп қана шағын қоршау салсаңдаршы» деген. Қазіргі кезде шырақшы қойып, ел жиналып жүрген Базарқожа әулиенің төртқұлақ тамы әлі өзгерген жоқ.
Әулие бабаның киесі жайлы мына бір жайтты айтпасақ болмайды. 1954 жылы Арал ауданына қарасты «Аманкелді» деген колхоз (баба қорымынан бір-екі шақырым жерде осы колхоздың орталығы болды) егін саламыз деп әулиенің қорымына жақын жерге арпа, бидай еккен. Бірақ егін судан қалып, ешқандай өнім алынбаған. Келесі жылы колхоз сол араға мал қыстайтын жабық баз салған. Жазғытұрым мал өріске шыққанда іргеде жатқан қорымға сүйкеніп, төңіректің ақ шаңдағын шығарған. Сонда Базарқожаның ұрпағы, Елубай қожаның баласы – Ханқожа колхоз басшыларына барып, түсінде атасының аян бергенін айтып, малды басқа жаққа көшіруін өтінген. Бірақ басшысымақтар бұл ескертуге құлақ аспаған. Көп ұзамай, қорадан түнде өрт шығып, мал өлімі орын алады. Сол жылы төл де аз болыпты. Оның үстіне аяқ астынан колхоз кеңсесіндегі ақша салынған касса өртеніп, колхоз басшылары әбден әбігерге түсіпті. Бірінен соң бірі орын алған оқиғадан кейін колхоз басшылары Базарқожа әулиеге келіп сыйынып, жалбарынып тәубеге келеді, – деп отыратын «Шөмішкөлдегі» Манас, «Шабантүбектегі» Күніке ақсақалдар.
Базарқожадан тараған әулеттер Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Қарақалпақстан елінде тұрады. Қазалы жерінде төрт шаңырақ Базарқожаның Балқожа деген үлкен баласынан тараған. Балқожаның балалары: Даңғара қожа ұрпақтарына бабаның емшілік қасиеті дарыған. Жарқын қожа. Баласы – Тілеуқұл, одан Смет, Файзулла туған (бұларға он саусағынан өнері тамған ұсталық өнері дарыған). Жанқожа балаларына (Жарылғап қожа, Жарылғасын қожа) атасынан аян беретін-түс көріп, оны жору қасиеті дарыған. Балқожа бабаның ең кішісі – Толыбай қожа жер қыртысын аударып, егіншілікпен айналысқан, халыққа сол арқылы шарапаты тиген. Бір жылдары қатты қуаңшылықтың салдарынан егін шықпай қалып, халық ашаршылыққа ұшырағанда Толыбай қожаның балалары еккен қауын мен асқабақ бір тайпа елді тойғызып, келесі жылдың аяғына дейін жеткізген екен. Бұл атамыздың көріпкелдігі туралы да аңыз көп.
Халық осы кезге дейін Базарқожа әулиенің үлкен баласы – Балқожадан тараған ұрпақтарын сыйлап құрметтейді. Жоғарыда айтылған Тілеуқұл балалары: Смет қожа мен Файзулла қожа ел арасында аты шыққан зергер, ұста екен. Күмістен көк сауырлап ер соғатын шебер зергер болумен бірге, Кеңес өкіметі кезінде ауданымыздағы «Солжаға» МТС-інде отыз жыл бойы еңбек еткен. Соғыстың ауыр жылдарында ауылшаруашылық техникалары трактор, комбайн, автомашина, тағы басқаларының бөлшектерін көрікке салып, темірді балқыту арқылы қолдан жасаған. Ол кезде МТС-тің директоры Қожәли Өтепбергенов еді.
Жанқожа баласы – Жарылғап қожаның өзі және оның баласы Абыз қожаға атамыз аян беріп, түс көруді берсе, оның қызы – Күнқияш түс көріп, аян қабылдап, жұрттың жоғын тапқан.
Толыбай баласы – Елубай ғұмыр бойы адал еңбегімен жер қыртысын аударып, егін егіп, елге қайырқомын тигізген. Сырдарияның «Қос иірім» деген жерінде «Елубай әремі» деген жер әлі бар. Кезінде су баратын арықты бір өзі қазып жеткізген. Дария жиегіндегі шеңгел, жиде өскен аумақты қыршып, орнына егістік жер жасаған. Осы жерге байырғы халық сонау ашаршылық жылдарында, соғыстың қиын кезінде егін салып, бала-шағасын асыраған.
Базарқожаның үлкен баласы Балқожаның үлкені – Даңғара қожаның ұрпақтарына емшілік қасиет дарыған. Даңғара баласы Бұқарбайқожа халыққа белгілі емші болған. Ол өмірінің ақырына дейін шөптен, мал майынан уыттап, дәрі-дәрмек жасап беріп, ауырып-сырқағандарға көмегін көп тигізген.
Базарқожа әулиенің бейіті қазіргі Бекарыстан би ауылының жоғарғы жағы – «Қотанкөлдің» жиегіне орналасқан. Сол төңіректегі Кішкене атаның ұрпақтарының үлкен-кішісі басы ауырып, балтыры сыздаса, жоқ іздесе, Базарқожа әулиеге түнеп, жалбарынып сыйынады, баба бейітіне тәу етіп, садақа таратып, Құран оқытады.
Әулие баба бейіті жанында зиярат етуге келгендер үшін түнеухана салынған. Онда барлық жағдай жасалынған. Іші қазан-ошақ, кесе-шәйнек самаурындар, төсек орын, тұс киіз, кілемдермен жабдықталған. Басында шырақшысы бар.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button