
19-20 сәуір күндері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Айқожа Ишан мешіт-медресесінде «Әулие-ишандардың рухани және материалдық мұрасын сақтау және насихаттау» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Шара Сыр өңірінің атақты дін ағартушыларының мұрасын зерттеу мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Семинар аясында Айқожа әулетінің қорынан сақталған көне қолжазбалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Семинарда талқыланған негізгі мәселелер:
– Қазақстанның киелі географиясындағы дәстүрлі шырақшылық институтының рөлі;
– тарихи қолжазбаларды жинау, сақтау және реставрациялау технологиялары;
– Айқожа ишан ұрпақтарының мұрасын жинайтын арнайы мұражай ашудың қажеттілігі.

Ерекше оқиға: Ұлттық Орталық Мұражайдың қорына 2024 жылы Жаңақорған экспедициясы кезінде табылған «Әл-Мабсуд» қолжазбасының факсимилелік нұсқасы тапсырылды. Бұл кітап көшірмесі келешекте ашылатын мұражайдың негізгі экспонаттарының біріне айналады.

Семинарға Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлері белсенді түрде атсалысып, онда Ясауидің хал ілімі жөнінде баяндама жасады. Баяндамада Хал ілімі қандай ілім? Не үшін олай аталады? Бұл ілімнің қоғамға қандай пайдасы бар? Бұл ілімнің Исламдағы фиқх калям, шариғат ілімдерінен қандай айырмашылығы, маңызы барына тоқталды. Сонымен қатар сол жақтағы көрмені толықтыру үшін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының жазба ескерткіштер қорынан қырыққа жуық қолжазба мен көне баспа кітаптарын көпшілік назарына ұсынды.

Семинарға келген қонақтарға Ясауитану ғылыми орталығының қызметкерлері К.Асетова мен Ә.Журқабаев мәлімет берді. Жаңадан құрылған Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлеріне маңызды іс сапар болды. Семинардан соң Әулие Айқожа ишан басына барып, 1884 жылы салынған Ақтас мешітін көріп, құрылыс ерекшелектерін тамашалап, баба басына зиярат жасалды.
Күнсұлу Асетова, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері