Жарық нұрдың сәулесі

Занки ата

Бұл Занки (Зеңгі) бабадан басқа кісі. Ол Хәкім атаның ең ұлы, әрі ескіден келе жатқан халпесі және тариқат жолы да баршасына тура. Туып өскен, жерленген жері Шаш өлкесі. Қабірі де сол жерде. Мәулана қазы Мұхаммед қожа Ғұбайдулла (Алла Тағала қабірін нұрлы етсін) хазіретінен риуаят етілген: қожа хазіреті Занки атаның қабірін зиярат еткен сайын қабірінен «Алла, Алла» деген дауыс есітемін.

Занки ата Арыстан баб хазіретінің немересі және Тәж қожа хазіретінің перзенті. Ол жылдар бойы әкесінің тәрбиесінде болып, әкесі қайтыс болғаннан соң ғайыптан болған нұсқаумен Хәкім ата қызметіне барады. Хәкім ата дүниеден өткен соң, ол кісінің Әйелі Барақханқызы Анбар ананы өз некесіне алады. Занки атаның Анбар анадан бала-немерелері болды. Олардың әрқайсысы ғалым әрі тақуа болып өз замандарының жол бастаушысы, шәкірт жетелеушісі болған.

Риуаят етілуінше Хәкім ата хазіреті қара түсті кісі еді. Бір күні Анбар ана Хәкім ата қара түсті болмаса еді деп көңілінен өткізеді. Сонда керемет нұрымен Хәкім ата көп ұзамай менен де қара түсті кісіге жолдас боласың, -дейді. Бұл әңгіменің сыры Анбар ана Хәкім атадан соң Занки атамен бас қосатындығын ишарат еткен еді. Кейбіреулер Занки ата Хәкім атамен жүздесіп кездеспеген. Риуаят етілуінше ол заманда Хәкім ата Хорезм өлкесінде көз жұмғанда Занки ата Ташкентте еді. Ол тез арада Хорезмге келіп Хәкім ата хазіретінің қабірін зиярат етіп, жанұясына көңіл айтады. Анбар ананың ерінің үйінде отыру мерзімі аяқталған соң, оған саушы етіп туыстарын жіберіп, оның ризалығын сұрайды.

Анбар ана қабақ шытып мен Хәкім атадан соң ешкімге тұрмысқа шықпаймын. Әсіресе мына Занки секілді қараға, – деді. Анбар ана жауап бергенде жүзін тұнжыратқандай тез кері бұрылып, болған жайттан қатты абыржыды. Әлгі саушы кері қайтып, болған жайтты Занки атаға баяндады. Занки ата Анбар анаға бір адамнан мынадай сәлемдеме айтып жіберді: Бір күні Хәкім ата қара түсті болмаса еді деп ойлағанда Хәкім ата өзінің кереметімен ойын біліп қойып, жақында менен де қараға жолдас боласың дегені есіңізде ме? – деп. Саушы Хәкім ата айтқан сөзді есіне салғанда Анбар ана жылап, некеге ризалығын берді.

Хазіреті Занки атаның төрт халпесі болды: ұзын Хасан ата, Сайд ата, Садір ата және Бадір ата. Бұлар бірге жүріп, бастапқыда Бұхара медресесінде тәлім алды. Бірге сабақ оқып, дәріс алатын. Содан кейін медреседен шығып Түркістан тарапына бет алып, Занки ата қызметіне келеді. Бұлардың әрқайсысының қысқаша өмірбаяны мынадай.

 «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» кітабынан. Дайындаған Нұрлан Берденұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button