Әулие ортақ. Шұбаратты Мәлім Сейттің 8-ші ұрпағы Махтұмсейіт баба
Кесене қалай көтерілді
Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзектен оңтүстікке қарай 18 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан Шаған ауылдық округына жетпей күріштік арасынан оң жаққа тіке бұрылып жүре берсеңіз қасиетті әулиелеріміздің бірі Мақтұмсейіт кесенесін тауып баруға болады. Баба зираты 2019 жылдың 19 наурызында облыс көлемінде қасиетті киелі орындар тізіміне ілінді. Шамамен 1590 жылы дүниеге келіп, бүкіл өмірін Сыр өңірінде осы жердің елді мекен тұрғындары Есентемір, Алаша, Таздар, Тама, Табан, Керейт, Ошақты, Жалайыр, Қарақойлы, Қаңлы, Жаппас т.б. Қыпшақ, Найман ағайындармен етене араласып өткізген екен.
Қасиетті мекенде мәңгілік тыныс тапқан бабамыз туралы оның ұрпағы Құрбан ақсақал шежіресін жазып, кітап етіп бастырып, әулетте сақталған аңыздар-әпсаналардың басын құрастырып үлкен жұмыс атқарған еді.
Сол мәлімет бойынша, осыдан жүз жылдай бұрын Мақтұмсейт бабаның ертеректе салынған күмбезі тозып, жартылай құлай бастапты. 1926 жылы Мақтұмсейт баба өзінің жетінші ұрпағы Смағұл қожаның түсіне еніп: «менің мәңгілік тұрағым тозып барады, бір белгі салсаңшы» дегендей аян береді. Бүгінгі күмбез 1927 жылы күз айында бітіп, бүкіл ел болып салушы шеберлерді риза етіп, тарқасады. Бүгінгі күнде де осындай сындарлы сәт десе болады. Ел болып, күмбездің айналасын жаңартып, ауласын абаттандырып, шырақшының үйін салып, түнеуханасын күрделі жөндеу қажет болып тұр.
Кезінде күмбезді көтерткізген Смағұл қолжа туралы бірер дерек Құрбанқожа жинаған шежіреден бізге жеткен. Мақтұмсейт бабаның ұрпағы Сейітасан қажының үшінші баласы – Смағұлқожа 1895 жылы дүниеге келіп, 1968 жылы 21 мамырда қайтыс болған. Заманында сыйлы болып, елі аузына қараған екен. Құрбан қожа: «1947 жылы күз айы болатын, ауыл ақсақалдары жиналып, арасынан жасы үлкені Айтжан өте жан-жақты, кәсіпшіл, пысық кісі еді. Әкем Смағұлға сұрақ қойды: «Шырағым, әулие тұқымысың ғой, мына Кеңес үкіметінің саясаты ислам дінін қояр емес, әрі қарай не болады?», – деді. Сонда Смағұл қожа: «О, ақсақал бұл ислам діні осы жердегі 20-30 үйдің ғана діні ғана емес қой. Ислам дінін уағыздаушы Құран сөзі Алланың өз сөзі. Сондықтан, «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп мойындаған бірнеше миллион мұсылман бар. Бұл Алла сөзі ешқашан құрымайды. Алла өзі қорғайды қайта жанданады», – деп жауап бергенін айтады.
Судың бетін қайтарған әулие
Мақтұмсейіт әулиенің мазаратының тұсында Сырдарияның жағасына ел жайлауға шығып отырады екен. Дарияның суы өте мол болып, суы кейде о бетке, кейде бұ бетке ауып, жағасын жебір жеп, тіпті бұрынғы ағып жатқан арнасынан ауып тұрады екен. Сонан бір күндері жебір Мақтұмсейт мазаратына қарай ауып, жар құлай-құлай Дария бері жақындай бастапты. Мұны көрген ауыл тұрғындары судан қорқыныш сезіп, Сейтасан қажыға келеді. Ол кісі: «ертең азанда Дария жиегіне жиналыңдар» деп халыққа сабырлық айтады. Дереу естімеген басқа ағайынға хабарлап, ертеңіне Дария жағасына жиналады. Сол жерде Сейтасан қажы сәлдесін шешіп, бір ұшын ұстап сүйретіп, дарияны жағалап, төмен қарай жүріп ауыл тұсынан өткенде барып тоқтап, Бабаға құран оқып, Аллаға өтініш етіп: «Енді ешнәрсе етпейді», деп жұртты таратады. Ертеңіне жебір арғы бетке ауып кетіпті. Әулиенің жалғасы Сейтасан қажы 1855 жылы дүниеге келген.
Жоғарыда ел болып, қорымның айналасын абаттандыру сияқты қажеттіліктің барын айтып өттік. 2022 жылдың көктемінде бабаның ұрпақтары жиналып, Мақтұмсейіт әулиенің басын көркейтіп, шырақшының үйін салып, түнеухананы жаңғыртуға шешім жасады. Содан бері арғы жағы Шымкент, Алматы, Жетісай өңірінде жасап жатқан бабаның ұрпақтары жиналып, орталарынан Қайрат Бекеновті сайлап, осы жұмысты жүргізудің басшылығына бекіткен екен.
Жастайынан Арқаға кеткен Құлжан әулиенің ұрпағы – Қайрат Бекенов Сыр жеріндегі бабасына қызмет көрсетуге осы судың себебі болса керек.
-Негізі біздер Арқаның қыпшақтарының сейіттеріміз. Торғайда Амангелді ауылында Шашанбай деген болыстың ауылында жасаған Құлжан атты бабамыз, Мақтұмсейітке немере болып келеді. Біздің бабаларымыз ол жаққа 1680 жылдары келген. Бірде осы тұстан өтіп бара жатып, қасымдағы жолаушы, осы тұста әулие бар еді, құран бағыштайын деген соң кідіріп, қолымызды жайғанмын. Құран бағышталды. Тыңдап отырсам, біздің бабаларымыздың аттары түгел аталды. Сосын ол кісілерден жөн сұрадым. Бұл 1991 жылдары, құран бағыштаған қарияның жасы жетпістерде екен. Қожасыз ба деген сұрағыма: «Жоқ, мен бұл әулиені пір қылғанбыз. Мен осы жерде бала күнімде жайлауда отырғанбыз.Төрт жасар баламын. Сонда осы жердің бәрін су алды. Бір қолына апамды жетектеп, бір қолына мені алды да әкем суды кешіп келе жатты. Су әкемнің белуарына келді. Қолымен кеудесіне көтерген менің аяғым суланды. Сонда алдымыздан от жағып біреулер «бері келіңдер, бері келіңдер» деп айқайлап шақырды. Дәл әулиенің қасына келген кезде белуардан кешіп келе жатқан су жоқ болып кетті. Құп- құрғақ. Бір қауым елді судан сақтаған Мақтұмсейіт әулие еді. Адамдар әулиенің басына жиналып судың қайтқанын күтіп отыр екен» деп еске алды. Мамырдың 15-нен бастап осында қызмет етіп жатырмыз ғой. Тағы бір кісі келіп: «Айналаны су алады, бірақ әулиенің басына су келмейді. Қазіргі келген беттегі көпірге дейін қайықпен келуші едік» деп, еске алды.
Бабаның даңқын естіп жүрсек те. Қасиетті бабамызға зиярат жол түскен кезінде болды. Құрбан айт күндері әулиенің басындағы жұмыс барысын біліп, басында жүрген азаматтарға тіл-көмек болса да көмегімізді бергелі келген сапарымыздағы алған әсеріміз ерекше. Бабаларға Құран бағыштап, жаратылыстың тамаша құбылысына риза қалыппен біраз кідірген едік.
-Біз келгенімізде айнала қамыс өскен ну тоғай еді. Содан жергілікті әкіммен сөйлесіп, шаруашылық иелерімен ақылдасып, бірінші жолын төсеп, жолды аштық. Зияратшылар жататын үй 1993 жылдары салынған екен. Қараусыз қалған соң, оны да жөндеп жатырмыз-деп, құрылысты көрсетті. Мұнда әруақ тұнып тұр. Бұл жер таза. Үлкен жолдан қашықтау болған соң, әрі насихаты да кемдеу ма, көп адам келе бермейді. Кешегі күнге дейін өзіміз жылына бір рет келетінбіз. Енді Алла Тағалам сәтін салып, ағайындар аманаттап бергелі, үйімде алаңдап отыра алмай, осы жерге келгім келіп тұрады. Бұл Алла ерекше қасиет берген, өзінің сүйген құлдары. Бабаның басына Алланың нұры шексіз түсіп тұрады. Бұл жерге келіп Алладан сұраймыз!»
Расында да, соңғы он жылдан бері қасиетті қожалардың мұрасын зерттеп, сәті түскенде әулие-әмбилерді аралап, кереметіне тәнті болып жүрген жайымызда Мақтұмсейіт әулиенің басында да алған әсеріміз ерекше болды. Айнала жыңғылды, ақтікенді қымдауытты мекен – қайнаған тірліктен алыста жатыр. Күннің ақ нұры төгілген тып-тыныш әлемде самал желдің сыбдыры мен құстардың дауысы ғана естіледі. Биіктеу төбедегі шағын ғана көк күмбез мына дөңгелек дүниенің бір ортасы сияқты. Тап-таза ауасымен, ақ шағыл құмы Күннің ақ нұрымен шағылысып, адамның жүрегін тазарып, жүзіміз нұрланып жатқандай. Үлкен тас жолдан күріштік алқапқа бұрылғаннан жолды жағалай өскен жасыл нуды қалдырып, жолдың қос қапталындағы кей жерінде кісі бойындай қамысты жарып өтіп жарық әлемнің есігін ашқандай әсерде қаласыз. Сыр бойында өскен адамның мауқын басатын, Қырда өскенге табиғаттың таңсық келбетімен көңілін қош ететін керемет жер.
Бабасының мұрасын түгендеп жүрген Қайраттың да айтары мол.
-Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түнде алакөлеңке жер екен деймін, бір құдірет қолыма конверт ұстатты. Ашып қарасам Есенгелді Қайрат асқа шақырылады деген жазу бар екен. Ол кезде Мақтұмсейіт бабаның басында ас болатынынан хабарым жоқ. Сонда да сәрсенбі күні бабаның басына келіп зиярат жасадым. Шамалы уақыт, айналып жүріп, мына көлдің жағасындағы үйде Уәли деген кісі тұратын. Сол кісіге алып келген екі пакет затымды қалдырып, Құран оқырсыздар деп кері қайттым. Келсем, шешем «балам Арыстанбабтың басына барып келейікші, көп болды бармағалы» деп өтініш айтты. Содан шешем, қарындасым, ағам төртеуміз жолға шықтық. Зиярат етіп болып, қайтар жолда оны-мұны алуға Түркістанға базарына кірейік деп тұрғанда әкем телефон шалып, Мақтұмсейіт басына ас болады деді. Содан түсіме таң қалдым. Менің қалада болмайтынымды біліп алдын ала хабарын бергендей екен-ау.
Шежіре сыр шертеді
Ас өтті, шежіре шыққан екен, оны таратыпты. Шежіреші Құрбан ақсақал балалары астанада екен, сонда кететін айтып қоштасыпты. Жұқа кітапшаны оқып отырсам, Есенгелді Есенай деп жазылыпты бірақ, «ұрпақ жоқ» деген жазу тұр. Қылышымды қамдап, жаспыз ғой, мені шежіреге дұрыс түсірмегеніне ашуланып, буырқанып жүрдім. Бір айдай уақыт өткенде астанаға жолым түсті. Құрбан ағамыз, бармысың бауырым деп құшағын ашып қарсы алды. Расында да, Арқаға ертерек кетіп, Арқада жасап, туған жерден қол үзіп қалғандықтан біздің әулеттің дерегін ешкім білмеген екен. Біздер ортақ бабамызға тіреліп, қосылатын жерімізді білеміз де сыртта жүріп, басқа ұрпақтың дерегін іздемегенбіз ғой. Құрбан көкемізден көп мәлімет білдік. Шұбар атты Мәлімсейіттер сейіттер деп аталатын оның да шежіресін таратып білгеніміз жөн.
- Әзірет Әлі
- hұсайн
- Зейнилабидин
- имам Мұхаммед Бахыр
- имам Жағыпар Садық
- имам Мұса Кәзім
- Сайд Ибраhим
- Сайд Шарип Мұса
- Сайд Мұхаммед Әли
- Сайд Аhмад Мулаққан hусайн
- Сайд Мұхаммед hусайн
- Сайд hасан
- Сайд Әли
- Сайд hусайн
- Сайд Жағыпар
- Сайд Мұхаммед Абдулла шаhиди
- Сайд Мұхаммед hасан Мактуми
- Сайд Мұхаммед Фсули
- Әмір Ибраhим
- Әмір hәмза
- Әмір Мееркулал (Сайд Меhеркулал, Мүлкілан әулие). Ол кісінің туған жылы Хижра есебімен 718 жылы. Сәйд Меһеркүләл мазарын салушы Ақсақ Темірдің пірі әулие Баһауаддин екен, ал ол кісінің пірі Меһеркүләл болған. Шежірені бұлай таратып отырғанымыз Әзірет Әліден тарайтын Мақтұм-Сейітті 43-ші, кейде 39-шы ұрпағы делінеді. Ал оның арғы бабасы болып келетін Мүлкілән (Сайд Маһарқұлан)-ды Пайғамбардың (с.ғ.с) 21-ші ұрпағы екені айтылады. Қасиетті Мүлкілән әулиенің кесенесі де осы маңдағы Іңкәрдария ауылында тұр. Бұл ескерткіш республикалық маңызы бар деп саналып, мемлекеттік қорғауға алынған. Мүлкілән әулие шамамен хижраның есебінде 718 жылы туған. Ал Шұбар атты Мәлім Қожа бабаның зираты Хорезм облысының Қожа елі деген жерінен Түркіменстанға шекарадан 24 шақырым кірген жерде, көне Үргеніште үлкен зиратта жатыр екен. Амангелді қажы басында қандай жазу болса да алдыртып оқиық дегенмен, қол жетпей жатыр. Махтұмсейіт баба Шұбаратты Мәлім Сейттің 8-ұрпағы болып келеді.
Аңыз айтады
Шұбар атты Мәлім сейіт ұлы жүз ошақтылардың пірі болған. Уақытысында таң намазын Меккеден оқитын болатын. Ошақтының бір баласы Меккеге барып, қайтуға жағдайы болмай сол жақта қалып қояды.. Елге қайтуға қаражаты таусылып, амалы таусылған Қабыл мешіттің имамына жағдайын айтады. Ол кісі «менің өзімнің берер еш жәрдемім жоқ. Бірақ бір байқағаным, күнде таң намазына сіздің елдің адамына ұқсайтын бір кісі шұбар атпен келіп қатысып кетіп жүр, бір жәрдем берсе тек сол кісі берер, соны күтіп жолығып көр» деп кеңес береді. Ертеңгісін мешіт алдында күтіп тұрған Қабыл шұбар атын ағашқа байлап, мешітке асығыс кірген кісіні байқайды. Күткен адамы осы екенін білген Қабыл намаз бітіп, ол кісі атына асығыс келіп мінуге ыңғайланған уақытта тізгінге жармасқан күйі жағдайын баяндай бастайды.
Бейтаныс кісінің қиналған күйін түсінген бабамыз «бір шартымды орындасаң ала кетейін» дейді. Қабыл ақсақал «мақұл, орындаймын» деп уәде береді. «Көзіңді тас қылып жұмып, мен аш дегенше ашпайсың, екінші, менімен келгеніңді ешкімге айтпайсың» дегенге уәде берсе де айналаға бір қарасам деген құмарлық билеген Қабыл бір көзін ашып жерге қараған сәтінде аттың сауырынан домалап жерге түсіп қалады. Шұбар атты кісі болса ғайып болып көрінбей кетеді.
Жерге түсіп, үсті-басын қағып-сілкіп төңірекке назар салса, еліне жақын маңайға түсіпті. Еліне жетсе, кеткеніне жыл жарым уақыт болған мұны туыстары өлдіге санап оған ас беріп жатыр екен. Ендігі жерде құдайы тамақ той тамаққа ауысып, мәре-сәре болып қуаныш болып қалады. Той аяғында ауылдың ірі басты ақсақалдары Қабылды ортаға алып, қалай бардың, қалай келдің, неге кешіктің деген сұрақтың астына алады. Ол болса қалай қиналып жеткенін, Меккеде зиярат еткенін қуанып айтып береді. Қайтарға қаражатым таусылып, содан кешіктім.«Енді, міне келіп жеткенім» деп сөзді доғарады. «Қалай жеттің?» деген сұраққа «оны айта алмаймын» деп күмілжиді. «Ендеше сенің қажылыққа барғаның да өтірік» деп сенімсіздік білдіре бастайды көпшілік. Өтірікші атану өлімнен бетер, болғанды амалсыз айтып береді. Сонан айнала отырған ауыл үлкендері «бұл бір керемет екен, бізді енді сол кісіге алып бар, әулиеге жолығайық, рахметімізді айтайық» дейді. Ертесіне жараулы атқа мініп, сапарға шыққан оншақты кісі сұрастырып жүріп шұбаратты Қожаның ауылын тауып келеді. Келсе, Шұбар атты Мәлім қожа өмірден озып, ел жаназасын шығарып жатыр екен. Оқыс жайдан қатты әбіржіген Қабыл ақсақал бір сәт не істерін білмей, жерлеуге көтеріп алып бара жатқан мәйітке жақындап «Қожеке, мен сізді пір етейін деп ауылдың ақсақалдарымен келіп едім» деп дауыстап жылайды. Сол кезде көтеріп әкеле жатқан мәйіт оң қолын көтеріп, «Уәдені аяғына дейін орындамадың, пір еткің келсе менің ұрпағымды сыйла» деп, көтерген қолын жинап алады. Әрі қарай барлығы бірге жүріп мәйітті жерлейді. Қайтып келіп отбасына көңіл айтып, Қабыл ақсақал «Енді біздің Қожамыз осы Сейт қожалар деп танимыз. Бүгіннен бастап мен осы қожаның ұрпағына қызмет жасаймын.
Мені ертең дүниеден озғанымда осы Шұбаратты Қожаның қабірінің аяқ жағына жерлеңдер» деген.
Бұл бабамыздың бабасы туралы аңыз. Тағы бір нұсқасында орта жолда бір елдің қазынасының үстінен түсіп, тергеуге алынады деп айтылады. Десе де түйіні бір. Осы аңыз барша Шұбар атты Мәлім сейіттердің ұрпақтарын біріктетіндей, ортақ белгі. Оның бержағында тараған ұрпақтардың аңыздары өз әулетінде сақталып, кейбіреулері әулеттен асып елге жайылған жайы бар.
Бабаның ұрпақтары
Мақтұмсейт ұрпақтары арасынан жиырмаға тарта ишан болған екен. Үш ұрпағы қажылыққа барған. Алдаберген қажы, Сейітасан қажы, Байтұрсын қажы. Ишандардан: Сейітағзам ишан, Мақсұт ишан, Темір Ишан, Сейітасқар ишан, Басапа ишан, Бабай ишан, Қасым ишан, Ташмұхаммед ишан, Есім ишан, Икрам ишан, Әлиакбар ишан, Абзал ишан, Ыбырайым ишан, Ысқақ ишан, Нұран ишан, Қосым ишан, Икрам ишан Әбдісаттар ишан, Жолбай ишан, Бүзірік ишандар белгілі болып отыр. Бұлар Бұхарадан білім алып, халықтың алдында бола білген. Ишандықтың шарты сәйід ұрпағынан ақсүйек болуы қажет. Және олардың елдің таңқалдырар кереметі болуы керек екен. Сонымен қатар ишандық атадан балаға қанмен берілетін діни атақ екен. Мәулімберді сейт, Бөбей сейіт, Әбдісейіт, Әлісейт – төртеуі бірге бабаның мазаратында жатыр.
Өлкетанушы Т.Дайрабаев Перовскі уезінің архив құжаттарында Мақтұм-Сейіт бабаның ұрпақтарының есімдері 1860-1912 жылдар аралығында кездескенін жазады.
1854 жылы Перовскийдің атынан Бұхар ханына хат апарған Оспан қожа Мақтұмсеиттің алтыншы ұрпағы. Патшаның күміс медалін алған, Зікірияұлы Сопықожа Аламесек көлінің маңында көлі болған, мешіт ұстаған ишан. Бұл деректер орталық мұрағаттың Қ 385 1 тізбе №10 ісінен оқып, танысуға болады. Тағы бір ұрпағы Абдрахманов Абдулхаит Шаған болысында би болыпты, мөрі болған екен. Текті тұқым топтан жарып шықпай қоймайды, кейінгі ұрпақтары өз заманының алғыр азаматтары атанған.
Мөрлі би Шаған ауылы өңірінде туып, осында қайтыс болған. Би – 1863-1868 жылдарда патшалық құжаттарға қол қойып, мөрін басқан тұлға, 1858 жылы Түркістан бектеріне барып, келіссөз де жүргізген. 1862 жылы генерал-губернатордан күміс медаль, мауыты қамзолмен силанған. Өзіне қарасты 600 шаңырақтың жаз жайлауымен қысқы қоныстарын нақтылап, олардан түтінпұл жинау істерімен де айналысқан.
Софықожа Зікірияұлы. 1906 жылғы Шаған болысының біраз адамдарының аттары кездесті. Софықожа шамамен 1828-1830 жылдары туып 1870-1873 жылдарда өмірден өткен болар. Оның есімі 1853-1867 жылдардағы архив құжаттарында бар.
Ол өзінің қыс қыстауы бабалары қоныс еткен «Аламесекте» отырған, осы Аламесек көлін иемденуді 1866 жылдың 12-шілдесінде Сұлтан Шынтаевқа хат жазып, өтінген. Ал оның балалары Сейдағзам, Мұхаммед, Әлиакбар, Софықожаевтар есімдері қатталыпты. Софықожа Аламесек маңындағы ауылдың балаларын оқытып, мешіт ұстаған. Атақты ишандардың бірі – Бабай ишан Жүнісұлы. Ол туралы ақын Асқар Тоқмағамбетов «Бабай ишан» мешітінде оқып, тәлім алғанын естеліктерінде жазып қалдырған. Қызылорда облысы бұрынғы Тереңөзек ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылының төңірегіндегі «Бабай ишан» мешітінің құлаған орны, мұнарасы осы жерде мешіт болып, балаларды оқытқан.
Елдің алдына шыққан одан бергі ұрпақтары да баршылық. Соның бір белгісі бүгінде Мақтұмсейіттің барша ұрпақтары жиналып, шарапатты бабаның басын абаттандырып, зиярат ететін орынға айналдыруды мақсат етуі, алдымен өз ұрпақтарынң рухани көздері ашылып, ізгіілкке талпынып, көпшіліктің қамын ойлағанынң белгісі. Әулие – ортақ деген сөз бар. Әулиенің қысылған қарасына, бұқара жұртына шапағатын жеткізугіе бағытталған ісі оңды болғай!
Құрметті оқырмандар осындай игілікті іске атағаныңыз болса Қайрат Бекеновпен хабарласып: (87025695274) жағдайды білуге болады. Қаражат аударғыңыз келсе, Каспий голд: 8 775 708 21 10. Шақрынса. Б деп теріп, сыйыңызды жіберуге болады.
Айгүл УАЙС, Бабай ишанның ұрпағы