Майлықожа

Уа, замана, бөрісің

Майлықожа - 90 жыл

УА, ЗАМАНА, ДАУЫЛСЫҢ!

Уа, замана, дауылсың,
Қыдыра көшкен ауылсың.
Тоқым салмай жайдақтап,
Әркім мінген жауырсың.
Уа, замана, бөрісің,
Кедейдің шықпас төрісің.
Ата-бала тартысқан,
Қызықты көкпар терісің.
Уа, замана, ешкісің,
Ертеңгі білмес кешкісін.
Кедейлердің өткіздің
Шегене айдап ешкісін.
Алымдарды өткіздің,
Қолынан алып тәспісін.
Уа, замана, сен бір – піл,
Айналып келмес өткен жыл.
Өлгеніңше өмір сүр,
Өлген соң бағаң тиын, пұл.
Уа, замана, жендетсің,
Жендеттікпен әлексің.
Опасы жоқ сұм дүние
Әркімнен сынған дәретсің.

Уа, замана, қырланған,
Аунаған жерің сырланған,
Не төбелер бос қалып,
Не ерлер келіп құрланған.
Басы бүрлі бәйтерек
Бұлтқа жетіп ырғалған.
Жеткен күні бір ажал,
Ара салып түбінен,
Жерменен жексен бір қылған.
Көрсең таңның атарын,
Білесің күннің батарын,
Кейінгі жұртқа меймансың,
Кеткен соң құрбы-қатарың.
Керуен кетіп барады,
Нар менен жегіп атанын.
Жарық дүние, аман бол,
Тең-құрбы өскен қатарым.
Майлықожа ақынның
Мүбәрәк қылғай сапарын.

Әлқисса

Майлы ақын:
Уа, замана, сен бір – піл,
Айналып келмес өткен жыл.
Өлгеніңше өмір сүр,
Өлген соң бағаң – тиын, пұл» – дейді.

Ұлы бабамыз өміріңді мәнді де сәнді етіп өткіз деп отыр.
Бабалардың:
Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт,
Болмасыңды білген соң –
Болған ердің қосын ерт – деген сөзі бар.

Артында өшпес із қалдырған, тірісінде өз орны мен мәртебесін жақсы білген ақын атамыздың «Өлген соң бағаң – тиын, пұл» дегені тіріңдегі тақуалығың мен байтақ елің болмаса да, туған ауылың еске алып, айтып отыратын, атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа өтіп отыратын ісің болсын деп отыр.

Майлықожа Сұлтанқожаұлының:

«Көрсең таңның атарын,
Білесің күннің батарын,
Кейінгі жұртқа меймансың,
Кеткен соң құрбы-қатарың.
Керуен кетіп барады,
Нар менен жегіп атанын.
Жарық дүние, аман бол,
Тең-құрбы өскен қатарым» – деген шумақтары терме жанрының классикасына айналғаны қашан. Ақынның соңғы екі қатары:

«Майлықожа ақынның
Мүбәрәк қылғай сапарын»-деген сөздерін оқығын адам Алладан Әулие атамызға бейішін сыйлауын сұрап, дұға етеді.
Я, мейірімі шексіз Алла! Майлы атамыздың сапарын мүбәрәк қылғайсың!
Үсен Асқаров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button