Майлықожа

Ырысы қалың жігіттің

Ырысы қалың жігіттің
Қатыны шаруа томпаңдап.
Жаман қатын көп ұйықтар,
Оятсаң араз қоңқаңдап.
Көргенді жерден қыз алсаң,
Атыңды ерттер жүгендеп.
Далаға жүрер уақытта
Керектісін түгендеп.
Түнде көрсең күндіздей,
Көңілің құшуақ сүйем деп.
Көрсетеді көзіңе
«Былтырғы берген инең» деп,
Құрала берер дүниең кеп.
Билікті салсаң соған сал,
Бір сөз айтпа «бұл нең» деп.
Жаман қатын қаптағы
Жүніңді тауысар күймеңдеп.
Аттаршыдан алғаны –
Айна, тарақ, рең боп.
«Әлгің қайда?» деп айтсаң,
Бәлеге қояр сүйреңдеп.
Белге соққан жыландай,
Амалың құрыр киреңдеп.
Маңлайыңа салған соң,
Соған күнің қалған соң,
«Әр кімменен бірдей» деп,
Жасырарсың күргейлеп.
Қыла ғой деген жұмысың,
Қилаға кетер сүрдей боп.
Ауыл көшсе «ал-алдап»,
Артысып жүгін амалдап,
Өзіңе жүгін жиғызар
Ол қозғалмас табандап.
Ел жатарда ас жейсің,
Шикі-пісі шабандап.
«Сен құрттың мені» дер,
Тағы өзіңді жамандап.
Деміңді зорға аласың,
Өліп-талып шамалдап.
Қатының жаман жолықса,
Халық ішінде қатты дақ,
Қыз алмаққа саған бап.
Осындай жаман боп тұрып,
Сөйлеуін қоймас шалықтап.
Үйің, мүлкің болған соң,
Қаша алмассың қалықтап.
Қамшыңды берсең қолына,
Тапсырмас қайта анықтап.
Тапсырмассың еш нәрсе,
Бұрыннан сырын алып қап.
Ондай сауда күн болса,
Мың қой қырқып жүн болса,
Қарама оған пұл болса,
Арқан, тұсау, қап, жазы
Базардан сатып алып бақ.
Оныңды да тоздырар
Сандыққа құлып салып бақ.
Жұмсаудан жаңың таласың,
Ісінің көріп шаласын,
Бір желеуді айтады,
Біле тұра нанасың.
Тағы өзі сыр берер
Анығына қанасың.
Жібітпесең амал жоқ,
Бұйым салғыш шанашың.
«Көтінен Құдай оңла» деп,
«Ырыссыз бақыр болма» деп,
Бар қызғың сол-дағы –
Туып берсе баласын.
Ада болмас айтқанмен
Жаман қатын кеңесі-ай.
Құдай басқа салған соң,
Соныкі мақұл не десе-ай.
Үйренген соң адамның
Білмей кетер денесі-ай.
Жақсы менен жаманның
Бірдей дейді немесі-ай.
Арқалаған адамның
Басында сыныр көзісі-ай.
Бұрынғы мен соңғының
Айтылып жүрген сөзі осы-ай.
Жақсы болса қатының –
Ер егізің жақының.
Арғымақ таңлап мінгендей,
Сарыпай сыйлап кигендей,
Сүйсінер көңіл-тақымың.
Жан тәнің де жай тауып,
Толы болар ақылың.
Өзіңе керек жұмыстан
Көрмейсің оның ғапылын.
Үстіңдегі көк бұлт,
Қоңыр даңғыл салқының.
Алтынға беріп болмайды
Ол секілді әйелдің
Шаштарының әр қылын.
Айтқаныма қоғам деп,
«Дүние болса – соған» деп,
Үстіңде болар жан-тәнің.
Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе.
Әр жұмысты қылғанша,
Жолықтырар кесетке.
Жамбасың үйір боп кетер
Жатқанда қатты төсекке.
Қанша жақсы сөз айтсаң,
Алмайды оны есепке.
Арманда өтер өмірің,
Артылғандай есекке.
Үйіңнің іші шаң болар,
Ісіңнің бәрі қам болар,
Сол әлімен тұрмайды,
Киім таңлап паң болар.
Әңгіме, жанжал қоздырар,
Аузымен өзін оздырар.
Тойға киер жібекті
Тезек теріп тоздырар.
«Қай дүниеңнен тойдым, – деп,
Не көрсетіп қойдың?» – деп,
Өзіңді келіп жазғырар.
Дүние, мүлкің әбігер
Қай ісіңді мәз қылар.
Ақылы жоқ сұлудың
… қатар ажары.
Әр ісіңді көргеннің
Бір бәсейер назары.
Сөзі болмас мазалы,
Өтімсіз оның базары.
Көрік берсе де Құдайым,
Кем қасиет қылса азалы.
Ақылы жақсы әйелдің
Қап-қара болса кескіні.
Айдан аппақ сұлудың
Тең келмес оған ешбірі.
Қара қойдан оза ма,
Мақтасаң ақ ешкіні.
Іші нұрлы болмаса,
Не пайда сыртқы кескіні.
Жақсы қатын жігіттің
Кесектен соққан кентіндей,
Дүниенің толық ментіндей.
Сары майға бұлғаған,
Алуа, шекер жентіндей.
Шоқтығы биік ат мінсең,
Көкпарда көңілің еркіндей.
Шолпан жұлдыз жар алсаң,
Кіргізеді көркіңді-ей.
Қызықтықпен өткен күн,
Болмай кетер бір күндей.
Алғаның жаман жолықса –
Нетесің дүние шіркінді-ей.
Қатыны жақсы адамдар
Тез қартайып қарымас,
Өтетұғын дүниеге
Қатыннан жақын табылмас.
Іші, сырты тең сұлу –
Әйел емес, үр деңіз.
Ондай үрге жолыққан –
Ол үзірде жүр деңіз.
Бас бәдені жарасқан,
Әйелдің аты бір деңіз,
Сол секілді жары бар –
Үр құшқанмен бір деңіз.
Іші-тысы тең жаман –
Қап-қара батпақ лай-ды,
Оған дұшар болғандар,
Өкінішпен жылайды.
Тілеу тіле жігіттер,
Жақсы қылсын жұбайды.
Алғаның жаман жолықса,
Нетесің дүние шырайды?!
Ақылы жақсы әйелдің
Қап-қара болса кескіні,
Айдан аппақ сұлудың,
Тең келмес оған ешбірі!
Қара қойдан озама
Мақтасаң ақ ешкіні?

Жақсы қатын ерге дос,
Сол туысқан бауырлас.
Тілеу тіле жақсылар,
Алған жары жігіттің
Ақылды болсын бес күні.
Жаман қатын жақсы ердің
Тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.
Жақсы қатын жігіттің
Адам қылар жаманын,
Ұшқыр қылар шабанын.
Қойдың орны қоңырсық,
Қорасы батпақ паданың.
Қатынның сөзі таусымас,
Қоялық енді қағанын.
***
Комментарий

Майлықожа ақын:
«Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе.
Әр жұмысты қылғанша,
Жолықтырар кесетке…

…«Қай дүниеңнен тойдым, – деп,
Не көрсетіп қойдың?» – деп,
Өзіңді келіп жазғырар.
Дүние, мүлкің әбігер
Қай ісіңді мәз қылар»-дейді.

Ақын атамыздың жаман қатынға берген сипаттамасы – мәңгілік психологикалық портрет. Көз алдыңызға талай жеңгелеріңіз бен келіндеріңіз, ең өкініштісі – өз әйеліңіз келуі мүмкін.
Кейде «Таңдап алған сұлудан, көрмей алған текті артықтың» да керісі келіп жатады.
Бабамыздың мына бір ақыл-насихатын үйленбеген жастарымыз ұмытпаса екен:
«Тілеу тіле жақсылар,
Алған жары жігіттің
Ақылды болсын бес күні.
Жаман қатын жақсы ердің
Тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.» –
деген ақыл айтады.
Балаларыңыз да, өздеріңіз де осылай тілек тілей беріңіздер.
Бұл істе – Алладан артық гарант жоқ…

Ұлы бабамыздың жақсы әйел туралы мына алатын емес, гауhар тастай сөздерін жаттап алса болады:
… «Қатыны жақсы адамдар
Тез қартайып қарымас,
Өтетұғын дүниеге,
Қатыннан жақын табылмас.
Іші, сырты тең сұлу –
Әйел емес, үр деңіз.
Ондай үрге жолыққан –
Ол үзірде жүр деңіз.
Бас бәдені жарасқан,
Әйелдің аты бір деңіз,
Сол секілді жары бар –
Үр құшқанмен бір деңіз-
деп түйіндейді.

Драмалық шегініс

(«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» жобасының авторы – Үсен Асқаровтың Қаңлы сейіттер басқосуында сөйлеген сөзінен үзінді).

…Тек бізге емес, барша жұртқа қатысты проблемалардың бірі – ағайынның, әулет пен ауылдың, достар мен замандастардың бір-бірінен алшақтап бара жатқаны. Бұл жағдайдың бірқатар себептері бар.

Біздіңше бұның бірінші себебі – әйелдер қауымы қонақ күтуді, ағайынды жәй тамаққа шақыруды қиындатып жіберді. Дастарқан жазу қыруар қаржы мен көп уақытты талап ететін болды.
Ілгері – ағайынның ынтымақты кезінде – дастарқан тамақ, қаттама, нан-шәймен жазыла беретін.
Қарғызстан парламентінде – яғни мемлекеттік деңгейде – осы мәселе көлденеңінен көтерілді. Депутаттар «әйелдердің кесірінен үйге қонақ шақыра алмай қойдық, қонақты көшеде – ресторан, кафеде – күтетін болдық деп шағымданды.
Оның үстіне әйел мен бала-шаға ағайыннан оқшаулануға бейім.
Майлықожа бабамыз: «Қатын мен балаң жат қылар атаң менен анаңды, інің менен ағаңды» – деген екен. Ұлы ақынымыз: «Қатын мен балаға ие болыңдар» деп отыр. Бабамыздың: «Жақсы асыңды жат жесін!» деген сөзінде терең өмірлік мағына бар.

Осылай, санақта болғанмен, Санатта бола алмай жүреміз.

Тағы бір басты мәселе – әйелдер қауымының ер-азаматтар үстінен билік жүргізуі шектеп шығып барады. Барлық әйелдерге топырақ шашудан аулақпыз. Күйеулерін «айтқаныма көндірем, жетегіме жүргізем» дейтін келіншектер көбейіп кетті.
Әсіресе жастарымыз келіндердің құптауына ынтызар, «не дейді екен» деп, алаңдап тұрады.

Әйелдеріміз бас иелерін тіріде –пірім, өлгенде – туым десе, ал ер азаматтар сол құрметке сай болса – Иншалла, бәрі де жақсы болады. Мінер атымыз бен ішер асымыз көп болады…

Бүгінгі күннің еркектерге қаратылған ұраны:
«Қатыннан емес, көбірек Құдайдан қорқыңыздар» деген ұран болмақ!
Ал әйелдер қауымына: «Еркекті әйелден үстем еткен Алланың бұйрығына бағыныңыздар, күйеулеріңізді хандай сыйлап, қаншайымға айналыңыздар» демекпіз…

Үсен Асқаров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button