Ясауи мұрасы

Әулиелердің жанашыры

Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығы

🔷 Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің хикметтерінде өзіне дейінгі өмір сүрген Құдай досы – әулиелердің ерен істерін әрдайым үлгі-өнеге ретінде ұсынып отырады. Сондай Құдай достарының бірі – Ибраһим Адһам. Ол жайлы Әзірет Сұлтан бабамыз «Тақты тепкен Адһамдардың жет соңынан, Кімді көрсең: «Қызыр – ол», – деп өп қолынан», «Адһам құсап ақиқаттың жүзін өпкін, Желік, менмен, байлық үйін бұзып өткін» деп өсиет етеді.
🔷 Ал сол Ибраһим Адһам мұндай дәрежеге қалай жетті. Алла Тағаланың достарының сапына қалай қосылды? Әрине, бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап бере қою мүмкін емес. Ол Ұлы Мақсат жолында патшалық мансабын тәрк етіп қана қоймай, қаншама қиындықтарды, ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның өмірі ақиқат іздеген әр бір жанға үлгі, өнеге. Ол жайлы сабақ боларлық шырын хикаялар да аз емес. Десек те, бүгінгідей адамзаттың санасын қараңғылық қаптаған заманда, рухани тұрғыдан әбден арып-ашып, азып-тозып, әлсіреген біздер үшін оны орындау тым қиын. Есесіне Адһамның әрқайсымыздың қолымыздан келетін және баршамыз үшін істеуге міндетті болған бір ісі бар. Ол жайында Фарид-ед-дин Аттар «Әулиелер шежіресі» кітабында былай дейді:
Ибраһим бір күні түсінде қолында кітабы бар, аспаннан жерге түскен Жәбірейілді (ғ.с.) көреді.
– Не үшін келдің? – деп сұрайды.
– Құдайдың достарының аттарын жазу үшін келдім,- дейді Жәбірейіл (ғ.с.).
– Менің атымды да жазасың ба?
– Жоқ. Сен олардың қатарына жатпайсың!
– Мен Құдайдың достары санатында болмасам да, Оның достарының жанашырымын,- дейді Ибраһим.
– Осы сөзің үшін «Бәрінен бұрын Ибраһим Адһамның есімін жаз!» деген бұйрық жетті,- дейді Жәбірейіл (ғ.с.).
🔷 Міне, «Құдайдың достарының жанашырымын» деген бір ауыз сөзі үшін Алла Тағала Ибраһим Адһамға қандай дәреже берді және «Бәрінен бұрын Ибраһим Адһамның есімін жаз!» деп Жәбірейілге (ғ.с.) бұйырды. Бұдан шығатын қорытынды: кім Құдайдың достарының жанашыры, тілеулесі болса, оның жанашыры – Құдай, кім әулиелерді құрметтесе, оны Алла Тағаланың Өзі құрметтейді және өзгелерге құрметті қылады. Кім әулиелерді жақсы көрсе, сүйсе, «Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін» деп Абай атамыз айтқандай ол адамды Жаратушы Иеміз жақсы көреді, сүйеді. Адам баласының шын бақыты да осы емес пе?!
🔷 Айта берсек, бұл ақиқат жөніндегі дәлелді сөздер өте көп. Бірақ бәрінің мән-маңызы, түйіні мынаған саяды: «Әулиелердің есігі – бақыттың кені, әулиелерді жақсы көру – бақыттың кілті». Ал бұл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қақпа-есігінде жазылған ақиқат сөз.
С.Ахмет, бөлім басшысы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button