Қисса Мариям уа Ғайса ғалайһи-уәссәләм
Мәриям елінен айырылып, күн шығыс тарапына барып, ғұсыл құйынбақ үшін өзіне перде тұтты. Сонда Алла тағала Мәриямға Жебірейіл ғ.с.-ді жіберді. Жебірейіл ғ.с. Мәриямға жас жігіт бейнесінде көрінді. Сол кезде Мәриям құрсағына бала түсті. Сегіз ай толғанда Ғайса туды. Мәриям ол кезде он үш жаста еді.
Құрсақта болғаннан кейін Мәриям елінен жырақ тау арасына барды. Бала толғағы келгенде Мәриям құрма ағашы жанына келді. Қыс күні еді, құрма ағашының басында жапырағы жоқ қу ағаш болатын.
Хақтағала Мәриямның осы құрма ағашының жанына баруын жөн көрді. Себебі Мәриямның қорқынышын тоқтатып, өзінің құдіретін көрсету үшін және жас құрма жегізбек үшін еді.
Мәриям: «Мұндай әлекті көргенше, өлгенім жақсы еді», – деді.
Содан кейін Мәриям баланы көтеріп, өз қауымына келді. Мәриямның қауымы: «Әй, Мәриям! Күнәмен атасыз баланы дүниеге әкелдің. Әй, һарунның қарындасы! Сенің атаң бұзық кісі емес еді. Атаң бұзық іс қылмаған еді», – дегенде, Мәриям: «Бұл баламен сөйлесіңіз, ол сізге жауап берсін», – деді. Мәриям қауымы: «Бесіктегі сәбимен қалай сөйлесерміз?» – деді.
Сонда Ғайса ғ.с. жатқан жерінде жауап беріп: «Ақиқатта, мен Алла тағала құлы», – деп, әуелі осы сөзбен тілге келді.
Хикаятта: Мәриям бір күні Ғайса ғ.с.-ді медресеге ертіп әкеліп, ұстазға: «Бұл ұлымды көп үйретіп, аз соғыңыз», – деді. Мұғалім Мәриям сөзін қабыл етті. Мәриям кеткен соң мұғалім, яғни халифа Ғайсаға айтты: «Әліп де», – деді. Ғайса: «Әліп», – деді. Мұғалім: «Би» – деп айт, – деді. Ғайса ғ.с: – Не? – деді. Мұғалім үш мәртебе – «Би» – деп айт, – деді. Ғайса үш мәртебе «Не?» – деді.
Мұғалім айтты: «Егер әліпби үйренбесең, әбжетті үйрен». (Әліп – 1, би – 2, Жем – 3, Дал – 4)
Ғайса: «Әбжет деген не сөз?» – деді. Мұғалім: «Жазылуын үйрен, онан соң мағынасын түсінесің», – деді. Ғайса. «Мен мағынасын білмеген нәрсені үйренбеймін», – деді. Сонда мұғалім ашуланып, Ғайсаны жағынан ұрды. Ғайса кешке дейін отырды. Кеш болған соң мұғалімге айтты: «Сіз анама берген уәдені ұстамадыңыз. Анам сізге көп үйрет, аз соқ деген. Сіз ешнәрсе үйретпей, жағымнан соқтыңыз», – деді. Мұғалім: «Сен қарсыластың», – деді. Ғайса ғ.с: «Сіз әбжет мағынасын үйретіңіз десем, мені азаптадыңыз», – деді. Мұғалім: «Мен әбжет мағынасын білмеймін», – деді. Ғайса ғ.с: «Сен білмесең, мен саған үйретейін», – деді. Мұғалім. «Үйрет», – деді. Ғайса ғ.с: «Әліп – Адамның ғибадат етуі. Би – сүйінші. Жем – Аллаға құлдықпен ыждаһат қылмақ. Дал – ғибадатқа ыждаһат ету», – деді.
Мәриям Ғайсаны алып кетуге келгенде, мұғалім айтты: «Әй, Мәриям! Бұл ұлыңның бізден білім алуға ықтияры жоқ, керісінше, біз одан ғылым үйренуге тиіспіз», – деді.
Мәриям Ғайса ғ.с.-ді суретшіліктің оқуына апарды. Олар Ғайсаның білімділігіне таңқалысты.
Хақтағала пайғамбардың бәріне әр түрлі ерекшелік беріп еді. Ғайса ғ.с.-ға өліктерді тірілту қасиетін берді.
Бір күні Ғайса ғ.с. анасы Мәриямға айтты: «Әй, ана! Хақтағала бізді не үшін халық қылды?» – дегенде, Мәриям: «Бізді тағат ия ғибадат қылу үшін халық етті», – деді. Ғайса: «Егер Алла тағала бізді тағат ия ғибадат үшін жаратса, тауға барып, сонда ғибадат етейік. Мұнда адамның көптігінен тыныштық жоқ. Ғибадат ету мүмкін емес», – деді.
Мәриям ана мен Ғайса тауға барды. Күндіз ораза ұстап, ғибадатқа бойұсынды. Кешкісін, Жағды есімді өсімдікпен тамақтанатын еді. Бір күні Ғайса ауыз ашарға Жағды өсімдігін теруге кетті.
Хақтағала әмірімен Әзірейіл ғ.с. Мәриямға келіп, сәлем берді. Мәриям сәлем қайтарды да: «Кімсің?», – деп жөн сұрады. Ол: «Әзірейілмін», – деді.
Мәриям: «Не іске бола келдің?» – деді.
Әзірейіл: «Сенің жаныңды алып, жұмаққа апаруға келдім», – деді. Мәриям ғ.с: «Бір сағат сабыр қыл. Ұлым Ғайса келген соң жанымды ал», – деді. Әзірейіл ғ.с: «Ажалды кешіктіру қолымнан келмейді», – деп Мәриямның жанын алды.
Ғайса ғ.с. үйіне қайтып келгенде, еш сөз айтпай, ғибадатқа тұрды. Ақшам уақыты жеткенде: «Әй, ана! Тұр, намазыңды оқы, намаз қаза болмасын», – деді. Анасы еш жауап қатпады. Ғайса: «Анам ұйықтап жатыр», – деп ойлады. Сол сәтте көктен дауыс келіп: «Мәриям дүниеден өтті», – деді. Ғайса ғ.с. жылай бастады. Тағы дауыс келді: «Әй, Ғайса! Жылама», – деді. Ғайса жылауын тоқтатып: «Анам оразасын ашпаған күйі, дүниеден аш өтті», – деп ойлады. Сол кезде ұйқы келіп, ұйықтап кетті.
Анасын түсінде жұмақтан көрді: «Әй, ұлым! Анам дүниеден аш өтті деп қайғырма. Хақтағала маған нығымет берді», – деді.
Ертеңгісін, Ғайса ғ.с. тұрып шаһарға барып: «Анам дүниеден өтті. Ғұсыл қыларға жәрдем етіңіздер», – деді.
Қатындар Ғайса ғ.с.-ді танып, дереу жиылып келді. Олар жеткенде Мәриямның сүйегі жуылып, кебінге оранғанын көрді. Мәриям сол сәт көздерінен ғайып болды.
Ғайса ғ.с. Алла тағала әмірімен шаһарларға, ауылдарға барып тәуіптік қылатын. Алла тағала фазылымен дұға қылып, емнің дауасын табар еді.
Ғайса ғ.с. Ісраил қауымы арасына кіріп, адамдарын Хақ жолына үндеп: «Ла ілаһә ілла ллаһ уә инна Ғайса-Расулү ллаһ деп айтыңыз», – деді.
Ісраил жұрты: «Мұғжиза көрсет», – деді. «Балшықтан бір құс суретін жаса. Қанатының жүні болмасын, тіріліп ұшсын», – деді. Ғайса балшықтан бір құс жасап, үрледі. Ол сол сәт құс болып ұшып кетті.
Ғайса ғ.с. мүлде көзі көрмейтіндердің көзіне балшық жапсырып, дұға қылатын. Сонда екі көзі жазылып шыға келетін. Ғайса ғ.с.-нің маңайында мыңдаған аурулар болушы еді. Ғайса ғ.с. әрқайсысының ауруына дұға оқып, емдеп жазатын.
Ісраил қауымы Ғайса ғ.с.-ге: «Әр ауруға дауа қылады екен деп сенің пайғамбарлығыңа иланбаймыз. Егер хақ пайғамбар болсаң, өлікті тірілт», – деді.
Ғайса ғ.с. дұға қылғанда, мәйіт тіріліп, Алла тағаланың бірлігіне, Ғайсаның пайғамбарлығына куәлік берді.
Бұл іске Ісраил жұрты иланбай: «Бұл жақында өлген өлік. Сондықтан оның жаны өзінде. Егер сен бұрын өлген өлікті тірілтсең, хақ пайғамбар дейміз», – деді.
Ғайса Нұһ ғ.с.-нің ұлы Сам қабірін көрсетті. Ғайса ғ.с. екі рәкәғат намаз оқығанда, көр жарылып, аруақ көрден шықты. Ақ сақалды, ақ шашты, ұзын бойлы екен.
Ғайса ғ.с: «Сенің заманыңда шаш, сақал ағару жоқ еді. Не себепті шашың ағарды?» – деді. Ол: «Әй, Ғайса! Менің сақалым һәм шашым қара еді. Сенің дауысыңды есіткен кезде, қиямет күні жетті ме деп қорқып, шаш-сақалым ағарды», – деді. Ғайса ғ.с: «Әй, Сам! Тірлік керек пе, әлде өлмек тілеймісің?» – деді. Сам айтты: «Жан ащысын бір мәртебе тарттым. Енді тірлік тілемеймін, Аллаһуәкбар», – деп жатып, жан тәсілім қылды. Көр әуелгідей тегістелді.
Олар мұнан соң Самның өлгеніне қанша жыл болғанын есептеп, 4020 жыл болғанын білді. Мұнан кейін көп адам иманға келді.
Хикаят: Бір күні Ғайса ғ.с. жолда келе жатқанда бір яһуди: «Әй, қайда барасың? Атасыз туған ұл», – деді. Ғайса ғ.с.-нің көңіліне бұл сөз ауыр тиді.
Яһудиге бәддұға қылды. Яһуди сол сәт жығылып, өлді. Яһудилер бұны көріп ашуланып, айламен Ғайсаны өлтірмекке әрекет қылды.
Ғайса ғ.с. яһудилердің пікірін біліп, бір үйге тығылды. Яһудилер сол үйдің терезесін сындырып: «Ғайсаны ұстап алып шығайық», – десті.
Хақтағала Ғайсаны көкке көтеріп кетті де, Яһудилерге Ғайса ғ.с. суретін жіберді. Яһудилер Ғайсаны іздеп таба алмай, ол жоқ деп хабар берді. Яһудилер өздерінің бірін «Ғайса мынау» деп тағанға асып өлтірді. Ертеңгісін қараса, өлтіргендері Ғайса емес, өздерінің адамдары екен. Сөйтіп, яһудилер Ғайсаны өлтіре алмады.
Кәләм-шарифте айтады: «Ғайсаны өлтірмеді де аспады. Ғайса деп өлтіргендері Ғайса бейнесінде көрінген елес еді.
Ғайса бұл күнде тірі. Төртінші қат үстінде. Замана ақыры болып, тажал шықса, Ғайса ғ.с. Дамшық қаласына ақ мұнарға келер.
Хақтағала Ғайса ғ.с.-ді Мұхаммед ғ.с. үмбетіне рахмет жасау үшін ендірген. Тажал малғұн шығып, адамдарға зор қасірет әкелер. Тәңірлік дұғасын қылар. Бір жағында от, бір жағында су болар. Тажалға ерген яһудилер көп болар.
Мүмін мұсылман Мекке шаһарына жиылар. Тажал Мекке шаһарына қастық қылса Ғайса ғ.с. айтады: «Хазреті Мәді кездесер. Хазреті Ғайса ғ.с. айтты деп дауыс болады. Тажал малғұн сол дауысты естіп, суда еріген тұздай көкте еріп жоқ болар. Ғайса ғ.с. жерге түсіп, Тажалдың көзін жояр. Тажал әскері жетпіс мың яһуди тауларға қашады. Ол заман таулардан, тау үңгірлерінен: «Мұнда яһудилер бар» деп дауыс келер. Сол кезде мүмүндер оларды естіп, қырып салар».
Ғайса ғ.с. жер жүзіне еніп, 40 жыл халифалық қылып, пайғамбарымыз Мұхаммедтің шариғатына әмір жүргізер.
Жер жүзі әділдікпен, рыздықпен толып уә һәм Ғайса ғ.с. үйленіп, ұлы, қызы болады. Онан соң опат болып, жерде жерленер.
XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова