Рабғұзи

Қисса Ғұзайыр Ғалайһи-Уәссәләм

Ғұзайыр ғ.с.-нің атасы Шархиса Шам жерінде Хаснұры атты елде тұрды. Бұнда Бәни Ісраил қауымы өздерінің пайғамбарларын өлтірген еді. Хақтағала оларға Бахытнасыр атты залым патшаны жіберді. Ол Бәни Ісраилдан көп кісі өлтірді. Екіқабат әйелдердің қарнын жарып, баласын да, өзін де өлтірген болатын.

Ғұзайыр ғ.с. жеуіне азық, ішуіне су алып, есегіне мініп, ауылынан қашты. Жолда Байтүл-мақдиске келді. Олардың үйлері бұзылған, адамдары басқа жаққа ауған. Байтүл-мақдистің кісілері өлген. Мұны ойрандаған Бахытнасыр еді.

Ғұзайыр ғ.с. бұл мәйіттерді көріп, «Алла тағала бұларды қалай тірілтер екен?» – деді. Сонда күмән келтіргені үшін Алла тағала Ғұзайырдың жанын алып, жүз жылдан кейін тірілтті. «Қанша жаттың?» – деді Әзірейіл. Ғұзайыр ғ.с: «Бір күн жаттым», – деді. Күн батқанда тірілген еді, ұйқтаған күнім сол кез деп ойлады. Алла тағала: «Сен жүз жыл жаттың. Алған азығыңа, суыңа қара, өзгерді ме екен?» – деді. Ғұзайыр ғ.с. алғаны інжир жемісі, сусыны жүзім суы еді. «Есегіңе қара!» – деді. Есегін байлаған жерге барса, әлдеқашан өліп, сүйегі қурап қалған екен. Алла тағала әмірімен есекті тірілтті. Есек орнынан тұрып ақырғанда, Ғұзайыр ғ.с. айтты: «Мен білемін, Алла тағаланың бар нәрсеге күші жетеді».

Ғұзайыр ғ.с. жүз жыл өтіп, қайта тіріліп, ауылына, үйіне келді. Ұлы қарсы жолықты. Ғұзайыр ғ.с: «Балам, амансың ба?» – деді. Ұлы айтты: «Мені мысқылдап тұрсың ба, мен қалай сенің балаң боламын?» – деді. Ғұзайыр айтты: «Мен сенің атаң Ғұзайырмын», – деді. Ұлы нанбады. Ғұзайыр ғ.с. қырық жаста сақалы қара еді. Ұлы ол кеткенде жиырма жасында еді, жүз жыл өтіп жолыққанда жүз жиырма жастағы ақ сақалды қарт болыпты. Ғұзайыр ғ.с. екеніне қауымы да, ауылы да сенбеді. Олар айтты: «Ғұзайыр Тауратты жатқа айтушы еді, сынайық», – деді. Ғұзайыр Тауратты жатқа айтқан соң, бұлар бұл кісі Ғұзайыр екеніне сенді. Бірақ Ғұзайыр Алланың ұлы деп олар кәпір болды.

Ал Ғұзайыр ғ.с.-нің ұлы оны өзінің әкесі екеніне нанды.

Күндерде бір күн Ғұзайыр ғ.с. айтты: «Уа, Жаратқан! Құлдарыңды өзің жазықты қыласың, жазықты болса не үшін азапқа тартасың?» – дегенде хабар келді. «Әй, Ғұзайыр! Бұл менің ғылымым. Әміріме разы бол, себебін сұрама. Егер және бір сұрасаң, есіміңді ізгілер тізімінен өшіремін, жауыздар дәптеріне жазамын» – деді.

 

ҚИССА АРМАЯ ҒАЛАЙҺИ-УӘССӘЛӘМ

Бәни Ісраил тура жолдан азды. Хақтағала оларға Армая ғ.с.-ді пайғамбар етіп жіберді. Ол: «Әй, қауым! Алланы жалғыз деп біліңіз. Ғұзайыр Алланың ұлы емес. Алла тәрбәрәкке уа тағаланың ұлы да, әйелі де жоқ», – деді.

Ісраил азғындықта болды. Армая ғ.с.-нің уағыз насихатын құлағына ілмеді. Армая ғ.с. айтты: «Бәни Ісраил қауымы көп күнәға батты. Алла тәбәрәкә уа тағала сіздерге Нәжетнасыр залымды патша етеді. Нәжетнасыр үлкендеріңізді өлтіріп, кішілеріңізді бауыздап, Тауратты отқа жандырар», – деді. Бәни Ісраил халқы ашуланып Армая, ғ.с.-ді ұстап зынданға салды. Көп уақыт өтпей, Нәжетнасыр келіп, үлкендерін өлтірді, кішілерін азаптады. Бәни Ісраил Нәжетнасырға: «Әй, патша! Мұнда зынданда бір кісі бар. Сен келмей тұрып, осы оқиғалардың бәрінің болатынын айтып еді. Сонда біз нанбаған едік», – деді. Нәжетнасыр: «Ол кісіні алдыма әкел! Көремін», – деді. Әкелген соң онан сұрады: «Менің келетінімді кім хабарлады?» – деді. Армая ғ.с: «Алла тәбәрәкә, уа тағала хабар берді», – деді. Нәжетнасыр айтты: «Мен сені сақтаймын, осы елге ұлық етемін», – деді. Армая ғ.с. айтты: «Мені Алла тағала сақтар. Сенің ұлық қылуыңа, сақтауыңа сенімім жоқ. Егер Бәни Ісраил Алла тағалаға сиынса, Алла тағала сені оларға патша етпес еді», – деді.

Неше күннен кейін Нәжетнасыр Бәни Ісраил елін ойран қылып кетті. Қалғандары Армая ғ.с.-ға келіп: «Әй, Армая, Нәжетнасыр бізді және келіп қинар. Біз Мысыр патшасына барып бағынамыз. Не айтасың?» – деді.

Армая ғ.с. айтты: «Мысырға бармаңыз. Құлшылықпен, ғибадатпен шұғылданыңыздар. Алла тәбәрәкә уа тағалаға сиыныңыз!» – деді.

Бәни Ісраил Мысыр патшасына бағынды. Нәжетнасыр Мысырға хат салып: «Әй, Мысыр патшасы, менің құлдарым саған қашып барады. Хат бара сала менің құлдарымды тез қайтар», – деді.

Нәжетнасырдың хатына Мысыр патшасы жауап жазды. «Әй, залым Нәжетнасыр! Бәни Ісраил сенің құлың емес, Алланың құлы, пайғамбар нәсілі. Саған әлбетте оларды бере алмаймын», – деді. Нәжетнасыр Мысыр патшасының хатын алған соң ашуланып, көп әскер жинап барып Мысыр патшасын әлек қылды. Бәни Ісраилды Армая ғ.с.-ға жіберді. Армая ғ.с. оларды алып, Байтүл-мақдиске келді. Сөйтіп, сол жерде үйлер, мешіттер салды.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button