Рабғұзи

Қисса Лүт ғалайһи-уәссәләм

Өз қауымынан: «Егер сен пайғамбар болсаң, Алланың азабын алып кел», – деп сөз естіген Лүт пайғамбар еді.

Лүт ғ.с.-ның атасы Ібраһим ғ.с.-ның атасымен тума еді. Бірі – Азар, бірі – Хазар болатын. Ібраһим ғ.с. Мысырға жақындаған сәтте Алладан әмір келіп, Лүт ғ.с.-ды Мүәтифкәтқа жіберген еді.

(Мүәтифкәт Мүкәзбәт – яғни жалғаншылар мағынасында), Мүәтифкәт шаһарының патшасы – Чандом, уәзірінің аты Комоз еді. Олардың Зайғал, Сәд, Симоз, Кауб, Қарт атты бес пұттары бар болатын. Барша шаһар халқы осы бес пұтқа табынатын.

Ыдырыс ғ.с. заманынан Лүт ғ.с. заманына дейін Мүфтифкәттан артық рыздығы мол жер жоқ еді. Мұндағы халықтың азғындығы шектен шыққанда Хақтағала бұлардың рыздығын алды. Бұрын патшаның маңайындағы халық әр жылы келіп азық-түлігін осы шаһардан алып тұратын. Кейін сырттан келетін халыққа салқындық танытып: «Биылғы жылы азық өзімізге жетпейді, оның үстіне күн суық болады. Сондықтан сіздерге берер азығымыз жоқ», – деп келген халықты құр қол аттандыратын. Бірақ шеттен келген халық бұл бұйрықты тыңдамаған соң уәзірлері Чандом патшаға айтты. Чандом: «Зайғалға барып айтыңыз», – деді. (Зайғал – пұттың аты). Олар келіп пұт тәңіріне зарланды. Осы сәтті пайдалану үшін Ібіліс малғұн адам балаларын тамұқтық қылу үшін нәжістікке, ластыққа жол көрсетті. Ол азғындықтың түрі мынадай еді. Хақтағала Ғабә ес, яғни Хәбә хәт – деді. (Хәбә әс – ерлер мен ерлердің жыныстық қосылуы).

Пайғамбар ғ.с. айтқан, ер адам – ер адамға аттанса, көк тітіреп, періште лағнет оқиды. Оның азабының қиындығы соншалық, шайтан да қорқып қашар.

Сүлеймен ғ.с. Ібілістен: «Саған азғындықтың қайсысы сүйіктірек?» – дегенде, Ібіліс малғұн: «Ерлер мен ерлердің жұмағасы, әйел мен әйелдің жұмағы болуы», – деді. Сүлеймен ғ.с: «Ол әрекет саған несімен сүйікті?» – деді. Ібіліс: «Алла тағала бұл істі қылған жан иесіне өте қаһарлы. Хақтағала ашуы кімге қатты болса, оны тәубадан жырақ қылып, тамұқта маған жолдас етеді» деді.

Лүт қауымының әдеттері: ұтыс ойынын ойнау, пердесіз моншаға кіру, мал мен малды сүзістіріп, әтеш пен әтешті соғыстыру еді. Осы себепті де Алла тағала Лүт қауымынан береке бірлікті кетірді.

Ібіліс малғұн Зайғал ішіне кіріп алып: «Әй, менің қандастарым! Рыздығыңыздың артуын шын ниетпен тілесеңіз, шеттен келген адамдарды ұстап алып жұмағы қылыңыз. Сонда бар рыздығыңыз өзіңізге қалар», – деді. Олар, Зайғал жанынан шыға салып, шеттен келген кісілерді ұстауға кетті. Сол сетте Ібіліс малғұн бала бейнесіне айналып, жандарында жүрді.

Баһил есімді кісі Ібілісті ұстап алып, үйіне кірді. Баһилмен жетпіс кісі қоса кіріп, Ібілісті жұмағы қылды. Болған оқиғаны Чандомға айтты.

Чандом бұл оқиғадан хабардар болып, шаһар қауымына жар салды: «Егер бір әдемі баланы көрсеңдер, ықтиярсыз болса да жұмағы келтіріңдер», – деді. Ібіліс малғұнның күнәсі бұл халыққа ұнады. Еркек атаулы әйеліне қарамайтын жағдайға түсті.

Бір күні Ібіліс малғұн өзін әйел кейпіне айналдырып, шаһарға келді. Қатындар Ібіліске: «Біздің ерлеріміз ер адамдарды ғана қатын етіп ұстайды», – деп қайғыға түсті. Сонда Ібіліс: «Олар сіздерге көңіл салмаса, сіздер де оларға көңіл қоймаңыз. Балауыздан ерлер мүшесін жасап, бір-біріңізге жұмағы болыңыз», – деді. Бұл қатындар көңіліне қош келіп, ақырында олар да тамұқтық болды.

Мүәтифкәт қауымы осындай әрекетпен адамдық қасиеттің шегінен шыққанда, Хақтағала Жебірейіл ғ.с.-ға бұйырды. «Құлым Лұтқа барып менен сәлем айт. Пайғамбар болуын естірт. Мүәтифкәт қауымын азғындықтан тыйып, оларды иманға үндесін. Олар, Алланы – бір деп біліп, құлдық етіп, Лүтты пайғамбар десін. Ерлері сақалдарын жұлысып, әйелдері бір-бірімен жұптаспасын. Суретке табынудан тыйылсын», – деді.

Бұл кезде Лүт ғ.с. Мүәтифкәт сахарасында тіршілік ететін. Шаһар халқының азғындығын білсе де олармен еш ісі жоқ еді.

Бір күні Жебірейіл ғ.с. адам бейнесінде келіп, Лүтқа сәлем берді. Лүт оның сәлемін алып, «Сен кім боласың?» – деп сұрады. Жебірейіл ғ.с. өзінің кім екенін айтты. Лүт аңда жүрген еді, ол құралдарын қойып жатып: «Иә, Жебірейіл! Не хабар айтпақсың?» деді. Жебірейіл ғ.с. Алла тағаланың пайғамбарлық келтіргенін айтып, жіберген бұйрығын естіртті.

Мұнан соң Лүт ғ.с. Ібраһим ғ.с.-ға келіп: «Әй, қандасым! Хақтағала маған пайғамбарлық беріп, ең осал қауымға жіберді», – деді. Ібраһим ғ.с: «Ол қай халық?» – деді. Лүт: «Мүәтифкәт халқы», – деді. Ібраһим ғ.с: «Алла тағала бұйырса, қорықпа! Әмірін орында!» – деп Лүт ғ.с.-ді шығарып салды.

Лүт ғ.с.-нің қатыны кәпірден еді. Лүттың екі қызы, бір түйесі, бір иті бар болатын. Түйесіне Рағым деген есім беріп, итіне Зина деп ат қойған. Лүт ғ.с. көшпек үшін дүниесін түйесіне артып, екі қызы мен әйелін алып жолға шықты.

Мүәтифкәт сахарасындағы Ғамура деген жерге жайғасты. Мүәтифкәт халқы бұларды көріп, патшаларына: «Бір жат кісі келді. Сұлу екі қызы һәм қатыны бар екен», – деп хабар берді. Мұны естіген патшалары оларға: «Алып келіңдер!» – деп әмір етті.

Лүт ғ.с.-ға патша адамдары жақын таянғанда түйесі мен иті келушілердің көбін жарақат еткеннен кейін, қалғандары қашып құтылып, патшаға жағдайларын айтты. Патша уәзіріне бұйырып, бес жүз кісі аттандырды. Олар келіп Лүттың кім екенін және қайда бара жатқанын сұрады. Сонда Лүт ғ.с: «Сіздерге келіп едім, пайғамбармын», – деді. Осы кезде, Жебірейіл ғ.с.-нан хабар келіп: «Бұларды шаһарға апарып, насихат жүргіз» деді.

Лүт ғ.с. түйесін, итін алып шаһарға кетті. Патша сарайына жеткенде түйе оң жағын, ит сол жағын күзетіп, қарауыл болып тұрды. Патша Лүт ғ.с.-ды көріп, оның атын сұрады. Лүт ғ.с: «Ғабдолла», – деді. Патша: «Ғабдолла деген сөздің мағынасы не?» – деді. Лүт ғ.с: «Алла тағаланың құлы деген сөз», – деп жауап берді.

Мұнан кейін Лүт ғ.с. патшаға: «Сендерді бұзық істен тыймақ үшін Алла тағала мені саған жіберді. Жерді, көкті, барша ғаламды жаратушы, көкті тірексіз ұстатқан бір Алланың құдіретінен. Алланы біреу деп, мені Алла пайғамбары деп айт», – деді. Патша: «Мұғжиза» (Мұғжиза – Алланың пайғамбарларға беретін ерекше қасиеті) бар ма?» – деп сұрағанда, Лүт ғ.с: «Бар, қазір түйе мен ит тілге келіп, куә болар», – деді. Түйе мен ит тілге келіп, куә болды. Патша: «Бұрын-соңды бұндай көргенім де, естігенім де жоқ еді», – деп таңырқағанда, жанындағы адамдары: «Әй, патша!» Бұған сенбеңіз, бұл сиқыршы», – деді. Сонда патша: «Әй, Лүт! Мақсатың мал болса, мен саған мал берейін. Бірақ сен мұндай насихат жүргізбе!» – деді. Лүт ғ.с: «Маған малдың қажеті жоқ. Сіз Алла тағаланы бір деп, мені пайғамбар деп танып, пұтқа табынбаңыз. Ерлермен жұмағы қылмаңыз. Алла азабынан қорқып, тыйылыңыз. Бұл істеріңе Алла тағала разы емес. Егер Алла – бір, пайғамбар – хақ деп бұзықтығымызды тыймасаңыз, Алла тағала азап жіберер. Алланың бірлігі мен пайғамбардың хақтығына сенсеңіз, Хақтағала рыздығыңызды арттырып, жұмақтан орын бұйыртар», – деді. Олар: «Әй, Лүт! Бұл сөзіңнен қайт, әйтпесе шаһардан қуылып кетерсің», – деді. Лүт ғ.с. айтты: «Мен сіздердің азғындық әрекеттеріңізге қатты ашуланғандығым себепті, бұл насихаттан еш таймақ емеспін».

Сөйтіп Лүт ғ.с. қауымын 40 жыл бойы иманға үндеп, азғындықтан тимақ болды. Бірақ бұл қауым имансыз еді. Керісінше, азғындық әрекет үсті-үстіне молая түсті.

Лүт ғ.с.-ді ұрып-соғып, түрліше масқаралауға көшкенде Лүт ғ.с. бұлардан үмітін мүлде үзген болатын. Олар Лүт ғ.с.-ға «Егер пайғамбарымыз болсаң, бізге Аллаңнан азап келтір», – деді. Лүт ғ.с. Аллаға зар қылып: «Иә, Раббым! Мені залым деп ұққан мына надандардың азабынан құтқар!», – деді. Хақтағала пайғамбар сөзін қабыл етті.

Бір күні Жебірейіл һәм Мікәйіл 10 періштемен бірге адам бейнесіне еніп, Лүт қауымына әлек қылу үшін жетті.

Періштелер Лүт ғ.с.-ның үйіне келіп, есігін қақты. Лүт ғ.с. шығып, періштелер сәлемін алып, қонақтарға құрмет көрсетіп, үйіне ендірді. Сонан соң Лүт ғ.с: «Әй, жігіттер, далаға ешқайсыңыз шықпаңыздар. Бұл шаһардың малғұндары ер жігіттермен бірігіп, бұзық іс қылады», – деді. Періштелер бұл сөзге еш жауап қатпады.

Лүт ғ.с.-ның әйелі кәпір еді, патшаға дереу хабар беріп: «Біздің үйге 12 сұлу жігіт келді», – деді. Хабар жетісімен, патша уәзірімен Лүт ғ.с.-ның үйіне келді. Олар үйдегі көркем жігіттерді көріп, солармен қосылуды тіледі. Лүт ғ.с. бұлардың пейілін біліп, қарсы шықты. «Әй, патша! Мені кұтқар! Қонақтарымды рәсуә қылма, керек етсең қыздарымды ал!» – деді. Бұл малғұндар: «Сенің қызыңда не ісіміз бар, біздің мақсатымызды сен білесің. Бізге ер жігіттер керек», – деп Лүт ғ.с.-ды баса-көктеп өре түрегелді. Олар сұлу жігіттің бірі Жебірейіл ғ.с.-ға қолдарын созды. Жебірейіл ғ.с. жерден бір уыс топырақ алып, олардың жүздеріне шашып жеберді. Олардың көздері көрмей қалып, бір сәт бүтіндей соқыр халге душар болды. «Лүт сиқыршылар әкеліпті. Бізді сиқырлағаны үшін, ертең қонақтарымен бірге жазалап өлтіреміз», – деп айқайлап үйден шыға жөнелісті.

Лүт ғ.с.-ның үйінен шыға сала, үш шаһарға хабар беріп, Лүт ғ.с.-ның үйінің маңайына екі мың қарауыл қойдырды. Лүт ғ.с. бұл жайды көріп, қайғыра бастады. Сонда 12 жігіт: «Әй, Лүт! Сен қайғырма. Біз періштеміз, үш шаһар халқын әлек етуге бұйрық алғанбаз», – деді. Лүт ғ.с. «Біз қайтып құтылар екенбіз?» – деді. Періштелер: «Сені һәм балаларыңды құтқарармыз, бірақ қатының кәпірлермен бірге әлек болар», – деді.

Бір рәуәйәтте: Хақтағала осы үш шаһарды әлекке душар қылған соң, шаһар орнын қара көмірдей етті. Терең жылғалар жаратып, ол жылғаларда адам төзгісіз сасық су пайда қылды. Бұл сасық су иісін сонау алыстағы шаһарлар тұрғындарына жетіп, олар тәубаға түсіп, Алла тағалаға сиынатын болды.

Нәзһәтүлмү жалис кітабында: Хақтағала Мұхаммед ғ.с. үмбеттеріне Қадір кешінде және Айт уақытында өзінің жарылқауын білдірген кезде Ібіліс малғұн қатты қайғырып, Лүт ғ.с. қауымының әлек болған шаһарының орнын көріп азап шекті.

Қираталғаойон кітабында: «Егер бір кісі Лүт қауымының жасаған қылмысын жасап, күнәлі болып дүниеден өтсе, Хақтағала ол кісіні қабірінде жатқызбас. Қарлығаш бейнесінде бір періштені жіберіп, ол кісінің аяғынан сүйретіп әкеліп Лүт қауымының өртенген шаһарына тастар. Сөйтіп Лүт қауымының шеккен азабын бірге тартар. Ол адамның маңдайына «Алла рахматынан үмітсіз деп жазылар», – деген». Мұхаммед ғ.с. хадисінде: «Егер бір кісі ер адам бола тұрып, ермен жұмағы қылып, дария суымен жуынса да денесі нәжістен арылмас», – деген.

Лүт ғ.с. балаларымен шаһардан аман-есен құтылды. Жебірейіл ғ.с. үш шаһардың жерін ауаға дейін көтеріп, астын үстіне шығарып, қайта қаптады. Сөйтіп Лүт қауымының жандары тамұққа кетті.

Құрметті оқырман, бұл қиссадан дұрыс тәрбие алып, азғындықтан сақтансын дейміз. Әмин, иә Мүжибалсә илин.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button